Жексенбі, 22 қыркүйек 2019 ЖЫЛЫ
899 6-09-2019, 12:37

Қазақстан орыс тілінде сөйлеуді тоқтатады ма?


Осында өмір сүріп жүрген халықтарының тілдері күнін Қазақстан кезекті рет атап өтуде. Дәстүр бойынша олардың әрқайсысының маңыздылығы туралы және біздің елімізде тілдердің ешқайсысы ешқандай жағдайда кемсітілмейді деген көптеген әдемі сөздер айтылуда. Алайда, бұл пафос соңғы уақытта орыс тілін оның қазіргі конституциялық мәртебесінен айыру туралы күшейіп келе жатқан риторикамен мүлдем үйлеспейді. 

Біз сарапшыларға, егер орыс тілі іс жүзінде заңнан тыс болып қалса, не болатынын гипотетикалық түрде елестетіп көруді ұсындық. Бұл жәйт Қазақстанның екі басты тілдерінің жағдайына қалай әсер етеді? Бұл қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуге және орыс тілін ығыстыруға алып келеді ме? Ел халқының орыс тілді бөлігінен қандай реакция күтуге болады?

Замир Қаражанов, саясаттанушы: «Қазақ тілі әзірге ұлтаралық қарым-қатынас тілінің рөлін атқара алмайды»

- Мәртебенің өзгеруі республиканың тіл саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертеді деп ойламаймын. Қазақстанда орыс тілін кеңінен пайдалану оның заңмен белгіленген мәртебесімен байланысты емес, ол нақты жағдайымен байланысты. Қазіргі уақытта ол ұлтаралық қатынас тілі болып табылады. Әр түрлі ұлттардың өкілдері – ал Қазақстан құрамы бойынша көпэтносты мемлекет болып қала береді – орыс тілінде өзара еркін қарым-қатынас жасай алады. Бұл ретте қазақ тілі мұндай функцияны орындай алмайды. Себебі қарапайым: оның негізгі тасымалдаушысы – қазақтардың өздері. Ал басқа ұлт өкілдеріне келетін болсақ, олардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі төмен болып қала береді.

Орыс тілі мәртебесінің өзгеруі қазақ тіліне оң әсер етеді деп болжауға қисынды сияқты болып көрінеді – ол орыс тілін тілдік ортадан ығыстырады.  Табиғат бос орынды басқа нәрсемен толтырады дегендей. Бірақ шын мәнінде жағдайдың мұндай болуына үміт артудың қажеті жоқ. Мысалы, бүгін Қазақстанда көшелерде ағылшын, неміс, қытай тілін естуге болады – бұл тілдерді біздің елге келген шетелдіктер пайдаланады және заң оларды шектемейді. Кейбір тілді қолданудан ығыстыру үшін оны қолдануға заңды түрде тыйым салу керек. Ал ондай қадам халықаралық қоғамдастық тарапынан мемлекет атына елеулі айып тағуына әкеліп соғады. Әрине, әлемде билігі қандай да бір тілдің пайдалануын шектейтін, бірақ оны «жұмсақ» түрде жасайтын елдер бар – оны қолдану аясын қысқартады, мектеп бағдарламасынан алып тастайды, ал егер оны үйренуге жол берілетін болса да, тек хобби ретінде пайдалануға руқсат етеді. Бұл тұрғыда Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы әлдеқайда жақсы болып табылады.

Бір сөзбен айтқанда, тіл саласындағы жағдайды өзгерту үшін заңмен манипуляциялар жеткіліксіз. Қазақ тілі орыс тілін ығыстыру үшін ол белгілі өзіндік қасиеттерге ие болуы керек. Атап айтқанда, тіл дамыған болуы тиіс. Ал бізде әлі күнге дейін техникалық және өзге де арнайы кәсіби терминдер жағынан шатасулар сақталып отыр. Қазақстандықтардың неғұрлым көп саны қазақ тілінде сөйлеуі үшін тиісті дайындық деңгейі болуы қажет. Бірақ оқыту әдістемелерінің оңай түрлері болғанына қарамастан, қазақ тілін меңгеру процесі әлі де қиын болып қалуда. Түсінуге қолайлы оқулықтар жоқ. Мұндай мәселелерді, егер мемлекет қазақ тілін дамытуға мүдделі болса, қарапайым адамдар емес, мемлекеттің өзі шешуі тиіс. 

Қазақстан халқының орыс тілді бөлігінің орыс тілінің мәртебесін өзгертуге ықтимал реакциясына келетін болсақ... Мен айтып өткенімдей, қазақ тілі әзірге ұлтаралық қарым-қатынас тілінің рөлін атқара алмайды. Сондықтан оны осы сапада пайдалану ыңғайсыздықтар (әсіресе, халықтың қазақ тілін білмейтін бөлігі үшін) тудырады. Сондықтан халықтың орыс тілді бөлігінің оң реакциясын күтудің қажеті жоқ. Мұндай шешім халықтың елден кетуін күшейтуі мүмкін деп ойлаймын.     

Айман Жүсіпова, ҚР тұңғыш президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы: «Орыс тілінің позициялары сақталады»

- Бүгінгі таңда Қазақстанда қазақ тілін меңгермеген немесе нашар меңгерген халықтың үлесі өте елеулі болып қалып отыр. Демек, егер жағдайды, эмоцияға бөленбей, объективті бағалайтын болсақ, орыс тілінің позициялары сақталып қалады және алдағы уақытта оны ығыстыру орын алмайды деген қорытынды жасауға болады. 

Ал сол уақытта қазақ тілінің таралу аймағы өсіп келеді, бұл ең алдымен демографиялық және көші-қон үдерістерінен туындаған жағдай. Бірақ тек қазақ тілін ғана меңгерген қалаға қоныс аударушы адамдар олардың құқықтарына қандай да бір дәрежеде қысым жасалған жағдайларға жиі ұшырайды. Атап айтқанда, сөз қазақ тілінде ақпарат алу құқығы туралы болып отыр, өйткені жетекші ақпараттық басылымдар өз қызметін көбінесе орыс тілінде жүзеге асырады.

Осыған ұқсас жағдай білім беру саласында да байқалады. Алайда онда жағдай бірте-бірте өзгеріп жатқанын, атап айтқанда, шетелдік үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды қарастыратын жобаны іске асырудың ықпалымен өзгерістерге ұшырағанын әділдік үшін нақтылау қажет. Осы бағыттағы жұмыс жалғастырылуы тиіс. Бірақ бұл жәйт орыс тілін қолдану аясын автоматты түрде тарылтуға немесе оны қазіргі мәртебесінен айыруға әкеліп соқпайды.

Егер жалпы айтатын болсақ, онда қазақ тілін қолдану аясын кеңейту үшін ол бәсекеге қабілетті болуы қажет, оны оқып үйрену беделді болуы керек, азаматтардың өздері оны оқып үйренуге қызығушылық танытқандары қажет және мұндай қызығушылықты мемлекет қолдаған дұрыс болады. Басқаша айтқанда, мұнда мәжбүрлеу шаралары емес, ынталандыратын шаралар қажет, өйткені, тәжірибе көрсеткендей, егер адам шешімді өзі, саналы түрде қабылдайтын болса, онда барлығы да ұтады.

Исатай Өтепов, «Абырой» қоғамдық бірлестігі: «Қазақ және орыс тілдері мәртебелерінде түбегейлі өзгерістер болмайды»

- Жақында жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында қазақ тілі бір кездері ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатын уақыт келетінін айтты. Біз білетіндей, бұл туралы тұңғыш президент Назарбаев бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ біз тәуелсіздік алған күннен бастап 28 жыл өткеннен кейін де барлығы бұрынғысынша болып қалғанын көріп отырмыз. Өкінішке орай, осыншама көп уақыт ішінде қазақ тілі сол қалпы ұлтаралық қатынас тіліне айналмады және жекелеген трендтер оның мәртебесіне байланысты жалпы жағдайға әсер етпейді.

Қазақ тілінің ұстанымдарын күшейтуге қатысты кез келген бастамаларды біздің солтүстік көршіміз – Ресей ауыр қабылдайтынын атап айту маңызды. Көрнекі мысалы – әліпбиді кириллицадан латынға аудару: тіпті РФ Мемлекеттік Думасының мінбесінен де жекелеген депутаттардың қазақстандық билік атына ашулы сөздер естіле бастады. Әрине, бұл жағдай қазақ тілінің дамуына ықпал етпейді, өйткені көптеген қадамдарды күштірек және қуаттырақ көршімізге жалтақтап отырып жасауға тура келеді. Оның үстіне, Украинадағы жағдайдың шиеленесуі әлі де босансуға мүмкіндік бермейді, өйткені сол елдегі тілдік проблемамен белгілі бір инсинуациялар оның Ресеймен қақтығысының себептерінің бірі болды. 

Сондықтан жақын арада қазақ және орыс тілдері мәртебелерінде түбегейлі өзгерістер болмайды деп ойлаймын. Ия, кейбір баспа және интернет-ресурстардың көпшілігі осы тақырыпты қоздыруға тырысады. Бірақ бұл белгілі бір сәттерде, мысалы саяси реформаларды талап ететін қоғамның белсенді бөлігінің назарын басқа бірдеңеге аударып жіберу қажет болған кезде жасалады. Елімізде шешімін ендігі әрі кейінге қалдыруға болмайтын көптеген саяси және әлеуметтік-экономикалық проблемалар жинақталды. Бұл жағдайда тіл мәселесін бірінші орынға қою дұрыс емес екенін бәрі жақсы түсінеді, бірақ ойын ережелері осындай болып табылатын көрінеді. 

Кейбір саясаткерлер, мысалы, Канадада және кейбір басқа елдерде екі мемлекеттік тілдің қатар өмір сүруіне қатысты пікірлер айтуды жақсы көреді.

Иә, бұл солай. Бірақ сіздер алдымен біздің экономикамызды канадалық деңгейге дейін жеткізіңіздер, өркениеттің дәл осындай деңгейін қамтамасыз етіңіздер, қоғам тарапынан билікке деген осындай сенімге қол жеткізіңіздер, ал содан кейін олардан қалған тәжірибелерді көшіріп алыңыздар. Бірақ соның өзінде шешуші сөз халыққа тиесілі болып қалу керек. 

Орыс тілін ығыстыруының ықтималдығына (гипотетикалық) халықтың орыс тілді бөлігінің реакциясын болжауға болады. Көптеген адамдар өзгерген тілдік ортада өз өмірін қазақ тілін үйрену арқылы қайта құрудан гөрі жай ғана елден кетіп қалуды таңдайды. Бірақ кез-келген билікке қарамастан, объективті себептер бойынша, атап айтқанда Қазақстанның Ресеймен тығыз экономикалық байланыстары, РФ-мен ұзаққа созылған шекараның болуы, шекара сызығының барлық аумағында буферлік мемлекеттердің жоқтығы және басқа да көптеген себептер бойынша орыс тілін толығымен ығыстыру орын алмайды деуге болады.

Максим Андрюшин, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының саяси кеңесінің мүшесі: «Орыс тілі рәсімді мәртебеге мұқтаж емес, ол онсыз да сұранысқа ие»

- Біздің елімізде соңғы үш онжылдықта орыс тілінің позициясына әртүрлі бағыттағы бірнеше факторлар әсер етеді. Бір жағынан, бұл қазақ ұлтының, тәуелсіз Қазақстанның қазақ тілін мемлекеттік ретінде нақты бекітуіне, оның қолданылу аясын барынша кеңейтуге деген табиғи тілегі. Екінші жағынан – КСРО-да өскен ұрпақтың көптеген өкілдерінде орыс тілінің ментальды түрде орныққан қолдануы, сондай-ақ көп жағдайда орыс тілді, ең алдымен, қуатты ресейлік БАҚ-тар тарапынан құрылған ақпараттық кеңістік. Осы факторлардың өзара іс-қимылының нәтижесінде қазіргі уақытта 1990-шы жылдардан бері нашарлап келе жатқан орыс тілінің позициясы қазір қалған «учаскеде» айтарлықтай тұрақты деп айтар едім. Басқа мәселе, бұл тұрақтылық биліктің ойланбастан жасайтын іс-қимылдарының салдарынан зардап шегіп қалуы мүмкін.

Дегенмен, тіпті орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесінен мүлдем айырылатынын елестететін болсақ та, бұл жәйт бірден оған қатерлі түрде әсер етуі екіталай. Мәселе орыс тілі миллиондаған қазақстандықтар үшін шын мәнінде қажет болғандығында, сондықтан орыс тілі абстрактілі – тікелей айталық, рәсімді – мәртебеге мұқтаж емес. Барлығын да нақты қажеттілік анықтайтын болады, ал ол әлі ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде, соның ішінде орыс тілді қазақтар есебінен де қалатын болады.

Осы салада біздің билігіміздің салиқалы және парасатты саясатына сенім артқымыз келеді. Кем дегенде, әзірге эмигранттардың Қазақстаннан кету себептерінің тізімінде, егер социологиялық сауалнамалардың мен үшін  қол жетімді нәтижелеріне қарайтын болсақ, «тіл мәселесі», соңғы орында тұр… 

Ерлан Сейтімов, бизнес-кеңесші: «Басқа пәле – тілден»

- Бұл сұрақтарға жауап ретінде қазақтың халық шығармашылығының ең жақсы дәстүрлеріне сәйкес алдымен басқа сілтеп, одан соң тілді шығарып қысқаша ғана бейне-ролик түсіруге болар еді. Бітті, осымен тақырып жабылады.

Бірақ жауап беру форматы мәтіндік болғандықтан, біз форматты сақтаймыз.

Біз, көп ұлтты Қазақстан халқы, «Қазақстан-2050» бағдарламасын лайықты іске асыру үшін, ең ақырында, 30 бәсекеге барынша қабілетті, 20 дамушы, 10 дамыған елдің қатарына кіру үшін, барлығымыз президенттің (қазір екі президенттің) төңірегінде бірігіп топтасуымыз қажет болып жатқан кезде бізге күмәнді ұсыныстар түсіріп жатыр. Мұндай шешім бізге бірігуге, бәрін іске асырып. атқаруға мүмкіндік бермейді, тіпті мүлдем керісінше. Егер азаматтардың мемлекеттік және коммерциялық құрылымдарға жүгінуі кезінде әртүрлі тілдерде келіспеушілік пен түсінбеушілік болса, онда қандай ұйымшылдық болуы мүмкін?

Әрине, бізде барлық мемлекеттік қызметкерлер өте әдепті және құрмет көрсетуге әрдайым дайын, әсіресе бизнес қызметкерлері, өйткені олар клиенттермен және сатып алушылармен жұмыс істейді, сондықтан келуші-өтінушілерді, клиент-сатып алушыларды олар ешбір жағдайда ренжіте алмайды. Барлықтары шенеуніктер және барлықтары коммерсанттар. Ал, немесе барлығы дерлік. Бірақ, әлі де адами фактор бар екенін мойындауымыз керек. Бізде кейбіреулер кей-кезде таза түрде заң бойынша мемлекеттік тілде қарсы ала отырып, статустық емес тілді түсінбейтіндей бола қалып, сұраушыны / клиентті: «20 жыл бойы үйренбей жүрдің бе? Ал енді бар да меңгер!» – деп қызықты жаяу саяхатқа жіберулері мүмкін. Олар күн астында күйіп-жанып, статустан айырылған тілде өз наразылығын айта отырып, кетеді. 

Ал кеткенде олар елден елеулі зияткерлікті, адами және материалдық капиталды ала кетеді. Осы жәйт бізді дамыған елдердің 30-на, 20-на, 10-на кіруді кері қарай жылжытады және осының басқа да салдары пайда болады. Бұл жақсы емес.

Әрине, мұндай шешім (ол болмайды деп үміттенеміз) мемлекеттік және ұлтаралық тілдердің жай-күйіне ешқандай әсер етпейді. Қазақ тілін қолдану аясы кеңеюі және орыс тілін ығыстыру орын алмайды. Тек қана елден орыс тілді азаматтарды ығыстыру ғана болады. Кез келген экономист бұл жәйт экономикаға, ұлттық валюта бағамына және сайып келгенде, әр тілде жанжалдаспай, бірігіп орындауға, іске асыруға, қол жеткізуге тиіс бүкіл халқымыздың әл-ауқатының деңгейіне теріс әсер ететінін айтады (мәтіннің басталуын қараңыз).

Ал аталған бейне-роликке келер болсақ, онда «Басқа пәле – тілден». Осы тұрғыда бұл тілдік мәселелерді дұрыс шешпеуден мемлекеттің, бүкіл халықтың әл-ауқаты зардап шегуі мүмкін дегенді білдіреді.

Әрбір әзілде қалжың үлесі бар… 

Комментарии