Жексенбі, 25 тамыз 2019 ЖЫЛЫ
210 27-06-2019, 11:42

Азаматтық қоғам: жүйелі өзгерістерге бағытталған 10 қадам


Өткен жылдың соңында «Қазақстанның Азаматтық альянсы» азаматтық қоғамды тұрақты және тиімді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын таныстырды (жүйелі өзгерістерге бағытталған 10 қадам). Құжат Қазақстанның таяу болашақтағы дамуының тұжырымдамалық көзқарасының азаматтық қолдауына айналды. Бұл көзқарас осыдан бір жыл бұрын қабылданған «ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» атты мемлекеттік бағдарламасында бекітілген, оның негізгі міндеті – жедел және сапалы экономикалық өсу, сондай-ақ елдегі өмір сүру деңгейін арттыру. 

Бұл міндеттерді бизнес пен адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, технологиялық жаңғыртуға, институционалдық ортаны жетілдіруге, адамның табиғатқа теріс әсерін азайтуға, БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған шаралар кешені шешуі тиіс. Айтпақшы, осы мақсаттардың бірі мынадай: «Орнықты даму саласындағы күн тәртібін табысты іске асыру жаһандық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде үкіметтер, жеке сектор және азаматтық қоғам арасындағы барлығын қамтитын әріптестік қатынастарды орнатуынсыз іске асыру мүмкін емес. Қарым-қатынас қағидаттар мен құндылықтарда, жалпы көзқарас пен ортақ мақсатта, бірінші кезекте адамзат пен ғаламшардың мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған болуы тиіс». Азаматтық сектор өкілдері  бүгінде болып жатқан елді қайта құру жөніндегі маңызды үдерістерден өздері де тыс қалмауға тиіс деп есептеп, оларға белсенді түрде қосылып, жаңа Қазақстанның құрылысына өз үлесін қосуға дайын екендіктерін білдірді. 

Бұл ел үшін өте маңызды сәт деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің республикада бұрын, 2006 жылдан 2011 жылға дейінгі кезеңге есептелген ұқсас тұжырымдама қолданыста болған. Оны демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасына және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясына сәйкес әзірлеген болатын. Ол азаматтық қоғамды дамытуда маңызды рөл атқарды, оның институттарының жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған мақсатты бағдарламаларды, заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде негіз болды. 

2012 жылы осы тұжырымдаманы іске асырудың қорытындысын шығара отырып, сарапшылар: «12 саяси партия, 5 820 әтүрлі бағыттағы ҮЕҰ, 3 340 қоғамдық қорлар, 1 072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлттық-мәдени бірлестік, 40-тан астам конфессиялар мен деноминацияларды білдіретін 3 340 діни бірлестік, 646 түрлі меншік нысанындағы БАҚ ресми тіркелген және табысты жұмыс істеп жатыр» деп атап өтті.

Іс жүзінде сол кезеңде ҚР-дағы азаматтық қоғам ауқымды және өте жақсы құрылымдалған күшке айналған болатын. Өзін-өзі сәйкестендіру кезеңін бастан өткеріп, мемлекет тарапынан қолдау ала отырып (жүйелі және тиімді шаралардың бірі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс болып табылады), ол нығайып, толық дәрежеде аяғына тұрды. Тарихтың қазіргі кезеңінде оның алдында мүлдем басқа міндеттер тұр. Өткен жылдың соңында Ұлт Көшбасшысы айтқандай, «ҮЕҰ өмір сапасының жоғары стандарттарын ілгерілетудің драйвері болуы тиіс. Мен бес әлеуметтік бастаманы жарияладым. Бұл Жолдаудың негізгі міндеттері ҮЕҰ-мен тығыз өзара іс-қимыл жасағанда жүзеге асырылуы тиіс. Бұл, ең алдымен, бағдарламаның іске асырылуын бағалау, қоғамдық бақылау, сондай-ақ халықпен кері байланыс сапасы».

Жарты жыл ішінде жаңа тұжырымдаманы өңірлердегі «үшінші сектордың» барлық өкілдері талқылады. Жақын арада ол қабылданады деп күтілуде, сонда билік пен азаматтық қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас жаңа, неғұрлым сапалы деңгейге шыға бастайды. Өз тарапынан, үкіметтік емес ұйымдар бұл уақытты жоғары дәрежеде дайын болып қарсы алуды көздей отырып, өздерінің алдына барынша жоғары планка қояды. Атап айтқанда, тұжырымдаманы әзірлеушілер «Азаматтық қоғам институттарының алдында болашақта сектордың тұрақтылығын арттыру, оны кәсібилендіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, жеке және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері тұр. Ынтымақтастық, ашықтық және есеп берушілік сияқты қызмет қағидаттары үлкен мәнге ие» – дейді.

Жаңа тұжырымдаманы әзірлеу қажеттілігі, ең алдымен, келесі мән-жайлармен байланысты. Сарапшылардың пікірінше, «азаматтық қоғамның қалыптасуы негізінен республиканың экономикалық және мәдени дамыған орталықтарында жүріп жатыр. Азаматтық қоғамның дамыған институттарының ең көп саны Алматы қаласында, өнеркәсіптік дамыған Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында, тығыз қоныстанған Түркістан облысында шоғырланған. Ал азаматтық қоғамның бытыраңқы субъектілерінің іс-әрекетіне олардың қызметіндегі әлеуметтік проблемаларды шешу бойынша бытыраңқылық пен күш-жігерді үйлестірудің болмауы байқалады, ынтымақтастық стратегиясы жоқ, өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың, оның ішінде халықаралық ұйымдармен, мақсатты диалогы жүргізілмеуде»

Жағдайды өзгерту үшін, азаматтық тұрғыда белсенді халықты елде болып жатқан процестерге тарту, оның шоғырлануы мен одан әрі кәсіби өсуін қамтамасыз ету, билік органдарымен және бизнеспен шын мәнінде сындарлы диалог құру үшін тұжырымдама авторлары «жүйелі өзгерістерге бағытталған 10 қадам» ұсынды. 

Бірінші қадам «Өзгеруді өзіңнен баста» деп аталады. Ол ойлауды өзгертуге, халықтың қоғамдық процестерге араласуын қалыптастыруға, сондай-ақ «Бір көшбасшының ҮЕҰ» немесе бір күндік ҮЕҰ сияқты азаматтық сектордың дамуына кедергі келтіретін жағымсыз сәттерді жоюға бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тұжырымдаманың авторлары мемлекет қаржыландыратын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға үкіметтік емес ұйымдардың қатысу шарттарын заңнамалық түрде бекітуді (псевдо-ҮЕҰ үшін бюджет қаражатына қолжетімділікті болдырмау үшін), ал қаржыландыру үшін жобаларды таңдау кезінде бірнеше қоғамдық бірлестіктермен әріптестікте іске асырылатын жобаларға артықшылық беруді ұсынады. 

Екінші қадам: «Кадрлар бәрін шешеді». Ол азаматтық қоғам институттарының, сондай-ақ үшінші сектор мен жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың қызметін кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету сияқты проблеманы шешуді көздейді. Бастамашылар алдағы он жылдыққа қоғамдық сектордағы еңбек нарығының қажеттілігін терең сараптайтын уақыт келді деп есептейді. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық процестерді жылдам жылжитын цифрландыру міндетті түрде ескерілуі тиіс. Осы қадамды жүзеге асыруда мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы әзірленген оқыту бағдарламалары, сондай-ақ ҮЕҰ Академиясы өз рөлін атқаруы тиіс. 

Үшінші қадам елдегі волонтерлік қызметті дамытуға бағытталған. Азаматтық сектор оның уақыт өте келе әрбір қазақстандықтың өмір сүру салтына айналатынына сенімді. Әрине, бірінші кезекте бұл қозғалысқа арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау көрсету қажет.  

Төртінші қадам сапалы байланыс арналарын орнатуды көздейді. «Азаматтық қоғам институттары мен билік диалогы – бұл мемлекеттік құрылымдардың кері байланыс алуының ең сенімді және объективті тәсілі. Бүгінгі таңда бұл мәселеде тек бір ғана жұмыс принципі өзекті: «қоғамның сындарлы ұсынысы – жедел мемлекеттік шешім». – дейді тұжырымдама әзірлеушілері.

Бесінші қадам ретінде мыналар ұсынылады: «Ұлт Жоспарының 97-қадамын іске асыруға байланысты» бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» әлеуметтік маңызы бар бастамалар мен жобаларды мемлекеттік қаржыландыру тетіктерді қайта қарауды және биліктің барлық деңгейлерінде қаражат көлемін арттыруды талап етеді».

Алтыншы қадам мынадай: «Объективті «ойын ережелерін» қалыптастыру –қоғамдық бастамалардың табысты дамуының негізі». Ол азаматтық сектор қызметінің саласын реттейтін заңнаманы жетілдіруді көздейді. Бұл, бірінші кезекте, ҮЕҰ тіркеу және оларға салық салу, сондай-ақ олардың қызметін билік институттары тарапынан бақылау мәселелері. 

Жетінші қадам «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасын іске асыруға қоғамның белсенді қатысуын көздейді. Міндет-минимум – оның шеңберінде іске асырылатын әлеуметтік маңызды жобалардың үйлестірушісі болу. 

Келесі екі қадам – Қазақстанның халықаралық бастамаларын және әлеуметтік жауапты бизнесті қолдау, ол үшін «үшінші сектор» сенімді серіктес бола алады және болуы тиіс. 

Ақыр-соңында оныншы қадам, ол «үшінші сектордың» өзінің ішіндегі көшбасшыларды іздеуге бағытталған. «Қазақстанда ресми тіркелген, түрлі экономикалық, әлеуметтік-саяси салалардағы қызметті жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдардың жиырма мыңдық әскері биліктің барлық деңгейлерінде қоғамда өзінің салмақты дауысына ие болуы тиіс. Мұндай дауысты қоғамдық құрылымдар қабылдайтын, азаматтық сектор, билік және халықаралық қоғамдастықта беделді ұйым қамтамасыз етуі тиіс... Тек біздің барлық күш-жігерімізді, құзыреттерді біріктіре отырып қана, біз Қазақстанның азаматтық қоғамының алдына қойылған міндеттерді шешуде ілгерілеуге қол жеткізе аламыз». 

 

Комментарии