Жұма, 23 тамыз 2019 ЖЫЛЫ
779 4-06-2019, 10:54

«Паспорттық бандитизм»: Қазақстан қайтадан КСРО-ның бір бөлігі бола ма?


Донбасстың танылмаған республикаларының тұрғындарына Ресей азаматтығын берудің жеңілдетілген тәртібі туралы жарлықты, сондай-ақ Оңтүстік Осетияға қатысты Кремльдің бұрын өткізген осындай акциясын кейбір сарапшылар «паспорттық бандитизм» деп атады. Бұл ретте олар «КСРО-ға қайта оралу» деген кодтық атауымен «жерлерді» жинау бойынша көп қадамды іс-әрекет тек басталып жатыр деп есептейді.

Мұндай сценарийдің барлық конспирологиялығына қарамастан, оны іске асыру ықтималдығы әлі де бар. Мысалы, 20 мамырда приднестровьелік ТСВ телеарнасына берген сұхбатында «Единая Россия» партиясынан депутат Александр Ярошук Мемлекеттік Дума жақын арада Приднестровьеде ресейлік паспорттарды беру туралы шешім қабылдауы мүмкіндігін мәлімдеді: «Ал қазір саяси ерік ДНР және ЛНР бойынша болды. Менің ойымша, мұндай бірлескен жұмысқа қарағанда, жақын арада сіздер бойынша да саяси шешім қабылданатын болады»... Депутат хабарлағандай, осы республиканың (ол да танылмаған республика) тұрғындарынан қазірдің өзінде келіп түскен ұсыныстар негізінде ресейлік паспорттарды берудің жеңілдетілген тәртібін енгізу үшін қажетті заң жобалары дайындалды.

Ресеймен шектес елдердің қандай аймақтары осында келесі кезекте болып тұрғаны жөнінде тек болжау жасау ғана қалады. Қалай болса да, сараптамалық және оның маңайындағы топтарда «кеңестік кеңістікті паспорттау процесі баяу болса  да, жүріп жатыр» және «КСРО қайтадан жиналатын болады» деген пікір жиі естіледі, өйткені Путиннің көп қадамды іс-әрекетінің мақсаты дәл осындай. Демек, жаңа ресейлік «бастамалардың» күшейіп бара жатқан толқынынан ешкім, соның ішінде қазақстандықтар да, сақтандырылмаған. Бұл сезім РФ-да тұруға ықтиярхатты КСРО-да туғандардың барлығы басқа мемлекеттің азаматтығынан бас тартуды құжаттық растаусыз алуы үшін Мемлекеттік Думада тоқталмайтын үндеулер аясында күшейе түседі.

Көптеген бағалаулар бойынша, Приднестровьден кейін «ұлы қамқоршылық» бағытталатын картадағы тағы бір нүкте ретінде Беларусь болуы мүмкін (айтпақшы, жақында Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили де осындай пікір білдірген болатын). Сондықтан Александр Лукашенконың да былай деп ескерткені тегін емес: «Бүгінгі күні Беларусьті жойюға тырысқандар – бұл президент, үкімет немесе тағы басқа кімдер болса да, –  біздің Беларус халқының қарғысына тап болады, ал мұны күшпен істегісі келгендер – біздің халқымыздан, ең алдымен, егемен және тәуелсіз Беларусьте туғандардан өте күшті жауап алатын болады»....

Біз отандық сарапшылардан осы мәселені айқындап беруді өтініп, оларға келесі сұрақтарды жолдадық:

Ресей өз аумағына тек адам капиталын тартып қана қоймай, бұрынғы одақтық аумақтарда жүйелі түрде паспорттауды жүргізбекші деген болжамдар орынды ма?

Біздің солтүстік көршіміздің гегемонияға құмарлығы бар ма, және оның шектері бар ма?

Осылай аталатын паспорттаудың толқыны Қазақстанға жете ала ма, және оның салдары қандай болуы мүмкін?

Қазақстандықтардың қандай санаттары және қандай мақсатпен Ресей төлқұжаттарын алғысы келеді?

Ал мүмкін біз үшін Қазақстанның ЕАЭО-ға қатысуы Ресейді «қызыл жалаушалардан» өтіп кетуден тежейтін «қауіпсіздік жастығы» болатын шығар?

Жақсылық Сәбитов, саясаттанушы: «Паспорттау толқыны Қазақстанға да келіп жететін болады»

- Ресейлік паспорттардың кең көлемде таратылуы орын алады деп ойлаймын. Бірақ бұл КСРО-ны жаңғырту жөніндегі жоспарлармен байланысты емес. Мұнда тек таза экономикалық мотивтер бар.

Ресей халқы тез қартайып бара жатыр, зейнеткерлердің үлесі өсіп, еуропалық көрсеткіштерге өте жылдам жақындап келеді. Басқаша айтқанда, жұмыс істейтін адамдардың жалпы саны РФ-да қысқарып барады. Егер шаралар қабылданбайтын болса, он жылдан кейін ел елеулі демографиялық дағдарысқа тікелей тап болады. Ал РФ-ның жаңа азаматтары – бұл негізінен ресейлік экономика үшін өзіндік допинг болуы қажет, яғни оның өсуінің жоғары қарқынын іске қосуға қабілетті еңбекке қабілетті жас адамдар. Оған қоса, олар бала туу деңгейін көтеруді қамтамасыз ете алады.

Менің ойымша, паспорттау толқыны Қазақстанға да келіп жетеді, ал бұл біздің елден халықтың кетуіне ықпал ететін болады. Бірақ осыған байланысты тәуекелдерді өте асырудың да қажеті жоқ. Ресей төлқұжаттарын негізінен Қазақстаннан шығуды жоспарлап отырған адамдар алатын болады. Бұл жерде екі төлқұжаты бар, бірақ елден кетуге дайын емес адамдардың үлкен тобы пайда болуы екіталай.

Қырым оқиғаларынан кейін бізде көптеген адамдар сол жерде болған нәрсенің ремейкі Қазақстанда болуы мүмкін деп санаған. Бірақ содан кейін эмоциялар азайып, сарапшылар оқиғалардың дамуының ықтимал сценарийлерін есептей келе, бұл ең алдымен, РФ-ның саяси элитасының өзі үшін тиімсіз болады деген қорытындыға келді.

Егер Украина мен Ресей азаматтарын алатын болсақ, онда айырмашылықтың маркерлері (этникалық өзін-өзі сәйкестендіру, раса, дін, тіл, физикалық антропология, теріс тарихи жады және т.б.) олардың арасында шынымен де іс жүзінде аз. Сондықтан да халық тарапынан «арнайы операцияға» қарсы тұру өте аз болды. Біздің жағдайда бәрі басқаша болып отыр, өйткені ресейлік орыстар мен Қазақстандағы қазақтары арасындағы айырмашылық маркерлері өте көп. Дәл сол айырмашылықтар ҚР-дағы этникалық қазақтардың ұлттық сана-сезімінің күрт өсуінің факторы бола алады. Егер Ресейдің Қазақстанға басып кіруіне таза гипотетикалық мүмкіндік берсе (мұндай сценарийдің ықтималдығы қазір өте төмен – бір проценттен де аз), онда РФ өзінің дәл қасында орналасқан жаңа Ауғанстанға ие болады: қазақтарда діншілдік пен этникалық ұлтшылдық деңгейі күрт көтеріліп кетеді. Сондықтан, РФ тиімділік тұрғысынан ойланатын саяси элитасы осындай қадамға бармайды деп сеніммен айтуға болады.

Ресей Федерациясының тұрғындары өзінің құнды қондырғылары бойынша бұрыннан еуропалықтарға жақын болғандықтан, Ресей басшылығының «әскери авантюралары» оларда үлкен наразылықты тудырады. Сондықтан Қазақстан үшін ЕАЭО емес, «аннексия сценарийін» жүзеге асыру РФ билеуші элитасының «саяси өліміне» әкелетіндігі «қауіпсіздік жастығы» болып табылады. Ал билеуші элита оған жол бермеуге тырысады. Сондықтан бізге осындай қауіптерден қорқудың қажеті жоқ.

Толғанай Үмбеталиева, саяси ғылымдарының кандидаты, демократияны дамыту Орталық Азия қорының бас директоры: «Ресей «шоу ойнауға» тырысты»

- Ресей КСРО-ны қайта қалпына келтіргісі келеді деп ойламаймын, бірақ өз шекараларының айналасында өзіне қауіпсіз кеңістік құруға ұмтылу сөзсіз орын алуда. Бірақ бұл мақсатқа қозғалыста ерекшелік бар: Ресей осындай қауіпсіз кеңістікті қандай да бір «жау бейнесін» қалыптастыру арқылы құруға тырысады, ал оған қарсы Мәскеудің айналасында біріккен «достастық» қажет, өйткені тек ол ғана біздің елдеріміздің қауіпсіздігінің кепілі бола алады. РФ саяси басшылығы шамамен осындай позицияны ұстанып отыр. Сондықтан Мәскеу Қазақстанды өзінің стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады, өйткені ҚР интеграцияның саяси құрамдас бөлігін қолдамағанмен, бірақ экономикалық тұрғыда Кремль ұсыныстарымен келісуге дайын. Дегенмен, Ресей сарапшылары Қазақстанның РФ-ға экономикалық бейілділігі ұзақ мерзімді болмайды, жақын болашақта ол қашықтық жағына ауыса бастайды деп болжап отыр. Билік транзиті, саяси истеблишменттегі ұрпақтар алмасуы, олардың пікірінше, ҚР сыртқы саяси басымдықтарына  өз әсерін тигізеді. Кремль, бәлкім, бұл қатерді өзі үшін барынша азайтудың бір жолы ретінде бір кездері посткеңестік елдер азаматтарын біріктірген нәрселер арқылы, ортақ тарихи өткен арқылы жақындық пен ұйымшылдық сезіміндегі эмоциялық қарым-қатынастарды қалпына келтіруде көретін болар.

Паспорттауға қатысты ұсыныстар эмоцияларға негізделген балалар ойыны сияқты болып көрінеді. Менің ойымша, бұл мүлдем лайықсыз. Мұндай шешім Украинаның басшысы енді тәжірибелі саясаткер емес, Зеленский тұлғасындағы шоумен болғандықтан қабылданған болар, сәйкесінше, Кремль онымен «шоу ойнауға» тырысуда. Бірақ, басқа жағынан, Ресейде бұл мәселе жаңа көші-қон саясаты аясында екі-үш жыл бойы талқылануда. Дегенмен, сыртқы факторлар, әсіресе Украинамен қарым-қатынастағы жағдай оған салынған қағидаттар мен нормаларға әсер етпей қоймайтындығы түсінікті. Алайда, Донбасс тұрғындарына ресейлік азаматтықты беруді оңайлату шешімі өте асығыс жасалған сияқты болып көрінді.

КСРО-ны жаңғырту бойынша көп қадамды іс-әрекетер мен жоспарларға келетін болсақ, онда еске салып кету қажет: 1974 жылғы кеңестік үлгідегі паспорттарды беру тақырыбы РФ Мемлекеттік Думасында, егер қателеспесем, үш жыл бұрын талқыланған болатын. Депутаттар мұндай паспортты алуға және КСРО азаматтығын қайта қалпына келтіруге ниет білдірген адамдардың өтініштерін қарастырды, бірақ нәтижесінде оған рұқсат берілмеді. Интернетте бұл талқылаудың бейнежазбасы бар – кімге қызықты болса, көре алады. Тағы да, біз мұнда тек эмоцияларды көреміз. Ресей аймақтарында әлі күнге дейін Одақтың құлдырауы үшін уайымдап, осы сезімдермен бірдеңе жасауға тырысып жүрген адамдар бар: олар КСРО азаматтығын қайта қалпына келтірудің заңды процедуралары туралы айта отырып, интернетте сол тақырып бойынша видео орналастыруда.

Бірақ бұл біздің солтүстік көршіміздің сыртқы саясатына қаншалықты әсер ететінін айту әлі қиын. ТМД мен ЕАЭО-ны көптеген ұқсас сәттердің болуына қарамастан, оларды КСРО аналогы ретінде қарастыруға болмайды. Посткеңестік кеңістіктегі РФ саясаты Ресей үшін өкінішті нәтижелерге әкелді: оның имиджі мен мәртебесі зардап шекті, оған деген сенімсіздік пайда болды. Қазақстан әлі де достық үнқатысуды жалғастыруда болғанымен, бірақ РФ-мен қарым-қатынастың бейтарап сипатына көшуге талпыныстар байқалады. Менің ойымша, бұл сындарлы ұстаным.

Посткеңестік елдермен қарым-қатынастардың өзгеруі Кремльге қиындықтармен түседі, бірақ ол сөзсіз жалғасады. Бұрынғы одақтас республикалардың алдында, олармен әлі қақтығыс бастамаған Ресейдің әлі де өзінің оң бейнесін сақтап қалу мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан басшылығы бұған кедергі келтірмейді: ол Ресейдің «сезімдерін» қадірлеп және ескере отырып, оны арандатпай, өте баяу дистанцияланады…

Замир Қаражанов, саясаттанушы: «Бұл шектес елдерге қысым жасау құралы болуы мүмкін»

- Бүгін Ресей державаның мәртебесін даулап отырғаны ешкімге де құпия емес шығар. Мәскеудің нұсқасы бойынша, дәл осы жағдай оның батыс елдерімен қарым-қатынасының шиеленісуіне себеп болды. Бірақ РФ держава болып табылама? Мұндай мәртебеге ие болу үшін қажетті төрт белгінің оның тек біреуі – әскери қуаттығымен байланысты белгісі ғана бар.

Сарапшылардың бағалауы бойынша (мен өзім баға беруден бас тартамын), ол өз армиясының жауынгерлік қабілетін қалпына келтіре алды. Әскери шығындар тұрғысынан Ресей бүгінде әлемнің алғашқы он елдің қатарына кіреді. Бірақ жаһандық көшбасшылықты талап ету үшін тек қана күшті армия жеткіліксіз. Қарулы күштерді жаңғырту немесе гегемония үшін күрес сияқты саяси мақсаттар экономикалық мүмкіндіктермен өлшенуі тиіс. Ал мұнда Ресейді проблемалар күтіп тұр.

РФ еңбекке қабілетті жас халықты Ресей азаматтығына тарту есебінен сол проблемаларды, кем дегенде, олардың бір бөлігін шешуге тырысады. Владимир Путин Ресей төлқұжаттарын беру тәртібін Украина аумағында танылмаған республикалардың тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар басқа посткеңестік республикалардан шыққан азаматтарға да оңайлату жөнінде айтқан болатын. Сондықтан бұрынғы одақтас республикалардың халқын паспорттауға қатысты нұсқа орын алуда. Сонымен қатар, РФ-ға отандастарының қоныс аударуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама туралы ұмытпауымыз керек – ол Кремльдің соңғы бастамаларына жақын, сондай-ақ, олар Қазақстанға да қатысы болу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Әрине, біздің заңнамалар екі жақты азаматтықты жоққа шығарады, сондықтан РФ төлқұжатының иелеріне қазақстандық құжаттарын тапсырулары тиіс, бірақ... Мүмкін, Нұр-Сұлтан тарапынан екінші паспорттың болуы үшін жазалауды қатаңдату болады, және де жалпы қазақстандық билікке үнемі қолдарын пульсте ұстап тұруға тура келеді.

Мән-жайлардың белгілі бір сәйкестігі жағдайында, осы процесс баяулаған іс-әрекеттің айнасына айналуы мүмкін. Кей кездері Ресейдің саяси ортасында бұрынғы кеңестік республикалардың егемендігін даулайтын арандатушылық мәлімдемелер естіліп жатады. Мысалы, мамыр айында Мемлекеттік Дума депутаты Жириновский Қазақстан туралы осылайша айтқан болатын. Бұған дейін ресейлік БАҚ біздің еліміздің сыртқы саясатын сынға алды. Бұл ретте олар ҚР-ның көпвекторлы саясаты Ресей үшін қолайлы екенін ескермеді. Ол сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мүлдем шиеленіссіз сипатқа ие. Мүмкін, осы БАҚ арқылы сын білдірудің артында журналистер емес, олардың кураторлары тұрған болар. Мұндай жағдайда паспорттарды берудің жеңілдетілген рәсімі Ресей қолдарында шектес елдерге қысым жасау құралы болуы мүмкін. Бұл тұрғыда ЕАЭО-ны кепілгер деп айту қиын, оның аясында ұлтүстілік органдарды құру немесе ортақ валютаны енгізу туралы ұсыныстар жиі естіледі, оған қарсы Қазақстан мен Беларусь үзілді-кесілді әрекет етеді. ЕАЭО тек өзі «шектеулерді» ұстанатын жағдайда ғана, яғни қатысушы елдер арасында прагматикалық қарым-қатынас орнатып, саяси аспектіні алып тастап тек экономикаға, саудаға шоғырланса, «қауіпсіздік жастығы» бола алады.

Ал егер паспорттар берумен байланысты Ресей бастамаларын қызықты деп есептейтін қазақстандықтарға қатысты айтатын болсақ, бірінші кезекте бұл Қазақстаннан кетуді бұрыннан бері жоспарлап отырған халықтың санаты. Бүгінде тұрақты өмір сүруге кеткісі келетіндердің саны өсуде, бұл біздің еліміздегі экономикалық ахуалға байланысты. Егер үш-бес жыл бұрын сұралғандардың тек 10 проценті Қазақстаннан кетуге ниет білдірсе, бүгінгі таңда мұндай жағдай айтарлықтай көп. Бұл көші-қон ағыны бойынша да көрінеді. Егер Ресей азаматтығын алу мақсаты туралы айтатын болсақ, олар, ең алдымен, материалдық жағдайдың нашарлауына, өмір сапасының төмендеуіне, сапалы білім мен медициналық қызметке қол жеткізуге байланысты.

Комментарии