Бейсенбі, 24 қазан 2019 ЖЫЛЫ
749 27-05-2019, 11:08

Неліктен Қазақстанда жас саясаткерлер жоқ?


Елімізде басталған кезекті электоралды цикл саяси авансценаның ардагерлерін тағы да күрес алаңына шығарып қойды. Президенттікке жеті үміткердің ең кішісі – 55 жаста, қалғандарының жастары 60-қа жуық және одан да артық. Идеал бойынша жарысқа қатысушы адамдардың арасында тәжірибесі бар саясаткерлер мен өршіл жастар болуы тиіс, бірақ, өкінішке орай, соңғылар қазіргі кезде байқалмайды. Ұрпақ арасындағы алшақтығы айқын көрініп тұр. Ол елдің болашағы үшін қандай қауіп-қатер әкелуі мүмкін, жағдайды өзгерту керек пе, егер өзгерту қажет болса, оны қалай іске асыруға болады? Осының барлғын анықтауға тырысып көрейік.  

Қазақстан жастары елеулі саяси амбицияларды көрсеткенді бұрыннан бері қойған. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін болған толқу ақыр-соңында апатиямен ауысты. Нарықтық реформалар толқынында билікке келген жас басқарушыларды тәжірибелі аға жолдастары «жұтып алды». «Нөлдік» жылдардың басында байқалған жаңа буын өкілдерінің саяси белсенділігінің «ренессансы» да билік пен оппозицияның қайшылығында тұншығып, өз жемістерін әкелмеді. Жастар көшбасшыларының жұлдыздары тез жанып, өте тез сөніп қалды. Бұл теріс мысалдар жастардың өздері үшін неғұрлым перспективалы бағыттарға бұрылуларына маңызды себеп болды, бұл жайт отандық саясатты ұзақ жылдар бойы жаңа адамдардың келуінен айырды.

Бұл жағдай, әсіресе әлемнің көптеген елдерінің элиталарындағы ұрпақтардың ауысып жатқанын ескерсек, алаңдатпауы мүмкін емес. Ал жасы бойынша бір-біріне жақын адамдарға өзара келісу «қария» мен «жас өспірім» арасындағы келісуден оңайырақ болып табылады. Осындай жағдай ішкі саясатта ауырлық әкелетін нүктелерінің одан да көп туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, «нөлдік» жылдардың соңында билік жағдайды қалай да болмасын түзетуге тырысқаны таңқаларлық емес. Осы күш-жігердің қорытындысы ретінде жастар арасынан кадр резерві пайда болды, сонымен қатар оны мемлекеттік қызметтің әртүрлі сатысына тарту орын алып, жаңа көшбасшылар өсуі ықтимал жастар ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық болды.…  

Өткен он жыл ішінде мемлекеттік аппарат шын мәнінде жасартылды. Алайда, мәселе біздің көз алдымызда жаңа менеджерлердің буыны өскенмен, олар саясаткерлер емес екендігінде. Мүмкін, олар өте жақсы орындаушылар және тамаша басқарушылар шығар. Болашақта олар дербес саясаткерлер болуы ықтимал, бірақ бұл жайт олардың шаштарына ақ түскенге дейін орын алуы екіталай.

Партиялық бірлестіктер мен жастар құрылымдары ортасында жаңа көшбасшыларды тәрбиелеу жөнінде айтар болсақ, онда бұл жерде де барлығы бірмәнді емес. Бүгін тек бірнеше фигураларды ғана саяси болашағы қандай да бір маңызды талдауға лайықты болуы мүмкін деп атауға болады. Шын мәнінде, бұл бағытта біз айтарлықтай жойқын сәтсіздікке ұшырадық.

Сарапшылар атап өткендей, бүгінде жастар бірнеше себептер бойынша саясатқа тікелей қатысуды елемейді. Біріншіден, ол елде болып жатқан өзгерістерге қандай да болса әсер ете алатын мәні бар екеніне сенімді емес. Екіншіден, оны саяси қызметтен алшақтатып отырған... кәсіби саясаткерлер, өзінің іс-әрекеттерімен және мәлімдемелерімен сенімсіздік тудырып отыр, ал оның тікелей салдары – жастар алдында саяси қызмет беделінің төмендеуі болып табылады. Үшіншіден, жастардың өзін-өзі саяси ұйымдастыруы үшін институционалдық негіздері әлсіз болып отыр. Төртіншіден, жастардың көшбасшылық мектебі, яғни тәжірибелі, қалыптасқан саясаткерлермен жұмыс істеу мүмкіндігі іс-жүзінде жоқ. Ол болған жағдайда жастар олардың білімі мен іскерлігін қабылдап, кейіннен соны қазіргі заман шындығы мен көзқарастарына сәйкес бейімдеп өзгерте алар еді. Әрине, жекелеген жақсы мысалдар бар (мысал ретінде жас кадрларды жұмысқа белсенді тартатын Бердібек Сапарбаевты алсақ болады), бірақ ел ауқымында бұл жеткілікті емес екені анық. Оның үстіне «тәлімгерлер» де мемлекеттік билік органдарында жұмыс істеуге (әсіресе үлкен саясатпен шұғылдануға) қабілетсіз және мүлдем лайықты емес үміткерлерге сенім арттыра отырып, жиі қателіктер жасайды.…     

Шын мәнінде, себептер одан әлдеқайда көп, бірақ олардың ең бастысы – билік ұзақ уақыт бойы саясатта жастардың жоқтығына назар аудармағанында. Және бүгін ол үшін шешімдер қабылдауға тікелей қатысу үшін нақты күрес перспективасынан гөрі саяси тақырыптарға арналған виртуалды интернет-пікірталастар қолайлы нәрсе болып табылады. Дегенмен, бұл таңқаларлық емес: біз клипті ойлау қабілеті мен клипті мәдениеті бар ұрпақты өсіргендіктен, олар жалпы өмірді және саясатты ток-шоу тәрізді қабылдайтын болады деп болжау әбден қисынды.

Осы мәселе бойынша дабыл қағу керек пе? Әлде бар нәрсені жай ғана қабылдай отырып, өмірдің өзі барлығын реттейді деп үміттенгеніміз жөн бе? Сөз арапшыларға беріледі.

Ерлан Сейтімов, бизнес-кеңесші: «Бізде жас саясаткерлердің болмауы мәселесі жоқ»  

- Жас ұрпақ саясаткерлері қайда дейсіз бе? Ал аға ұрпақтың саясаткерлері бар ма? Саясаткерлер, бұл сөздің тікелей мағынасында, яғни, халықтың айтарлықтай қолдауына ие, елдегі жағдайды жақсарту жөнінде нақты шаралар ұсынып, билікке ашықтай ұмтылатын адамдар бізде жоқ деген пікір орын алуда. Саяси арена бар, ал саясаткерлер жоқ. Міне, осындай парадокс. Біз шетелдік «оппозиционерлерді» билікке үміткерлер деп есептемейміз ғой. Моргуновтың кейіпкері айтқандай: «Бұл ақылсыздық!».

Біз президенттікке қазіргі «кандидаттарды» да саясаткерлер деп есептемейміз. Таяу уақытқа дейін олар тек өздерінің көршілеріне, туысқандарына және жұмыс бойынша әріптестеріне ғана танымал болған. Оларды қазір де көп адамдар білетініне сенімді емеспін. Олардың сайлауға қатысуы тек жақсы тәртіп туралы ғана айтады: аға жолдастары оларға айтқан соң, олар «броневикке» ұмтыла жөнелді. Ал броневиктен естілетін нәрсе (интернет-тәуелділікпен күрес және т.б.) «билік үшін күреске» көп жылдық дайындықтың сапасын көрсетеді. Бірақ!

Одан да үлкен парадокс – жоғарыда айтылғандардың барлығы жаман емес екендігінде.

Бір орында тұру мен жылжудың арасында біз «жылжуды» таңдадық және қалай да болмаса, жылжып келе жатырмыз. Нағыз саясаткер Ленин айтқандай, «барлығы салыстырылмалы түрде анықталады». Моңғолияда бұрыннан бері нақты сайлаулар өткізіліп келеді, онда саясаткерлер билік үшін нақты түрде күреседі және биліктің ауысуы тұрақты түрде бәсекелестік негізде өтеді. Бірақ осы елде де, нақты сайлау өтіп жатқан басқа да посткеңестік мемлекеттерде де өмір сүру деңгейінің бізге қарағанда айтарлықтай артқанын біз көріп отырған жоқпыз: бір жерде сәл жақсырақ, ал бір жерде сәл нашарлау. Сондай-ақ, біз Қытайды да көріп отырмыз, онда коммунистердің қатты қысымы астында экономикалық ғажайып пайда болып, ҚХР әлемдік технологиялық көшбасшыға айналды. Ал бұл жағдай ашықтық пен бәсекелестіксіз дамымайды деп есептелетін салада орын алған. Яғни, бәрі соншалықты бірмәнді емес, ал өмір – саясаттану оқулығы емес.

Иә, өз уақытында біздің билік саяси алаңды тазартқан болатын, бірақ басқа нағыз саясаткер Бисмарк айтқандай, «саясат – бұл мүмкіндік өнері». Мүмкін, бізде нағыз саясаткерлердің болмауы тұрақтылық пен белгілі бір әл-ауқаттың кері жағы шығар. Ешкім сол кезде білмеген және қазір де білмейді, ол бәлкім, бір жағынан, ұлтаралық, азаматтық қақтығыстар, ал екінші жағынан тыныштық арасындағы таңдау болған шығар. Бірақ билік осындай жолды таңдаған болатын, ал халық, кем дегенде, оның маңызды бөлігі, мұны қолдады. Ал бұл да демократия ғой, тек формальды емес, нақты демократия.

Сондықтан жас (және жас емес) саясаткерлердің болмауы мәселесі бізде жоқ. Біздің қоғам оларға сұраныс берген кезде олар пайда болады.

Айман Жүсіпова, ҚР Тұңғыш президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) сарапшысы: «Саясат әзірге жастардың үлкен бөлігінде қызығушылық тұдырмайды»

- Саясатқа әдетте екі себеп бойынша барады. Біріншіден, идеялық ойлары мен дүниетанымы арқылы, сондай-ақ жағдайды өзгерту ниетіне және құндылықтар жүйесіне сүйене отырып барады. Екіншіден, маңызды лауазымға ие болуға үміттене отырып, билік ресурстарын кейіннен материалдық, қаржылық ресурстарға айналдыру ниетімен барады. Бірінші жол өте қиын және онда мақсатқа қол жеткізу кепілдігі жоқ, бірақ мұндай адамда идеялық сенім мен өз құқықтығына сенімділік бар, ал бұл қарапайым азаматтардың ықыласын тудыруға, оған жақтастарды тартуға қабілетті. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада мұндай позиция ерте ме, кеш пе өз әсер беретін болады.

Әрине, саясаткер болу үшін адам белгілі бір қасиеттерге ие болуы керек. Айталық, оның мақсаттылығы мен қайсарлығының деңгейі, қатардағы азаматтарға қарағанда, әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ, мұндай адамның саяси қызметке арнауы мүмкін болатын бос уақыты да жеткілікті болуы маңызды.

Айта кету керек, бұл болжау жасауға келмейтін сала. Саяси мансапты әркім бастай алады, бірақ өте аз адамдар бұл салада жетістіктерге жетеді. Ал адамдардың көпшілігі, әсіресе біздің бүгінгі жастар, айқындықды қалайды, өйткені оларға прагматизм тән, оларда өмірге ұтымды көзқарас пен өз келешегін қазіргі кезде анық көру керек деген ниет бар.

Жастар сайлауға да қатыспайды, жалпы саясатқа да мән бермейді, өйткені ақшасыз және қажетті байланыссыз саясатқа барудың мағынасы жоқ, немесе оған өз бизнесінің мүдделерін қолдау үшін ғана барады деген терең қалыптасқан стереотип орын алуда. Осы факторлардың барлығы жастар тарапынан саясатқа деген қызығушылықтың болмауына себепкер, сондықтан оларды басқа салалар, атап айтқанда, экономика және IT сияқты салалар көбірек қызықтырады.

Бұл ретте әлеуметтанушылар посткеңестік кеңістіктегі жастарды және орта буын өкілдерінің бір бөлігін сипаттай отырып, былай дейді: олардың қалыптасуы «зұлымды тоқсаныншы» жылдарға тура келген болатын, сол себепті «ақшаға табыну» оларға тән құндылық болып кетті.

Дегенмен, соңғы бес-он жылда жастар өзгеріп жатыр, олар енді тек материалдық игіліктермен және құндылықтармен шектелмей, бастамашылық білдіруге ұмтылатынын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар, бүгінгі күні билік құрылымдарына бірінші кезде үлкен капиталдары мен ықпалды фигуралардың қолдаулары болмаса да, өзінің жеке қасиеттері мен беделінің арқасында қол жеткізген адамдар жиі келеді. Бұл тренд барған сайын айқын көрінуде, сондықтан жастардың саясатқа деген қызығушылығы біртіндеп оянып келеді. Бұл басқа посткеңестік елдердің мысалында жақсы көрінеді.

Сонымен қатар, Қазақстанда «нөлдік» жылдардан кейін жас саясаткерлер пайда болған жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің орташа жас мөлшері – 39 жас. Ал саяси элитаға келетін болсақ, олардың арасында 40-тан 49-ға дейінгі және 50-ден 59-ға дейінгі жастағы адамдар кең таралған. Сондай-ақ 39 жасқа толмаған адамдар да бар.

Комментарии