Жексенбі, 16 маусым 2019 ЖЫЛЫ
507 29-04-2019, 12:50

Қазақ тіліндегі жарнама сауатсыз жасалғандығына кім кінәлі? Тілдің өзі ме әлде қоғам ба?


Қазақ тілінің проблемалары көп қырлы және олардың кейбіреулері ұзақ жылдар бойы сол қалпы шешілмей келеді. Осы мәселелердің бірі – сыртқы жарнаманың мүлдем сауатсыз жазылған мәтіндері. Қазақ тілінің танымал насихаттаушысы, kieli7su.kz сайтының бас редакторы Земфира Ержан ұзақ уақыт бойы осы құбылыспен ымырасыз күресіп жүр, бірақ көбінде одан нәтиже жоқ. Мәселенің түпкі тамырлары қайда жатыр және оны қалай шешуге болады?

Аудармалық сәйкессіздіктер

- Земфира, сіз қазақ тіліндегі жарнама мәтіндердің сауатсыз жазылғандығын немен түсіндірер едіңіз?

- Мұның себептері туралы мен алты жыл бойы үнемі жазып келемін. «Техникалық» жағынан оны түсіндіру өте оңай. Алдымен мәтін орыс тілінде жазылып, содан кейін қазақ тіліне «сөзбе сөз» аударылады, нәтижесінде қателіктерімен жасалған калька пайда болады. Осындай «аударма тактикасы» тілдер бір бірінен тек қолданылатын сөздермен ғана ерекшеленеді деген көрініс арқылы құрылады. Сонымен қатар, әртүрлі тілдердің грамматикалық құрылымы және тек өздеріне тән әлемді сипаттау жүйесі бар, алайда оған назар аударылмайды. Сондай-ақ, аударумен айналысатын адамдар электрондық аудармашыны пайдалануы мүмкін екендігін де ескеру қажет. Қалай болғанда да, қазақ тілінде жазылған деп танытатын жарнаманың жекелеген нұсқалары автоматтандырылған желілік аудармашылардың ұсынған аудару нұсқаларымен сәйкес келеді. Нәтижесінде біз мағынасынан мүлдем айырылған аудармалық сәйкессіздіктерге тап боламыз.

Бірақ мәселе тек жарнамалық мәтіндердің сауатсыз жазылғадығында ғана емес. Бұл жағдайда біз заманауи қазақ тілінің көпшілік алаңында құлдырауының жарқын индикаторын көріп отырмыз. Ал біз оның куәгерлеріміз және, нақтылап айтамын, оған барлығымыз да тікелей қатыстымыз.

Бұл тұжырымдамаға ашуланатын адамдар бір сәтке ғана әңгіме қазақ тілі жөнінде емес, басқа бір бөтен тіл жөнінде болып отырғанын елестетіп көрсін. Айталық, сіз мысалы шетелдік қаланың көшелерінде жүріп, онда қате жазылған бірде-бір жазба жоқ екенін көресеңіз, осы елдің тұрғындары туралы не ойлайсыз? Егер көзге түсер сауатсыздықтың объективті фактісіне негізделетін болсақ, осы ел тұрғындарының өз мемлекеттік тіліне қатысты нақты көзқарасы жөнінде сіздің пікіріңіз қандай болады?

Сондықтан сауатсыз жасылған жарнама біздің шешілмей жатқан тілдік және әлеуметтік мәселелеріміздің тек кішкентай ғана бөлігі болып табылады. Сауатсыз жазылған қазақ тіліндегі жарнама қазақстандықтардың ары мен намысын оятуға тырысып жатыр деп айтуға болады. Бірақ, өкінішке орай, әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

- Бұл мәселені қалай шешуге болады? Ол үшін ең алдымен не істеу керек?

- Бұл қаншама сенімсіз болып естілгенмен, бірақ бұл жағдайда мәселе шын мәнінде өте оңай шешіледі! Қолданыстағы бар әкімшілік тәжірибелерді ескеретін болсақ, бұл мүлдем проблема емес! Жергілікті атқарушы органдар қалалық ортаның сауаттылығын бақылау өкілеттігіне ие болғандықтан, тек бір нәрсе ғана қажет, атап айтқанда, әкімдіктердегі жұмысқа осы міндетті орындай алатын құзыретті мамандарды тарту керек. Ал егер оларға білікті және волонтерлік көмек қажет болса, ондай көмек біздің тарапымыздан 2013 жылдан бастап бірнеше рет ұсынылған болатын. Бірақ, әкімдік одан үнемі бас тартады. Осы жылдың басында мен қалалық ортаның сауаттылығын сапалы жақсартуға бағытталған «Сауатты қала» – қазақ жарнамасына арналған 40 күн» деп аталатын кезекті жобаны ұсындым. Бірақ, өкінішке орай, Алматы билігі оны тағы да елеусіз қалдырды.

- Осындай көріксіз нәрселердің барлығына көбінесе кімдер жауапты болып табылады – процесті тиісті түрде бақыламайтын уәкілетті мемлекеттік органдар ма, жарнама берушілердің өздері ме әлде тағы біреулер ме?

- Әкімдік бақылау қызметін толық қамти алмай отыр. Жарнама берушілер қазақ тілінде сапасыз слогандарды шығара отырып, өздерінің кәсіби сәйкессіздігін мойындағандарын сезінбейді. Бірақ мені бұл жағдайда мүлдем басқа нәрсе аландатады: қазақ тілінің сауаттылығына барынша мүдделі болуы тиіс әлеуметтік қабаттың үн қатпай отырғаны, қанша дегенмен, өкінішті-ақ. Айтып отырғаным, яғни, бірінші кезекте қазақтілді БАҚ. Егер олар бірігіп, көпшілік алаңындағы қазақ тілі сауатты болуға құқықты дегенді мәлімдейтін болса, онда біз қазір талқылап отырған көріксіздіктер де болмас еді. Сонымен қатар, сауатсыз жарнама қазіргі қазақстандық қоғам мен қазақ социумының әлеуметтік салауатсыздығының белгілері екенін де нақтылап атап өткім келеді.

Жаңғырту орынды болғаны жөн

- Орыс тіліндегі сауаттылық деңгейі өте жылдам төмендеп барады, қазақ тіліндегі істердің жағдайы да онша жақсы емес...  Біз жалпыға ортақ сауатсыздық қоғамына айналып кетуіміз мүмкін бе?

- Мен қазақ және орыс тілдерінің жағдайын салыстырмас едім, өйткені олардың жағдайлары ұқсас емес. Өміршеңдік және сауаттылық мәселесі тек қазақ тіліне қатысты болып отыр. Ал заманауи орыс тілі үшін бұл мәселе мүлдем өзекті емес.

Қазақ тілі ХХ ғасырда орын алған объективті тарихи себептердің нәтижесінде қазіргі күрделі жағдайға тап болды. Қазақ тілділердің едәуір бөлігін жоғалту фактісі (басқаша айтқанда, қазақтардың көп санының ана тілінде сөйлеуден бас тартуы, бірнеше онжылдықтар бойы оны іс жүзінде және тұрмыста пайдаланбауы) ол үшін шынымен апатты салдарларға алып келгенін түсіну маңызды. Қазақстандағы орыс тілі үшін, оның ішінде оның сапасының төмендеуіне қатысты да, қауіп-қатерлерді мен көріп отырған жоқпын.  

- Сауатсыз жазылған жарнама призмасы арқылы, қазақ тілі түбегейлі жаңғыртуға мұқтаж деген болжам жасауға бола ма?

- «Түбегейлі жаңғырту» деген ешқандай қисыны жоқ идеяны мен аса қауіпті деп есептеймін, өйткені оның негізінде – қазақ тілі жетілмеген, артта қалған, қазіргі заманға сәйкес келмейтін тіл, сонымен қатар синонимдермен, фразеологизмдермен артық жүктелген тіл деген ұғым жатыр.

Бұл идеяны кімдер таратып отыр, ол кімдерге тиімді? Осылай тек қазақ тілінен әлдеқашан үзілген, бірақ қандай да бір себептермен осы тіл жөнінде өз пікірін айтуға мәжбүр болып отырған адамдар ғана айта алады. Олар, шамасы, егер кейбір зорлықпен жасалған әкімшілік әдістер арқылы қазақ тілін қарапайым формаларға жеткізе отырып, барынша жеңілдетсе, оны зерделеу мен тарату мәселелері өздерінен шешіледі деп ойлатын болар. Олардың логикасы бойынша жоғары математиканы барлығы меңгере алмайды, бірақ көпшілігі 2 плюс 2 қанша болатынын есептей алады. Қазақ тілінің құндылығын жоққа шығаратын нигилистер бұл идеянын мүлдем ақылға қонымсыз екендігін түсінуге қабілетсіз.

Жеке менің өзім үшін қазақ тілін жаңғырту басқаша болып көрінеді, атап айтқанда оның осы өмірде орын алуының күрделі тарихи және қазіргі заманғы контекстін түсінуде; сауатты тіл саясатын құруда; қазақ тілінің кеңістігін толыққанды қалпына келтіруге бағытталған институттар (ғылыми және қоғамдық) жүйесін құруда көрінеді. Яғни, оны жаңғырту процесін мен, бірінші кезекте, жоғалтылған лексикалық қорды қалпына келтіру, қазақ тілінің құрылымына тән емес жаңа креолиздік формалардан арылу жөніндегі шаралармен байланыстырамын.

Бұл тарылту емес, керісінше, тілдік өрістің өзінің едәуір кеңеюін, тілдің идеологиясын, оның социумдағы орнын айқындау артикуляциялау. Атап айтқанда: көптеген, қазір ұмытылып жатқан лексика қабаттарын өзектендіру, жаңа құбылыстарды белгілеу үшін жеке тілдік көздерді іздестіру; ұлттық тілді елдің перспективалық дамуының сенімді іргетасына айналуға қабілетті құнды ресурс ретінде қабылдауды қалыптастыру.

Қазақ тіліндегі жарнаманың сауатсыз жазылғандығына тіл кінәлі емес, оның тағдырына алаңдамайтын қоғам кінәлі.

Кім және қашан ерік білдіреді?

- Бәлкім, келесі сұрақ сізге орынсыз болып көрінетін шығар, бірақ сонда да – қазіргі заманғы жарнама мен дәстүрлі қазақ қоғамының тілі үйлесімді ме?

- Әрине, үйлесімді. Бірақ, шынын айтсақ, бұл үшін екі шарт орындалуы қажет.

Біріншіден, заманауи қазақ тілін «дәстүрлі қазақ қоғамының тілі» деп атай отырып, оны архаизациялау ниетінен бас тартқан жөн болар еді. Қайдағы дәстүрлі қоғам, қайдағы оған тән дәстүрлі тіл?! Қазіргі кезде қанша ниеттенсең де дәстүрлі қазақ тілін де, дәстүрлі қазақ қоғамын да табу мүмкін емес! Бүгінгі таңда біз пайдаланып отырған қазақ тілі қазіргі біздің  өмір сүріп жатқан уақытқа жүз процентке сәйкес келеді және оған әбден лайықты болып табылады. Дәстүрлі қазақ қоғамының тілінің консервациялануы жөніндегі ойлар – жалған түсінік. Бұл заманауи қалаларда индустриялануға дейінгі ауаның құрамын сақтап қалумен тән, яғни мүлдем мүмкін емес.

Екіншіден, қалған әлемдегі жарнама тілді ғылымның кез келген саласы сияқты немесе көркем әдебиет сияқты пайдалыналады. Әрине, жарнаманың нақты мақсатқа – тауарды немесе қызметті жылжытуға бағынышты өзінің жанрлық ерекшелігі бар. Бірақ бұл жарнама өзінің тұтынушыларымен қандай да бір ерекше, құпия тілде «сөйлеседі» дегенді білдірмейді. Керісінше, көрермен назарын өзіне қарай тартуға мүмкіндік беретін коммуникацияға, эмоциялық байланысқа қызығушылық таныту арқылы, оның стильдік ерекшеліктері де қалыптасады. «Қалған әлем» деген сөзді саналы түрде қолданып отырмын, өйткені қазақ тіліндегі жарнама оның сауатсыздығы себебінен өзінің жанрлық шеңберіне ешбір сай келмейді.

Мәселе, менің ойымша, «заманауи» жарнаманы «архаикалық және модернизациялауға келмейтін» тілде қалайша сөйлетуге болатынында емес. Қазақ жарнамасының қайғы-қасіреті біздің қоғамның қазақ тілін дамытуға мүдделілігінің төмен деңгейін көрсеткені маған басты мәселе болып көрінеді. Қазіргі кезде жарнама, өкінішке орай, қазақ тілінің әлеуетін елемей отырғаны таңқаларлық емес.  

Алайда, жарнама мен қазақ тілі одақтастығы өте пайдалы және перспективалы болуы мүмкін. Жеке мен өзім мұнда көптеген «лингвистикалық» пайда көріп отырмын. Бір жағынан, жарнама әлемі қазақ тілі үшін оған тән әртүрлі мүмкіндіктер пайдаланылатын қолжетімді ашық алаңға айнала алады. Ал бұл оның түркі тілдерінің ішіндегі аса бай тіл екенідігін дәлелдейтін еді. Екінші жағынан, жарнаманың кең мөлшерде тарауы нағыз челендж, яғни қазақ тілдің икемділігін, бейімділігін, тапқырлықтығын тексеруге шақыру болып табылады. Кез келген жағдайда, егер қазақ жарнамасының тіліне қандай да бір дұрыс пиғылмен қарайтын болса, онда ол, былайша айтқанда, қазіргі заманауи тіл құрылысына өз үлесін қосар еді.

Демек, біз Қазақстанда қалыптасқан стереотиптерді бұзып, коммерциялық жарнаманы қосымша (коммерциялық емес) гуманитарлық мақсаттарда пайдалана отырып, мемлекеттік тілді көпшілікке тарату қызметіне қоюға тиіспіз.

Тіл – тіріжанды құбылыс, ол үнемі жетілдіріледі, байытылады, кейде өзгеріп те тұрады. Оған тек адамдардың немқұрайлығы ғана жаман әсер етеді, өйткені ол солардың пайдаланғаны үшін жаратылған. Қазақ тілі үшін мұндай немқұрайлылық өліммен тең.

- Сіз осы жағдайды түзету үшін жақын арада не істеуге ниеттісіз? Қазақ жарнамасының сапасын жақсарту саласындағы өзіңіздің волонтерлық қызметіңізді жалғастырасыз ба?

- Менің ойымша, kieli7su.kz сайтының алты жыл жұмыс істеу кезінде көрнекі ақпараттың ауқымды мониторингі жүргізілген, сондай-ақ қалыптасқан жағдай талданып, қазақ жарнамасының сауатсыздығы мәселесі жан-жақты зерделенді. Жағдайды түбегейлі жақсарту үшін бүгінгі күні атқарушы органдар өкілдерінің жақсы ниеті мен саяси ерік-жігері қажет. Өкінішке орай, қоғамдық сауатсыздықты жоюға қабілетті басқа әлеуметтік тетіктер бізде жоқ. Егер билік бұл жолы да жауап бермейтін болса, онда мұндай жұмыспен айналысуды жалғастырудың ешбір мағынасы жоқ.

Мүмкін, алыс немесе жақын болашақта, қоршаған орта сауаттылығына қамқорлық қазақстандықтардың әлеуметтік жауапкершілігі аясына міндетті түрде кірген кезде, жағдай өзгере бастайтын шығар. Дегенмен, үмітсіз шайтан дейді ғой…

 

Сурет: Informburo.kz

 

Комментарии