Бейсенбі, 18 шiлде 2019 ЖЫЛЫ
700 22-01-2019, 10:33

Тарихи мифтер: қазақтар ұлы болған кезде


Иисус Христос (Иса) қазақ руларының біріне тиесілі болды (нұсқалар ретінде – дулат, ботпай, албан, суан), Тутанхамон түрік болған, Заратустра қазіргі замандағы Орал маңында дүниеге келген. Қазақстандық БАҚ-тарда ешбір күмәнсіз жарияланып кеткен осындай кезекті тарихи сенсациялармен жақында танымал Қайрат Закирьянов бөлісті.

Шаруашылық саласы мен спорттан шыққан тарихшылар…

... Ол – математика профессоры, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті (бұрынғы Алматы дене шынықтыру және спорт институты), ҚР Студенттік спорт федерациясының президенті. Алайда, Қайрат Қайруллинович өзін тарихи зерттеулерге арнауға шешім қабылдағанына қарағанда, математикада барлық жаңалықтар жасалып, жоғары білім беру жүйесінде және ЖОО-ның дене шынықтыру қозғалысында ешқандай проблемалар қалмаған болар. Өткен заманға қатысты ғылымның дамуын еуропа пайдасына бұрмалайтын көзқарасқа ол оны түркі пайдасына, ал кей кездерде тіпті қазақтың пайдасына бұрмаланған көзқарасты қарсы қойды. Оның пікірінше, түркілер әлемге Александр Македонский мен Конфуцийді, тіпті аңызға айналған король Артурды да берген (британдық ғалымдар өздеріде де бұл нақты тарихи кейіпкер екеніне толық сенімді болмағанына қарамастан). Шыңғысхан жөнінде әңгіме жоқ – ол ешбір шартсыз қазақ болған. Енді бұл қатарды Тутанхамон, Заратустра, Иисус Христос толықтырды. Закирьянов осы жетістіктермен шектеле қоймас, өйткені жаңа ашылуларға арналған алаң өте кең…

Ол былай дейді: «Менің ойымша, ұлы тұлғаның түркі тиістілігін анықтау үшін, оның дүниеге келген кезінде бұл территорияны көшпелі тайпалар жаулап алғандығын көрсететін kz-фактордың болуын дәлелдеу жеткілікті. Осыдан туындаған kz-постулат: кез келген осы жерден шыққан ұлы қайраткер міндетті түрде түрік, яғни жоғарғы билеуші ортасынанан болады. Менің осы теориям ғылыми журналдарда жарық көрді және бірде-бір тарихшы-ғалым маған бұл жөнінде қарсылық танытқан емес». Ал, мүмкін, нағыз ғалымдар жаңадан пайда болған, негізгі тарихи білімі жоқ, өткенді зерделеудің ғылыми әдіснамасын меңгермеген және күмәнді дереккөздерге сүйенген «тарихшылармен» пікірлесу өз абыройы үшін лайықсыз деп есептейтін болар? Мұндай ой біздің профессордың басына келуі екіталай.

Айтпақшы, Иисус Христостың этникалық тиесілілігін даулау үшін оған украиндық оппоненті – жазушы және қоғам қайраткері Ростислав Новоженецке қарсылас болуға тура келеді, өйткені оның өз нұсқасы бар: "Палестинадағы, Израильдегі жерлердің атауларының  пра-украиндық тамыры бар. Иисус балалық шағын өткізген Назарет – «надзирать» сөзінен (теңіз жолдары қадағаналатын таудағы қоныстар). Ал Христостың галилеянин деген атауы – Галициядан, Галичтен (Украинаның батысындағы аудандар) шыққан сөз. Яғни Иисус Христос – ежелгі украин». Закирьянов пен Новоженецтің осы тақырыпқа арналған «айтысын» тамашалау өте қызықты болар еді…

Байқап тұрсақ, білімі бойынша географ және экономика ғылымдарының кандидаты Мурад Аджидің тарихтың арқасында, дәлірек айтқанда, өткен жылдарғы оқиғалар мен кейіпкерлердің еркін түсіндірмесі арқылы шулы атаққа ие болғаны көптеген адамдарға маза бермейтін көрінеді. Енді оның көптеген ізбасарлары барлық посткеңестік кеңістікте пайда болды. Бірақ, тіпті осы жерде де миф шығарушылардың саны мен олардың қиялынының биікке самғау тұрғысынан Қазақстан айтарлықтай ерекшеленеді.

Мысалы, ҚР парламенті жоғарғы палатасының бұрынғы спикері Өмірбек Байгелді, өмір бойы ауыл шаруашылығында және билік органдарында жұмыс істеген зооветеринарлық институттың түлегі, осыдан үш жыл бұрын былай деген: "Тарих біздің халқымыз өте бай екендігін, алтынмен әшекейлеп тігілген киім кигенін, алтын табақтан тамақтанғанын, алтын ер-тоқымы бар атқа мінгенін, ал билеушілер алтын тақта отырғандығын дәлелдейді. Жиналыстар алтыннан жасалған сарайларда өткізілетін. Ал біз – ұлы халықтың ұрпақтарымыз. Бұл ешқандай асырып айту емес, бұл тарихи шындық». Сонымен қатар, оның айтуынша, Аттила, қазақша Еділ, Шу өзенінің жағасында, сол өлкеде жерленген. Сол жерде (айтпақшы, Байгелдінің өзі де сол жерден шыққан) 1-ші ғасырда Қажы Ахмет Аса би деген адам пайда болған, ол Қырымды қоса алғанда, өте үлкен аумақты жеңіп алған, ал 1847 жылға дейін Одесса соның есімімен аталған (?!). Және осының барлығын төрт жыл бойы Конституцияға сәйкес мемлекет басшысының «запастағы» бірінші адамы толық сенімділікпен айтып отыр.

Әлемдік өркениеттің бесігі ме?

Өткен жылдың қараша айында ҚР президентінің есте қалар мақаласы жарияланды, ол «өз тарихына оң көзқарастың» маңыздылығын атап өтіп, бірақ өткеннің қандай да бір оқиғаларын «іріктеп және конъюнктуралық жарықтандырудан» сақ болу жөнінде алдын ала ескерту жасады және «Ең бастысы – қатаң ғылыми фактілерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы біздің рөлімізді байсалды және объективті түрде түсіну қажет» – деп ерекше атап өтті. Алайда, көпшілігі бірінші сөйлемді басшылық ретінде қабылдай отырып, басқаларын, әсіресе, ғылыми негізділікке қатысты деген сөздерді елеусіз қалдырған көрінеді. Соның салдарынан көршілеріміздің күлкісін келтіретін және шын мәнінде президент месседжінің беделін түсіретін жаңа «аяндар» жарық көре бастады.

Атап айтқанда, сол Закирьянов өзінің күтілмеген тарихи жаңалықтарын оның есімі арқылы «киелі» етіп көрсетуге тырысты. Ал жақында көптеген отандық сайттар адам мен жұмақтағы алма туралы інжіл іліміне сүйене отырып, адамзат тарихындағы алғашқы тіл қазақ тілі болғанын мәлімдеген философия ғылымдарының докторының хатын жариялады: «Бұл оқиға шын мәнінде орын алған, ал қазақ тіліндегі керемет сәйкестік оның дәлелі. Ал қазақтар бұл сәйкестік өзінің Адам мен тыйым салынған жеміс туралы әлемге әйгілі оқиғадан шығу тегі туралы ешқандай ойланбастан, осы күнге дейін алманы «алма» деп атайды, «не бери» деген сөзді де «алма» деп айтады». Сонымен қатар, кейбір интернет-басылымдар оны «Адамның қазақ болғанын ғалым дәлелдеді» деген сияқты айдарымен берген. Тіпті «осындай ойға келді» деп емес, «дәлелдеді!» деп жазған.

Ал ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы (яғни, ол да кәсіби тарихшы емес) Досмұхамед Қшибеков және өзін зерттеуші-компаративист деп атаған Балтабек Өмірияев біздің редакцияға өздерінің мақаласын жіберді. Олар ұзақ, шатастыра отырып, алтынның, күмістің, мыстың жалпыға белгілі латын атауларының, сондай-ақ «қалайы» және «қола» деген сөздердің түркі текті екендігін дәлелдеп, мынадай қорытынды жасайды: «Сөздің шығу тарихы – бұл заттар мен құбылыстардың бейнесі. Бұл бүкіл адамзаттың даму тарихы... Және өзінің ерекше тұрақтылығының арқасында түріктердің тілі оны барынша толық көрсеткен. Біздің еліміздің заманауи өркениеттің даму бесігі болғанын бұл тіл көптеген мысалдармен дәлелдейді». Ал керек болса: Қазақстан – әлемдік өркениеттің бесігі!

Мұндай авторлармен жақынырақ танысқымыз келді. «Гугл» сауалға жауап ретінде олардың біреуінің (Кшибековтың) екіншісі туралы (Өмірияев жөнінде) жазған мақаласына сілтеме жасады. Академик көне гректер мен римдіктерге түркі әлемінің ықпалын дәлелдеген тарихи ізденістер бойынша өзінің бауырласы туралы керемет жазады. Мысалы, «Илиада» поэмасының атауы екі түрік сөзінен шыққан: «или» («елі») – отан және «ада» («ата») – атасы. Жалпы айтқанда, «аталардың отаны». Ал Гомердің өзі түрік-көшпенді болған. Бір күні ол Қара теңіз скифтеріне тұтқынға түскен екен, ол қашып кетпеу үшін олар оны соқырлатып тастаған. Бірақ Гомерде ақындық таланты ашылған соң, олар оны босатып жіберген, содан кейін ол Грецияға барыпты. Сонымен қатар, гректер өз уақытында «Илиада» мен «Одиссеяны» түсінбейтін, өйткені оларда Гомер өзінің туған өлкесін, яғни эллиндерге бейтаныс жерлерді сипаттаған. Онымен шектелмей, Өмірияев «тарих атасы» Геродотты көшпенді далада дүниеге келген деп және көптеген басқа да осы сияқты «жаңалықтарды» ашқан.

Айтпақшы, компаративист дегеніміз – салыстырмалы-тарихи тілмен айналысып, әртүрлі тілдердің арасында белгілі бір өзара байланыс табатын маман. Бірақ Қазақстанда ерекше сипатты компаративизм кеңінен таралды. Бұл фонетикалық ұқсастықтың (үннің ұйқастығының) негізінде қандай да болмасын сөздің қазақтан шыққан тамыры бар деген тұжырым жасалғанын білдіреді, яғни құбылыстар болсада, географиялық атаулар болсада немесе адамның аты-жөні болсада осындай тамырларға ие. Сондықтан «Илиада» – «елі ата», «Эллада» – «ел адай» (адайлықтар елі), «Заратустра» – «Жаратушы», «Итуруп» (Тынық мұхиттағы арал) – «Ит үріп», «алеут» (Аляска маңындағы архипелаг тұрғыны) – «алау» (от немесе жалын)…

Мақтаныштың сублимациясы

Егер осындай жарияланымдар БАҚ-тарда таратылмаса, осының барлығына назар аудармауға да болар еді (олар өз-өздерін мақтан тұтып жүре берсін). Және олар фактілермен тексерілмеген, расталмаған ақпарат жариялайтын немесе өте белгілі емес басылымдарда пайда болса бір жөн, бірақ өте маңызды баспасөз де өз беттерін осындай опустарға береді. Айталық, тарихи тақырыптағы Байгелдінің шығармаларына «Қазақстанская правда» газетінде орын табылған, ал «түрік Гомер» туралы келесі жылы өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтетін «Мысль» деп аталын республикалық қоғамдық-саяси журналының сайтында оқуға болады (бұрын ол Қазақстан Компартиясының ОК органы болған және басқаша аталатын).

Сонымен қатар, бұл тарихи фантастика мейірімді топырақта орын алып отыр. Өйткені, біз, қазақтар, бір кездері өз өткенімізді, ата-бабаларымызды мақтан ету мүмкіндігінен айырылғанбыз деген ұғым бар (ішінара ол әділ пікір болуы да мүмкін). Ал бүгін біз жіберіп алған мүмкіндіктерімізді жылдам қайтарып алуға ұмтыла отырып, халқымыздың бұрынғы ұлылығы жөнінде айтылғанның барлығына сенуге дайынбыз. Ақын жазғандай, «мені алдау қиын емес – өзім де алдануға ризамын». Көбейіп кеткен жасанды тарихшылар осы жәйтті кеңінен пайдаланып отыр. Бұл да бүгінгі күні өте сәнді тренд болып кеткен ұлтшыл-популизмнің бір түрі. Елдегі білім деңгейінің күрт құлдырауы және сыни ойлауы бар адамдардың тапшылығы жағдайында мұндай жарияланымдар аса қуанышпен оқылады.

Егер біз, қазақтар, ғылыми және технологиялық жаңалықтарды, көрнекті өнер туындыларын, беделді университеттерді, әлемге әйгілі тауар брендтерін мақтан тұтатын болсақ, онда біз осы ұлттық мақтанышқа деген қажеттілікті өткенге жүгіну арқылы қанағаттандыруға тырысудың қажеті болмас еді. Бұл Фрейд жазғандай, адамның әлеуметтік мінез-құлығына қатысты сублимация тәрізді нәрсе.

Айтпақшы, «тарих сублимациясы» деген ұғым бар, ол өткенді артықша көрнекі және қаһарманды етіп көрсетіп, аңыздандыруды білдіреді. Ол адамдарды белсенді мақсатты қызметке жұмылдыру құралы ретінде қызмет ете алады деп саналады. Бірақ бізде бұл да жоқ емес пе: өз тарихымызда ұлы нәрсе табуға ұмтыла отырып, біз, қазіргі заманғы қазақтар, тіпті оған лайықты болуға да тырыспаймыз. Сонымен қатар, егер ұлылығымызды жаңғырту болмаса да, халқымыздың ең болмағанда табыстылығын қайта өрлету үшін де ештеңе жасамаймыз...

Комментарии