Бейсенбі, 24 қыркүйек 2020 ЖЫЛЫ
1489 28-05-2019, 15:34

Голодомор және Ашаршылык: Украина тәжірибесі қазақ зерттеушілері үшін қандай үлгі бола алады?

Кеңес тарихының «ақ дақтары» бірте-бірте толтырылып жатыр, бірақ тарихи шындыққа апаратын жол ауыр, ал ақиқатқа көбінесе қол жеткізу қиын. Бұл ХХ ғасырдың ұлттық трагедиялары – Украинадағы Голодомор және Қазақстандағы Ашаршылық айналасында болып жатқан жайттардың мысалында айқын көрінеді. Қазақстандық зерттеушілер үшін украиналық әріптестерінің тәжірибесі немен пайдалы және қандай үлгі бола алатыны жөнінде біз осы елдің Ұлттық Ғылым академиясының Украина институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Станислав Кульчицкиймен әңгімелесеміз.

- Украина сол трагедияны геноцид актісі деп халықаралық деңгейде мойындауға ұзақ уақыт бойы және табанды түрде қол жеткізуге тырысуда. Бұл ретте қандай мақсаттар көзделеді? Егер оларға қол жеткізілсе, Украинаға ол не береді?

- Украинаның үкіметтік топтары да, украиналық ғалымдар да Голодомордың геноцид деп танылуы Ресей Федерациясы үкіметінің атына материалдық өтемақылар талап етуге жол ашады деп есептемейді. Бірақ ол украин ұлтының ішкі бірігуіне және көптеген адамдарда қалған кеңестік ойлаудың стереотиптерін жеңуге ықпал етеді. Бұл өте маңызды және айтарлықтай өзекті, әсіресе қазір болып жатқан Украин-Ресей гибридті соғысы аясында.

Голодомор проблемасындағы геноцид ретіндегі саяси құрамдастарды да жасыруға болмайды. Ресей өзін Кеңес Одағының құқықтық мұрагері деп есептейді, бірақ Сталиндік дәуірдегі қылмыстары үшін кінәсін өзіне қабылдауға дайын емес. Алайда олардан орыс халқы да қатты зардап шекті. Ал сонымен қатар қазіргі Ресейде Сталинге табыну қайта жандандырылып жатқанын ескермеуге болмайды.

Голодоморды геноцид деп танылуына деген Украинаның қызығушылығы украиндықтарды орыс халқының сіңіруіне әкелетін ресейлік насихаттың бұзылуына ықпал ететіндігімен түсіндіріледі. Қазіргі Ресейдің билеушілер шеңбері украин ұлтының өзінің этникалық жерлерінде өмір сүргенін мойындамаудан тұратын революцияға дейінгі саясатты қайта жаңғыртып жатыр.

- Ал Украина алға қойған мақсаттарға жеткеннен кейін не болады? Келесі қадамдар қандай болмақ?

- Голодоморды геноцид ретінде халықаралық денгейде мойындауға Украина тез арада қол жеткізбейтініне сенімдімін. Холокост жағдайында болған сияқты, бірнеше онжылдықтар өтеді. Геноцид түсінігі Украина тарихы мен Кеңестік Одақтағы коммунизм тарихын жақсы білу тұрғысынан ғана келеді. Тіпті Батыстың кәсіби тарихшылары да Шығыс Еуропада сол кезде болған процестердің мәнін тиісті дәрежеде сезінбейді.

- Қазақстанда соңғы жылдары украиналық Голодомордың аналогы – Ашаршылық тақырыбы – өте жиі көтеріліп келеді. Алайда, Ресеймен қарым-қатынасты шиеленістіруден бас тартқандықтан, ол тиісті саяси ерік-жігердің жоқтығынан дамымайды. Бірақ ерте ме, кеш пе, мұны істеу керек болады. Сіз қалай ойлайсыз, осы бағытта жұмысты бізге қандай қадамдардан бастаған жөн болады?

- Мен 1990 жылдардың басында, Ресейде мүлдем басқа жағдай болған кезде, қазақ тарихшы ғалымдарымен сөйлескенмін. Сол кезде менің қазақ әріптестерім ең алдымен Ашаршылық жөнінде құжаттардың іргелі жинақтарын көпшілікке жария етіп, көп жұмыс атқарған болатын. Содан кейін барлық зерттеулер Ресейдің талабы бойынша тоқтатылған.

2013 жылдың мамыр айында мен Астанада «Назарбаев Университеті» ұйымдастырған «ХХ ғасырдағы әлемдегі Аштықтар» деп аталатын ғылыми конференцияда болдым. Сол кезде Қазақстанда бірнеше жыл бойы Ашаршылықты нақты деңгейде зерттеулер жүргізіліп жатқан. Астанада оның құрбандарына арналған өте тамаша ескерткіш ашылды. Конференцияда сол жаппай Ашаршылықты геноцид ретінде таныту әрекеттері жасалды, бірақ басшылық ондайға жол бермеді. Қазір қазақ Ашаршылығының нақты жағын зерттеуге ешкім кедергі келтірмейді деп үміттенемін. Алайда, БҰҰ Конвенциясында қамтылған тар мағынадағы геноцид ретінде оның құқықтық бағасы әлі алда.

Сол алыс жылдары Қазақстан РКФСР құрамында автономды республика болды, сондықтан құжаттардың негізгі массиві Мәскеуде орналасқан. Қазақ ғалымдарын оларға жолатар немесе жолатпас жөнінде мен білмеймін. Куәгерлердің естеліктеріне енді үміттенудің қажеті жоқ. Бірақ сол уақыттың баспасөзі, оның ішінде әлі зерттелмеген көп тиражды деп аталатын басылымдар, бар. Барлық деректерді, соның ішінде Ашаршылыққа жанама түрде қатысы бар деректерді де зерттеу қажет. Бұған ешкім тыйым сала алмайды.

- Бүгінгі күн тұрғысынан Украинаның Голодомор бойынша ресми позициясын ілгерілету жөніндегі қадамдарды қалай бағалайтын едіңіз? Бұл жолда қандай қиындықтар орын алды, мүмкін, тіпті қателіктер де болған шығар? Олар қалайша жөнге келтірілді?

- Бізде бірнеше президенттер болды, сондықтан Украинаның Голодомор бойынша ресми ұстанымы өзгеріп тұрды. Виктор Ющенко тіпті еврейлер Голодоморды геноцид деп танитынына үміттеніп, Израиль үкіметіне иудейлердің қасиетті кітаптарын сыйға тартты. Бірақ Израиль геноцид ретінде Холокост бірегейлігін өте жоғары бағалайды, сондықтан бұл терминді «инфляцияға» ұшыратқысы келмейді.

АҚШ Конгресінің комиссиясы (атқарушы директор Джеймс Мейс) тіпті 1988 жылы Голодоморды геноцид деп таныды. Бірақ АҚШ Конгресі дәл осындай шешімді тек 2018 жылы, Ресеймен қарым-қатынас мүлдем бұзылғаннан кейін, қабылданды. Басқа елдер де Украина басшыларының тілегіне жол бермеу үшін өз ойлары бар. Оның ішінде таза құқықтық, өйткені БҰҰ Конвенциясы Холокост негізінде қалыптасқан, сондықтан айтарлықтай тар болып табылады.

Біздің қол жеткізген жетістіктерімізде, Украина үкіметіне қарағанда, Солтүстік Америкадағы украин диаспорасының еңбегі әлдеқайда көп. Халықаралық қауымдастықты украин Голодоморы туралы ақпараттандыруда диаспора екі рет шешуші серпіліске қол жеткізді.

Алдымен ол 1930-шы жылдары КСРО-да болған жаппай террор туралы өз кітабымен әлемдік танымалдыққа лайық Роберт Конквестті осы тақырыпқа тартты. Кеңес Одағындағы жаппай аштық туралы оның кітаптарының (бір мезгілде ағылшын, орыс және украин тілдерінде) осы шығаруынан кейін шыққан соң кеңес басшылығы орын алған қайғылы фактіні жоққа шығара алмады. Дәл сондықтан да, республика Компартиясы ОК бірінші хатшысы Владимир Щербицкий 1987 жылдың желтоқсанында Украинадағы аштық фактісін мойындады, бұл оны зерттеушілердің зерделеуіне жол ашты. Нақты материалды Конквестке Гарвард университетінің қызметкері Джеймс Мэйс берді. Айтпақшы, Конквест украин тілінде тіпті оқи алмайтын.

Екінші серпілісті (ол да Гарвард университетінің бастамасы бойынша болды) Энн Эпплбаум жасады, оның «Қызыл ашаршылық. Сталиннің Украинамен соғысы» деп аталатын кітабы 2017 жылы ағылшын тілінде, ал бір жылдан кейін украин тілінде шықты. Бұл кітаптың мазмұны украин ғалымдарының отыз жылдық мұрағаттық зерттеулеріне негізделген және халықаралық қоғам үшін Голодомор туралы білуінің өте сапалы ретрансляторы болып табылады.

Украинада пайда болған дәл сол оқиғаларға қатысты көптеген жарияланымдар шетелдік диаспораның ақшасына басылып шығарылды.

- Ал сіздерің тәжірибелеріңіз (немесе оның жекелеген аспектілері) Қазақстан үшін, егер ол да осы бағытта қозғала бастаса, пайдалы бола ала ма?

- Менің ойымша, қазақ ғалымдарына Ашаршылық бойынша зерттеулер жүргізуіне жәрдемдесе алатын Қазақстанның да өз диаспорасы бар. Және тек Ресей мен Қытайда ғана емес.

- Сіздің көзқарасыңызша, украиналық Голодомор мен қазақстандық Ашаршылығының себептері қандай аспектілерде ұқсас, ал немен ерекшеленеді?

- Осы трагедиялардың табиғатында, мен оны қаншалықты талқылай алатыныма қарай, маңызды айырмашылық бар. Менің Голодомор туралы түсінігім басқа украин ғалымдарының түсінігінен өзгеше деп айта аламын. Бұл тақырыптағы менің жарияланымдарымның көпшілігі (олардың саны шамамен 200, соның ішінде жиырма кітап украин, ағылшын, поляк, румын, түрік және армян тілдерінде) Голодоморды геноцид деп тану үшін құқықтық негіз бар екенін дәлелдеуге арналған.

Украина ауылдарында жаппай өлім-жітім Сталин үкіметінің бірыңғай кешенді құрайтын төрт әрекеті салдарынан туындады.

Бірінші. 1933 жылдың қаңтар-ақпанында шаруа адамдардың үйлерінде болған барлық азық-түлікті тәркілеу. Астыққа қатысты айтар болсақ – оны одан да бұрын тәркілеген деуге болады.

Екінші. Ауылдарды физикалық бұғаттау және аш қалған шаруалардың Украинадан тыс жерлерге шығуға талпыныстарына кедергі жасау. 1933 жылы болған жағдай және 1932 жылдың бірінші жартысындағы жағдай арасында айырмашылық бар, өйткені 1932 жылы аштық арқылы террор болмаған, ал адамдар астық тәркілеу салдарынан ғана аштыққа ұшырады, сондықтан нан іздеу барысында үш миллион украин шаруалары Ресей мен Белоруссияға аттанды.

Үшінші. Ақпараттық блокада, ол әр түрлі себептерге байланысты 1987 жылдың желтоқсанына дейін жалғасып келген.

Төртінші. 1933 жылдың наурыз айынан басталған және колхоздар мен совхоздар арқылы жіберілген Украина мен Кубаньның аштыққа ұшыраған шаруаларына азық-түлік, жемдік және тұқымдық көмек, оның мақсаты, негізінен, көктемгі егісті қамтамасыз ету болды. Қосымша айта кетерім, шетелдік ғалымдар үшін бұл ғажайып нәрсе: мемлекет аш адамдарға көмектесті, ал сіз бұл геноцид болды деп айтасыз дегендей.

Аталған іс-әрекеттер кешені сталиндік қуғын-сүргіннің табиғатын көрсетеді – ол аштық арқылы жасалған террор. Мұны Роберт Конквест де түсінетін. Ауыл халқының тірі қалған бөлігі мемлекетке бағынуға мәжбүр болып, колхоздар мен совхоздарда адал жұмыс істеу үшін, халықтың бір бөлігі жойылды. Айтпақшы, «жұмыс істемегендер тамақтанбайды» деген ұран 1936 жылға дейін барлық кеңестік конституцияларда көрініс тапқан.

Өмірмен үйлеспейтін жағдай жасау – миллиондаған адамдарды қасақана өлтірудің дәлелі болып табылатыны мүлдем анық. Мұны БҰҰ-ның геноцид туралы конвенциясына сай келмейтін социоцид ретінде саралау керек екені де анық. Голодоморды геноцид деп тану үшін, Алек Ноув айтқандай, Сталин өз кезінде арасында украиндар көп болған шаруаларды жойғанын емес, ал керісінше, арасында шаруалардың саны көп болған украиндарды жойғанын дәлелдеген жөн. Мұны дәлелдеуге болады. Ал менің 2016-2018 жылдарғы жарияланымдарым дәл осы мақсатты көздейді. Бірақ бұл бағытта әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Мен үшін ең бастысы – оппоненттер мен қалың көпшілікті өзімнің пікірімнің дұрыстығына сендіру.

- Голодомор мен Ашаршылық тақырыбын артық саясиландырудан аулақ болу мүмкін бе, әлде бұдан кез келген жағдайда бас тарту мүмкін емес пе?

- Қазақ және украин ғалымдары үшін ең бастысы – шын мәнінде не болғанының нақты көрінісін жасап көрсету. Ал осыдан кейін басқа адамдар немесе осы ғалымдардың өздері сөзсіз құқықтық және саяси тұжырымдар жасай алады. Бұл міндетті түрде орын алатын болады. Мұндай қорытындыларға, бәлкім, ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Бірақ ол қорытындылар аштық жылдары зардап шеккен біздің халықтарымыздың мүддесінде жасалады.

 

 

Комментарии