Өткен жылдың жазында Денис Теннің өмірін үзген қайғылы оқиға болғанда біздің қоғам қаншалықты ашуланғаны естеріңізде ме? Егер елдің бәрі болмаса да, қазақстандықтардың көпшілігі оның өлімін өзінің де қайғысы ретінде қабылдады. Әлеуметтік желілер сол кезде тіпті бұрқақтап кеткен еді, ал оның жерлеу рәсімі жалпыұлттық ауқымдағы оқиғаға айналудан аз қалды. Дәл сол күндері жаңа мұз айдынының біріне Денистың атын беру бастамасы туған болатын.
Жақында осы бастама әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде талқылауға қайтадан шығарылды. Шынымды айтсам, оған деген реакция менде жаман әсер қалдырды. Мен кейбір отандастарымыздың осы ұсынысқа мүлдем қарсы шыққанын ғана емес, олардың «мұндай құрметке өзге ұлт өкілі емес (оның барлық еңбегіне қарамастан) ең алдымен тек қазақ тарихының фигуралары ие болуы керек» – деген басты аргументі жөнінде айтып отырмын. Яғни Денис Теннің естелігін мәңгі есте сақтауға бағдарланған әрекет өте теріс ниетпен қабылданды.
Сонда бұл қалай болғаны? Демек, Денис тірі жүріп, бүкіл әлемге біздің елімізді даңққа шығарған кезде ол бір нәрсе тұрарлық болған еді, ал енді ол жөнінде мүлдем естелік қалмауы керек пе? Бұл қазақ ішіндегі тітіркенудің өзіндік көрінісі нені куәландырады? Мұндай реакцияны кез келген нысандардың атауларында (тіпті спорттық болса да) қасиетті қазақ жерінде өзге ұлттардың есімдерін көруді қаламау деп түсіну керек пе?
Егер солай болса, мұнда ашық түрде өзімшілдік мүдделері үшін жасалатын іс-әрекетке ұқсайтын біртүрлі мораль көріп отырмыз. Шишигина, Смирнов, Жиров, Головкин, Винокуров кезінде жеңіске жетіп, олардың құрметіне Қазақстанның туы көтерілді, содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды, біз оларды мақтан тұтқан едік. Оның үстіне, олар әрдайым өзінің қазақстандық шығу тегін атап өтіп, Отанға деген айқын сүйіспеншілігін көрсетті. Ал енді әңгіме олардың есімдерін тарихқа сақтауға келгенде, олар қазақ емес болып туылғаны үшін ғана қажетсіз болып қала ма? Денис қайтыс болғаннан кейін алғашқы күндері бір ақылсыз адам жалпы аза тұту жөнінде түсінбеушілік білдіргені есімде. Сол кезде бұл жай ғана түсінбеушілік болып көрінген, ал бүгін қарасақ, ол адам жалғыз емес екендігі айқындалды. Мінеки, осындай адалсыздық пен немқұрайлылық сабағы.
Бұл жерде бір телевизиялық көрініс есіме түседі: Ольга Рыпакова Лондон Олимпиадасында секіруден жарыс ұтып алады, осы уақытта трибунада келбеттері бастықтарға ұқсайтын ағайлар барлық дауыстарымен «Алға, Қазақстан!» – деп айқайлап жатыр. Осыған ұқсас нәрсені Юлия Галышева Қазақстанға жалғыз медаль әкелген өткен жылғы қысқы ойындарда да көруге болады.
Денис Теннің естелігін мәңгі есте қалдыру туралы ұсынысқа реакция ұлттық-шектеулі ойлауы бар осы адамдар үшін барлық нәрсе тек уақытша екенін көрсетеді, және егер бір жаман жағдай болып қалса, олар біздің спорт әлеміндегі ең үздік отандастарымыздан бас тартып, оларды қолдаусыз қалдырып, тіпті көңіл аудармайтын болады. Ал сондықтан, бұл болып жатқан жәйт барлық қазақстандықтар үшін, ең алдымен, қазақ емес елдер үшін өте маңызды сабақ болып табылады. Және осы сабақ жақсы меңгеріледі деп ойлаймын.
Бірақ әрі қарай не болмақ? Осындай жағдайда шексіз және жаппай патриотизм жөнінде қандай әңгіме жүргізуге болады? Өйткені, егер бұл адамдардың логикасын негізге алатын болсақ, мысалы, қиын жылдары елімізді тек қазақтар ғана қорғауы керек. Ал осында өмір сүргеніне қарамастан бөтен деп есептелетін, яғни екінші сортқа жатқызылған адамдардан елдімізді қорғауды талап ету мүмкін емес болады. Олардан салықтарды адал төлеуді де, Отан игілігі үшін адал жұмыс істеуді де, Отан үшін шын жүректен алаңдауды да талап ету де мүмкін емес болады. Қалай болғанда да, логикалық тұрғыдан бұл дәл осылай болып көрінеді.
Өзіміздің алдымызда барынша адал болайық. Біз бүгін қарастырып отырған мысалда байқаған нәрсені өзіміздің отандастарымызды Қазақстан – барлығы үшін ортақ Отан деген ойдан арылту үрдісі ретінде сипаттауға болады. Және мұнда қазақ емес ұлттарға мүмкіндіктер де аз қалады: немесе сен сырттан келген адамсың немесе ашкөз колонизаторлардың ұрпағысың. Балама ретінде сені казахизация күтеді, ол кезде сенің түп-тамырыңа да, тіліңе де тыйым салынатын болады. Ең қызықтысы, бұл тренд кең көлемді қазақ ортасында да келіспеушілікті немесе қолдамауды кездестірмейді.
Егер соңына дейін әділ болсақ, онда бұл тәсіл ешқандай да түпнұсқа болып табылмайды. Көрші Ресейде дәл солай болып жатыр, тек аз ғана айырмашылықтар бар. Мысалы, жақында онда мемлекеттік ұлттық саясат стратегиясына өзгерістер енгізілді. Қазіргі уақытта және ғасырлар тоғысқанға дейін (кез келген жағдайда Кремльдің қазіргі тұрғындарының елестетуі бойынша) жалпыазаматтық ресейлік бірегейлігі «орыс мәдени доминанттарын сақтауында» негізделетін болады. 2012 жылы қабылданған бұрынғы редакцияда бұндай пассаж болмаған еді (пассаж – қажеттіліктер олардың қанағаттандырылуына қарай өседі). Яғни, ұлыдержавалықтың батпағына төмендеуі айқын көрініп тұр. Ресейде 20 миллионнан астам мұсылман өмір сүріп, олардың саны барған сайын өсіп жатқанына қарамастан, Владимир Путин алдымен іс-жүзінде ұлттық тілдерде оқуға тыйым салған болатын, ал енді осындай «доминанта».
Бірақ біз өзіміздің жерімізге қайта оралып, тағы да: «Неге ашық, бірақ ұтымсыз қазақшаландыру деген тренд тым болмаса ойланатын қазақтар тарапынан келіспеушілік кездестірмей отыр?» – деген мәселеге көңіл бөлуіміз қажет. Өйткені, мұндай тәсіл өзіміздің өзімізге зиян келтіріп отырған жағдайға ұқсайтыны анық емес пе.
Менің ойымша, бұл жәйт қазіргі кезде жаңадан пайда болған «интернационалистер» сияқты кейбір тұлғалар қоғамды қорқыта бастаған «нақты қауіпке айналып бара жатқан» қазақ ұлтшылдығымен байланысты емес. Менің ойымша, барлығы әлдеқайда қарапайым нәрселерге байланысты болып отыр.
Біз, қазақтар, әлемдік өркениет үдерісіндегі басты рөлдерге үміткер бола алмайтынымыз баяғыдан бері белгілі. Өйткені біз Американы ашпадық, дөңгелекті ойлап таппадық және радиобайланысты ойлап таппадық. Бірақ біз басқа нәрседе табысқа жеттік, дәл осы арқылы өзге халықтардан ерекшеленіп, танымал болып отырмыз. Қазақ ортасында бұрыннан қалыптасып, бірте-бірте «қазақ жүйесі» деп атауға болатын өзіндік феномені үстемдік ететін позицияға шығып тұрғанын ескерген жөн.
Мұнда бұрыннан өмір сүріп жатқан кез келген адам әңгіме не жөнінде болып жатқанын бірден түсінеді. Бұл «жүйе» жаман немесе жақсы нәрсе емес. Ол қазақ социумының ішкі өмірінің фактісі мен мәні болып табылады. Бұл ретте, ол біреулерді толығымен қанағаттандырады, ал басқаларды мүлдем қанағаттандырмайды. Бұл жерде айырмашылық этникалық емес. Ол құндылықты және түрлі мінез-құлық стереотиптерімен байланысты. Құбылыстың мәнін түсіну үшін өмірден мысалдар келтіремін.
Менің бір досымның анасы өте қарт зейнеткер. Ол кісі үйінен сирек шығады, сондықтан оның зейнеткерлік ақысын үйіне әкеліп береді. Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бе, әлде поштаның қызметкері ме – ол соншалықты маңызды емес. Міне, менің сол досымның айтуы бойынша, анасының онсыз да шағын пенсиясынан бұл әйел адам ай сайын екі жүз-үш жүз теңге ұстап қалады. Менің досым жақсы ақша табатын болғандықтан, оның анасы сол ақшаға қарап қалған жоқ. Бірақ ондай қиянат жасаудың негізделетін қағидаттың өзі наразылық тұдырады. Анық болғандай, пенсия әкеліп жүрген әйелдің басшысы ай сайын әр зейнеткерден өз қажеттілігі үшін ақша ұстап қалуға міндеттейді екен. Сонымен қатар: «Тате, енді сіз мені де түсінуіңіз керек қой» – деп, жеткізуші өзіне де шамамен елу-жүз теңге қалдырады. Сонда бұл қалай?
Шамамен осындай жүйе бүкіл елімізде орын алуда. Мемлекет басшысы көпшілік алдында бір оңтүстік өңірдің әкіміне айтқанын естеріңізге түсіріңіздерші. Сол жерде тіпті мектепте еден жуушы болып жұмыс істеу үшін ақша беру керек екен. Кімге? Әрине, оқу орнының директорына. Осыдан кейін мектептерде бір күн немесе бір апта бойы емес, жылдар бойы болып жатқан жағымсыз нәрселерге таңдануға бола ма? Мұндай жүйе болған кезде ешкім де, ешқашан да сол жерде болып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Болмайды! Уят! Біз бір жанұямыз ғой. Саған жасалған жақсылық үшін, өзіңнен пара алып жұмысқа қабылдағаны үшін оларға жамандық жасауға болмайды. Керісінше, оларға тек жақсылық жасау керек. Ал егер саған бір нәрсе ұнамаса – жүйеден кетуің керек. Егер сіз мұны тыныш, үндемей жасасаңыз, онда жүйе оны тіпті байқамай қалады. Ең бастысы – барлығын ережелер бойынша жасау керек.
Бұл жүйеге қанағаттанбайтын көптеген қазақтар бар. Ал көптеген адамдар оны өз ойында дұрыс көрсете алмай, оны ұлтшылдық, трайбализм, патриархалдық, архаикалық және басқа да заттар туралы пайымдай бастайды. Бірақ бұған олардың қатысы жоқ. Біздің қасымызда, ал кейде біздің ішімізде де қазақ жүйесі өзінің ішкі заңдары бойынша өмір сүріп, дамып келеді. Егер адамдар елді тастап кетсе немесе осында тұрып, Отан сезімінен айырылса, онда негізгі себеп сол жерде. Өйткені біздің отандастарымыз қазақтардан немесе қазақ тілінен кетіп жатқан жоқ.
Олар өмір сүрудің осы тәсілінен кетіп жатыр.
Осы күндері еліміз Астанада болған қайғылы оқиғадан дүр ете қалды. Өткен жылдың 19 шілдесінде Денис Тен қайтыс болғанда да солай болды. Соған қарағанда, біздің өмірімізде әлі ұзақ уақыт бойы ештеңе өзгермейтін сияқты.
Өйткені, ол жүйе біздің әрқайсымыздың ішімізде болар…