Сейсенбі, 26 қаңтар 2021 ЖЫЛЫ
12618 8-07-2019, 14:57

Жаңаөзен, Теңіз: мемлекет кәсіподақтарға мән бермеген кезде…

Жақында Теңіз вахталық қалашығында қазақстандық жұмысшылар мен араб елдерінен келген экспаттар арасындағы жанжал біздің азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалу деңгейі қаншалықты нашар екендігін көрсетті. Мұндай қорғау жұмысымен ең бірінші кезекте кім айналысуы тиіс және сол қорғау нелктен іске асырылмайтыны туралы біз «Қазақстан Еңбек конфедерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінің бас хатшысы Мұрат Машкеновпен әңгімелесеміз.

Асқынған фурункул

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша, Теңізде орын алған оқиғаны еңбек дауы деп атауға бола ма?

- Бұл тек бастауы ғана. Мұндай қақтығыстар баяғыдан бері пісіп-жетіліп жатыр. Олар фурункул тәрізді, ал Теңізде болған төтенше жағдай – сол жарылған іріңнін тек алғашқы көрінісі. Және оқиға дәл сол жерде орын алғаны да кездейсоқ емес: Теңізде үлкен жұмыс күшінің саны шоғырланған, ал еңбекақы көлемі мен еңбек ету жағдайлары жағынан алғанда, қазақстандық қызметкерлерді (шетелдіктермен салыстырғанда) кемсітушілік айқын көрінеді.  

- Бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың шын мәнінде құқықтарынан айырылған жағдайы – бұл мемлекеттік саясаттың көрінісі ме әлде жергілікті кәсіподақтардың дәрменсіздігі ме?

- Бұл бір тізбектің буындары. Мен ең алдымен мемлекеттік бақылаудың жоқтығын атап өткім келеді. Нақты мысал келтіремін. Жақында ғана ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің мемлекеттік инспекциясының құрылымын жергілікті атқарушы билік органдарының қарамағына берді. Яғни, бұдан былай министрлік, шын мәнінде, жергілікті жерлердегі ахуалды бақыламайды, өйткені енді оның тиісті өкілеттіктері жок. Бұл ретте әкімдіктер жанындағы жергілікті инспекциялар өңірлік билік органдарымен үлестес. Тиісінше, олар мұндай еңбек жанжалдарының шынайы себептерін жасыруға өз ықпалын тигізуге мәжбүр. Алайда, олардың пайда болу кезеңінде алдын алуға болады. Бірақ бұл үшін саяси ерік қажет, ал дәл сол саяси ерік жетіспейді.

Кәсіподақтар болмаса әлеуметтік қақтығыстар болады

- Теңіздегі эксцесстен кейін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жанжалдың негізгі себебі – еңбекке ақы төлеудегі айқын кемсітушілік деп атап өтті. Бірақ, түсінгім келетіні – егемендіктің үш онжылдығы өткеннен кейін, бүгінгі күні қалайша осындай нәрсе орын алуы мүмкін? Өз азаматтарының құқықтарын қорғау деген егемендіктің өзін жүзеге асыру шарттарының бірі емес пе? Және тағы да: біздің кәсіподақтар қайда? Әлде олар ол жерде мүлдем жоқ па?

- Соңғы сұрақтан бастаймын. Кәсіподақтар бар, және негізінен олар ҚР Кәсіподақтар федерациясының (ҚРҚФ) мүшелері болып табылады. Бұл ретте Еңбек конфедерациясының құрамына кіретін бірде-бір ұйым жоқ.

Бұл жағдайда мен бір маңызды сәтті атап өтер едім. Қазіргі таңда ҚРКФ-ға кіретін көптеген кәсіподақ ұйымдары да билікпен үлестескен. Жақында «Алматы кәсіподақ орталығы» кәсіподақтың аумақтық бірлестігі қызметкерлерінің бірі федерация басшысы ҚР үкіметінің мүшесі болып табылатындығын мәлімдеді, өйткені ол министрлер кабинетінің отырыстарына үнемі қатысады. Мұнда «Егер бас кәсіподақ органы билікпен үлестес болса, үкімет мүшесі жалдамалы қызметкерлердің мүдделерін қалай қорғай алады?» – деген сұрақ туындайды. Дәл осындай жағдай мекенді жерлерде де бар. Яғни, адамдар билікке қарсы шығуға қорқады деген қортынды туындайды.

Ал қақтығыстың негізгі себебіне – теңсіз еңбек жағдайларына қатысты айтсақ, бұл шын мәнінде солай. Және бұл тек Теңізде ғана қалыптасқан нәрсе емес. Осыған ұқсас қақтығыстар Теңізде, Жаңаөзенде бұрын да орын алған болатын. Қазақстандық ұшқыштар өздерінің шетелдік әріптестерімен салыстырғанда еңбекақы төлеу мәселелерінде кемсітушілікке ұшырайтын әуе тасымалы саласында да осындай жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы бәрі біледі, бірақ жағдайды шешу үшін ештеңе жасамайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 26-шы және 95-ші конвенциясын ратификациялады. Енді 131-ші конвенцияны бекіту қалды. Осы үш конвенцияны ратификациялау (әсіресе 131-ні) жалақының нақты минимумын белгілеудің өркениетті тетігін енгізуге мүмкіндік береді (назар аударамын: нақты минимумын), сондай-ақ жалақыны индекстеу, ал ол бізде әлі күнге дейін жоқ.

Қазір еңбекақы төлеу жағдайында барлық салалар бойынша (тек Теңізде ғана емес) шамамен есептеулер қолданылады. Мен оларды тіпті солай деп те атамас едім. Бұл екі жақты да (жұмыс беруші-қызметкер) қанағаттандыратын сан салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау нәтижесінде белгіленеді. Ал ғылыми негізделген есептер мен механизмдер жоқ. Сондықтан біз ҚР үкіметі мен қызметкерлердің және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы бас келісімге ХЕҰ 131-ші конвенциясын дереу ратификациялау тармағын енгізуді талап етіп, оған қол жеткіздік.

Жасырын мәліметтерді ашамын. Мәселе халықаралық құқық нормалары ұлттық (бұл жағдайда қазақстандық) заңнама алдында басымдыққа ие болғандығында. Жоғарыда аталған конвенцияны ратификациялау түріндегі халықаралық негіз болмай, біздің билік органдары қолданыстағы тетікті қайта қараудан және жалақыны белгілеудің өркениетті әдістемелеріне қосылудан қорқады. Алайда, бұл үшін қажетті негіздер бар. Бізде аймақтық және салалық келісімдер, әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия бар. Бірақ еңбекақы көлемін белгілеу қайта қарауды, яғни оның ең төменгі мөлшерін күрт арттыруды талап етеді. Бұл бюджетке қысымды күшейтеді, экономиканың басқа салаларында да еңбекақы төлеуді қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Сондықтан бұл мәселені көтеруге ұзақ жылдар бойы кедергі жасалынған болатын.

Біз бұл мәселені сегіз жыл бұрын көтере бастадық. Осы жылдар бойы оның айналасында пікірталастар болды. Әлеуметтік әріптестік туралы екі негізгі келісімде (2016-2018 , 2018-2020 ж. ж.) ХЕҰ 131-ші конвенциясына қатысты мәселе күн тәртібінде тұрды, бірақ оны ратификациялау қажеттігінен уәкілетті органдар бас тартты.

Бұл мәселе шешілген кезде ғана біздің мемлекеттік органдар жалақыны есептеу тетігін қайта қарауға, олардың нақты мөлшерін, ал ең бастысы – индекстеу тетігін белгілеуге мәжбүр болады. Бұл көптеген еңбек ұжымдарын жұмыс берушілермен жанжалдасуға барудан ұстап тұратын құтқару құралы.

Ал әзірше әлеуметтік қайшылықтардың өткірлігін жою үшін қажетті болып отырған бұл тетік біздің мемлекетте жоқ.

Дауыс беру құқығынан айырылғандар

- Сіздің ойыңызша, мұндай жағдайда жалдамалы еңбек қызметкерлерінің құқығын қамтуды кім іске асыруы қажет – мемлекет пе, кәсіподақтар ма әлде қызметкерлердің өздері ме?

- Егер ол өркениетті тәсілмен жасалатын болса, бәрі бірге іске асырулары қажет. Алайда, бұл нақты жағдайда бөгде көмек күтпей, қиындықтардан өздігінен қорғану қажет.

Бүгінде жалдамалы еңбек қызметкерлері ең алдымен кәсіптік одақтардың рөлі мен маңызын қайта пайымдаулары тиіс. Өз кезегінде, мемлекет те кәсіподақтарға қатысты өз ұстанымын қайта қарауы тиіс. Әзірге ол оларды «сүйіктілер» және «өгей балалар» деп бөледі. Бірінші рөлде ҚРКФ, екінші рөлде біз – Еңбек конфедерациясы және «Аманат» бірлестігі. Мұндай тәсіл Еңбек кодексінде көзделген әлеуметтік әріптестік қағидаттарына түбегейлі қайшы келеді. Барлық әлеуметтік серіктестер өзара тең болуы тиіс.

Бүгінде ынтымақтастықтың қажетті тетіктерін әзірлеу бойынша бірлескен күш-жігер қажет. Мен арқан тартысудың жақтаушысы емеспін, ҚРКФ және басқа кәсіподақ бірлестіктердің жұмысына кір келтіретін ойым жоқ. Ал «бәрі тең, бірақ біреулер басқалаларға қарағанда теңірек» деген қағидат әрекет еткен кезде бірлескен және тиімді күш-жігер туралы да айтуға болмайды.

- Копенгагендегі Халықаралық еңбек конфедерациясының (ХКТ) соңғы конгресінде ҚРКФ делегациясын дауыс беру құқығынан айырғаны рас па? Бұл неліктен болды және оның салдары қандай болуы мүмкін?

- Дәл солай болды. Бірінші кезекте бұл біздің имиджімізге теріс әсер етеді. ҚРКФ Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлерді біріктіретін ең үлкен ұйым болып табылады. Онда екі миллионға жуық мүше бар. Алайда, олардың қатарынан федерацияның жұмысына көңілі толмайтындардың дауыстары жиі және дауыстап таратылады. Шағымдардың мәні жарғының және кәсіптік одақтар туралы заңның талаптарын толық көлемде орындамайтынына, сондай-ақ қандай да бір еңбек даулары туындаған кезде ҚРКФ қажетті шараларды қабылдамауына қатысты.

Оның себебі неде? Қазақстанда қолданылып жүрген кәсіподақтар туралы заңнама ҚРКФ пайдасына жұмыс істеп, кішірек кәсіподақтық бірлестіктердің пікірлерін ескермейтін болып шықты. Барлық деңгейдегі атқарушы билік те осы федерацияға артықшылық береді. Егер бұл еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау тұрғысынан оның белсенді жұмысымен бекітілсе, мұндай жағдаймен келісуге де болар еді. Бірақ Жаңаөзендегі, Теңіздегі және т. б. еңбек қақтығыстары осындай жұмыс жоқ екендігін айғақтайды.

Сонымен қатар, қақтығыстар кей кездері ҚРҚФ-ң өзінің ішінде орын алып тұрады. Осылайша, 2018 жылдың басында оның құрамынан ең ірі ұйым – денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы шығып кетті. Дәл осындай көңіл-күй басқа да бірқатар бірлестіктерде орын алады. Алайда мұндай талпыныстар әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы басылып жатыр. Нәтижесінде ерікті таңдау құқығынан айырылған адамдар мәжбүрлі түрде Федерация қатарында қалуға мәжбүр болып отыр.

Сондықтан да Халықаралық еңбек конфедерациясы (ХЕК), кәсіптік одақтар туралы заңды орындауға байланысты, ал дәлірек айтқанда, оның бұзушылықтарымен байланысты барлық мәселелерді қарап (атап айтқанда, Лариса Харькова басқарған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының таратылуымен), осындай қатаң шешім қабылдады. Мұндай шара Қазақстанның халықаралық имиджіне тікелей зақым келтіретіні түсінікті. Біздің еліміз ХЕҰ жіктелуі бойынша сенімсіздердің ерекше тізіміне қосылуы мүмкін. Өйткені қазақстандық кәсіподақтар туралы заң әлі күнге дейін ХЕҰ-ның бірлестіктер еркіндігі туралы 87-ші конвенциясының ережелеріне сәйкес келмейді. Бұл ҚРКФ-ның ХЕҰ-мен және ХЕК-мен өзара қарым-қатынастарындағы көп жылғы даулы жағдайдың мәні болып табылады.

Сондықтан ХЕК-ң соңғы конгресінде орын алған оқиға кәсіподақтарға қатысты мемлекеттік саясаттың заңды нәтижесі болды.

Тұншықтыратын тәуелділік

- Мемлекет те, жұмыс берушілер де мән беретін нақты күшке айналу үшін кәсіподақтарға қандай қадамдар қажет?

- Бұл үшін кәсіподақтардың мемлекеттік немесе шаруашылық органдарына тәуелділігін бұзу қажет. Олар неғұрлым көбірек тәуелсіздікке ие болуы тиіс. Бірақ бүгінгі таңда қалыптасқан жағдайда кәсіподақтардың өздерінің айтарлықтай кінәсі бар екенін адал мойындау керек. Мемлекеттік органдар да, шаруашылық органдары да кәсіподақтарды итермелемейді және оларды қажетінше жұмыс істеуге мәжбүрлемейді. Бұл біздің ішкі мәселеміз және оны біз өзіміз шешуіміз керек.

Әзірге кәсіподақ мүшелерінің өздерінің менталитеті нашар. Адамдар жұмысын жоғалтып, нан табу мүмкіндігінен айырылып қалудан қорқады. Сондықтан олар өз жұмыс орындарын сақтап қалу үшін, кемсіту мен қорлауға төзуге мәжбүр болып отыр.

- Қазақстанның кәсіподақ қозғалысын бастан кешкен дағдарысты ескере отырып, оның болашағы қандай болып көрінеді?

- Бізді келесі үрдіс күтіп тұр деп ойлаймын. Кәсіподақтардың саны аз ұйымдары өз өкілеттіктерін аумақтар, салалар немесе ірі өндірістер деңгейінде жоғары тұрған тәуелсіз құрылымдарға біртіндеп беретін болады. Өйткені шағын бастапқы ұйымдар бүгінде өз функцияларын орындайдын шамалары жоқ. Олар жұмыс берушілерге тәуелді немесе билікпен үлестес, олардың өздерінің дербес бюджеттері жоқ, демек, олар білікті кадрлармен қамтамасыз етілуі мүмкін емес.

Менің ойымша, болашақ – орталықтандыруда, бірақ ол мемлекеттің ірі кәсіподақ бірлестіктерін басқаруға бұрынғы шенеуніктер қатарынан өздерінің адамдарын тағайындау арқылы емес, сайлау арқылы болады. Өйткені соңғы уақытта бізде демократия қағидаттарын мүлдем елемеу байқалады. Егер кәсіподақ құрылымдарының көптеген буындар басшыларының құрамын сараптайтын болсақ, онда көптегені тағайындалғандар екенін көруге болады. Бүгінгі күні бұл адамдардың қызығушылығын денсаулық сақтау және білім беру салалар тудырады, сондықтан мұнда жалдамалы қызметкерлердің мүдделерін қорғауды мүлдем көздемейтін адамдар келді. Осы кәсіподақ саласында бірде-бір күн жұмыс істемеген бұрынғы ірі шенеуніктер бізге өз ой-ақылдарын айтып, үйретуге тырысады. Кәсіподақтар отставкадағы мемлекеттік қызметкерлерге қосалқы аэродром болып табылатын бұрынғы тәжірибе жандана түсуде.

Ал бұл, айталық, мүлдем дұрыс емес...

Комментарии