Сәрсенбі, 30 қыркүйек 2020 ЖЫЛЫ
1133 24-06-2019, 14:49

Қазақстандағы мектеп білімі мен спорт екі бақылаушының қарамағында бола тұра, зардап шегуде ме?

Инаугурациядан кейін ҚР екінші президенті өз жарлықтарымен бірнеше жаңа министрлерді тағайындап, тіпті екі жаңа министрлік құрды, ал тағы үшеуін қайтадан құрды. Бірақ кейбір ведомстволар, бәлкім, ең түбегейлі түрде өзгертілуі тиіс болар, өйткені олар жетекшілік ететін салалардағы істердің жағдайы дәл осыны талап етеді.

Екі жағалаудың арасында жүзіп, судың түбіне жақындауда

...Қазақстан мектептерінде қандай да бір негатив бола қалса, адамдар бейіндік министрлікке шағымдана бастайды, алайда бұған оның ешбір қатысы жоқ, өйткені орта білім беру жүйесі сол жердегі әкімдіктердің қарамағында болуда. Соңғылары жергілікті бюджеттері есебінен мектептерді қаржыландырып, мұғалімдердің жалақысын төлеп, білім беру органдары басшыларын тағайындайды.

Барлығы келесідей көрініс алады. Министрлік «бас желіні» белгілейді, тиісті мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік актілерді әзірлейді, әдістемелік басшылықты жүзеге асырады, оқулықтардың мазмұнына жауап береді. Мұның барлығының түпкі мақсаты – мектепте оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыру. Басқаша айтқанда, Білім және ғылым министрлігі (БҒМ) «ойын ережесін» орнатады делік. Бірақ ол бұл ретте ережелердің бұлжытпай орындалуына ерекше әсер ете алмайды, өйткені өңірлердегі білім беру органдары оған бағынбайды. Олар үшін әкім патша да, құдай да болып табылады. Сондықтан бүгінгі мектеп оқушыларының білім деңгейін кімнен –жалпы саясатты анықтайтын министрліктен бе әлде оны іс жүзінде іске асыратын жергілікті билік органдарынан ба – талап ету керек екендігі жиі түсініксіз болуда. Сонымен қатар, Орталық ведомствоның және өңірлердегі шенеуніктердің шешімдері мен іс-қимылдарының келісімділігіне айтарлықтай күмән туындайды. Жеті бақылаушы болғанда ғана емес, тіпті екі бақылаушы болғанның өзінде барлығы тиісті қараусыз қалып отыр.  

Немесе осындай бір сәт. Мұғалімдердің жалақысын айтарлықтай көтермей (бүгінде ол жалпы алғанда барлық салалар үшін ел бойынша орташа жалақыдан бір жарым есе төмен) оқыту сапасын арттыру, мамандыққа, яғни педагогикалық факультеттерге, мектептердің неғұрлым сауатты және ақылды түлектерін тарту мүмкін емес екені бұрыннан белгілі болып отырған нәрсе. Алдында айтылғандай, мұғалімдерге жалақы жергілікті бюджеттерден төленеді, бірақ барлық өңірлер үшін бірдей болып табылатын жалақы мөлшері мен қосымша төлемдерді министрлік белгілейді. Және бұл екіжақты тәуелділік белгілі бір проблемаларды тудырады. Есімізде қалғандай, Ахметжан Есімов Алматы әкімі бола отырып, қалалық бюджет есебінен оңтүстік астананың мектеп педагогтарының жалақысын көтеруді шешкен болатын, бірақ ол ешнәрсе істей алмады, себебі орталықтағылар қалыптасқан жүйені өзгерткісі келмеді.

Басқаша айтқанда, отандық орта білім екі жағалаудың арасында жүзіп келеді және біртіндеп, бірақ айқын, су түбіне батып барады. Мүмкін, бір жағалауға шығатын мезгіл келген болар? Өйткені Қазақстан – федеративті ел емес, біртұтас мемлекет болғандықтан, министрлік осындай жағалау болуы тиіс деген қорытынды орынды болар еді.  

Иә, басқаруды шамадан тыс орталықтандыру – бұл өте жақсы нәрсе емес. Иә, ең дамыған және өркениетті елдердің көпшілігінде мемлекеттік мектептер муниципалитеттердің қамқорлығында. Ал егер Қазақстанда олардағы сияқты тиімді бақылауды қамтамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқарудың күшті, тәуелсіз органдары болса, оның ішінде өз аумағындағы білім беру мекемелерінің қызметіне (және, әрине, оларға барынша көмектесетін) бақылауды қамтамасыз ететін болса, онда барлығын бұрынғысынша қалдыруға болар еді. Бірақ ешқандай жергілікті өзін-өзі басқару, оның шынайы түсінігінде, бізде жоқ, ал мемлекеттік биліктің қатаң вертикалі, оның үстіне орталықтандыруды күшейту үрдісімен – бар. Сондықтан, мұндай жағдайларда, әсіресе елдің салыстырмалы түрде аз ғана тұрғындар санын ескере отырып, бүкіл мектеп жүйесін бейінді министрліктің қарамағына беру жөнінде ойланудың мәні бар деп ойлаймын.  

Бұл ретте ол министрлікті екіге бөлуге болар еді: оқу-ағарту министрлігі (мектептер) мен жоғары және орта арнаулы білім, сондай-ақ ғылым үшін жауап беретін министрлік. Айтпақшы, Қазақ ССР-де осы саланы басқару жүйесі дәл осылай ұйымдастырылған болатын, оған қоса сол кезде жеке мемлекеттік комитет болған – оның қарамағында кәсіптік-техникалық училищелері болды. Ал сол кезде, атап өтейін, билікте мүлдем ақымақ емес адамдар болған және республикада білім деңгейі де өте жоғары болды.

Айтпақшы, бір жылдан астам уақыт бұрын көршілес Ресейде осы жолмен жүріп, РФ президентінің 2018 жылғы 15 мамырдағы жарлығына сәйкес дербес Оқу-ағарту министрлігін құрды. Иә, ол бүкіл мектеп жүйесін басынан аяғына дейін өзіне бағындырмады, бірақ онда жағдай да мүлдем өзгеше – халық біздікінен он есе көп, федеративтік құрылғы…

Ал осындай идеяға мұғалімдер қоғамдастығы қалай қарар еді? Бір нәрседе – әкімдіктердің жалықтырып жіберетін қамқорлығынан кетуде – ол ұтысқа жететіндігі сөзсіз, ал бұл (толық емес, бірақ ең болмағанда ішінара) жергілікті билік ұйымдастыратын сенбіліктерге және түрлі акцияларға қатысудан, облыстық және аудандық газеттерге жазылуға мәжбүр болу сияқты тәуелділіктердің әр түрлерінен босау дегенді білдіреді.

Әртүрлі бағыттарда қозғалу

Осындай қадамдар дене шынықтыру мен спортты мемлекеттік басқару саласында да қажет етілуде. Бүгінгі күні онда мынадай жағдай қалыптасты.

Өткен жылдың басынан бастап оған тиісті қаржы ресурстарымен қоса жоғары жетістіктер спорты Ұлттық олимпиада комитетінің қарамағына берілді (ҰОК). Бұл жерде сұрақтар жоқ – Қазақстан солардың қатарына кіруге ұмтылатын әлемнің көптеген елдерінде де жағдай дәл осылай қалыптасқан. Бейінді министрлік енді тек олимпиадалық емес, яғни өте маңызды емес ұлттық спорт түрлеріне, сондай-ақ республикалық мәртебесі бар және ұлттық құрамалар үшін резерв дайындауға арналған мекемелердің қызметіне жауап береді. Бұл спорттық мектеп-интернаттар, олимпиадалық дайындық орталықтары, жоғары спорттық шеберлік мектептері…

Егер ҰОК пен Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті бірлесіп алған жиынтық жылдық бюджет шамамен 20 миллиард теңгені құраса, өңірлерде бұл салаға бес есе көп шығындар жұмсалады – мысалы, өткен жылы ол 109 миллиардты құрады. Осындай елеулі сомалардың операторлары ретінде әкімдіктердің құрамына кіретін тиісті өңірлік басқармалар орын алуда. Бұл ақша, негізінен, бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға (әсіресе денсаулық факторы және бос уақыттың пайдалы түрі болып табылатын және жалғыз әлеуметтік лифт болып табылатын алшақ ауылдарда), сондай-ақ дарынды жас атлеттерді белгілі бір деңгейге жеткізу үшін бағытталуы тиіс. Бірақ, шын мәнінде, олардың басым бөлігі кәсіби клубтарды – футбол, хоккей және басқа да клубтарды қамтамасыз етуге жұмсалады (ал олар бүкіл әлемде жеке қолға беріліп, тек бізде ғана мемлекеттік қазынадан қаржыландырылады). Көптеген облыстарда бұл мақсаттарға (одан ешқандай қайтарым алмай) өңірлік спорт бюджеттерінің 30-40 процентін, ал кейбір жерлерде тіпті оның жартысына дейін жұмсайды

Бұл мәселені қалай да болмасын шешу үшін салалық министрлік пен ҰОК заңнамаға толықтырулар енгізуге бастама жасады. Олар халықаралық деңгейде көрсетілген нәтижелерге байланысты спорт түрлерін саралауды және оларды қаржыландыру тәртібін (мөлшерін) осы тізімге сәйкес келтіруді көздеген болатын. Екі жыл бұрын, 2017 жылғы 11 мамыр күні – мемлекет басшысы жаңартылған заңға қол қойды. Сіздер әкімдер мен оларға бағынысты дене шынықтыру және спорт басқармаларының бастықтары «құп болады» деді деп ойлайсыздар ма? Мүлдем олай емес. Биылғы маусымда бірқатар облыстарда футбол клубтарын қаржыландыруға бір жыл бұрын берілгеннен де көп қаржы бөлінді. Ал бұл қаражатқа балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері (БЖСМ) мен секцияларды ашуға немесе қолданыстағыларды кеңейтуге, бүгінгі күні аз ақша алатын балалар жаттықтырушыларының жалақысын көтеруге, заманауи спорттық жабдықтар мен керек-жарақтар сатып алуға болар еді... Дегенмен, қазақстандық аймақтардағы балалар мен бұқаралық спорттың көптеген проблемаларына біздің басылым өткен жылы жарияланымдардың толық циклын арнаған болатын, сондықтан қайталанбаймын.

Бұл салада барлығы тығыз өзара байланысты екенін ғана айтамын. Елеулі халықаралық деңгейге шыққанға дейін ұлдар мен қыздар барлық сатылардан өтулері тиіс: жергілікті жерлердегі БЖСМ (оларды әкімдіктер басқарады) – олимпиадалық даярлау орталығы (ОДО), Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі (РЖСШМ) (министрліктің Спорт комитеті) – ұлттық құрама командасы (Ұлттық олимпиада комитеті). Бірақ егер бұл басқару буындары белгілі мысалдағы аққу, шаян және шортан сияқты әрекет етіп, әртүрлі бағыттарда қозғалатын болса, онда бізде жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау жүйесі қалыптаспайды. Айтпақшы, қазақстандық атлеттердің әлсіз нәтижелері үшін, егер министрлік барлық негіз қаланатын және әкімдіктердің жауапкершілік аймағына кіретін БЖСМ-ның жұмысына оған өкілеттігі жоқ болғандықтан әсер ете алмайтын болса, оны сынға алу қаншалықты әділ?

Бұл жерде қатаң вертикаль құру туралы ойлану керек. Мұндай жағдайда бейінді министрлік елдегі барлық спорттың (кем дегенде бюджеттен қаржыландырылатын түрлеріне) жай-күйіне жауап береді, әкімдерге жүгіну қажеттілігі жойылады, өйткені енді қандай түрлерді дамытуды және оған қанша ақша жұмсау керектігін министрлік шешетін болады. Және біздің атлеттердің ірі халықаралық жарыстарға табысты қатысуы үшін қажетті жағдай қамтамасыз етуге «мемлекеттік тапсырыс» беретін болады…

 

Комментарии