Біздің елімізде ұзақ жылдар бойы халықтың әлеуметтік масылдығы және мемлекеттің әлеуметтік жауапсыздығы сияқты қарама-қайшы деп есептелетін ұғымдар қатар өмір сүріп келуде. Жақында ғана біз осы тақырыпты қозғаған болатынбыз. Ал бүгін осындай қарама-қайшылықтың пайда болу себептері қандай екенін, мемлекет пен халық арасындағы әлеуметтік саладағы жауапкершіліктер қалайша ажыратылуы тиіс екендігін, және мұндай «мүдделер қақтығысы» қандай тәуекелдер мен қауіптерді алып келе жатқанын және оны елемеу қандай салдарға әкеп соқтыратынын түсіну үшін басталған әңгімені жалғастыруды шештік.
Оразғали Селтеев, саясаттанушы: «Қазақстанда «әлеуметтік масылдық» туралы айту дұрыс емес»
- Объективті түрде айтатын болсақ, қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай «мүдделер қақтығысы» бола алмайды. Мемлекет тарапынан көмек масылдық тудырады деген кең тараған және қалыптасып қалған тезис бар. Бірақ бұл тезис біз туралы емес. Біздің жағдайда тіпті «әлеуметтік масылдық» деген сөз тіркесін қолданудың өзі кем дегенде дұрыс емес. Мемлекет өз азаматтарына бөлетін әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің мөлшері өмірлік қажеттіліктің ең төменгі деңгейін жаппайды.
Тек қазір ғана билік әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат әлсіз және осал екенін жанама түрде мойындай бастады. Бұл көп балалы отбасылар мәселелерінің өзектілігі мысалында айқын көрінеді. Өкінішке орай, оған Астанада орын алған өрт кезінде бес баланың қайғылы өлімі себеп болды. Сонымен қатар, халықтың қорғалмаған жіктерінің алдында ұзақ жылдар бойы міндеттемелер аяғына дейін орындалмағанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, «жұмыс орындары бар, бірақ ешкім жұмыс істегісі келмейді» деген биліктің сөздері өте өрескел естіледі. Бұл орындар талап етілмейді, өйткені өңірлерде бар бос орындар бойынша жалақы деңгейі, әсіресе бағаның өсуінің аясында, өте төмен. Өткен жылы сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова президенттің «өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың» санын қалай қысқарту туралы сұрағына «жаңа жұмыс орындары қажет, бірақ әзірге олар жоқ» деген шынайы жауап бергені де кездейсоқ жәйт емес. Яғни, бұл басқаша сипаттағы мәселе.
Қазақстандағы жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны адамдар тиісті жағдайлар болған кезде ғана ең көп дегенде алты ай бойы ала алатынын айта кету керек.
Әлеуметтік масылдық мәселесі Еуроодақтың дамыған елдеріне және пен АҚШ-а тән. Онда кейбір азаматтарға жұмыс істемеу тиімдірек болып табылады, өйткені әлеуметтік жәрдемақылар мен сақтандыру төлемдері есебінен аман-есен өмір сүруге болады. Ал Қазақстанда адамдарға тек өздерінің күштеріне ғана сенім артуға тура келеді. Мемлекет пен басқа да экономикалық субъектілер есебінен саналы түрде паразиттеуге, яғни басқа адамдардың есебінен өмір сүруге және өзіне қолайлы өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге ешқандай жағдайлар жоқ.
Сондықтан мұнда масылдық пен патернализмде айыптау – бұл адам психологиясын жасырын түрде басқарудың тәсілі. Егер жұмыссыздар санатына жатқызылуы тиіс «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» да осы жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем шеңберінде салық төлеуге міндетті болса, масылдық туралы қалай айтуға болады? Қайта ірі бизнес өкілдерін паразиттер деп есептеу керек. Олардың салық жүктемесі жоғары табыстарына қарағанда өте төмен…
Екінші жағынан, мемлекеттің әлеуметтік жауапсыздығы жөнінде айту да дұрыс емес. Бұл бағыттағы жұмыс жүргізілуде, бірақ ол қанағаттанғысыз, тиімділігі аз және ол көп жағдайларда идеологиялық ұрандар ретінде пайдаланылады. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты негізінен әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың ең төменгі деңгейін қолдауға ғана бағытталған.
Ал енді мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері тез тарылып бара жатқан кезде әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға байланысты проблемалар тек қана арта түсетін болады. Қоғамдық наразылықтың қалай күшейіп бара жатқаны қазірдің өзінде көрініп тұр. Барлық кемшіліктер мен олқылықтар ашыла басталды. Оларды бұрынғыдай жасырып қою мүмкін емес. Билік ресми түрде әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың болуын және оның шиеленісуін мойындайтын сәт жақындап келеді.
Ішкіэлиталық топтардың тар бағытталған мүдделері мемлекет пен қоғамның мүддесінен жоғары қойылып отырған жағдайда жинақталған проблемаларды шешудің нақты рецептері туралы айтудың мағынасын көріп тұрған емеспін.
Бұл экономикалық және әлеуметтік саясаттағы жүйелі іркілістердің терең себебі болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, шоттар бойынша төлейтіндер оны төлемей жатыр.
Айман Жүсіпова, ҚР Тұңғыш президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы: «Мүдделер қақтығысын» елемеу жағымсыз салдарға әкеп соқтыруы ықтимал»
- КСРО ыдырағаннан бері отыз жылға жуық уақыт өтіп кетті, осы кезде қазақстандықтардың жаңа буыны өсті, бірақ халықтың көпшілігінің ой-санасы сол қалпы мемлекет «негізгі асыраушының» рөлін атқарған кездегідей, яғни «кеңестік деңгейде» қалды. Және оған таңқалудың қажеті жоқ. Азаматтардың менталитеті осындай қысқа тарихи кезең ішінде түбегейлі өзгеруі мүмкін емес.
ХІХ ғасырдың басында нарықтық қатынастар кенеттен пайда бола бастаған Шығыс Еуропа елдерінен Қазақстанның айырмашылығы – ол Кеңес Одағының ыдырауы кезінде нарықтық жағдайларда болған жоқ. Кеңес блогына кіргеннен кейін де онда шағын және орта бизнес дамыды, ал 1980-ші жылдардың соңында жылжып өткен «барқыт революциялардың» толқынынан кейін қолданбалы бағыттағы білім беру курстарының кең желісі құрылды. Адамдарды нарық жағдайында бизнес жүргізу ережелеріне үйреткен болатын (әңгіме барлық жас топтарын қамтитын үздіксіз білім беру туралы болып отыр). Бұл азаматтардың жаңа қызмет түрлеріне бейімделуінің пәрменді тетіктері болып табылған. Ал қазақстандықтардың мұндай даму тәжірибесін ала алмауының себебі, бәлкім, бізде үздіксіз білім берудің рөлі әрқашан бағаланбағанында және әлі күнге дейін жеткілікті түрде бағаланбауды жалғастыруында болар.
Өткен жылдың соңында ӘЭСИ-да «дөңгелек үстел» барысында орын алған талқылауда социолог Гүлмира Илеуова Қазақстандағы әлеуметтік масылдық немен байланысты екендігі жөнінде өзінің түсіндіруін ұсынды: азаматтарда мемлекеттен басқа арбитр (олардың мүдделерін қорғаудың кепілі) қалмаған кезде, яғни бұдан былай сенім артатын ешкім қалмаған кезде ғана олар мемлекет тарапын қолдау мен көмек іздеуді бастайды. Бұл қорытындыға да келіспеу қиын. Бірақ мемлекетке келетін болсақ, оның іс-әрекеттері халықтың үміттеріне толық сәйкес келмейді. Оның жүргізіп отырған әлеуметтік саясаты көбінесе әлеуметтік төлемдерге негізделген, бұл ретте олардың негізге алатын көрсеткіштері (ең төменгі күнкөріс деңгейі, жалақының ең төменгі мөлшері, айлық есептік көрсеткіш және т.б.) бүгінгі күннің шындығына мүлдем сәйкес келмейді және қайта қарауды талап етеді.
Сондай-ақ патернализм, бастамашылықтың болмауы, мемлекетке үміт сияқты сипаттамалар тек халыққа ғана емес, шенеуніктерге де тән сипаттама екенін атап өткен жөн, бұл жөнінде, айтарлықтай, сарапшылар өткен жылы жүргізілген ӘЭСИ-ның зерттеу нәтижелері бойынша мәлімдеген болатын.
Жағдайды өзгерту керек екені түсінікті. Және бұл жерде, қаншалықты қарапайым болып естілсе де, бір-біріне қарай бағытталған қозғалыс қажет. Яғни, белгілі бір қадамдарды екі тарап та – билік те, халық та жасауы қажет. Бірақ онда да ол қадамды мемлекет бастауы тиіс, өйткені ол өмір сүрудің барлық салаларында азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға арналған. Содан кейін ол «біз сіздер үшін барлық нәрселерді жасадық, ал енді сіздер өздеріңіз іс-әрекет, бастамашылық, іскерлік танытыңыздар, өздеріңіз әрекет етіңіздер» – деп айтуына әбден болады.
Егер азаматтардың сапалы және қолжетімді білім алу, медициналық қызметтер алу үшін мүмкіндіктері болса, олар құқықтық мағынада қорғалған болса, патерналистік талаптарды барынша азайтуға, азаматтардың өз өмірі мен әл-ауқаты үшін жауапкершілік деңгейін арттыруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өнімдер, тауарлар шығарғысы келетін, идеялар, инновациялар ұсынып, іске асырғысы келетін, кәсіпкерлікті дамытқысы келетін адамдар үшін оңтайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, бүгінгі күні ойын ережелерін толығымен мемлекет талап ететіндіктен, елдің табысты дамуының, мемлекет пен азаматтардың үміттері арасындағы келіспеушіліктерді еңсерудің маңызды шарты меритократия қағидаттарын сақтау, нақты жұмыс істейтін әлеуметтік лифттердің болуы – элитада жергілікті жерлерде жұмыс істеген, мансаптық өсудің барлық сатыларынан өткен өз ісінің шеберлері қайта оралатын болады.
Сапалы кері байланысты, биліктің қоғаммен өзара іс-қимылының пәрменді тетіктері мен арналарын жолға қоюдың да маңызы зор, олар екі тарапқа да тиімді болады. Басқару жүйесі, бюрократиялық аппарат тұтастай алғанда қоғам мен мемлекет үшін жұмысқа бағытталуы, тұйық емес, ашық сипатта болуы керек, олар тек бақылау функцияларына сүйенбеуі тиіс. Сондай-ақ ағымдағы даму бағдарламаларын іске асыру үшін барлық деңгейдегі басқарушыларға жауапкершілік, оның ішінде дербес жауапкершілік қажет.
«Саяси жауапкершілік» ұғымы әртүрлі факторлар әсер ететін күрделі, бір мағыналы құбылыс болып табылатынын айта кету керек. Көптеген елдерде, мысалы, мемлекеттік қызметшілердің жеке және қызметтік кінәсі ажыратылады. Сондай-ақ, қандай да бір қоғамның құндылықтары да әсер етеді. Қазақстанда «саяси жауапкершілік» феномені әлі институтталмаған, ол өзінің түсінуін, зерделеуін талап етеді. Оның нақты түсінілуі мен барабар қабылдауы қоғам мен мемлекет арасында сындарлы диалог құруға мүмкіндік береді.
Бүгіннің өзінде билік пен азаматтар арасындағы сапалы коммуникацияның болмауы елдің дамуын айтарлықтай тежеп отырғанын түсінеді, сіз айтқандай, қазіргі кезде орын алып отырған «мүдделер қақтығысын» елемеу жағымсыз салдарға әкеп соқтырады. Бір жағынан, бұл халық тарапынан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды қабылдамауынан, елемеуінен немесе бас тартуынан көрініс табуы мүмкін. Екінші жағынан, азаматтар өз міндеттерін, мысалы, салық төлеумен байланысты міндеттемелерін орындамаулары мүмкін. Сонда біз, ең жақсы жағдайда, әлеуметтік қайшылықтардың ауыртпалығы басып отырған жерде қалуды жалғастырамыз. Ал ең нашар жағдайда мұндай жәйт халықты биліктен, мемлекеттен шеттетуге, қоғамда әлі сақталып отырған әлеуметтік әділеттілік идеялары мен қағидаттарының девальвациясына, яғни құнсыздануына, құқықтық нигилизмге, наразылық көңіл-күйдің өсуіне, әлеуметтік күйзелістерге әкелуі мүмкін.