Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй салу туралы ойлана бастады. Өткен айда мемлекет басшысы мұндай бастамамен шығып, миллионнан аса тұрғындары бар қалаларда жыл сайын мың пәтер салуды тапсырған болатын. Алайда, Қоғамдық даму министрлігінде жаңа үйлерді пайдалануға беруді күтпестен, бірден бағдарламаны іске асыруға кірісуді ұйғарды.
Жақында ведомство басшысы Дархан Қалетаев 29 жасқа дейінгі Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыс істейтін тұрғындары айына 10-12 мың теңгеге жалға берілетін тұрғын үйге үміткер бола алады деген жаңалық туралы хабарлаған болатын. Оның айтуынша, осы мақсатта әкімдіктер тіпті биылғы жылы нысандарды «нарықтан» сатып алуды бастайды. Бірақ бұл жалға берілетін үйлердің құрылысы аяқталғанша ғана жасалатын болады. Негізінде олар 40-50 шаршы метрге дейінгі үлгілік пәтерлер болмақ. Министр атап өткендей, жалға беру шарттары ұзарту құқығымен үш жылдан кем емес мерзімге жасалатын болады.
Әрине, бұл өте тартымды (әсіресе өз табысының көп бөлігін, ал кейде тіпті оның жартысын да тұрғын үйді жалға алу үшін жұмсауға мәжбүр болып отырған жастарға) болып естіледі. Бірақ сонша ақшаны қайдан алуға болады? Жергілікті бюджеттерде осындай шығындар қарастырылған емес болар, өйткені бағдарлама мүлдем жаңа. Ал бұл қомақты сомаларды талап ететін мәселе. Мысалы, Алматыда 40-50 ш. м. пәтер орта есеппен 15 миллион теңге тұрады, яғни ең болмағанда бір жүз пәтерді сатып алуға 1,5 млрд. теңге қажет болады, екі жүз – 3 млрд. теңге, бес жүз пәтерді сатып алу үшін 7,5 млрд. теңге қажет болады... Алайда, біз не туралы айтып отырмыз? Шаруа тек он пәтермен ғана, тіпті ең көп дегенде отыз пәтер сатып алумен ғана шектелуі де әбден ықтимал...
Онда осындай бастаманың қандай мағынасы бар? Ұсақ-түйекке көңіл бөле бермей, барлық күштер мен ресурстарды мемлекет басшысының айтып отырған жалға берілетін тұрғын үй салуға жұмсаған дұрыс емес пе? Өйткені жастар (оның тек жекелеген өкілдері ғана емес) шын мәнінде «мемлекеттің қолдауын» сезінуі үшін осындай ондаған және тіпті жүздеген мың пәтерлер қажет болады. Мысалы, Алматы мен Алматы облысында 1,2 млн. еңбекке қабілетті жас азаматтар тұрады, егер сауалнама жүргізілсе, онда олардың әрқайсысы 10-12 мың теңге үшін жалға берілетін тұрғын үйге мұқтаж болып отырғаны анықталады...
Бұл тек алғашқы талдау. Біз сарапшылардан министрлік бастамасын толық бағалауды өтіндік.
Ерсын Құдияров, «Civi» қоғамдық қорының директоры»:
«Сыбайлас жемқорлық қауіптері тым үлкен»
- Мемлекеттің жұмыс істейтін жастарға тұрғын үймен көмектесуге деген ұмтылысын тек құптауға болады. Ең бастысы – дұрыс механизмдерді ойластырып, қолдану. Қоғамдық даму министрлігі ұсынған бағдарламаны іске асырудың сол нұсқасы тиімділік тұрғысынан жеке менің өзімде күмән тудырады – онда сыбайлас жемқорлық тым үлкен тәуекелдері мен қауіптері бар.
Жасалынған мәлімдеме бойынша бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында объектілерді қайталама нарықта сатып алу және оларды жалға алушыларға айына 10-12 мың теңгеден тапсыру жоспарланып отыр. Бұл ретте типтік үйлердегі осындай пәтерлерді жалдаудың нақты құны бүгінгі күні ай сайын орташа есеппен 100 мың теңгені құрайды. Қызмет бабын асыра пайдаланудың қанша мүмкіндіктері бар екенін елестетесіз бе?! Құжаттар бойынша бұл пәтерлер жас мамандардың атына жазылып, ал іс-жүзінде біреулерге нарықтық баға бойынша жалға берілуі әбден мүмкін. Ол жерде шенеуніктер де, жалға алушылардың өздері де осындай жолмен алаяқтық жасаулары мүмкін. Бұл процесті бақылау өте қиын болғандықтан, мұнда субарендаға тыйым салудың да әкелетін көмегі шамалы. Адам өз баспанасының бар екендігін жасырып, муниципалдық тұрғын үй есебінен өмір сүрудің көптеген жолдарын таба алады емес пе. Біз ондайдан бірнеше рет өткен болатынбыз…
Тағы бір түсініксіз жәйт: ол пәтерлерді кімдер, кімнен және қалай сатып алатын болады? Қандай мөлшерде және қандай күйдегі пәтерлерді сатып алады? Оларды жөндей ме және жиһазбен жабдықтай ма? Ынтымақтастыққа қандай компаниялар тартылатын болады? Олар қаншалықты адал жұмыс істейді? Ал ең бастысы – осындай арзан жалға берілетін тұрғын үй алу кезегі қандай принцип бойынша қалыптастырылатын болады? Және де шенеуніктердің туыстары мен таныстары басымдыққа ие болмайтынына кепілдік қайда? Сұрақтар көп, және осындай жерде сыбайлас жемқорлықты тұдыратын құнарлы топырақ пайда болады…
- Сіз қандай шешім ұсынасыз?
- Әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен іске асыру саласында мемлекет өзін өте тиімді менеджер ретінде көрсете алмады. Белгілі болғандай, мұндай жобалардың көпшілігі ұрлықпен немесе жұмыстың төмен сапасымен сүйемелденген. Демек, әдістер мне қадамдарды толығымен өзгерту керек. Менің ойымша, бұл миссияны коммерциялық құрылымдарға беру орынды болар еді. Ол үшін оларға барынша қолайлы жағдай жасау керек – жер учаскелерін беру, салық жеңілдіктерін жасау, арзан несиелерді қол жетімді ету, құрылыс материалдарын сатып алуға жеңілдіктер беру және т. б.
Жалға берілетін тұрғын үй – «ұзын» ақша екенін түсіну керек. Ұзақ жылдар бойы жақсы пайда табу үшін инвесторлар сапалы құрылыстар жасаулары қажет. Егер тапсырыс беруші рөлінде мемлекет шығатын болса, онда үйді сапасыз салу мүмкіндігі зор. Басқаша айтқанда, бағдарламаны нарықтық рельстерге қойып, оны өте табысты бизнеске айналдыру керек – сонда ғана одан дұрыс нәтиже болады. Бірақ алдымен нақты механизм жасап, барлығын ұсақ-түйекке дейін ойластыру керек.
- Неліктен кеңес заманындағы сияқты жастар жатақханаларын тұрғызбасқа? Бұл жылдамырақ, үнемділеу, және оның қамту шеңбері де үлкендеу болып табылады…
- Азат Перуашевтің тұрғын үйге мұқтаж болып отырған ауылдық жастарды ортақ ас үй және дәретханасы бар жатақханаларға орналастыру жөніндегі ұсынысы қалайша қабылданғаны сіздің есіңізде ме? Қоғамның реакциясы өте теріс болды. Егер біз өркениетті қоғамға айналуға ұмтылатын болсақ, онда біз тиісті жағдайларда өмір сүргіміз келеді. Жастарға арналған үйлер сапалы, заманауи, жайлы болуы тиіс.
Менің ойымша, құрылыспен тек осы жұмысты дұрыс істей алатын, яғни икемі бар, тәжірибелі құрылысшы компаниялар айналысуы керек. Елдегі құрылыс бизнесі өркендеп, жоғары табыстылығымен ерекшеленеді. Мемлекетке нарықтық тетіктерді пайдаланатын кез келді. Реттеуші ретінде ол бизнеске жағдай жасауы керек, яғни жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бизнес тарапынан инвестицияға тиімді болуы үшін барлық керекті нәрселерді жасау керек.
Шыңғыс Лепсібаев, Eurasian Expert Council ҚФ президенті:
«Содан кейін ол туралы ұмытады»
- Мен бұл бастаманы проблеманы шешуге ұмтылу сияқты емес, ең алдымен президенттің тапсырмасына жедел жауап беру әрекеті ретінде бағалауға бейілмін. Егер бұл идеяны жан-жақты талқылайтын болсақ, мұнда көптеген қисыны жоқ нәрселер мен қатерлерді, соның ішінде сыбайлас жемқорлықтық тәуекелдерді де табуға болады. Мысалы, егер ерлі-зайыптылардың біреуі 29 жастан асса, жас отбасына не істеуге болады? Және мұндай нюанстар көп... Дегенмен, іс тіпті Қоғамдық даму министрлігінің бастамасында емес, мәселе елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалда.
Бүкіл әлемде жұмыс істейтін азаматтар өздерінің тұрғын үй жөніндегі проблемаларын өздері шешеді, ал ерекшелік құрайтындар – тек мемлекеттік қызметкерлер мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары. Оларға мемлекет көмектеседі. Қазақстанда тұрғын үй кезегінде ұзақ жылдар бойы бірнеше жүз мың мұқтаждар тұр, олардың ішінде жетім балалар, мүгедектер, көп балалы отбасылар және т.б. бар. Мұндай жағдайда жұмыс істейтін жастарға пәтерлер беру, кем дегенде, логикаға сәйкес келмейді, өйткені олар экономикалық тұрғыдан халықтың неғұрлым белсенді бөлігі болып табылады.
Екінші жағынан, жастардың абсолюттік саны үшін пәтердің болуы – әлеуметтік көңіл-күйдің өте мықты факторы. Бірақ Алматы мен Астанада бұл үшін мүмкіндіктер жоғары бағалар мен жоғары көші-қон сальдосына байланысты қатты тарылады. Өңірлерде жастарда, әрине, бұл тұрғыда көп мүмкіндіктер бар. Сондықтан мемлекет басшысы миллионнан аса тұрғындары бар қалаларға аса назар аударуды өтінді.
- Жастардың тұрғын үй мәселелерін шешуді қалай етіп көресіз?
- Менің ойымша, ең алдымен жастардың жалпы әл-ауқатын арттыру керек. Мұнда шетелде табысты жұмыс істеп жатқан тетіктерді қолдануға болады. Расын айтқанда, олардың барлығы ірі инвестицияларды талап етеді, бірақ ол әлеуметтік мақсаттарды коммерциялық мақсаттармен біріктіру үшін әлеуметтік кәсіпкерлік болып табылады.
Тұрғын үй құрылысына келер болсақ, онда ең дұрысы – отбасылық шағын габаритті жатақхана салу, өйткені жастарға көбінесе алдымен аяққа тұрып алу үшін уақыт қажет. Сондай-ақ, кейіннен сатып алу тетігі бар қолжетімді жалға берілетін тұрғын үй қорын құруға болады. Менің ойымша, біз әр жолы жаңадан ойлап шығармай, қазіргі тетіктерді белсенді түрде дамытып қолдануымыз керек. Мысалы, негізге «7-20-25» бағдарламасын алса болады. Оны жастардың мүмкіндіктеріне бейімдеп, екінші деңгейдегі банктермен қарыз беру шарттарын ырықтандыруға қатысты мәселелерді қосымша пысықтап, сапалы ақпараттық жұмыс жүргізу қажет.
- Жалпы алғанда, Қоғамдық даму министрлігі (ҚДМ) бастамасының икемділік дәрежесі қандай деп ойлайсыз?
- Таяудағы бір-екі жылда біз ол туралы ақпарат санының қысқаруын көреміз. Содан кейін басқа да осындай идеялармен болғандай, ол туралы да ұмытады…
Шолпан Айтенова, Zerteu Recearch Institute қоғамдық қорының жетекшісі:
«Бағдарлама масылдықты тудырады деп есептемеймін»
- Егер ақпараттық-насихаттау сипатындағы іс-шараларға, кез келген форумдар мен т.б. іс-шараларды өткізуге жұмсалатын шығындарды ең төменгі деңгейге дейін қысқартатын болса, бюджетте жұмыс істейтін жастарға арналған пәтерлерге қаражат босатып алуға болады. Әкімдіктер әртүрлі жолдармен жүре алады. Мысалы, өздерінің шығынын ұлғайту үшін жоғары тұрған бюджеттен несие алып, бұл ақшаны жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жұмсауға болады. Немесе қолданыстағы бюджет шеңберінде тиімсіз, жұмыс істемейтін бағдарламаларды қысқарта алады. Бірінші жол республикалық бюджетке және салық төлеушілердің қалталарына қосымша ауыртпалықты білдіреді. Екіншісі – ең оңтайлысы –әкімдіктердің дағдарыс жағдайында бюджет қаражатын басқару қабілетін көрсетеді.
Сонымен қатар, жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру көпшілік ойлағандай масылдық тудырады деп есептемеймін. Керісінше, ол тіпті әлеуметтік тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділіктің нығаюына ықпал етеді, кәсіпкерлік бастамалардың дамуына немесе жас отбасылардың өзін-өзі дамытуына серпін береді.