Жұма, 23 қазан 2020 ЖЫЛЫ
10647 11-02-2019, 12:59

Қазақ КСР мен Қазақстандағы көп балалы адамдар жағдайындағы айырмашылығын сезініңіздер...

Жақында «Евразия Бірінші арнада» Аман Тасыған жүргізетін «Кешкі кездесу» циклында кезекті ток-шоуы көрсетілді. Әңгіме қазіргі қазақ отбасыларындағы бала туу тақырыбына қатысты болды. Өкінішке орай, бағдарламаны толық көре алмадым, бірақ соның өзінде ол кейбір ойлар тудырды.

Бала туу керек пе әлде жоқ па?

... Мен пікірталастың бірінші жартысын жіберіп алдым. Теледидарды қосқан кезде, студияда бір жас жігіт өзі екі аяққа нық тұрғанға дейін балалы болғысы келмейтінін мойындады. Оған өте қатал және қатаң-менторлық түрде костюм мен галстук киген отыз жастағы ер адам қарсылық білдірді. Оның ойынша бұл дұрыс емес позиция, өйткені ертеңгі күні әртүрлі жағдай болып қалуы мүмкін (тіпті жарақат алғанға дейін), сондықтан балаларды бүгін және мүмкіндігінше көбірек етіп дүниеге әкелу керек. Ал біздің елімізде отбасын материалдық қамтамасыз етуге мүмкіндіктер мен жұмыс табылады. Бұл ер адамға әңгіменің басқа қатысушысы белсенді түрде қолдау көрсетіп, қазақтардың санын көбейту қажет, демек, әрбір отбасында он баладан кем болмауы керек деген мәселеге акцент жасады. Содан кейін студияда отырған молда өзінің ақыл-өсиетін айтты. Ток-шоудың соңында әбден ұятқа бөленген жас жігіт қарсыластарымен келіскендей болды.

Осы тақырып, басқа ракурста болса да, Астанада болған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде талқыланды, түнгі өрт бес әпкелі-сіңілілердің өмірін алып кетті. Кейбіреулері «осыған сәйкес материалдық және тұрмыстық жағдайлар болмай тұра, сонша бала тумаулары керек еді» – деп, ата-аналардың өздеріне кінә қойды. Басқалары (олар басым көпшілігі болды) көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларын осындай үйлерде өмір сүруге, сондай-ақ ата-аналар балаларды қараусыз қалдырып түнде жұмыс істеуге мәжбүр еткізген билікті айыптады.

Әрине, барлық жерде және әр уақытта балалардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін басты жауапкершілік олардың әкелері мен аналарына жүктеледі. Бірақ өзін әлеуметтік деп танытатын мемлекет (бұл ҚР Конституциясының бірінші бабында жазылған) көп балалы отбасыларды, әрине, өздерінің мүмкіндіктеріне қарай, бірақ масылдық көңіл-күйлерді мақулдамай, қолдауға тиіс. Әсіресе, әңгіме үлкен аумағы бар ел және салыстырмалы түрде аз халық жөнінде болып отырған жағдайда. Мысалы, біз көріп отырғандай, аналық капитал берілетін көршілес Ресейде (биылғы жылы оның сомасы 453 мың рубль немесе шамамен 2,6 миллион теңге) және басқа да әлеуметтік кепілдіктер жұмыс істейді.

Дегенмен, мысалдар іздеу үшін алысқа барудың қажеті не? Аға буын өкілдері сол кезде Қазақ КСР деп аталатын республикада көп балалы отбасыларға қандай қолдау көрсетілгенін жақсы біледі. Бүгін, менің ойымша, бұл туралы айту артық болмас, сондай-ақ оны бүгінгі күнмен салыстырып көреміз. Және де, барынша көрнекі болу үшін, сандар мен фактілерді келтірген де жөн болар.

Сол уақытта және қазіргі кезде

... Жарты ғасыр бойы, 1940-жылдардың басынан 1980-ші жылдардың соңына дейін, КСРО-да бойдақ адамдар және баласы жоқ отбасылық жұптар өздерінің жалақысының 6 процентін баласыздық үшін салық ретінде төлейтін. Бір кезде есептегенім бойынша, балалы болғанға дейін мен мемлекетке жалпы алғанда, шамамен мың рубль, немесе жарты жылдық жалақымды төледім (айтпақшы, жүз қонақ қатысқан мейрамханадағы үйлену тойыма да тура сонша ақша жұмсалды). Көптеген адамдар кемсітушілік деп санаған бұл салық – кеңестік билік туудың өсуіне кез келген тәсілмен қол жеткізуге тырысқан дәлелдемелердің бірі ғана. Ал өмір сүру деңгейінің жоғарылауына қарай елімізде ана мен баланы қорғау одан әрі күшейе түсті.

Төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасы көп балалы болып танылатыны бәрімізге мәлім. КСРО-да мұндай «қоғамның ұяшықтарын» әлеуметтік қолдау 1944 жылдан бастап жүзеге асырылды. Кейінірек ол 1974 жылғы 25 қыркүйектегі КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен бекітілген «Аз қамтамасыз етілген отбасыларға балаларға жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібі туралы» Ережемен реттелді. Сол кезеңде және 1980 жылдардың ортасына дейін, яғни қайта құру басталғанға дейін халықтың табысы мен бағалары салыстырмалы түрде тұрақты болды. Сондықтан қазіргі АЕК, ЕТЖ, «ең төменгі күнкөріс мөлшері» (ол жыл сайын инфляция мен ұлттық валютаның сатып алу қабілетіне сай өзгеріп отырады) сияқты ұғымдар ол кезде пайдаланылмаған және аталған құжатта тіркелген өзгерілмейтін сомалар көрсетіледі.

Осылайша, Ережеге сәйкес, жанұяның әрбір мүшесі үшін есептегенде орташа жиынтық табысы айына 50 рубльден аспайтын отбасыларда әлеуметтік көмек алу құқығы болды. Егер алты адамнан тұратын отбасы туралы сөз болса (ата-аналар және төрт бала), жәрдемақы тағайындау үшін ең төменгі шегі 300 сом болды. Бұл Қазақ КСР бойынша орташа жалақыдан екі есе көп, ол шамамен 143 рубльді құрайды. Осылайша, төрт баланы (бес, алты және т.б. туралы айтпағанда) тәрбиелеп отырған кез келген отбасы, тіпті егер ата-анасының екеуі де орташа статистикалық, яғни жақсы табыс алатын болса да, бұл жәрдемақыға құқылы болды. 1980 жылдың ортасына қарай республика бойынша орташа жалақы 190 рубльге жеткенде мұндай көмекті алушылар саны азайған, бірақ олар көп балалы отбасылардың жалпы санының 80-85 процентін құрады.

Ал бүгін бізде не бар? Өткен жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді (ЖАӘК). Ол қаржылық қолдаудың бұрынғы үш түрін біріктірді: АӘК-нің өзін, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар аз қамтылған отбасыларға арналған жәрдемақы және көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы. Соңғысы «көп балалық» мәртебені 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін алған адамдар үшін ғана сақталды. Оның көлемі – 4,16 АЕК. Өткен жылы бұл ай сайын 10005 теңге, ал биыл – 10504 теңге, немесе орташа алғанда, олардың отбасында төрт бала болса әр балаға 2,5 мың теңгеден шығады. Ал анасы «Күміс алқа» (алты және одан да көп бала үшін) иегері болып танылған отбасылар бір жарым есе көп алады.

Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жәрдемақы алуға өтініш бере бастаған көп балалы ата-аналарға келетін болсақ, олар тек қана ЖАӘК-ке ғана үміт арттыра алады. Ол да отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен төмен болған жағдайда ғана мүмкін. Бүгінгі таңда бұл деңгей 14849 теңгені құрайды. Яғни екі ата-анасы және төрт баласы бар отбасына олардың жиынтық табысы 89094 теңгеден артық болмаған жағдайда ғана жәрдемақы тағайындалуы мүмкін. Бұл көмекті әрқайсысы айына 45 мың теңгеден төмен табысы бар ата-аналар ғана алады. Статистика комитетінің ресми деректеріне сенсек, елде орташа жалақы 174,6 мың тенгені құрайды.

Үш еселік айырмашылық!

Жалғастырмас бұрын алғашқы қорытынды жасаймыз. Қазақ ССР-інде жәрдемақы тіпті ата-анасының табысы ел бойынша орта есептен кем емес, басқаша айтқанда, кедей емес көп балалы отбасыларға да төленген. Бүгінгі күні Қазақстанда оларға тек әкелері мен аналары орташа статистикалық жалақыдан төрт есе төмен, яғни іс жүзінде кедейшілікте өмір сүріп жүрген отбасылар ғана үміткер бола алады.

Ендігі әңгіме жәрдемақы мөлшері туралы болмақ. ЖАӘК-дан бастайық. Егер қарастырылып отырған отбасының алты мүшесі ішіндегі жиынтық табысы 80 мың теңгені құраса, онда ол мемлекеттен ай сайын 9094 теңге көмек ала алады. Табысы 70 мың болса, көмек мөлшері 19094 тг құрайды, егер 60 мың  болса – 29094 тг. Яғни, кез-келген жағдайда отбасында өзінің еңбегімен тапқан ақша және оған ЖАӘК қосқанда 89094 теңге болады. Ал соңғы сан алты адамнан тұратын отбасы үшін мемлекет белгілеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы. Қайталаймын: ең төменгі күнкөріс мөлшері емес, оның жартысы ғана! Егер отбасы осы деңгейге қол жеткізетін болса, онда ол атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады.

Қазақ КСР-да жоғарыда аталған Министрлер қаулысына сәйкес әр балаға ай сайын 12-ден, тиісінше төртеуіне 48 рубль төленді. Мысалы, ата-аналардың әрқайсысы 70 рубльден (сол уақыт үшін ең төменгі жалақы), жалпы алғанда 140 рубль болды және 48 рубль мемлекет төледі. Барлығы 188 рубль. Бұл ақшаға 100 кг сиыр етін сатып алуға немесе 20 ай бұрын барлық коммуналдық қызметтерді төлеуге болатын. Ал бүгін 89 мың теңге не нәрсеге жетеді?

Қайталаймын: Қазақ ССР-на қатысты мен ең шеткі мысалды келтірдім. Шын мәнінде, ата-аналардың басым көпшілігі «тоқырау» жылдары кем дегенде 120 рубль табатын, оған қарамастан олар төрт және одан да көп баланы тәрбиелесе, жәрдемақы алуға құқылы. Үкімет Қаулысында айтылғандай, оларды «аз қамтамасыз етілген» деп атауға тіл бұрылмайды. Есептеп көріңіз: 120 x 2 + 48 = 288 рубль. Осыны 89 мың теңгемен салыстырыңыз. Өмірлік маңызды тауарлар мен қызметтердің (азық-түліктің негізгі түрлері, коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлікте жол жүру) баға индексін есепке ала отырып, сатып алу қабілетінің үш еселік айырмашылығы бар! Кейбіреулер американдық джинсы мен фин етіктері айлық жалақы сияқты шамамен бірдей болды деп айта алады, бірақ бұл жағдайда әңгіме өмірлік қажетті шығындар, көп балалы отбасылардың басты қажеттіліктері туралы болып отыр.

Әрине, Совмин қаулысы КСРО-ның бүкіл аумағына таралды. Бірақ, сол кезеңде ең жоғары «көп балалық коэффициенті» қайда болды? Ресей мен Украинада емес, әсіресе Балтық маңында емес, ол Орта Азияда, Қазақстанда және Әзірбайжанда болды. Бұл ретте, негізінен, осы республикалардың байырғы халық тұратын ауылдық елді мекендерде болған. Онда «көп балалық коэффициенті» орташа одақтық деңгейден 3-3,5 есе асып түсті. Демек, осы этностардың өкілдері аталған қаулының басты «пайда алушылары» болып табылатын. Кейбіреулер бүгінде ұлттық шеткі тұрғындарының, соның ішінде қазақтардың отарлық тежелуі туралы айтқан кезде, олар білмегендіктен немесе әдейі ұқсас мысалдарды елеусіз қалдырады.

Баланы лақтырып тастадық…

Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға және толыққанды тәрбиелеуге бағытталған «кеңестік әлеуметтік пакетті» естеріңізге түсіріңіздерші: балалар лагерлері мен санаторийлерге тегін жолдамалар, әр түрлі секциялар мен үйірмелерде тегін сабақтар...  Ал бүгін олардың барлығынан не қалды? «Нөлдік» жылдары біз тіпті балалар дәрігерлерін дайындауды тоқтаттық, тек академик Камал Ормантаев бастаған республиканың жетекші педиатрларының көпжылдық табандылығының арқасында мединституттарда осы факультеттерді қайта жандандыра бастадық. Бірақ осы уақыт аралығында қандай кадрлық «тесіктер» пайда болды!

Немесе тұрғын үй мәселесін алыңыз. Есіме алып отырғаным, 1970-ші жылдардың аяғында ма, 1980-ші жылдардың басында ма Қызылордада орталық алаң жанында алғашқы 9-қабатты үй тұрғызды (бұған дейін тек бес қабатты үйлер салатын). Сол үйдегі барлық пәтерлер баспана бөлу кезінде артықшылықтарды пайдаланатын көп балалы отбасыларға берілген. Иә, бүгінде олар да белгілі бір жеңілдіктерге ие және тегін баспана ала алады, бірақ олар үшін кеңес жылдарына қарағанда әлдеқайда аз үй салынады.

Ресми көздерден алынған деректерді келтіремін. 9-шы бесжылдықтың (1971-75) барысында Қазақ КСР-інде 615,9 мың пәтер немесе жыл сайын 123,2 мың пәтер пайдалануға берілді. Өткен жылы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлағандай, құрылыс салушылар 113 мыңнан астам пәтер тапсырған. Өте аз емес сияқты болғанмен, бірақ бұл 85-90 процентке коммерциялық тұрғын үй, ол адамдардың барлығына, әсіресе көп балалы отбасыларға, қол жеткізімді емес. Ал «мемлекеттік қаражат есебінен 14 мыңнан астам отбасы жалгерлік және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етілді».

Ал Қазақ КСР-де керісінше, пәтерлердің 85-90 проценті, немесе жыл сайын 100 мыңнан астам пәтер қоныстанушыларға тегін берілді. Иә, олар көлемі бойынша кішкентай, өте ыңғайлы емес, оларды жеке меншікке айналдырып өзіне жазып алуға, сатуға болмайтын, бірақ олар іс-жөнінде мерзімсіз уақытқа және тегін жалға берілетін (тұрғындар тек коммуналдық қызметтерді төлейтін), олардан кейін ол пәтерлерде балалары, немерелері өмір сүретін. Қазір көп балалы және аз қамтылған немесе кем дегенде жас отбасыларға осындай нәрсе ұсынатын болсаңыз, олар шексіз бақытқа бөленеді.

«Еуразия Бірінші арнадағы» пікірталасқа оралсақ, мен сол жас жігітке қолдау көрсетер едім. Ал жастарды өз қорқынышы мен тәуекеліне көп бала тууға шақырған оның қарсыластарын өз сөздеріне аса жауапты болуды өтінер едім. Егер осындай пікірталас 40 жыл бұрын болса, онда көп балалы болуға шақыруларды мен, мүмкін, орынды деп есептейтін едім.

Кеңестік өмірде көптеген жағымсыз нәрселер болды: басқаша ойлауға төзбеушілік, сыртқы дүниеден жабықтық, өндірістік еңбекке ынталандырмайтын артық милитаризм, адамның қажеттіліктеріне әлсіз бағдарланған экономика... КСРО ыдырағаннан кейін, әрине, бұның барлығымен хоштасу керек болды. Бірақ, әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне келетін болсақ, оны сақтап қалуға немесе жаңа жағдайларға бейімдеуге болар еді. Іс жүзінде біз қажетсіз нәрседен құтыламыз деп, маңызды нәрседен де айырылып қалдық. Егер көп балалы отбасыларға қатысты айтар болсақ, біз «лас сумен қоса баланы лақтырып тастадық»…

Комментарии