Сәрсенбі, 27 қаңтар 2021 ЖЫЛЫ
3576 27-03-2019, 11:56

«Алаш-Орда»: қазақ халқының қаһармандары ма әлде сәтсіз саясаткерлер ме?

ХХ ғ. Қазақстанның саяси тарихында көптеген «ақ дақтар», дәлсіздіктер, ал кейде тіпті идеологиялық құрастырулар да орын алады. Әсіресе бұл екі ресейлік революция кезеңіне және олардың соңынан болған қан төгілген азаматтық соғысқа қатысты. Оның ішінде сөз «Алаш» қозғалысы туралы да болып отыр. Біраз уақыт бұрын біздің газетте осы тақырып жайлы «Алаш» көшбасшыларын қазақ халқының батырлары деп есептейтін адамдардың сұхбаттары мен очерктері жарияланған болатын. Алайда өзгеше де бағалаулар бар. Бүгін біз белгілі блогер Мақсат Кенжебаевпен әңгімелесеміз. Ол шетелде білім алған әлі де жас адам, IT-маманы, біздің өткеніміздің проблемаларына қызығушылық танытады. Иә, ол кәсіби тарихшы емес, бірақ оның көзқарасы өте қызықты болып көрінеді.

- Кеңес тарихнамасы «Алаш» көшбасшыларын өз халқының тағдыры туралы аз ойлаған реакционерлер ретінде суреттеген болатын. КСРО ыдырағаннан кейін маятник кері бағытта өтіп, енді олар тәуелсіз Қазақстан үшін күресушілер ретінде көрсетіледі. Бұл адамдар шын мәнінде кім болды?

- «Алаш» көшбасшылары шын мәнінде тәуелсіздік үшін күресушілер де, дәстүршілдер де болған жоқ. «Алаш» партиясы – Қазақстан аумағын Ресей империясынан бөлініп кетудің түбегейлі идеяларын уағыздаған жеке саяси бірлік емес, ол тек Ресей конституциялық-демократиялық партиясының бір тармағы ғана (сол кезде оларды кадеттер деп атайтын). Егер ең жақын заманауи аналогты келтіретін болсақ, онда бұл Қалмақиядағы ЛДПР партиясының филиалы немесе «жасылдар» партиясының гавайлық бөлімшесі сияқты. Владимир Жириновский Кремльдің иесі болып, ЛПДР-ның аймақтық бөлімшесіне Қалмақияда билікті басып алу міндетін қойды деп елестетіп көрейік. Дәл сол сияқты, Уақытша үкімет құрамында басым санға ие болған кадеттер өз өкілдерін біздің дала кеңістіктеріне жіберді. Осыған сүйене отырып, «Алаш» көшбасшылары сол кездегі Қазақстан аумағында либералды идеяларды жүзеге асыруға тырысқан Ресей империясының саяси қайраткерлері болды деп айтуға болады.

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша, бүгінгі күні Қазақстанның саяси тарихындағы «Алаш» қозғалысының рөлі мен маңызы қаншалықты объективті бағаланады?

- Менің ойымша, оның рөлі мен маңызы жоғары дәрежеде объективті емес бағаланады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және басқа да «Алаш Орда» қайраткерлерінің тұлғаларын сауатты әрі дәлелді түрде ашатын тарихи еңбектер іс-жүзінде жоқ. Біздің кітап сөрелерімізде көптеген макулатура толып жатыр, онда Ә. Бөкейханов қанатсыз періште тәрізді болып көрсетілген: оның барлық шешімдері дұрыс, әрбір сөзі дұрыс, әрбір әрекеті мінсіз. Әлеуметтік желілердегі үлкен көлемді мәтіндердің авторлары Бөкейханның жоспарларында не нәрселер болғанын және оларды іске асыруға қол жеткізілген болса, не болар екендігі жөнінде айтады. Жай ғана «Жапония жасаған сияқты экономикалық жағынан жоғары көтерілгіміз келеді» деген сөздерден «Алаш» қайраткерлерінің болашақты айқын көруі болды және олардың оны іске асыруға нақты қадам жасады деп бақандай идея құрастырылды.

Мемлекеттің қаржылық қолдауымен төмен деңгейдегі сериалдар түсіріледі: сценаристер драмалық коллизияларға басымдық жасайды, бірақ «алашордашылардың» халық игілігі үшін нақты тарихи іс-әрекеттерін көрсетпейді немесе бұл іс-әрекеттерді ашық түрде ойдан шығарып алып, көрермендердің эмоцияларымен ойнайды. Тағдыр тәлкегінің маңызы қазақстандық билік кезекті рет ресейліктерге еліктейтіндігінде. Егер Ресейде Колчак, Деникин, Врангель, Маннергейм және т.б. арнап сериалдар түсіріліп, ескерткіштер қойылса, бізде дәл соны Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайға қатысты жасайды.

- Бүгінгі таңда «Алаш» қозғалысына қатысты пікірлер мен бағалаулардағы әр түрлі келіспеушіліктерді немен түсіндіруге болады?

- Бұл қазақстандық тарихнама деңгейінің күрт құлдырауымен (Шыңғысхан қазақ болды деген сияқты бекітіп айтудың өзі қаншалық) және басқа да икемсіз идеологиялық ұмтылыстармен түсіндіріледі. Кез келген биліктің өз рәміздері болуы тиіс. Бізде іс-жүзінде бір ғана таңба бар. Әрине, азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін бұл аз, сондықтан «Алаш» өкілдерін «Нұр Отанның» алдыңғы бір ағымы ретінде таңдады.  

Қасым хан немесе Абылай сияқты ұлы билеушілерді таңдау мүмкін емес болды, өйткені бірден: неге бізде хан билігі институты жоқ? – деген сұрақ туындайды. Соңғы жиырма жыл ішінде (алғашқы он жыл идеологиялық прострацияда өтті) ресейлік кадеттер партиясының өкілдерінен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресушілері ретінде көрсету мақсатымен негізсіз дәлелдерді қолдану және фактілерді өз теориясына икемдеу басталды. Мұнда қоғамның бірнеше қабатының мүдделері қақтығысады. Бір жағынан жастар өкілдері – сауатсыз оқулықтарда өскен оқушылар мен студенттер. Осы қатарда қазіргі билікке қарсы идеялық шоқпар қажет етіп отырған ұлтшылдық қозғалыстар өкілдері бар. Ал қарама-қарсы жағында басқа оқулықтарда өскен жастар немесе «Алаш» құжаттарында тәуелсіздік үшін күресу идеяларын таппаған өзіндігімен білім алған адамдар, немесе біздің өткенімізді соншалықты күрт өзгертіп қайта бағалауға таң қалған бұрынғы кеңестік интеллигенция өкілдері.

- Самодержавия режимі сақталған гипотетикалық жағдайды елестетіп көрейік. Бұл жағдайда «Алаш» қозғалысының саяси эволюциясы қандай болуы мүмкін еді? Және ол, ақырында, қай жағдайға келер еді?

- Кадет партиясы кем дегенде конституциялық монархияны сақтаудың белсенді қолдаушысы болды. Егер ешқандай көтерілістер болмаса, және егер Ресей патшасы бүкіл Ресей Империясы халқының қолдауына ие болса, онда оны «алашшылар» да қолдайтыны сөзсіз. Патшалық университеттер мен институттарды бітірген адамдар ретінде, олар патшалық шенеуніктердің қызмет дәрежесін алып, Қазақ автономиясын өз көпшілігінде сауатсыз халқын басқарар еді (олар Қазақ автономиясын құру мақсатын өздерінің саяси бағдарламаларында қойған).

- «Алаш» жеңіске қол жеткізген болса, Қазақстан соғыстан кейінгі Жапония сияқты даму сценарийін табысты іске асыра алар еді, деген көзқарастарды кездестіруге тура келді. Мәселені осылайша қарастыруға қатысты сіздің көзқарасыңыз қалай?

- Бұл балалардың қиялы тәрізді нәрсе. Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаппай индустрияландыруды жүзеге асырған, өзін-өзі қорғаудың нақты күші түрінде әскері бар және ең маңыздысы, өздерінің күшті техникалық жоғары оқу орындарының түлектері, сондай-ақ жетпіс миллион адам халқы бар әлі де күшті ел болып қалды. Сонымен қатар, Жапонияда, барлық шығындарына қарамастан, АҚШ сияқты қуатты одақтас және үлкен американдық нарыққа қол жеткізу болды. «Алаш Орда» (барлық мүмкін және мүмкін емес нәрселерге жол берілген жағдайда да) ешқандай осыған ұқсас нәрселерге ие болған емес. Техникалық білімі бар интеллигенттер армиясы, техникалық жоғары оқу орындары, зауыттар, күшті қолдаушы елдер, кең көлемді сату нарықтарына қол жетімділігі, кем дегенде елу миллион адамнан тұратын халық болған жоқ. Егер «Алаш» жеңіске қол жеткізген болса, Қазақстанды Монғолияның (жақсы жағдайда) немесе Ауғанстанның (нашар жағдайда) тағдыры күтер еді.

- Сіздің ойыңызша, «Алаш» қозғалысының сәтсіздігінің себептері қандай? Мұның себептерінің бірі кең халықтық қолдаудың жоқтығы болды деп айтуға бола ма?

- «Алаш» көшбасшылары Ресей империясындағы қарсылас күштердің қайсысына жүгінуді білмей, біресе солға, біресе оңға қарай ұмтылды. Бір жағынан – саяси өмірге еңіп, түсінікті және дұрыс ұрандар мен декреттердің арқасында халықтың кең қолдауын қамтамасыз еткен Владимир Ленин, екінші жағынан – қарапайым және қабылдауға үйреншікті бұрынғы кәсіби дайындығы бар патша офицерлері, армияға табыну. Патша режимінің балалары ретінде «Алашшылдарға», әрине, идеологиялық тұрғыда екіншісі жақын болды. Кеңес режімінде билікте қалу мүмкіндігі болған жоқ. Егер сол дәуірдің құжаттарын объективті сараптайтын болса, қазақ қоғамында «Алашта» өте әлсіз қолдау болғанын көруге болады.

Өздеріңіз қарап көріңіздер: халық саны алты миллион адам болған жағдайда (оның өзінің бағалауы бойынша) Ә. Бөкейханов тек екі мың штыктан тұратын армияны ғана жинай алды. Салыстыру үшін: 1916 жылы Амангелді Имановтың қарулы құрамында, кейбір деректер бойынша, елу мың сарбаздар болған. «Алаш Ордада» көптеген әскер болса да, халық арасында кең қолдау көрсетсе де, Ә. Бөкейханов пен оның сыбайластары тез арада коммунистерге көшуі мүмкін еді, және большевиктерге олармен шынайы күш ретінде санасуға тура келер еді. Немесе олар финдар сияқты сәтті пайдаланып, ұлттың өзін-өзі анықтау құқығын іске асыруды талап ете алар еді. Немесе поляктар сияқты өз тәуелсіздігін жеңіп алуға тырысатын еді (сол Пилсудский де оны іске асыра алды).

- Неге қазақ халқы өзінің сол кездегі ең ағартылған өкілдерінің соңынан ермеді?

- «Алаш» партиясы (егер біз оны қоғамның ең ағартылған бөлігі ретінде қарастыратын болсақ) қазақ халқы оның соңынан еруі үшін ешнәрсе жасамады. «Алаш Орда» үкіметі өз қызметін прогрессивті салықтың орнына түтін салығын енгізу сияқты жағымсыз шаралардан бастады (бай да, кедей де процент емес, бір соманы төлеуі тиіс). Байырғы тұрғындардың құқықтарын қорғау немесе еңбек жағдайларын жақсартуға және эмансипация туралы ешқандай заңдар қабылданған жоқ (олар декларацияланған болса да, практикада енгізілмеген). Әлбетте, бұл халық арасында наразылықты тудырды – толқуды басу үшін казактардың көмегіне жүгінуге тура келді, тіпті «Алаш Орданың» кішкентай ғана әскерінде де бірнеше рет көтеріліс болды.

Суреттер: altyn-orda.kz

Комментарии