Сенбі, 31 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1810 18-03-2019, 13:00

Қазақтардың екіге бөлінген әлемі: орысшаландырылған жаңғырту қандай жағдайға әкелді?

Біраз уақыт бұрын біз «Егер ертең елімізде кенеттен барлығы қазақ тілінде сөйлейтін болса...» атты жарияланымда тіл проблемасының, біздің ойымызша, бір маңызды аспектісін қозғадық. Бұл мақала кең көлемді қоғамдық резонанс тудырды. Оған өз пікірін білдіргендердің бірі, философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржановқа сөз кезегін береміз.

Сamonitor.com сайты ұсынған «Егер ертең елімізде кенеттен барлығы қазақ тілінде сөйлейтін болса...» атты пікірталасқа арналған мәселеде, менің ойымша, ең негізгісі «кенеттен» деген сөз болар. Шын мәнінде, біздің елде барлығы орыс тілінде сөйлейді, бұл басым тіл, және кенеттен (!), барлығы қазақ тіліне ауысып кетеді. Бұндай «кенеттен» болатын жағдайға не нәрсе әкелуі мүмкін? Егер бүгінде көптеген қазақтардың өздері өз тілінде сөйлемесе, мұндай бұрылысқа әкелетін қандай алғышарттар болуы мүмкін? Орыс тілі барлық қазақстандықтар үшін бұрыннан ортақ тіл болған, және әлі де қала береді.  

Қалыптасқан жағдайға қалайша қарауымыз керек? Ұлттық мемлекеттегі адамдардың басқа мемлекеттің тілінде сөйлегені Жасарал Қуанышалин үшін дұрыс емес болып табылады. Дискуссияның басқа қатысушысы Петр Своиктің пікіріне қарағанда, керісінше, бәрі де орынды: орыс тілінің үстемдігі 1930-шы жылдары басталған және тәуелсіз Қазақстанның 30 жылға жуық өмір сүруі де бұл тұрғыда ештеңені өзгертген жоқ. Қазақтар орыстілді  болып қала береді, және ол өздері үшін жақсы, себебі орыс тілі әлемдік тілдердің бірі ретінде оларға жақсы білім алуға, өз мансабын құруға, мемлекетаралық қарым-қатынасқа түсуге және т. б. қазақ тілі бере алмайтын мүмкіндіктер береді. Сондықтан мемлекет өз тіл саясатында бар шындықты мойындап, қазақ тілін орыс тілінің есебінде, яғни «іске асырылмайтын мифологема» ретінде қолдаудан бас тартқаны жөн – деп тұжырымдайды Своик.

Әрине, Қазақстан мен қазақтар үшін орыс тілінің маңызын жоққа шығару ақымақтық болар еді. Мен өзім де орысшаландырылған қалалық қазақпын, бірнеше кітабімді, көптеген ғылыми мақалаларымды орыс тілінде жазған болатынмын. Екі диссертациямды да (кандидаттық және докторлық) орыс тілінде жазып, қорғадым. Соңғы ширек ғасырда орыс тіліне кәсіби тіл ретінде ағылшын тілі де қосылды. Мен ағылшын тілінде жазу жазамын, оқимын және білім беріп, оқытамын. Бірақ мен ағылшын тілін орыс тілі арқылы меңгердім. Бір сөзбен айтқанда, егер мен осы өмірде қандай да бір нәрселерге қол жеткізген болсам, ол көп жағдайда орыс тілінің арқасында іске асырылды.

Орыс тілінің маңыздылығын мойындай отырып, мен, оған қарамастан, қазақтар үшін ең бастысы – ана тілі болуы тиіс деген пікірдемін. Қазақ тілі басымдық болуы керек, ал орыс тілі және ағылшын тілі – екінші және үшінші орындарда болғаны дұрыс. Қазақ тілі қазақтың ішкі әлемін, оның жеке және ұлттық тұрғыда «Мен» деген ұғымды қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұғыммен қазақ осы әлемге келіп, бүл ұғыммен одан кетуі тиіс. Орыс тілін және ағылшын тілін де білу керек, бірақ оларды аспап (құрал) ретінде қолдану қажет: бұл тілдерді білу адамға кәсіби тұрғыда Қазақстанның ішінде және одан тыс жерлерде әлеуметтік қарым-қатынастар жасауға көмектеседі.

Сондықтан «Қазақ тілі – бірінші, басты тіл, бірегейлік тілі, ал орыс тілі және ағылшын тілі – екінші, аспаптық тілдер» деген формуланы елдің негізгі этносы ретінде қолдану қазақтар үшін лайықты болады. Басқа ұлт өкілдері өз қажеттіліктеріне сүйене отырып, білім алу және қарым-қатынас жасау тілін өздері таңдауға ерікті. Осы ереже мемлекеттің тіл саясатының негізі болуы тиіс деп есептеймін.    

Алайда, бұл формуланы іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын. Иә, ҚР ауыл халқына қатысты мұнда ерекше қиындықтар жоқ. Қалаға білім алуға келіп, содан кейін осында тұрғылықты қалып қалған ауылдық қазақтар үшін қазақ тілі өмір бойы ана тілі болып қала береді, ал орыс тілі оған мамандық меңгеруге және басқа ұлт өкілдерімен жұмыста және тұрмыста қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Ал қалалық қазақтарға байланысты жағдай әлдеқайда қиын болып отыр. Бала-бақшадан бастап олар орыстілді ортаға түскен соң, өмір бойы сол ортада қала береді. Олардың көпшілігі үшін орыс тілі тұған тілі тәрізді болып кетеді, сол тілде олар білім алады, газеттер оқиды және теледидар көреді, сол тілде олар ойлайды. Олардың көпшілігі қазақ тілін білмейді және оны білуге үлкен қажеттілік сезінбейді. Қазақ тілін білетін қалалықтар оны өте шектеулі көлемде біледі және қазақ тілі –  олардың ұлттық ана тілі екендігі жөнінде көп ойлана бермейді.

Мұндай жағдайда қалыптасқан орыстілді қазақ – күшті орыс ұқсастығы бар адам болып табылады. Ол әлемге орыстың көзімен қарайды, орысқа қатысты нәрсенің барлығы ол үшін қызықты болып көрінеді. Ол тек ресейлік теледидар арналарын қарайды, ал Интернетте ресейлік сайттарды іздейді. Спортта ол ресейлік командаларының жанкүйері болады, саясатта РФ идеологиясы мен әрекеттерін қолдайды. Ол Ресей эстрадасының әндерін ұнатып, соларды айтып жүреді. Әдетте, орыстармен аралас некелерді орыстілді қазақ жігіттері мен орыстілді казақ қыздары құрады. Мұндай некелерде туылған балалар көп жағдайда өздерін орыспын деп есептеп, өздерін нақты орыс мәдениетімен сәйкестендіреді.  

Қалалық қазақтардың қазақ ұқсастығы әлсіреп қалған, бірақ ол мүлдем жоқ немесе жоғалып бара жатыр деп айту дұрыс емес. Оның орыс ұқсастығы қаншалықты мөлшерде күшті болса да, ешқандай орыс оны өзіміздікі деп мойындамайтынын ол жақсы түсінеді. Қалалық қазақ өзінің қазақ ұқсастығын сақтауда. Ол бұл ұқсастықтың тілмен байланысты екенін де айқын сезінеді. Сондықтан халық санағы кезінде ол өзінің ана тілі ретінде қазақ тілін көрсетеді, бірақ сонымен қатар ол оны нашар біледі немесе мүлдем білмейді. Ол өзінің қазақ тілін білу деңгейін жетілдіру керек екендігін түсінеді, бірақ оны іске асыру үшін практикалық ынталандыруларды көрмейді. Орыс тілі маған өмірде қажет, – деп ойлайды қалалық қазақ, – ал қазақ тілі маған не үшін қажет? Тек үйлену тойларда немесе мерейтойларда қазақ тілінде тост айту үшін бе? Сол үшін күш салып, уақыт кетіріп, мүмкін тіпті ақша жұмсаудың қажеті бар ма?

Мұнда суреттелген көрініс қазақ социумы өзінің елінде өмір сүріп отыра, қаншалықты бөлініп кеткені жөнінде түсінік береді. Қалалық қазақтар жаңғыртылған орыс әлемінде өмір сүріп жүр. Ауылдық қазақтар дәстүрлі өмірдің күшті элементтері бар өздерінің шынайы әлемінде өмір сүруде. Осы екі әлем арасында өте үлкен алшақтық бар. Ол кеңес заманында қалыптасқан болатын, ал посткеңестік кезеңде ауыл тұрғындары көп мөлшерде қалаға (өз тәртіптерін де өздерімен бірге ала жүріп) қоныс аудара бастады. Бірақ бұл қазақ өмірінің екі әлемінің жақындасуына әкелмеді. Олар кеңістік тұрғыдан бір-біріне жақындағанмен, бірақ әлеуметтік және мәдени қатынаста бір-бірінен бұрынғыдай алыс болып қала береді.

Менің ойымша, бұл алшақтық жүз жыл ішінде қазақ этносының жаңғыртылмағандығымен расталады. Әлеуметтік әдебиетте ең кең мағынада жаңғырту дәстүрлі қоғамнан қазіргі заманғы индустриялық қоғамға көшу ретінде айқындалады. Дәстүрлі қоғам дегеніміз – табиғи шаруашылыққа негізделген аграрлық қоғам. Ал қазақтарға қатысты айтатын болсақ – бұл көшпелі мал шаруашылық өмір салты. Индустриялық қоғамға келетін болсақ, Қазақстанда ол орыстардың және басқа славян халықтардың өкілдерінің қолымен жасалған өндіруші және металлургия өнеркәсібі болып табылады. Осы жаңғыртылған орысшаландырылған әлемде қазақтар азшылық болған. Сол әлемде өмір сүре отырып, барған сайын дәстүрлі (көп жағдайда аграрлық) әлемнен алыстап, өз мәдениетінің тамырымен байланысын жоғалта отырып, олар өздері де орысшаландырылды.

Ұлт теориясының және ұлтшылдықтың классиктерінің бірі Эрнест Геллнер олардың пайда болуын XIX-XX ғасырлардағы Еуропадағы жаңғырту үдерістерімен байланыстыратын. Белгілі бір аумақта тұратын, халықтың тілдері мен мәдени дәстүрлерінің көптүрлілігі бар дәстүрлі қоғам ұлт құра алмайды. Индустрияландырудың қуатты процестері тілдік және мәдени қатынаста осы әртүрлі текті конгломератты біртектес мәдени-тілдік қоғамдастыққа сәйкестендірген кезде ұлт құрылады. Бұл жағдайда дәстүрлі мәдениет ұлттың жоғары мәдениетіне айналады және ұлттың өзін қалыптастыру процесі де жүреді.

Қазақстандағы кеңестік жаңғырту жобасы қазақтарды өзара байланысы жоқ екі әлемге бөлді. Олардың бірінде дәстүрлі қазақ мәдениеті қалды, ал екіншісінде кеңестік индустриалды қаланың орысшаландырылған мәдениеті орын алды. Онда кеңес ұлттық құрылысының әрбір ұлттың өзіндік операсы, балеті, әдебиеті, ғылым академиясы және т. б. болуы қажет деген  схемасы бойынша құрылған «жоғары» қазақ мәдениеті де дүниеге келді. Кеңестік Қазақстанда, ұлттық колорит алу үшін дәстүрлі мәдени үлгілер мен жанрларға сүйенген, кәсіби қазақ мәдениеті пайда болды.

Оның туындылары, әдетте, ауыл ортасынан келген қазақтілді адамдардың шығармашылығымен жасалатын. Ауылдан келгендердің арасында халыққа музыка, әдебиет, театр, кино және басқа да өнер түрлерінің қазақтардың жүрегінде орын алған тамаша туындыларды берген талантты адамдар аз емес еді. Шынайылық үшін, жоғары қазақ мәдениеті қалаларда халықтың арасындағы негізінен шағын ғана қазақ тілді аудиторияға ие болды деп айта кету керек. Әлемді орыс мәдениетінің призмасы арқылы қабылдаған қалалық орыстілді қазақтардың кеңдеу ауқымы осы шығармаларға қызығушылық танытпады. Олар үшін орыс мәдениетінің үлгілері – орыстың эстрадалық әндері, театр қойылымдары, фильмдері және т. б. әлдеқайда қызықты болды.

Қазақ әлемінің бір жағынан дәстүрлі және көп жағдайда ауылдықтарға, екінші жағынан орысшаландырылған жаңғыртылған қалалықтарға бөлінуі қазақ мәдениетінің дамуына кері әсерін тигізді, өйткені мәдени шығармашылық саласынан қазақтың қалалық халқы түрінде үлкен әлеуметтік қабат үзіліп түсіп, қазақ мәдениеті мен қазақ тілі саласынан тыс қалды. Қазақ халқының бұл бөлігі қазақ мәдениетінің жасампаздарын беретін еді – бірақ бермеді, дәл сол сияқты ол жасампаздардың шығармаларына көңіл бөліп, солар арқылы тәрбиеленіп, өз алғысын білдіретін аудитория беретін еді – бірақ бермеді.

 

Орысшаландыру процесінің кесірініен қазақ тілінде қаншама романдар, повестер, поэмалар, пьесалар, фильмдер жазылмай және жасалмай қалғаны жөнінде тек өкініш білдірумен шектелуге тұра келеді. Ал, олар қазақ тілін нақыл сөздермен, сөз тіркестерімен, сөйлеу айналымдарымен және идиомалармен байыта алар еді. Осы әдебиеттің де қазақ дискурсына еніп, оны жаңа деңгейге шығаратын мағыналары болуы мүмкін еді. Ондай жағдайда қазақ тіліндегі терминология, соның ішінде ғылым саласындағы терминология бекітілетініне күмән жоқ. Балалар мен жасөспірімдер үшін қанша шығарма жарық көріп, жас ұрпаққа қазақ мәдениетіне, қазақ әлеміне енуге көмектесетінін тек болжауға болады. Әрине, онсыз да көп шығармалар жарық көрді, бірақ бұл рухани сала, мұнда ешқандай нәрсенің артықшылығы жоқ. Өйткені, егер ол дарынды, шын жүректен жасалған шығарма болса, ол әрқашан өзінің адресатын табады. Нәтижесінде орысшаландырылған қаланың қазақ әлемінен ажыратылуы ауыр зардаптарға әкеліп соқты, соның нәтижесінде тамырлары дәстүрлі мәдениеттен басталған қазақ мәдениетінің органикалық, үздіксіз, өзін-өзі жаңғыртатын жүйесі құрылмай қалды.

Қазақтың бөлінген әлемі ауылдықтардың дәстүрлі әлемі және қалалықтардың орысшаландырылған әлемі деген екі бөлікке терең бөлінген қазақ ұлтын да тұдырды. Кеңестік жаңғырту нәтижесінде қазақтар КСРО-ның ең орысшаландырылған ұлттарының қатарына кірді. Олар бүгінгі күні ең үлкен славян емес орыстілді  ұлт деп айтуға болады. Орысшаландырудың тамыры терең орныққаны соншалық, тіпті тәуелсіздік алғаннан бері отыз жыл өтіп кетсе де, қазақтар бұрынғысынша орысшаландырылған ұлт болып қала береді. Соның салдарынан қазақ әлемі әлі де екіге бөлініп отыр.

 

 

Комментарии