Сәрсенбі, 30 қыркүйек 2020 ЖЫЛЫ
3435 11-02-2019, 18:51

Қазақ тілі: ешкім үйренгісі келмеді ме?

Қазақстанда тәуелсіздіктің барлық жылдары бойы, шын мәнінде, екі тіл саясаты жүргізіліп келеді: біреуі – мемлекеттік, екіншісі – «халықтық». Ал егер біріншісін босаңсыған, немқұрайды деп сипаттауға болса, екіншісі бытыраңқы және тіпті стихиялық болды. Олар сирек қиылысқан, бірақ, оған қарамастан бірі-бірін толықтыратын. Бұдан не шыққаны жөнінде біз қоғамдық қайраткер, журналист, заңгер және экономика магистрі Асхат Асылбековпен әңгімелесеміз.

- Мемлекеттік қазақ тілі мәртебесін 1989 жылғы қыркүйекте «ҚазКСР тіл туралы» Заңның қабылдануымен кеңес уақытында алғандығын бәрі біле бермейді. Сол кезде орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Осы отыз жыл ішінде өзгерістер болды ма?

- 1990 жылдардың басында Мұхтар Шаханов пен басқа да қоғам қайраткерлерінің арқасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақтардың тарихын терең зерделеу, «желтоқсандықтарды» оңалту қажеттілігімен байланысты мәселелер өзекті болды. Сол кездің өзінде басқа этностардың өкілдері өз болашағына қауіптер көрді, соның салдарынан олардың кейбір бөлігі елден кетіп қалды. Бірақ осында қалған адамдар отыз жылдан кейін де өз позициясын өзгерткен жоқ – орыс тілді азаматтардың көпшілігі сол қалпы қазақ тілін меңгермеді.

Ұлттық патриоттардың осыған байланысты ренжулері түсінікті. Олар адамдардың ағылшын тілін меңгеруге қаншалықты тырысатынын, оған қандай қаражат жұмсайтынын көріп отыр. Сонымен қатар олардың қазақ тілін үйренуде пассивтілік танытатынын көреді. Сапасыз оқулықтар мен тегін тілдік курстардың болмауы – тек қана сылтау. Осы жылдар ішінде ең басты нәрсе, атап айтқанда ниет пен мемлекеттік тілді үйренудің экономикалық қажеттілігі туындаған жоқ. Экономиканың негізгі салаларында бұрынғысынша орыс тілі, ал енді оған қосымша ағылшын тілі де сұранысқа ие. Айтпақшы, қазір қытай тілін үйрену жөнінде кеңестер айтылып жатыр... Әрине, көптеген адамдарда «елдің барлығы орысша сөйлесе, онда қазақ тілін үйренудің қажеті не?» деген ой пайда болады. Және бұл ретте осындай тәсіл толығымен ақталған.

- Яғни қазақ тілінде орыс тілінен басқа бәсекелестер пайда болды ма?

- Елімізде әлемнің нақты бейнесін, соның ішінде ағылшын тілінің, әсіресе экономикалық тұрғыдан басымдықты түсінетін адамдардың жаңа ұрпақтары өсіп үлгерді. Бүгінде орыстілді жастар оны қазақ тілінің орнына, ал қазақтілді жастар орыс тілінің орнына үйренуді қалайды. Осы себепті, сондай-ақ аға ұрпақтың (орыс тілін еркін меңгерген және осы тілде ойлаған) табиғи кетуіне байланысты Қазақстанда орыс тілінің таралу аймағы бірнеше жылдан кейін қатты тарылады. Тиісінше, орыс тілінде сөйлейтіндердің саны да азаяды.

 

Бірақ мұны бәрі түсіне бермейді, ал біреулер түсінгісі де келмейді, оның ішінде өз тілін нашар білетін қаланың қазақтары. Сонымен қатар, Ресейдегі орыстар, Германиядағы немістер, Франциядағы француздар, Испаниядағы испандықтар біз сияқты туған тілін үйренуге қарсы болғанын елестету қиын...

Менің ойымша, қалыптасқан жағдайдың бүкіл қайғылылығын түсінуі мен қазақ тілін үйрену керек деген талапқа қатысты басқа этностардың дұрыс реакциясы ғана осы мәселедегі шиеліністерді жоюы мүмкін. Біздің елге оқуға немесе жұмысқа келген шетелдіктер мұны ешбір артық сөзсіз жасайды, ал Африкадан келген кейбір жігіттер тіпті қазақ тойларында тамада болып жұмыс істейді. Бұл ретте халықтың кейбір бөлігінің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы әсіресе көзге түседі. Сондықтан бұл жерде бір халық тілді үйренуге бейім, ал басқалары – жоқ деген сылтаулар мүлдем орынсыз, тіпті күлкілі...

Орыс халқы өте талантты екеніне сенімдімін. Мәселе оның империялық санасында және қазақтарды өздері бағындырып алған халық ретінде көретін инерциялық қарым-қатынасында. Тіпті тәуелсіздіктің 27 жылы да осы ішкі қондырғыны өзгерте алмады. Сонымен қатар, біз ресейлік БАҚ-тарға КСРО-ның реинкарнация идеялары (олар РФ-да қайтадан танымал болды) таратылатын өзіміздің ақпараттық өрісті беріп қойдық. Әрине, бұл біздің азаматтарымыздың ойларына және көңіл-күйлеріне ең жақсы әсер етпейді.

- Ұлтшыл-патриоттардың белсенділігі, соның ішінде қазақ тілінің айналасындағы да, циклді түрде жүріп жатыр. Сіздің ойыңызша, қазіргі толқынның көтерілуіне не себеп болды?

- Біздің елімізде түрлі реңкті ұлтшыл-патриоттардың кезекті белсенділігі Қырым аннексиясы мен Донбасстағы соғыстан кейін басталды. Ресейдің Халықаралық уағдаластықтардың және бірінші кезекте Будапешт меморандумының бұзылуы баршаны шиеленістіруге мәжбүр етті. Және мұнда оны «Мемлекеттік департаментіне» қарай сілтей салуға болмайды. Бұл оқиға бір сәтте қазақтардың әлемтануын өзгертті, өйткені олар Қазақстанның солтүстігі мен шығысында украин сценарийінің қайталану қаупін сезінді. Бір рет алдаған сатқыншыға сенім жоқ деген емес пе. Тіпті мұндай көңіл-күйді жандандыруды біреу жоспарлаған болса да, бұл «жоспарлар» өте құнарлы топыраққа түскен…

- Сіз қазіргі ұлтшылдықтың көптеген түрлі реңктері бар екенін айттыңыз.  Оларды қалай да болмаса жіктеуге болама?

- Қазақ ұлтшылдарын үш топқа бөлуге болады (өте оң ұлтшыл-популистерден патриоттарға дейін). Біреулері Қазақстанда тек бір ұлт – қазақтар болуы тиіс деп санайды: яғни ұлтына қарамастан барлық азаматтар осылай аталуға тиіс. Басқалары қазақтардың өзге этностардан басымдылығы туралы айтады және әлемнің дамыған елдерін мысал ретінде келтіреді. Үшіншілері еліміздің барлық азаматтары патриот болуға, мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеруге, қазақтардың тарихын білуге және мәдениетін түсінуге тиіс екеніне сенімді.

Әр топтың ұстанымы түсінікті. Негізінен бұл кеңес кезінде қысым көрген және қоғамда қазақ тілінде сөйлеу қабылданбағандықтан ана тілінде еркін сөйлей алмаған қазақтар. Және олар қазір бәрін өтегісі келетіндігі түсінікті. Бұл идеяларды белсенді насихаттайтын, бірақ өздері қазақ тілін нашар білетін ұлтшылдар тобы да пайда болды. Әрине, оларға тыйым салуға болмайды, бірақ олардың сөздері мен әрекеттерінде бірізділікті көргім келеді.

Менің ойымша, Қазақстанның шынайылығын барынша түсініп, көрсете білетіндер – ол патриот атаулылар. Олар өздерін интернационалистер деп санайды, басқа этностарды елімізден көшіруді талап етпейді, демократия мен тең құқықтар туралы айтады, бірақ бұл ретте тұрғылықты халыққа құрмет көрсетеді және әрбір азаматтың ұлтына қарамастан, қазақ тілі мен дәстүрлерін білгенін қалайды. Соңғысы, қайталап айтамын, табиғи және заңды талап. Олардың интернационализмі жалпы қабылданған түсінікте емес, ұлттық дәстүрлерге сәйкес қонақжайлылығын ескере отырып түсіндіріледі. Жалпы, менің ойымша, әрбір қазақ тарихи интернационалшы, өйткені ол даланың басқа халықтарымен тығыз байланысты көшпелі халықтардың ұрпағы.

- Ал «Қазақстанда тек бір ғана ұлт – қазақтар – болуы тиіс» деген ұранды кім алға тартады?

- «Бір ғана ұлт бар – қазақтар» дейтін адамдар бір нәрсені түсінгілері келмейді: кез келген этностың өз атымен атауына құқығы бар және оны одан тартып алуға болмайды. Жағдайды өзгерту үшін уақыт қажет болады. Көптеген адамдарды әзірше «қазақстандықтар» деген термин қанағаттандыруда және олар елдің атауын Қазақ Республикасы деп (негізінен орыс тілді азаматтар) өзгертуге қарсы. Олардың түсінігі бойынша «орыс текті қазақстандық» деген «қазақ» дегеннен едәуір жақсы.

Мысалы, штаттар одағы, яғни федерация болып табылатын АҚШ-ты алайық. Онда барлық азаматтарды америкалықтар деп атайды, бірақ белгілі болғандай, осы құрлықтың тұрғылықты тұрғындары үндістер болып табылады, тіпті афроамерикандықтардың ата-бабалары сонда сырттан құл ретінде әкелінген. Бірақ егер біздің ұлтшылдарымыздың логикасын ұстансақ, онда АҚШ-тың барлық тұрғындарын үндістер немесе могикандар, делаварлар (жергілікті халық) деп атау керек.

Тағы бір мысал – азаматтар орыс деп емес, ресми түрде ресейліктер деп аталатын Ресей Федерациясы. Бұл дұрыс, себебі Орыс Республикасы жоқ, бірақ Лениннің арқасында ұлттық республикалар бар (айтпақшы, осы жөнінде Путин пролетариат көсемінің атына наразылығын білдірген болатын).

Федерация мәртебесі әртүрлі республикалардың немесе Штаттардың көптеген этностарына өздерін ұжымдық сөзбен, мысалы, «американдықтар» немесе «ресейліктер» деп атауға мүмкіндік береді. Қазақстан, АҚШ пен РФ-нан айырмашылығы, қазақтар автохтонды халық деп танылған біртұтас мемлекет болып табылады, сондықтан «қазақстандықтар» деген термині бізге өте қолайлы емес. Дегенмен, барлығын «қазақтар» деп атаудың қажеті жоқ. Вариант ретінде «орыс текті қазақ» деп айтуға болады.

- Біздің күнделікті қолдануға қазір «шовинизм» деген сөз берік түрде кіруде. Оған қарсы «дәрі» бар ма?

- Барлығымызға Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ Даланың, Русь пен Ресейдің тарихын, дәстүрлерін білу керек. Сол кезде әртүсті шовинисттердің бастарындағы көптеген жаңылыстар жоғалады. Өйткені, біздің халықтарымыздың бірігуі татар-моңғол басқындығы кезінде болды. Түркі командирлері мен олардың гарнизондары орыс князьдіктерінде жүзжылдықтар бойы өмір сүріп, өз иелігіне мыңдаған және одан да көп санымен бекіністегі «адам жандарын» алғандығы белгілі. Бұл түркі тамыры бар ресейлік дворяндықтың басқа түріне әкелді. Сол уақытта өте кең тараған қалыңдықтарды алмастыру мен династиялық одақтарды еске түсіріңіздер, ал Петрдің анасы Наталья Нарышкина мәскеулік көпес Исмаил Нарыштың қызы болды. Сол Қарамзин де, кейіннен Гумилев те Ресей дворяндықтарының үштен екісінен астамының түркі тамырлары болғанын жазды. Және «Орысты тырнасаң – татарды (түрікті) табасың» деген атақты сөз осыны тек растайды. Орыс тіліндегі түркі сөздерінің көп саны да жалпыға белгілі факт болып табылады.

Біз бүгін КСРО-ның Қазақстандағы өмірге 70-жылдық әсері туралы айтып отырмыз, ал онда 300 жылдан астам уақыт болды! Аралас генетика және түркі дворяндығының елді басқару құрылымына енуі Ресейдің сыртқы саясатының өзгеруіне қатты әсер етті. Князьдіктер патшалыққа бірікті, ал славяндар бұған дейін өз ормандарынан шықпаған, енді жауынгер ұлт болып, Оралдан өтіп, Сібір мен Қиыр Шығыс халықтарын жаулап ала бастады...

- Болашақта қазақ ұлтшылдығын қандай етіп көресіз?

- Қазақ ұлтшылдығы міндетті түрде дамудың барлық кезеңінен өтеді. Мен тіпті онжылдықтан кейін цикл қайталануы мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Осы жерде және қазір өмір сүретін біздер субъективті сезім мен қорқыныш тұрғысынан емес, үш жүз жыл құлдық пен отарлаудан кейін бостандыққа ие болған ұлт қазір «өсу ауруын» бастан кешіп отырғанын, болып жатқан үдерістерге түсінушілікпен қарауымыз қажет. Тек әділ бағалау «ашаршылық» кезінде өз санының 50 процентін жоғалтқан қазақтар бастан кешкен ауыруды өзге этностарға түсінуге көмектеседі (жалпы шығындар 70 проценттен астамды құрады).

Бірақ, елдегі жағдайды тұрақсыздандырып, соның ішінде мемлекеттік тілді оқыту мәселесін ұлтаралық жазықтыққа аудару белгілі бір күштерге тиімді болып отыр деп айтуға болады. «Тапсырыс берушілердің» тізімінде соңғы бенефициар ретінде шетелдік арнайы қызметтер болып шығуы мүмкін. «Сценаристер» өздерінің қоздырушылары арқылы, мысалы, қазақ фашизмінің тақырыбын іске қосты – бұл көршілердің қайсысына тиімді болуы мүмкін екені түсінікті... Сондай-ақ, бізге Қытайға қатысты «сенімділік» қондыруға тірісады, бұл қарама-қарсы жақтан да «тапсырыс берушілердің» болуы жөнінде ойлануға мәжбүрлейді.

Еске сала кетейін, бір кездері Украин майданының кіріспесі мен «орыс әлемін қорғау» қажеттігіне қоғамдық пікірді дайындау да дәл осылай басталды. Белгілі болғандай, Батыста көптеген қалаларда орыс кварталдары бар (мысалы Нью-Йорктегі Брайтон-бич), бірақ онда ағылшын немесе басқа да жергілікті тілдің күшеюіне қарамастан, орыс әлемін қорғауға ешкім де асығыс емес. Бұл өте нәзік мәселеде қос стандарттары бар екені анық көрініп тұр.

Сонымен қатар, геосаясатқа ешбір байлаусыз қазақ тілін шын мәнінде үйренгісі келетін көптеген қарапайым азаматтар бар. Олар халықтар арасындағы достық пен бейбітшілікті бағалайды, бірақ бұл достықты бір жақты түсіндіруге қарсы шығады. Салт-дәстүрлерді түсіну, қазақ тілін білу – бұл еліміздің кез келген шынайы патриоты үшін қарапайым талаптар.

Біздің міндетіміз – осы пікірталастарды барынша сындарлы арнаға аудару. Барлық арандатушылыққа қарамастан, қарсыластарға қатысты қорлауға жол бермеу, дәлелдер мен фактілер тілінде айту маңызды. Ағартушылық осы мәселеде геосаяси салдарларға әкеліп соғатын табандылықтан гөрі әлдеқайда пайдалы. Мемлекеттің дамуы үшін ұлтшылдықтың прогрессивті энергиясын пайдалану маңызды. Бұл жерде бізге дамыған еуропалық және Азия елдерінің үлгісі көмек болуы мүмкін.

Комментарии