Ұлы Отан соғысы туралы естелік халықты біріктіретін, қоғамдық келісімді сақтауға жұмыс істейтін фактор ретінде қала ма? Ол осылай болу үшін, ҰОС тарихын бұрмалауға тырысатындарға қарсы тұру қажет. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Жас ұрпаққа сол соғыс туралы барлық шындықты жеткізе отырып, бейбіт өмірді бағалауды қалай үйрету керек? ҰОС-ның қатысушылары мен куәгерлердің өте аз саны қалған жағдайда, кеңес халқының ерлігі жөніндегі естелікті сақтап қалу үшін, біздің әрқайсымыз не істеуіміз керек?
Өткен сәрсенбі күні «Бұрынғы КСРО халықтары: Ұлы Отан соғысында және Ұлы Жеңісте бірге» тақырыбында өткен «дөңгелек үстел» аясында осы және басқа да мәселелер талқыланды. Оны Мәскеу мемлекеттік университетінің (ММУ) Ақпараттық-талдау орталығы ұйымдастырып, Мәскеу – Минск – Алматы бейнекөпір форматында өткізді.
Пікірталастың алғашқы минуттарынан жаһандану мәселелері орталығының жетекшісі, Ресей Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Александр Чачия әңгімеге белгілі бір бағыт бере бастады. Ол жалпыға ортақ батырлық туралы тарихи естелік бұрынғы КСРО халықтарына, егер олар қазіргі әлемде аман қалғысы келсе, толыққанды ұлт болып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз еткісі келсе, өмірлік тұрғыда қажет деп мәлімдеді.
- Соңғы жылдары және тіпті онжылдықтар бойы біз бұл тарихты бұрмалауға бағытталған мүлдем орынсыз және арсыз әрекеттермен бетпе-бет келіп отырмыз, – дейді саясаттанушы. – Оның үстіне «шындықты» іздеуге шақыратындардың барлығы оны іздеуде тек кір, қан және өзге де тұтынылмайтын нәрселерді табады. Қалыпты қоғамда мұндайға мүлдем жол берілмейтін болуы тиіс. Мен 9 Мамырға менің әкем қалай қарайтынын еске алып тұрамын, ол Қызыл армия офицері ретінде бүкіл соғысты бастан аяғына дейін өткен: иә, ол қаза тапқан майдандағы жолдастары жөнінде қайғыратын, бірақ ол үшін Жеңіс күні ең алдымен оның мерекесі болып табылатын. Ал енді теледидардан жас өспірім біздің ардагерлер үшін бұл қайғы-қасірет күні, сондықтан бұл жерде мереке орынсыз, ал 22 маусым күні Қызыл армия соғыстың алғашқы күндерінде талқандалғандықтан, бұл тіпті ұят күні деп бәрін соған сендіруге тырысуда. Ал ондай болса, тағы төрт жыл бойы соғысып, жеңіске жеткен кімдер?! Және бұл арсыз насихаттауды біз мемлекеттік телеарналарда жиі байқаймыз…
Александр Чачия бейнекөпірге қатысушылардың назарын осы соғыста қазақстандықтардың, атап айтқанда ең ыстық нүктелерде белсенді соғысып қана қоймай, Одақтың әр түкпірінен мыңдаған азаматтарға баспана мен тамағын берген қазақтардың зор рөліне аударды. Оның айтуынша, неміс әскерлері, бәлкім, Қазақстанға мүлде енбес еді, өйткені мұндай қажеттілік болмады. Егер олар мәселені Ресей орталығында шеше алса, онда қалған кеңес республикалары құл отарлау тәуелділігіне автоматты түрде тап болар еді. Бірақ қазақтар шетте қалғысы келмеді – олар біртұтас майдан болып тұрып, батырлық ғажайыптарын көрсетті.
- Және бұл бір мақсатты (ортақ Отанымызды неміс басқыншыларынан босату) көздеген бүкіл Кеңес халқының көңіл-күйі болды – дейді академик. – Егер біз ортақ тарихи жадымызды сататын болсақ, онда бұл қан төгіп, осы идея үшін өз өмірлерінен айырылған әкелеріміз бен аталарымызды сатқанымыз болады. Мінеки, біз бүгін оқушылар мен студенттердің басын антисоветизммен толтыра бермей, дәл осыны белсенді түрде жеткізуіміз керек.…Біздің жастарымыз бұрынғы КСРО-ның көптеген елдерінде жүргізіліп жатқан осындай антисоветтік насихаттау жағдайында ҰОС-ға деген дұрыс патриоттық көзқарас қалыптасқаны тіпті таңқалдырарлық. Мен мұны біздің еңбегімізге де, насихатшылардың еңбегіне де жатқызбаймын. Менің ойымша, бұл сезім генетикалық деңгейде салынған және ол жастарға шын мәнінде қай жерде шындық, ал қай жерде өтірік екенін айтады.
Ал енді Минск студиясынан сөз алған келесі спикер – Белоруссия мемлекеттік университетінің философия және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Вадим Гигин ҰОС тарихын қайта жазуға талпыныстар әрдайым болған, бірақ барлық фальсификаторлар, шын мәнінде, жаңадаң ештеңе ойлап таппай, тек қана сол бір мифтік теорияларды шығара береді. Мысалы, Кеңес Одағы Германияға шабуыл жасаған, ал керісінше емес деп олар тіпті соғыс кезінде де, соғыс аяқталғаннан кейін де айтқан болатын, бүгін де оны жаппай таратуға тырысады. Бұл барлық абсурдтық гипотезалардың мақсаты, әрине, біздің халықтарымызды бірлестіруде емес, ал, керісінше, ажыратуда…
- 1984 жыл, Минск қаласының даңғылында 9 Мамыр күні күшті ерлер мен әйелдер колоннасы жүріп өткенін еске түсіремін. Сол кезде кім де болмасын оларға барлық осы айыптарды беттіне басуға тек тырысқанын елестетіп көріңіздерші. Ол сол жерден тірі кетпес еді. Бұл адамдар нацистік гидраның басын жұлып алар еді, және, менің ойымша, фальсификаторларды да жеңе алар еді. Бірақ ардагерлер біртіндеп өмірден кетіп жатыр, сондықтан біз осы эмоционалдық күйді сақтап, шындықты келесі ұрпаққа жеткізіп, оларды біріктіру үшін басқа формаларды іздеуіміз қажет. Айталық, Ұлттық мұрағатпен және тарихшылармен бірге біз «Беларусь партизандары» (ресейлік «Халық ерлігі» сияқты) жобасын бастадық. Оның аясында біз әрбір белорус, және тек қана белорустар емес, (барлық ұлттардың адамдары осында соғысқан болатын) олар бойынша өз ата-анасын табуы үшін, қандай шайқастарға қатысқанын, қандай марапаттар алғанын білу үшін барлық партизандық карточкаларды цифрлауды жоспарлап отырмыз. Жас адамдарды олардың ата-бабаларының ерліктерінің тарихы қаншалықты қызықтыратынын біз көріп отырмыз емес пе. Біздің әрқайсымыз бұл тұрғыда қолынан келетінін істей бастауы керек, – сонда біз өте жақсы нәтиже аламыз деген сенімдемін. Шындықты бізден ешкім ұрлай алмайды, – деді Вадим Гигин.
Біздің елден қатысқан спикер, генерал И. В. Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова оптимистік көңілге азырақ қонымды болды, ол өз сөзінде ақпараттық соғыста, өкінішке орай, біз ұтылып қалдық деген фактіні атап өтті. Мұндай тұжырымдарды қоғам қайраткері ҰОС тарихына да, оған өз ата-бабалары мен туысқандарының қатысуына да қызығушылық танытпайтын қазіргі жастарды бақылау арқылы жасады.
- Кеңес Одағының ыдырауымен және ұлттық пәтерлер бойынша тарап кетумен біз үш ұрпақтан айырылып, теріс нәтиже алдық, – деп есептейді ол. – Қазіргі балалар тіпті жалпы тарихтың бір бөлшегі болып табылатын өз отбасының тарихын да білмейді... Алайда Ұлы Отан соғысы – бұл әлі күнге дейін бізді біріктіре алатын жалғыз нәрсе, себебі КСРО-ның барлық халықтары ортақ Жеңіске өз үлесін қосқан болатын. Жадты қалай сақтау керек? Кей кездері ғана белсенділік көрсету емес, күнделікті ынталы және мұқият жұмыс жасау қажет. Мен, мысалы, «Мәңгілік полк» акциясын жақсы қабылдаймын. Бірақ, егер олардың ұйымдастырушыларының интернет-парақтарын қарасақ, олар, өкінішке орай, тек 9 мамыр қарсаңында ғана белсенділік танытады...
Бұрынғы КСРО аумағында соғыс айналып өткен отбасы жоқ екенін ескере отырып, Айгүл Байқадамова жұмысты отбасылардан бастауды ұсынады. Егер, мысалы, әрбір ата-ана өз баласын қызықтырса, оны соғысқан ата-бабалар туралы ақпаратты (марапаттау парақтарын, жерленген орындарын және т.б.) дербес іздеуге итермелесе, онда бұл тарихи жадыны сақтау ісіне қосылған үлкен үлес болар еді. Бір жақсысы, қазіргі уақытта бұл деректер мамандандырылған сайттарда белсенді түрде орналастырылуда.
«Дөңгелек үстел» жұмысының барысында жастардың назарын ҰОС тарихына қарай аудару және жаппай бұрмалаушылықпен күрес жүргізу туралы көптеген идеялар айтылды. Кейбіреулері ғылыми және мұрағат материалдарын ашық қолжетімділікке қоюды, басқалары – бұл ресурстарды оқу процесіне белсенді енгізуді, ал үшіншілері – ойын немесе медиа-форматтардың көмегімен теорияны практикада бекітуді ұсынды, біреулер тіпті смартфондарға арналған арнайы қосымша құруды ұсынды... Бірақ барлық қатысушылар осындай нәрселерді жас адамдарға мұқият жеткізу және мұны өздері түсінетін және қабылдайтын тілде ғана жасау керек деп шешті.
- Мен біздің елдегі кез келген өзгерістер мен реформаларды жастардан емес, балалардан (олар қалыптаса бастаған кезде, әлем деген не екенін түсіне бастаған кезде) бастау керек деп әрдайым айтып келемін. Бұл Tabularasa – таза тақта сияқты, онда кез келген нәрсенің барлығын салуға болады. Қазіргі балалар теледидар қарамайтынын және көпшілігі кітапханалар мен мұрағаттарға бара бермейтінін ескере отырып, мүлдем басқа амалдарды іздестіру керек. Балалар ақпаратты қайдан алады? Интернеттен. Олар үшін кімдер беделді? Әртүрлі блогерлер. Демек, егер біз қандай да бір нәрсе жасағымыз келсе, оларды дәріптеп, жадыны сақтағымыз келсе, онда бұл қазіргі заманғы медиаресурстарды пайдалануымыз қажет. Фантик, мұқаба әртүрлі болуы мүмкін, ең бастысы – мағынасы сапалы болу керек, – деп атап өтті «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Динара Сәдуақасова.
Пікірталастың нәтижелерін қорытындылай келе, «Русь молодая» жастар әлеуметтік-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Лущ патриоттық іс-шараларды ұйымдастырумен және іздестіру жұмыстарымен айналысатын БАҚ-ың, ғылыми, сараптамалық қауымдастықтың және азаматтық қоғам өкілдерінің өзара тығыз қарым-қатынас жасау қажеттілігіне назар аударды. Бұл өзара іс-қимылдың мүлдем жаңа нысандары болуы тиіс, себебі ескілері жұмыс істемейді. Егер бүгін трендте азаматтық журналистика (ақпараттың негізгі тасымалдаушысы және таратушысы ретінде) болса, онымен тікелей сөйлесу керек. Ең бастысы – бірлесіп құрылған мәдени медиа-өнімнің жақсы, тиімді және сұранысқа ие болуы. Ал осы игі мақсаттардың барлығы тиісті ресурстық нығайтылуы мен лайықты қаржыландыруы болуы маңызды.