Сенбі, 31 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1355 14-05-2019, 11:42

Қазақстандағы ұлтшыл-патриоттар саяси заңдылық алатын болды ма?

ҚР президенттігіне «Ұлт тағдыры» қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов тіркеуден сәтті өтті. Оның қолдауына қойылған қолдардың қажетті санын негізінен қазақ ұлтшылдары қамтамасыз етті. Сонымен қатар, олар Әміржан Қосановтың әлеуетті электоратының көпшілігін құрайтын болатын көрінеді. Өз үміткерін жеңіске жеткізу, әрине, олардың қолынан келмейтін болар, бірақ билік ол кандидатқа барлық сүзгілерден өтуге мүмкіндік берген фактінің өзі көп нәрсені білдіріп отыр. Кейбір сарапшылар мұнда елдегі ұлтшыл-патриоттық қозғалысты заңдастыру процесінің басталғанын көреді. Бірақ бұл шынымен де солай ма? Егер солай болса, онда оның болашағы, мысалы алдағы парламенттік сайлауда, қандай болуы мүмкін?

Асқар Нұрша, саясаттанушы:  «Саясатшылар осы аудиторияның қолдауына қол жеткізуге тырысыатын болады»

- Мен Қосановтың кандидатурасын қолдайтын, бірақ сонымен қатар ұлтшыл болып табылмайтын адамдарды білемін. Олардың бір бөлігі либералды қанатқа жатады, ал екінші бөлігі өздерін патриотпыз деп есептейді. Қолдаушылардың арасында, әрине, ұлтшыл-патриоттар деп аталатын адамдар да бар.

Бізде қазақ тілін жақтап, оның мәртебесін нығайтуын қалайтын адамдардың барлығын БАҚ бірден ұлтшылдар қатарына қосады. Бірақ шындығында бұл дұрыс емес. Себебі, бүгінгі таңда халықтың жалпы құрамындағы қазақтардың үлесінің өсуі басым тренд болып табылады. Демографияның ықпалымен «қазақ факторы» саясатта да күшейе түсуде. Бірақ ол көп желілі кабель тәрізді бірнеше өзара иірілген тамырдан тұрады. Олардың бірі – қоғамдық өмірде неғұрлым айқын көрініп келе жатқан ұлтшылдыққа бағытталған күштер. Саясаткерлер осы аудиторияның қолдауы мен назарына қол жеткізуге тырысатын болады. Біз көптеген еуропалық елдердің немесе Ресейдің мысалында саяси өрісте осындай күштердің саны өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Орыс ұлтшылдарымен пікір-талас кезінде Ресей президенті өзін «ең үлкен» және «дұрыс» ұлтшылмын деп атайды. Бізде де дәл солай болады.

Бірақ басқа да «тамырлар» – қазақтың азаматтық факторы, қазақтың солжақтылары, мемлекетшілер және т. б. бар.Қазақ тілінің мәртебесін қолдау тұрғысынан сөз сөйлей отырып, олар азаматтық қоғамның күн тәртібін немесе солжақты идеяларды алға жылжытады. Уақыт өте келе тіл ұлтшылдықтың белгісі болуын тоқтатады. Мысалы, Арменияда барлығы армян тілінде сөйлейді және сонымен қатар Еуропалық даму жолын қолдап, Ресеймен тығыз байланыс жасауды қалайды.

Қосанов бұл мағынада ерекшелік танытпайды. Ол үшін либералдар да жақын, бірақ ұлтшыл-патриоттардан да ол бас тартпайды. Қосановты нашар білетін орыстілділер (ол ұлтшыл-патриоттармен біріккені үшін) одан қашатын болады. Ал оның либералдармен байланысы, керісінше, «нұротандық» электораттан айырады.

Егер болашақ парламенттік сайлау туралы айтатын болсақ, онда ұлтшыл-патриоттық күн тәртібі таза түрде айтылатын болады деп ойламаймын. Электоратқа, соның ішінде қазақ электораты үшін, мәселелердің әлдеқайда кең спектріне жауап қажет болады. Сондықтан әңгіме көбінесе елдің даму стратегиясы жөнінде, экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөнінде болады.

Максим Казначеев, саясаттанушы: «Бұл риториканы басқа кандидаттар да ұстанады»

- Президент сайлауына қатысу арқылы Акорда басқарып отырған ұлтшыл-патриоттардың бөлігін заңдастыруға әрекет ету туралы тезиспен келісемін. Бірақ сонымен қатар, бұл қатысу сәтсіз болуы мүмкін екенін атап өту керек.

Ұлтшыл-патриоттарды сайлауға жіберу арқылы билік саяси алаңның осы сегментін қолдаудың нақты деңгейін анықтауға тырысады. Әзірге оларды ұнататын сайлаушылардың саны белгісіз болып отыр. Бағалаулар өте көп ерекшеленеді.

Егер Әміржан Қосанов 9 маусымда дауыс беруге белсенді қатысуға өз жақтастарын жұмылдыра алатын болса, кейін Ақорда 2021 жылғы парламенттік сайлауға ұлтшыл-патриоттық ұғымдағы партия құруды санкциялауы мүмкін. Ал бірақ егер Қосановты қолдау деңгейі төмен болса, онда билік ұлтшыл-патриоттарға сенім артпайтын болады. Сондықтан ол үшін сайлаушылардың 7-10 процент дауысын алу өте маңызды, өйткені бұл жетістік болашақ парламенттік сайлауға салыстырмалы түрде табысты қатысуға мүмкіндік береді.

Ал бұл мәселе өте күрделі болып табылады, өйткені президент лауазымына басқа кандидаттар да ұлтшыл-патриоттық риториканы ұстанатын болады. Сонымен қатар, Қосановты радикалды оппозиция мен радикалды ұлтшылдар тарапынан қолдау көрсету дәрежесін бағалау әзірге қиын, өйткені билікпен ынтымақтастықта болғанына байланысты, электораттың осы сегменттері үшін ол тартымды болмауы ықтимал.

Кандидат ұсынған сайлау алдындағы тұғырнама әзірше тым «шикі» болып отыр, ол популизмге бағытталған және декларацияланатын мақсаттарға қол жеткізу тетіктері туралы түсінік бермейді. Оның үстіне, оның әлеуметтік бөлімі негізгі идеологиялық оппоненті – Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы (ҚКХП) кандидатының сайлау алдындағы тұғырнамасының осыған ұқсас бөлігінен іс жүзінде ерекшеленбейді, ал оның ұлттық-патриоттық блогы «Ақ жол» партиясы кандидаттының ұсынғанын сөзбе сөз қайталайды.

Бәлкім, Әміржан Қосановтың штабы үгіт-насихат науқаны барысында кандидаттың позициясын түзетіп, оған өзінің ерекше электоралды орнын табуға көмектесуі де мүмкін. Әйтпесе, ұлтшылдардың парламенттік амбицияларын алыс уақытқа дейін кейінге қалдыруға тура келеді.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Оның электораты біргелкі емес»

- Әміржан Қосанов – ұлтшыл-патриоттық лагерьден ұсынылған кандидат деген пікірмен келіспеймін. Егер оның бэкграундын ескеретін болсақ, онда ол көбінесе оппозиция өкілі ретінде сөз сөйлеген болатын. Және оның риторикасы ұлтшылдыққа қарағанда, либералды-демократиялық риторикаға жақындау келеді. Бәлкім, әлеуметтік желілерде оның қолдауына қатысатын «ұлшыл-патриоттардың» белсенділігі байқалатын болар. Бірақ, менің ойымша, ол қазіргі билікті оппоненттеу идеясы біріктірген мүлдем біргелкі емес электораты бар. Бұл жағдайда оған өз аудиториясын тарылтудың қажеті жоқ. Тек этносқа бағытталған адамдар жағында болудан гөрі, барлық наразылық электоратына үндеу жасау Қосановқа әлдеқайда көп дауыс әкелетін болады.

Ұлтшыл-патриоттық қозғалыстың легитимизациясына, яғни саяси заңдылық алатынына келетін болсақ, қазақ ұлтшылдық партиясын құру жөнінде әңгімелер бұрыннан айтылып келе жатыр. Қоғамдық пікірдің сауалнамасы көрсеткендей, біздің еліміздегі электораттың орта есеппен 10 проценті ұлтшыл идеологияны қолдайды. Яғни мұндай партия үшін қажетті әлеуметтік база бар. Бірақ ағымдағы саяси жағдайларда оны «төменнен» қалыптастыру мүмкін емес. Ал «жоғарыдан» жасалған конструкция өміршең болмайды. Сондықтан Қосановтың көпшілік алдында саяси аренаға президенттікке үміткер ретінде шығуын мен тактикалық міндеттерді шешуге тырысу ретінде қарастырамын. Әңгіме наразылық көңіл-күйді ағызып жіберу және электоралды процестің «жандануы» туралы болып отыр. Ал парламенттік сайлау туралы айтатын болсақ – соншалықты алыс болашаққа қараудың мағынасы жоқ…

Комментарии