Бізді қандай да бір сайлаулармен таң қалдыру қиын, бірақ қазіргі жағдай ерекше болып табылады. Біріншіден, бұрынғы кездерде біз ешқашан еліміздің жаңа президентін таңдаған емеспіз, ал екіншіден, көпшілігіміз алдағы сайлау науқанынан қандай да болмасын интрига күтудеміз. Бірақ ондай нәрсеге сену қиындау болса да, қанша дегенмен, осы жолы барлығы әдеттегіден өзгеше өтсе екен деген тілек бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің отандастарына жолдаған үндеуінде былай деп мәлімдеді: «Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың қалауы бойынша сайланады. Қазіргі мемлекет басшысы ретінде сайлау адал, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін! Бұл менің қағидатты ұстанымым!». Бұл өте үміттендіретін міндеттемелер сияқты естіледі, солай емес пе.
Егер мен біздің қоғам өзгерістерді күтіп қалды деп айтсам, жаңалық ашпаспын. Халықтың ерік-жігерін көп жыл бойы, жұмсақтау айтқанда, елемеу онда немқұрайлылық мен апатия тудырды. Мұндай жағдай шексіз жалғаса беруі мүмкін емес екені түсінікті. Ерте ме, кеш пе, бірақ іс орнынан қозғалуы керек еді. Егер біздің бүгін байқап отырғанымыз сол өзгерістердің бастамасы болса, онда олар бюрократиялық қателіктермен және шенеуніктердің артықша қызушылығының салдарынан жоққа шығарылып қалмаса жақсы болар еді. Ондайды біз бірнеше рет бастан кешкен болатынбыз. Сондықтан біздің билік қайтадан сол қателіктерге ұрынып қалмау үшін қандай да бір күш-жігерін жұмсауы керек.
Осыған байланысты: алдағы сайлау науқаны қандай болуы тиіс? – деген сұрақ туындайды. Оның форматы, мазмұнды бөлігі, идеологиялық толтырылуы жөнінде айтып отырмын. Ел азаматтары өркениетті, шынайы демократиялық және әділ «ойын ережелерін» қалайды. Қ.-Ж. Тоқаев оларды қамтамасыз етуге уәде берді. Бірақ қазіргі кезде жалғыз ғана уәде аз болады. Оны нақты шешімдермен және іс-әрекеттермен бекіту қажет.
Біріншіден, сайлау балама болуы керек, яғни жалған бәсекелестік емес, нақты бәсекелестік қажет. Ал барлығы негізгі кандидат кім болатынын түсініп отырса да, кез келген жағдайда оған қарсы кезекті саяси сайқымазақтар емес, нақты оппоненттер тұруға тиіс.
Екіншіден, сайлауға тиісті идеологиялық антураж жасалуы керек. Атап айтқанда, барлық кандидаттардың арасында көпшіліктің алдында пікірталастар өткізілу керек. Бұдан қорықпаудың себебі қарапайым: ел де, қоғам да қазіргі кезде жиналып қалған проблемалар туралы адал және ашық сөйлесуді қажет етеді. Ешкімді айыптамай, ешкімге наразылық көрсетпей, жақын болашақта қайда және қалай қозғалатынымызды нақты етіп айту қажет. Мұндай әңгіме өткізілетін болмаса, қалған нәрселердің барлығы мән-мағынасын жоғалтады, ал билік ниетінің адалдығы тағы да күмән тудыратын болады.
Тағы да қайталайын: бұдан қорқудың қажеті жоқ. Азаматтар бәрін де дұрыс түсінеді, және дәл осындай тәсіл соңғы уақытта анық көрініс алған барлық ішкі шиеленісті айтарлықтай дәрежеде жоюға мүмкіндік береді. Бұл жәйт оңайлықпен түсіндіріледі: ел халқының басым бөлігін алаңдататын нақты проблемалармен айқын диссонанста болып отырған біздің жалған табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы аса шаттылықпен айтылатын сөздерден адамдар әбден шаршады.
Ашық әңгіме, келісімді етіп таңдалған интонациялар, дұрыс қойылған екпін – мінеки дәл осылар сайлаушылардың жүрегінің кілті бола алады. Сондай-ақ бұл тек қатардағы азаматтар үшін ғана емес, биліктің өзі үшін де маңызды. Өйткені соңғы жылдары, шындығын айтсақ, қойылған мәселелер аясында оған деген сенімділік те іс жүзінде таусылған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев, қоғамдағы көңіл-күйді түсінетін нағыз саяси гроссмейстер ретінде, 19 наурыздағы өзінің мәлімдемесімен барлығымызға Қазақстан тарихы мен дамуындағы түбегейлі жаңа кезең басталады деген нақты месседж жіберді.
Нақтылап айтамын: дебаттар тек өздігінен ғана маңызды емес, олар ұлтқа бағытталған тікелей емес үндеу ретінде маңызды. Бір ғана адамның монологы емес, атап айтқанда мемлекеттегі жоғары саяси қызметке үміткер болып отырған отандық истеблишмент өкілдерінің қатысуымен өткізілген пікірталас қажет. Бұл алдағы сайлауға өркениетті формат береді, өйткені саясаткерлердің жария пікірталастары демократиялық қоғамдардың өмір сүруінің міндетті элементі, нормасы болды. Сонымен қатар, бұл қоғамдық пікірді оятады (жақсы мағынада) және азаматтардың бүкіл сайлау науқанына деген қызығушылығын арттыратын болады.
Басқаша айтқанда, билік өз фобияларынан құтылып, сайлаушылар қандай да бір интриганы байқаулары үшін және олардың ұстанымдарына да бір нәрсе тәуелді екенін сезінулері үшін барлық күш-жігерді жұмсауы керек. Бұл билікке деген сенімнің тек өсуіне ықпал етеді. Әсіресе, билік пирамидасының шыңында жаңа тұлға пайда болғанын ескерсек. Осыған қоса, бұл азаматтардың электоралды белсенділігінің катализаторы бола алады. Менің түсінуімше, билік үшін бұл өте маңызды, өйткені әлеуметтік желілерде сайлау бойкотына шақырулар естіліп жатыр. Бірақ мұндайдың болуын қаламас едік.
Сайлау науқанын ұйымдастырудың техникалық жағы туралы да бірнеше сөз айтып кеткен дұрыс болады. Мысалы, сайлау кезінде тұтастай жұмылдыратын бюджеттен жалақы алатындарды (мұғалімдерді, медицина қызметкерлерін, қатардағы мемлекеттік қызметкерлерді) қанша қинауға болады? Мүмкін, менің көзқарасым біреулерге дұрыс емес болып көрінетін шығар, бірақ шақыру жарияланатын болса, онда сайлау учаскелерінде жұмыс істеуден бас тартпайтын белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар аз емес деп сенімдімін. Оның үстіне осындай тарихи сайлау кезеңінде. Мен бұл туралы ешбір жасырын мағынасыз айтып отырмын. Тағы бір мәселе, осындай шешім қабылдауға құқылы адамдардың осындай қадамға батылдығы бар ма. Өйткені, біздің шенеуніктеріміз ешқашан батылдықпен және жауапкершілікпен ерекшеленбейтіндігі құпия емес. Дегенмен, үміт үзілмейді…
Тақырыпқа қатысты пікір:
Максим Казначеев, саясаттанушы: «Адал жеңіс – транзитті заңдастырудың ең жақсы тәсілі»
- Сіздің ойыңызша, алдағы президенттік сайлау адал әрі ашық өтуі үшін, сондай-ақ онда шын мәнінде лайықты кандидат жеңуі үшін не қажет?
- Қазіргі сайлау науқанының ерекшелігі әлеуетті үміткерлерге қойылатын талаптарды айтарлықтай қатаңдату болып табылады. Біріншіден, мемлекеттік қызметте бес жылдық жұмыс өтілінің немесе сайланбалы қызметте болуы туралы норма енгізілді. Екіншіден, кандидаттардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі алынып тасталды. Олар тек саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктерден ғана ұсынылуы мүмкін.
Осылайша, президенттік лауазымға әлеуетті үміткерлердің саны айтарлықтай қысқарып қалды. Белсенді және пассивті сайлау құқығы деген ұғым бар екендігін естеріңізге салып кетейін. Белсенді дегеніміз – бұл сайлау құқығы, ал пассивті – билік органдарына сайлану құқығы. Осылайша, ағымдағы сайлау науқанында Қазақстан азаматтарының 99%-тен астамы үшін президент лауазымына дауысқа түсуге пассивті сайлану құқығы жойылды. Мұндай құқықтары сақталған шенеуніктер мен барлық деңгейдегі депутаттардың «жоғары кастасы» қалыптасты. Бірақ бұл «каста» ел халқының жалпы санының бір процентін де құрамайды.
Сондықтан лайықты кандидатты таңдау шын мәнінде басқа мәселеге айналып отыр – біз, азаматтар, лайықты адамды тек шенеуніктердің арасынан таңдауымыз керек пе, әлде мемлекеттік қызметтің міндетті өтілі туралы норманы алып тастап, сонымен қатар өзін-өзі ұсыну құқығы туралы норманы қайтадан қайтару керек пе?
Әзірге бізге лайықты кандидатты тек шенеуніктер тізімінен ғана таңдау керек болып отыр, ал бұл өзіндігінен де күмәнді. Өйткені, бизнестің табысқа қол жеткізуге қабідетті өкілдері, азаматтық сектордың белсенділері оларға қарағанда әлде қайда перспективалы болуы мүмкін емес пе. Тіпті басқа посткеңестік мемлекеттердің тәжірибесі де бюрократтардан «шаршаудың» біртіндеп өсуін көрсетеді: Никола Пашинянның 2018 жылы Армениядағы парламент сайлауында жеңісі, алдағы Украина президенті сайлауының екінші турында шоумен Владимир Зеленскийдің Петр Порошенконы жеңу мүмкіндігі... Қазақстан алдында «алтын каста» мәртебесін иеленген шенеуніктерді одан айыру міндеті тұр.
- Бұл үшін орталық сайлау комиссиясы, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтардың өздері қандай іс-шаралар өткізу тиіс?
- Сайлау процесінің барлық қатысушылары сайлаудың адалдығы мен ашықтығына өз әсерін беретін белгілі бір функцияларды орындайды.
Қатардағы азаматтардың басты міндеті – келіп дауыс беру. Сайлаушылардың келуі неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне жалған бюллетеньдерді салып жіберу де қиынға түсетін болады. Соңында – дауыстарды санау кезінде – осындай жалған бюллетеньдер айқын көрінуі мүмкін. Егер сайлау учаскесінде дауыс берушілердің саны нақты келген сайлаушылардың санынан артық болса, онда бұл дауыс беру нәтижелерін жою үшін тікелей себеп болып табылады.
Өз кандидаттарын ұсынған саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) міндеті әлдеқайда күрделі – олар сайлау мониторингін ұйымдастырулары қажет. Осы қоғамдық құрылымдар бұған өздері мүдделі болуы тиіс, өйткені олардың ұсынылған кандидаттары қандай да бір заңсыз манипуляциялардың салдарынан сайлаушылардың дауысын жоғалтпауы маңызды. Бұған дейінгі науқандардың тәжірибесі көрсеткендей, қиындықтар көбінесе сайлауда орын алатын бұзушылықтар белгіленгенімен байланысты емес, олар құқық қорғау органдары мен прокуратура тарапынан осы бұзушылықтарға қатысты іс-қимылдарынан туындайды. Мұндай фактілер туралы партиялар мен ҮЕҰ бақылаушыларының мәлімдемелерін прокурорлар қабылдамайды, немесе олар осы бұзушылықтарға деген реакцияны барынша «баяулатады». Сондықтан саяси партиялар мен ҮЕҰ алдында сайлаудың әділдігін қамтамасыз етуге жауапты бейінді мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін «сындыруға» қабілетті заңгерлер мен адвокаттардың құзыретті командаларын қалыптастыру міндеті тұр.
Орталық сайлау комиссиясына қойылатын талаптарды тұжырымдау қиынырақ болып табылады – өйткені онжылдықтар бойы ол сайлау нәтижелерін «суреттейтін» биліктің басты құралы ретінде әрекет ететін. Қазір, дауыс беруге екі ай қалғанда, осы құрылымның жұмыс істеу қағидаларын біз өзгертіп үлгермейміз.
Бірақ саяси партиялар мен ҮЕҰ билікке әкімшілік ресурсты пайдаланудан бас тарту және сайлаудың әділ нәтижесін алу – бұл транзитті заңдастырудың ең жақсы тәсілі екенін түсіндіруге тырысуы мүмкін. Мейлі, Ақорданың кандидаты азаматтардың дауыстарының тек қана 55-65% иеленсін, бірақ егер ол дауыстар адал жолмен алынатын болса, онда мұндай жеңіс, әкімшілік ресурстарды белсенді пайдалана отырып қол жеткізілгеніне қарағанда, әлде қайда құнды және маңызды болады.
Дайындаған Кенже ТАТИЛЯ
Фото: Диапазон Газеті