Дүйсенбі, 30 қараша 2020 ЖЫЛЫ
1427 15-01-2019, 11:51

Қазақстан – тек қазақтар үшін ғана ма? Қандай саяси күштер авангардқа шығатын болады?

Қазақстанда кезектен тыс сайлау болатыны күннен күнге қаттырақ сезілуде. Егер президенттік болмаса да, онда парламенттік. Қоғам өзгерістерді талап етеді және билікке ерте ме, кеш пе, ағымдағы электоралды циклдың аяқталуын күтпестен, осы сауалға жауап беруге тура келеді. Бірақ сайлау алдындағы жаңа жарысқа партиялық алаң дайын ба? Онда жаңа саяси күштер өсіп келе жатыр ма, әлде дәстүр бойынша бәрі «ескі әндермен» шектеледі ма? Бұл туралы біз саясаткер Айгүл Омаровамен әңгімелесеміз.

Әкімшілік ресурс өз рөлін атқаратын болады

- Айгүл, өткен жылдың соңғы айларында кезектен тыс сайлау жөніндегі болжамдардың жетіспеушілігі болған жоқ. Сіз олармен келісесіз бе? Егер келісетін болсаңыз, онда олқандай сайлау болмақ?

- Шынында да, қараша-желтоқсан айларында транзиттің басталуы мен алдағы болатын сайлау туралы әңгіме күрт күшейе түсті. Кейбір сарапшылар мерзімінен бұрын президенттік десе, басқалары – парламенттік дейді, ал үшіншілері олардың біріктіруін күтуде. Сайлау науқанының жанама белгілері аз емес. Ең алдымен, бұл үкімет тарапынан зейнетақылармен басқа да төлемдерді арттыру түрінде әлеуметтік салаға баса назар аударуды күшейту. Айта кетейік, мемлекет басшысы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен кездесті, оның парламенттік фракциясы еңбек шарттарына қатысты мәселелерді, еңбек ақыларды арттыру жөнінде және зейнеткерлердің проблемаларын басқаларға салыстырғанда жиірек көтереді. Бірақ біздің елімізде бірдеңені болжау қиын. Айта кетерлігі, мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың ықтималдығы зор, бірақ мұнда барлығы Елбасының саяси еркіне байланысты.

- Ал парламентке сайлау туралы не айтасыз? Егер электоралды жарыс жақын арада белгіленген болса, онда қандай партиялардың депутаттық мандаттарды алуға мүмкіндігі бар?

- Қиын сұрақ. Бірақ ойланып көруге тырысайық. Бүгінгі таңда Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Халық ең жақсы жағдайда олардың үшеуін біледі. Бұл «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы (ҚКХП). Олардың барлығының өкілдері парламентте бар. Ал төртіншісі – «Ауыл» деп аталатын партия– тек қана кейбір ауыл тұрғындарына және саясаттанушыларға ғана танымал болуы мүмкін. Сонымен қатар, оның төрағасы сенатор болып табылады.

Өкінішке орай, бүгінгі күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) туралы ештеңе естілмейді (себебі қаражаттың жоқтығында болар), алайда оның жастар қанаты жұмыс істеуді жалғастыруда және басқа партиялардың өкілдерінен айырмашылығы – өздері туралы әлеуметтік желілерде белсенді түрде мәлімдейді. Кез келген уақытта жұмылдыруға дайын әйелдер филиалы да бар. Сондай-ақ ЖСДП өкілдігі халықаралық аренада,  «Социнтерн» құрамына кіреді. 

Енді тіркелген партиялардың арасындағы алтыншысы – «Бірлік» партиясына қатысты келетін болсақ. Оның сайты 2016 жылдың тамыз айынан бастап жаңартылмаған, онда партияның бағдарламасы да, сайлау алдындағы платформасы да жоқ екенін айтсақ да жеткілікті. Сонымен қатар, оның артында қуатты қаржы топтары тұратыны құпия емес, сондықтан харизматикалық көшбасшының және айқын идеологияның жоқтығы оның электорат арасындағы беделінің өсуіне ықпал етуі екіталай болсада, бұл партияның реанимациясы кез келген уақытта іске асырылуы мүмкін.

Егер парламентке өту мүмкіндіктері туралы айтатын болсақ, онда олар, әрине, «Нұр Отан» партиясында бар, бірақ соңғы уақытта ол белсенділігін төмендетіп, халық арасында көбірек сұрақтар тудыруда. Елімізде болып жатқан көптеген резонанстық оқиғаларға оның тарапынан реакцияның болмауы адамдарға түсініксіз. Әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау сияқты қоғам үшін өмірлік маңызды мәселелер бойынша да партия өз ұстанымын білдірмейді.

Дегенмен, басқа партиялар да үнсіздік сақтап, резонанстық оқиғаларға жауап бермеуді жөн көреді, бұл олардың қоғамдық санадағы қабылдануына теріс әсер етеді. Оған қарамастан, парламентте ұсынылған партиялар қайтадан сол жерге кіруге мүмкіндігі бар. Әкімшіліктік және басқа да ресурстар өз рөлін атқарады.

- Біздің партияларымыз мемлекеттік аппаратқа ұқсас құрылған. Билік жүйесіндегі сияқты, олардың әрқайсысының қызметі оның бірінші басшысының айналасында шоғырланған. Сіз тіркелген партиялардың көшбасшыларын қалай сипаттайсыз? Олар қаншалықты харизматикалық, олардың бейнелері қазақстандықтар үшін қаншалықты тартымды?

- Ешкімді ренжіткім келмейді, бірақ сұрағыңыз заңды. «Нұр Отан» Нұрсұлтан Назарбаевсіз бір күн де өмір сүрмейді. Ол туралы әртүрлі нәрсе айтуға болады, бірақ Қазақстан президенті тек харизматикалык емес, ол уақыттың сәтін жақсы сезетін, жасына қарамастан өзгере білетін адам. Бір кездері оның осындай мінез-құлқы менің аға жолдасым Нағашыбай Шайкеновке өте қатты ұнаған, ол адам бұл туралы сағаттар бойы айтуға дайын еді. Күнәмді жасырудың қажеті не, мен Накенің сөздеріне күмән келтіріп, тіпті күлетінмін. Бірақ қазір, жылдар өткен соң, ол адам ғалым бола отырып, ел президентінің басты сипатын бірден байқағанына көз жеткіздім.

Ал қалған саяси партиялардың көшбасшыларын оның қасына қою мүмкін емес. Егемендік жылдары бойы біздің елімізде оған сәйкес келетін бірде-бір саясаткер өскен жоқ.

Популистстік риторика сұранысқа ие болмақ

 

- Қазақстанда партиялық құрылыс бұрыннан бері тығырыққа тірелді. Мүмкін, бар партиялардың іргетасын жойып, жаңаларын салатын уақыт келген болар?

- Партия, классиктердің анықтамасы бойынша, – алдыңғы қатар, қоғамның авангарды. Және олар әрдайым қажет болады. Егер партия қоғамда жүрген көңіл-күйді көрсетпесе, ол басқа іс. Мұндай жағдайда олардың өмір сүруінің орындылығы туралы мәселе туындайды. Демек, жаңа саяси күштердің пайда болуына ықпал ететін сау бәсекелестік болуы тиіс. Мен жақын болашақта популизмді белгілі бір іспен біріктіретін партия пайда болатынына күмәнім жоқ. Жалпы, популистік риторика, менің ойымша, ең көп сұранысқа ие болуы мүмкін. Мәселе осындай партияны басқаратын және сайлаушылар сенетін харизматикалық тұлғаны іздеп табуда ғана. Соншалықты көптеген кланды топтар болған кезде осындай партияны қаржылық қамтамасыз ету – проблема емес.

- Бірақ қазақстандықтар елімізде бізді жарқын болашаққа апаруға дайын жаңа көшбасшылар жоқ деп жиі айтады. Солай ма? Олар шын мәнінде жоқ па, немесе массаларды жетектей алатындарды саясат қызықтырмайма?

- Бізде әлі де өздерімен жетектеп алып жүретін жаңа көшбасшылар көрінбейтіндігіне келісемін. Бәлкім, олар бар болар, бірақ әзірше өздерін көрсетуге асықпайды – немесе өзін-өзі сақтап қалу сезіміне байланысты, немесе өзінің уақытын күтіп отырғандықтан. Сондай-ақ, Мұхтар Тайжан мен Марғұлан Сейсембай сияқты адамдардың танымалдығының артуы азаматтар жаңа көшбасшылардың пайда болуын армандайды дегенді білдіреді. Бірақ, өкінішке орай, бізде дұрыс пен бұрысты ажыратып, шын мәнінде белгілі бір қайраткердің риторикасынан жасырын мәнін көре алатын адамдар көп емес.

- Соңғы оқиғалардың және Интернетте ұлтшылдық риториканың күшеюі кезінде саяси партиялардағы және билік органдарында негізінен бір этнос бар екендігі көзге түседі. Бұл ештеңені білдірмейтін ауытқуларма, әлде оның терең салдары болуы мүмкін бе?

- Сіз күрделі мәселені қозғадыңыз. Бізде Қазақстан – көп этносты, мультиконфессиялы ел деп айтқанды ұнатқанмен, бірақ билікте тек бір ұлттың өкілдері отыр. Не үкіметте, не 17 аймақтың басшылары арасында бір де бір қазақ емес адам жоқ. Тіпті өздері айтуынша интернационализмді ұстанған саяси партиялардың да басшы органдары 99%-ке «титулды» ұлттан тұрады.

Әр түрлі этностар құқықтарының теңдігі және ұлтаралық келісім туралы айтылатын мемлекетте мұндай ауытқулар болмауы тиіс. Егер біреулер бұл жағдайды қалыпты деп санайтын болса, онда кез келген эвфемизмдерді алып тастап, Қазақстан – тек қазақтардың республикасы екенін тікелей айту керек. Бұл кем дегенде адал болады. Бірақ біздің үнемі айтатынымыз басқаша: «Қазақстан – жүз халықтың елі».

Дәл осы гендерлік саясатқа да қатысты. Бізде барлық министрлер мен өңірлер басшыларының арасында бір ғана әйел бар. Ал елдегі әйелдер саны ер адамдардың санынан көп.

Таңқалдырарлығы, қоғам өмірінде маңызды рөл атқаруға үміт артқан саяси партиялар осындай ауытқылар туралы тіс жармайды. Онымен қоймай, олар мемлекеттік органдарда қалыптасқан тәжірибені қайталайды.

 

Төзімсіздік градусы артады

 

- Таяу болашақта бізде батыс құндылықтарын уағыздайтын партия пайда болуына мүмкіндік бар ма?

- Дәл осындай партияның пайда болу мүмкіндігі зор. Бірақ ол жалпыға танымалды болмауы ықтимал. Оны олигархтар мен солармен байланысты шенеуніктер құруы мүмкін, және бұл партия қарапайым халықтың сұраныстарын ескеретін болатыны күмән келтіреді. Оның жалғыз мақсаты – олигархтар өздерінің қазіргі жағдайын сақтап тұру. Сондықтан да міндеттер: парламентке кіру, ел президенттігіне кандидатты ұсыну және т.б. Оған қоса бай адамдадың салық ауыртпалығын босатынқырап, ал қатардағы азаматтардың салық ауыртпалығын ұлғайтатын заңдар қабылдау. Әрине, оған қоса әр түрлі преференцияларды қолдау.

Мұндай партия ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейді, өйткені ол нақты міндет ретінде құрылатын болады: транзиттік кезеңді бастан өткізу. Сонымен қатар, қазақстандық қоғамның ерекшелігін білмейтін, дисперсті, саяси-технологтардың осындай партия үшін массамен жұмыс істеудің барабар идеологиясын және тиімді стратегиясын әзірлей алмайтынын болжай аламын. Жалпы, халықтың олигархтарды қабылдауы өте жағымсыз сипатқа ие, демек, мұндай партиялардың соңынан баратын адамдар аз.

- Ал бүгін электораттың сұраулары қандай?

- Менің ойымша, бұл, ең алдымен, азаматтардың құқықтарына қатысты конституциялық нормаларды сақтау (еңбек етуге лайықты жағдайлар жасау мен еңбекке ақы төлеу, сөз бостандығы және ақпаратқа қол жеткізу, барлығының заң алдындағы жауапкершілігі, жазаның бұлтартпастығы). Бұл ретте, менің ойымша, халықтың көпшілігі биліктен оның талаптарын «жоғарыдағылар» еститінін және оларды орындай бастайтынын көрсететін қадамдарды күтеді.

Әрине, көптеген қазақстандықтар саяси радикализм мен «түрлі-түсті» революция орны толмас зардаптарға айналуы мүмкін екенін түсінеді. Өйткені, «майданға» шақыратындар немесе шетелге қашып кетеді, немесе өз риторикасын өзгертеді, ал соңында халық зардап шегеді. Бүгінгі әлемде бұған мысалдар көп, және Интернет арқылы біз олар туралы жақсы білеміз. Сонымен қатар, төзімсіздік градусы артады. Адамдар биліктің көптеген шешімдерін, оперативтік араласуды талап ететін жағдайлардағы оның әрекетсіздігін, резонанстық оқиғаларды жоққа шығаруды, шенеуніктердің халықтың пікіріне құлақ аспауын ұнатпайды. Және бұл халықтың наразылығынәлеуметтік желілердегі арандатушылар, соның ішінде ұлтшыл ұрандарды да ұсынатындар пайдалануға тырысады.

 

Қазақтар өз табиғаты бойынша толерантты

 

- Ұлтшылдық көңіл-күйдің өсуі тағы бір партияны құруға алып келе ме? Мұндай сценарий қаншалықты мүмкін және ол елге не әкелуі ықтимал? Кім оның көшбасшысы бола алады? Егер әлеуметтік желілерде қызу деңгейін ескеретін болсақ, онда халық мұндай партияны қолдайды деп болжауға болады…

- Мұндай көңіл-күйдің өсуі тиісті саяси партияны құруға алып келеді деп ойламаймын. Бұл халықтың едәуір бөлігі осындай сенімдерді бөліскен жағдайда мүмкін болар еді. Бірақ қазақстандықтар көпшілігінде білімді адамдар және ұлтшылдықтан фашизмге де алыс емес екенін жақсы түсінеді, ал ондайға жол беруге болмайды. Жеңіс Күнін мерекелеуге қарсылық танытқандар және панфиловшылардың ерлігін жоққа шығарушылар қандай тойтарыс алатынын қараңыз. Әлеуметтік желілерде кей кезде орын алатын ұлттық-патриоттық толқындарға қарамастан, қазақтар өздерінің негізгі массасында толерантты және радикализмді қабылдамайды. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, ұлтшылдар арасында бірлік жоқ. Ескі гвардия жаңа фигуралардың пайда болуын қабылдамайды, ал өзі жасына, денсаулық жағдайына және т. б. байланысты саяси қызметке белсенді қатыса алмайды.  Ұлтшылдық позициясында тұрған «Жаңа Қазақстан» қозғалысына қатысты айтар болсақ, ол біргелкі емес және белсенді іс-қимылға қабілетті емес сияқты. «Жаңақазақстандықтар» Ашаршылық тақырыбына қатысты бірнеше қатты дауысты мәлімдеме жасап, содан бері әлі де жалғасып келе жатқан үзіліс алды. Бұл заңды, өйткені қозғалыс басында тұрған адамдардың ешқайсысы креативтілігімен де, ұйымдастырушылық қабілеттерімен де ерекшеленбейді (Әміржан Қосанов пен Ермұрат Бапидан басқа – олар жарқын журналистер ретінде танымал).

Үшіншіден, бүгін осындай партияны басқаратын адам көрінбейді. Бірақ, олигархтардың, шенеуніктердің және тіпті қаржылық қамтамасыз етілген адамдардың фигуралары осындай партияның көшбасшысы ролін өздеріне өлшеп көруге қарсы емес екенін мойындау керек. Бірақ, олар ешқандай нәтижеге келмейді деп ойлаймын – олар халықтан тым алыс, олардың шеңбері тым тар және жүзбен кландағы байланыстары тым берік.

- Бүгін мораль мен дәстүрлі құндылықтардың жақтаушылары жанданды. Оларды «диванда отыратын батырлар» деп атай алмайсың, өйткені олар сөзден іске тез ауысады – казақ қыздарының шетелдіктермен үйлену тойларын болдырмай тастайды, жалаңаштыққа қарсы митингтер ұйымдастырады, «уят» деген түсінікті заңнамалық түрде бекітуді талап етеді. Сонымен қатар ресми түрде тіркелген саяси партиялардың аясында олар неғұрлым тартымды көрінеді. Олардың идеологиясы анық артикуляцияланып, барлығына және әрқайсысына түсінікті. Әрине, біздің отандастарымыз барлығы жаппай оларды жақтамағанмен, бірақ мәжілістегі коммунистердің де ізбасарлары көп емес.  Бұл белсенділердің ерте ме, кеш пе саяси күшке айналу мүмкіндігі қандай?

- Олар жақын арада кетеді деп ойлаймын. Бұл мемлекеттің идеологиялық бөлігі нашарлап, тек тыйым салу мен шектеу жүйесі ғана орын алғанда пайда болатын көбік. Елде осындай «активистерге» жазалау шараларын қолдана бастағаннан кейін (Конституцияның және қылмыстық құқықтың қолданыстағы нормаларына сәйкес осы баяғыда шұғылданатын кезкелді деп ойлаймын), олар жоғалады. Әзірше, бұл адамдар осындай іс-әрекетті тек тойтарыс алмағандықтан жасап жүр.

Бұл жерде Қоғамдық даму министрлігі мен оның басшылығы өздеріне жүктелген міндеттерді айқын орындай алмайды деп айтуға болады. Олар немен нақты айналысатынын ешкім білмейді. Бұл ведомство басқаша аталғанда және оны Нұрлан Ермекбаев басқарған кезде оған сұрақтар айтарлықтай аз болатын…

 

Комментарии