Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
3070 27-10-2018, 10:20

Қазақтар мен орыстар: біздің ортақ тарихымызда жақсысы басым болды ма әлде жаманы ма?

Үш ғасырға жуық қазақтар мен орыстар бірыңғай саяси және экономикалық кеңістікте – алдымен Ресей империясының, содан кейін Кеңес Одағының құрамында тұрды. Біз белгілі отандық сарапшыларға осы мәселе бойынша сұрақтар жолдап, өз пікірлерін білдіруді өтіндік:

  1. Бірге тұру қазақтарға қандай жақсылық әкелді?
  2. Қандай жағымсыз сәттерді еске алуға болады?
  3. Қазақ қоғамы егеменді тарих жылдарында біздің бірлескен тарихымызға неғұрлым объективті көзқарас қалыптастыра алды ма? Немесе мұндай жұмысты отандық зерттеушілердің болашақ буындары істеу керек пе?
  4. Қазақ мемлекеттілігінің болашағы, сондай-ақ Ресеймен өзара қарым-қатынасымыздың болашағы тұрғысынан мұны жасау қаншалықты маңызды?

Асылбек Бисенбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент: «Тарихты ұғыну мүлдем басқаша болуы мүмкін»

1. Бірнеше анықтама жасайық. Қазақ хандығы Шыңғысханның ұлы империясының ыдырауы кезінде, Жошы, Шағатай ұлыстары және қағанның басқа да мұрагерлері де ыдырай бастаған кезде қалыптасты. Мәскеу князьдігі бағынышты аумақ болып, Моңғол империясының біртұтас саяси кеңістігіне кірген еді.

Бірақ жағдай өзгерді. Орта Азия мемлекеттерін жаулап алғаннан кейін Ресей империясы пайда болып, ол Қазақстанды да жұтып алды. XIX ғасырдың ортасынан бастап Қоқан, Хиуа және Бұхара хандықтарын, содан кейін Памир мен Түрікмен оазистерін басып алу басталды. Оңтүстік Қазақстан аумағы Ресей империясының құрамына кірді. Кейбір қазақ тайпалары оның бодандығын қабылдап, тіпті Қоқанға қарсы соғысқа да көмектесті. Сонымен қатар Ресей империясының билігіне қарсы көптеген көтерілістер (оның ішінде Кенесары Қасымовтың басшылығымен) болғанын тарихтан білеміз.

Қосылу процесі 1731 жылы, Кіші жүздің ханы Әбілхайыр ресейлік бодандықты қабылдағаннан басталып, 150 жылға созылды. Ол процесс әртүрлі әдістермен – бейбітшілік жолынан әскери тәсілдерге дейін – жүзеге асырылды. Бірақ қосылу бекітілген желілер мен қалалардың құрылысымен ғана шындыққа айналды. Тек содан кейін Ресей империясы қазақ даласында аяғын тік басып тұрды.

Экономикалық байланыстар бұрыннан қалыптасқан, өйткені мемлекеттер, шекара, сауда жолдары өзгеріп тұрғанмен, сауданың өзі экономикалық фактор ретінде бұрыннан пайда болды. Қазақстанның Қытаймен, Үндістанмен, Иранмен экономикалық байланыстары болды. Ал Иван Грозный Қазан және Астрахань хандықтарын жаулап алғаннан кейін – Ресеймен де.

Отарлау процесі қарама-қайшы сипатқа ие болғандықтан, оң және теріс тәжірибе туралы бір-бірінен бөліп айту қиын. Ресей империясының құрамына кіргенмен қазақтар саяси құқықтарға ие болған жоқ. Бірақ олар Ресейлік оқу орындарында және жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне иеленді. Білім беру жүйесі отарлық әкімшіліктің төменгі буынының қызметкерлерін, сондай-ақ мұғалімдерді, аудармашыларды даярлауға бағытталған. Сонымен қатар, қазақ тілі кемсітілді, ал оқыту процесінің өзі халықты русификациялауға бағытталған.

Өз жерінен айырылғандықтан, қазақтарға отырықшылыққа көшуге тура келді. Жердің жоқтығы оларды қоныс аударған адамдардың немесе жергілікті кәсіпорындардағы жұмысшылардың батрактары болуға мәжбүрлеген. Халықтың саралануы күшейе түсті.

Қазақтардың аз ғана білімді бөлігі саяси процестерге, әсіресе 1905 жылғы төңкерістен кейін, қосылды. Бірақ олардың көп бөлігі ресейлік саяси күштер арнасында болған. Ұлттық партияларды құру 1917 жылдан кейін ғана басталды, алайда бірнеше жылдан соң олар жойылды.

Революциядан кейін ҚазКСР автономиясы, одан соң одақтас республика болғанмен, ешқандай саяси да, экономикалық да дербестік берілмеді. Барлық мәселелер, соның ішінде астананың орналасу орнын немесе алфавитті таңдау, Қазақстаннан тыс жерде шешілді. Социалистік эксперимент халықтың жартысының өлуіне, бірегейліктің жоғалуына, ана тілінде білім беру жүйесінің тарылуына алып келді. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары қазақ тілі мемлекеттік басқару және білім беру жүйесінде жұмыс істеуін тоқтатты. Республика халқының санындағы қазақтардың үлесі 1950-ші жылдардың ортасына қарай төрттен бір бөлігіне дейін төмендеді. Сол кезде қазақ кеңестік интеллигенциясы қалыптасты, бірақ ол репрессияға және түрлі тыйымдарға ұшыраған.

Сондықтан біржақты жақсы жетістіктер іс жүзінде жоқ деуге болады.

2. Теріс сәттер көп. Бұл халықтың жойылуы – жаулап алу кезеңінен бастап 1986 жылдың желтоқсанына дейін. Екі әлемдік соғыс кезіндегі жаппай ашаршылық, 1921 жыл, отырықшылдыққа және ұжымдастыруға күштеп аудару, сондай-ақ 1947 жыл. Қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарындағы қазақ бөлімдерінің жабылуы. Этнос урбанизациясына жасанды тосқауылдар құрған тіркеу институты. Қазақстанды ядролық полигонға (қырғынға ұшырататын қаруды сынау жүзеге асырылды, тек қана Семей облысында емес) айналдыруды.

Кейбір жерде жаманы жақсымен қатар жүрді. Тың жерлерді игеру қазіргі Қазақстан үшін бидайдың қатты сорттарын сату есебінен бюджетке түсетін түсімдердің көзі болды. Бірақ сонымен қатар экологиялық апат (топырақтың желденуі мен шаңды дауылдар) және әртүрлі бөтен халықтың, олардың арасында қылмыстық элементтердің келуі.

3. Тарихқа объективті көзқарас тұрақтату – күрделі процесс. Өйткені, қоғамның өзі, оның қалауы, саяси құрылымы, ақпараттылығы үнемі өзгеріп отырады. Бүгінгі күні азаматтардың көпшілігіне даусыз болып көрінген нәрсе ертең сол көпшілікті айнытуы мүмкін. Кез келген фактіні ұғыну мүлдем басқаша болуы ықтимал. Мысалы, біз үшін Жаныбек пен Керейдің қоныс аударуы – қазақ хандығының 550 жылдық тарихының басы. Бірақ бұл қадамды бір уақытта Әбілхайыр хандығы элита бөлігінің сепаратистік әрекеттері ретінде немесе бір бодандықтан екінші бодандыққа өту ретінде Могулистан құрамына кіру, немесе саяси біріншілік үшін шыңғысшылар арасындағы ішкі күрес деп түсіндіруге болады.

КСРО кезінде Қазақстанның Ресейге ерікті қосылуының 250 жылдығын атап өттік. Бүкіл республика бойынша осындай жазуы бар плакаттар ілінді. Бұл қоғамды қанағаттандыратын, бірақ барлығын емес. Кіші жүздің ханы Әбілхайыр көптеген рулық басшыларының келісімісіз ант қабылдағанын ел біледі. Ал қазақ билеушілерінің антын қабылдаған ресейлік елші Тевкелев осындай қадамға наразы болған адамның қолынан өліп қала жаздады. Айтпақшы, Әбілхайыр өзі кейіннен бірнеше рет орыс бекіністеріне шабуыл жасап, тіпті бодандықтан бас тарту туралы айтқан.

Бүгін отандық тарихшылар Қазақстан тарихы туралы елеулі еңбектер шығаруға тырысады. Жаңа мұрағат материалдары іздестірілуде. Бірақ мұнда бірнеше мәселе бар. 1990 жылдары тарихшылар ұрпақтары үзілді. Қаржыландырудың болмауы, өмір сүру деңгейінің төмендеуі кәсіби кадрлардың ғылымнан кетулеріне, олардың шетелге көшулеріне әкеп соқтырды. Ғылыми мектептер толықтырылмады, зерттеу жұмысының дағдылары мен әдістемелері жоғалды.

Менің ойымша, жас тарихшыларда дереккөздерге және басқа да мәселелерге сыни көзқарас туралы түсінік жоқ. Қазіргі авторлар көптеген сұрақтар марксистік методологияның ұшуына қарамастан, тарихшы-ғалымдарының кітаптарында шешілгенін білмейді. Осыдан біздің тарихи ғылымымыздың беделінің өсуіне ықпал етпейтін «ғылыми» сенсациялар туады.

Тағы бір мәселе: тарихшылардың еңбектері аз таралыммен басылып, оларға тіпті мамандардың қолы жетпейтін. Ғалымдардың, соның ішінде тарихшылардың кітаптары кітап дүкендерінде сатыла алмайтыны туралы мүлде ақылға симайтын шешім бар.

Соңғы екі онжылдықтағы қазақ тарихы мәселелері бойынша 1916 жылғы оқиғалардан басқа бірде-бір ірі пікірталас есімде жоқ. КПСС диктаты жылдарында да көшпелі қоғам мен меншіктік туралы, Қазақстанның Ресейге қосылуы жөнінде, ұлт-азаттық қозғалыстар, ұлттық республикаларда социализм құру ерекшеліктері мәселелері бойынша пікірталастар жүргізілетін.

4. Мемлекеттілікті нығайту тұрғысынан тарих ғылымын дамыту және оны танымал ету өмірлік қажет. Ежелгі заманнан бері адамдардың ортақтығы ортақ мифтер шығарады, ал адамзаттың дамуымен тарихи ғылым да дамыды. Жалпы жұрт таныған тарихсыз ұлт та жоқ. Бұл тек Ресеймен, Қытаймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен немесе Түрікменстанмен қарым-қатынас тұрғысынан ғана маңызды емес. Бұл, ең алдымен, ұлттың өзі, азаматтардың өздері үшін, біз кім екенімізді және қалай алға жылжуымыз керек екенін түсіну үшін маңызды.…

Нұртай Мұстафаев, тарихшы:  «Алыс туыстан жақын көрші артық»

1. Айталық, жақсы нәрсе көп болды. Ресей империясының, содан кейін Кеңес Одағының құрамында қазақтар отырықшылыққа көшті, түрлі бағыттағы егіншілікті игерді, урбанизацияланды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет дамыды.

Ресей империясының орбитасында болғанда 1860-шы жылдардың ортасынан бастап Қазақстан саяси-құқықтық тұрғыдан отарлауға байланысты жалпы теріс сәттер де орын алды. Тиісінше саяси-құқықтық және соның салдары ретінде экономикалық тұрғыдан кемсітушілік болды. Дегенмен, қазақ өмірінің түрлі салаларындағы ілгерілеу (кеңес кезеңіндегі сияқты елеулі емес болсада) айқын болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында алғашқы зайырлы (дінаралық емес) қазақ мектептері мен газеттері пайда болды. Орыс білім беру негізінде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин және т.б. алғашқы қазақ ағартушылары қалыптасты. ХХ ғасырдың басында жергілікті қазақ баспасөзі дами бастады, ең алдымен Алаш зиялылары қалыптасты.

Қазіргі заманғы миф шығарушылардың ұсынымдарына қарамастан, Алаш интеллигенциясы дәстүрлі-мұсылман және антироссийлік емес, олар батыстық және пророссийлік еді. Қозғалыс, содан кейін «Алаш» партиясы Ресей кадет партиясына жақын болды (кейде халықтық еркіндік партиясы деп аталған Конституциялық-демократиялық партия). Оның ауыспайтын көшбасшысы Әлихан Бөкейханов өзін «батыс мәдениетін саналы түрде жүзеге асыруда қырғыз [қазақ] даласының болашағын осы сөздің ең кең мағынасында көреді» және «үлгі ретінде алады... атап айтқанда, халық бостандығы партиясын».

II Мемлекеттік Думаның депутаты Мұхамеджан Тынышпаев 1907 жылғы 8 сәуірдегі хатында: «Мені солжақты немесе аса солжақты деп санайды. Мен өзімнің саяси бейнемді жасырмаймын – мен солжақты емеспін, кадетпін. Мен қоғамдық және қырғыз [қазақ] мүдделерінің татуласуын іздедім, ал кадеттер бағдарламасы бұл мәселені толығымен шешеді».

Кеңес кезеңі Ресей империясының дәуірінен түбегейлі ерекшеленеді. «Горбачевтың қайта құруы» деп аталатын дәуірден бастап КСРО ыдырауына ықпал еткен либералдық интеллигенция, «совок», «тоқырау» тәрізді субъективті-психологиялық ғылимы емес айқындамаларды айналымға еңгізді, Сонымен қатар, жыл сайынғы экономикалық өсу қарқыны 1964-1982 жылдары 10-12% құрады. Дәл сол кезеңде мыңдаған зауыттар іске қосылды, Одақ ғарышты игеруде көшбасшы болды. Физика, химия, басқа ғылым салаларында кеңестік ғалымдардың әзірлемелері әлемдегі ең озық, серпінді болды. Әдебиетте, кинода шедеврлер жасалған, қазіргі заманғы жазушылардың, кинематографистердің, Ресей, Қазақстан және басқа да посткеңестік елдердің мәдениет қайраткерлерінің жетістіктері оларға жетпейді.

1960-1980 жылдары қазақтар, қазақстандықтар әлемдегі ең білімді халықтардың бірі болды. Сауаттылық 99% құрады, ересек халықтың жартысына жуығы жоғары білім алды. Мектепке дейінгі мекемелердің (бөбекжай, балабақша), мектептердің кең желісі құрылды, ондаған жоғары оқу орындары (институттар, университеттер) ашылып жұмыс істеді. Кәсіптік-техникалық білім дамыды, бірақ олар постеңестік кезеңде жойылған.

Ресей мен ресейлік ғалымдардың қолдауымен ондаған ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Қазақстан Ғылым академиясы құрылды. Республиканың ҒА негіздері Ұлы Отан соғысы кезінде, Қазақстанға ондаған ҒЗИ және КСРО-ның мыңдаған жетекші ғалымдарын көшірген кезде қаланды. Соғыс аяқталған соң олардың көпшілігі Қазақстанда өмір сүріп, жұмыс істеп, ғылымның дамуына елеулі үлес қосты.

Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның барлық жұмыс істеп тұрған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары – «Қазақмыс», «Қармет», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты, Өскемен металлургия зауыттары және басқалары кеңес кезеңінде салынды. Қазгуград, «Политех»  қалашығы, оқу корпустары мен барлық ірі жоғары оқу орындарының жатақханалары да либералдардың «қарғысына» қалған кеңестік кезеңде пайда болды.

Бүгінгі таңда зауыттарда, фабрикаларда, астық кешендерінде, театрларда, «Қазақфильм» киностудиясында, кинотеатрларда, жоғары оқу орындарында, емханаларда, ауруханаларда, кеңес дәуірінің мұралары бар. Тіпті материалдық емес мәдениеттің мұрасы – ЖОО-да, мектептерде ҰБТ сияқты өтімді әдістемелерге қарсы тура алатын оқыту әдістемелерінің қалдықтары сақталған. Ол терең білім берген кеңестік оқыту жүйесінің қалдықтары, компьютер пернесіне саусақпен түрте салатын «Павлов итінің рефлекстері» емес.

2. «Этникалық белсенділер» деп аталатын публицистер жариялайтын жағымсыз сәттер көп емес. Олар Қазақстанның кеңестік кезеңнен емес, Ресей империясының орбитасына қосылу кезеңімен көп байланысты. 1867-1868 және 1886-1891 жылдардағы реформалардан кейін және 1917 жылға дейін Қазақстанның аумағы колонияға айналды. Бір жағынан, жергілікті халықтың құқықтық мәртебесі, құқықтық жағдайы, екінші жағынан, сайлау және сайлану құқығы, әскери және мемлекеттік қызмет атқару тұрғысынан бірдей болмады.

XIX ғасырдың екінші жартысында екі ірі империя қалыптасты – Британдық және Ресейлік. Орталық Азияда геосаяси бәсекелестік орын алды, ғылыми әдебиетте ол «Үлкен ойын» деп аталды. Өйткені Британия мен Ресей қосылған аумақтардың тұрғындарына қатысты әртүрлі саясат жүргізді. Ресей, Британияға қарағанда, жергілікті саяси элиталарды біріктіруге тырысты. Ашық нәсілшілдік, жергілікті адамдарды құлдыққа сату, қанды жаулап алу жорықтары болмады. Наразы адамдардың Үндістандағы сипалардың  көтерілісіндегі сияқты қатаң басылуы болған емес.

Қазақ жүздері Ресейге протекторат түрінде қосылды, бұл ішкі істерді жүргізу мен жайластыру және сыртқы функцияларын беру (дипломатиялық келіссөздер, қорғаныс) тәуелсіздігін сақтауды білдіреді. 1731 жылы Ресейдің протектораты Кіші жүз билеушісі Әбілхайыр хан мен сұлтандар қабылдады. Кейінірек Орта жүз де осы үлгіні қолданды. Кейін оның ханы Абылай Ресейдің де, Қытайдың да протектораттарын қабылдады. Ал іс жүзінде ол тәуелсіз билеуші болды.

1846 жылы Ресей бодандығын Үлкен жүз сұлтандары қабылдады. Алайда, ХІХ ғасырдың басында бұл жүз аумағының едәуір бөлігін Қоқан және Хиуа хандықтары – өзбек мемлекеттік бірлестіктері басып алады және бақылайды. Ұлы жүздің протекторатының шарттарына сәйкес Ресей әскерлері Оңтүстік және Батыс Қазақстан (Маңғышлақ) аумағының бір бөлігін қоқандықтар мен хиуандықтардан азат етті. Шымкент пен Түркістанды алу кезіндегі шайқас тарихтан белгілі. Қазақтар Ресей жағында да, Қоқан әскерлері жағында да болды. Бірақ Ресей Коканд пен Хиуаға қарсы әскери іс-қимылдар жүргізгенін ескеру керек.

Кез келген көпэтносты мемлекетте қақтығыстарға ұласу қатері бар қайшылықтар болуы мүмкін. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Жетісуда және 1918-1920 жж азаматтық соғыс кезінде бірнеше эксцесстер орын алды.

3. Қазақтар мен орыстар арасындағы өзара істері жөнінде, Қазақстан және Ресейге ортақ тарихқа деген көзқарас бұрынғы кезде де бұрмаланатын. Бірақ «қайта құру» заманынан бастап және посткеңестік кезеңде тарихи фактілер мен процестердің мифологиялануы мен бұрмалануы кеңінен таралған.

Мысалы, жекелеген публицистер, «этникалық белсенділер» 1931-1933 жылдардағы аштық (ашаршылық) туралы үнемі сұрақ қояды. Алайда, Орталық одақтық басқару органдары тарапынан ашаршылыққа жәрдемдесу жолымен қазақтарды құрту мақсатында ешқандай әдейі саясат, «зұлымдық пиғыл»  болған жоқ. 1930-шы жылдардың басында Қазақстанда ғана емес, Поволжье орыс аймақтарында да, Украинада да көптеген халық қаза тапты.

Партия мұрағатының (қазіргі ҚР президентінің Мұрағаты), ОММ (орталық мемлекеттік мұрағаттың) мұрағаттық құжаттары: аштыққа әкеліп соққан көшпелі шаруашылықтарды үдемелі ұжымдастырудың бастамашылары, жолсеріктері «паровоздың алдына түсіп алып» қашқан жергілікті қазақ партиялық кадрлары болды. Олардың көпшілігі 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, «қайта құру» заманынан аса көрнекті қайраткерлер ретінде құрметтелді.

Саяси, ұлтшылдық конъюнктурада тарихты бұрмалаудың басқа да көптеген мысалдары бар, бірақ оларды санау мүмкін емес.

4. Ал, ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы нақты либерализмге қарағанда, псевдолибералды және этно-ұлтшылдық конъюнктурада тарихтың бұрмалануына жол бермеу өте маңызды. Біз мұны қазіргі Украина мысалында көреміз.

Қазақстан секілді көпэтносты мемлекетте, оның геосаяси жағдайын ескере отырып, көпвекторлы саясатқа балама жоқ. Қазақстан кез келген басқа ел сияқты өзінің мемлекеттік мүдделерін негізге алуы тиіс.

Қазақстан үшін Ресей және Ресей үшін Қазақстан – тарих пен географияға негізделген деректер. Біздің елдеріміздің әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы  – 7548,1 км.

Қытайлықтар, орыс, қазақтарда және басқа халықтардың көпшілігінде белгілі мақалды ұмытуға болмайды: «Алыс туыстан жақын көрші артық»

 

Комментарии