Сәрсенбі, 21 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1575 24-10-2018, 17:49

Қазақстанға нормативтік-құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы қажет пе?

EN
RU
KZ

Алматыда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жаңару» Республикалық қоғамдық бірлестік ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті. Біздің тілшіміз осы отырысқа қатысушы, белгілі заңгер, «Жаңару» РҚБ төрағасының орынбасары, Қазақстан Криминологиялық қауымдастығының вице-президенті, заң ғылымдарының кандидаты Мұхамеджан Пакирдиновпен кездесіп, талқыланған мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруді сұрады.

- Дөңгелек үстел тақырыбы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама мәселесін таңдаудың себебі қандай?

– Қоғам және заңға бағынышты азаматтар заңдардың обьективті және жетілдірілген болуын қалайды, ал сапасыз заңнама сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін себептердің бірі болып табылады. Отандық заң шығару процесіндегі жетіспеушіліктері туралы жақында сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып кеткен еді. Ол кейбір заңдардың ішкі қайшылықтары жөнінде және олардың өзара теңгерімділіктің жоқтығын атап өтті. Бұл, әрине, парламент пен үкіметтің қызметіне қоғамның сыни көзқарасын туындатады.

Мысалы, Қазақстанның тәуелсіз автобизнес одағы басқармасының төрағасы Тимур Жаркенов БАҚ беттерінде қолданыстағы заңдар шағын және орта бизнес қызметкерлеріне Еуроодақ елдерінен автобөлшектер саудасын жүргізуге мүмкіндік бермейтінін ашық айтады. Осыған байланысты, белгілі спортшының автокөлігінен бүйір айналарын ұрлаумен болған қайғылы оқиға еске түседі: тонаушыларды ұстауға тырысып, ол қаза тапты.

Өз уақытында біздің елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамалар жүргізу объективті заңдарды қабылдауға көмектескеніне және оларды қабылдаудың барлық салдарын белгілі бір шамада есептеуге мүмкіндік бергеніне сенімдімін. Алайда, төрт жыл бұрын олар ешқандай түсіндірмелерсіз жойылған, ал қоғам осындай ойластырылмаған қадамның теріс салдарын айтарлықтай сезінді.

Өзіңіз ойланыңыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағыты өзгеріссіз қалуда. Мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған негізгі құқықтық құжаттар – «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы», «Нұр Отан» партиясының «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» жұмыс істейді, ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жойылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысын талдау көрсеткендей, елімізде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының өсу үрдісі бар, барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өздері де сыбайлас жемқорлықтың метастаздарынан зардап шеккен. Осының салдарынан биліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі көптеген бастамаларына халықтың сенімсіздігі бар.

Мемлекет мұны көріп, азаматтардың менталитетіне әсер етуге тырысады. Мысалы, қоғамдық орындарда «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» деген сыбайлас жемқорлыққа қарсы плакаттарды жиі кездестіруге болады, бірақ бұл жеткіліксіз екені анық. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлсіз тиімділігінің себептерінің бірі биліктің шешім қабылдау процесінде, оның ішінде қандай да бір заңдарды қабылдау кезінде тиісті ашықтықтың жоқтығы болып табылады.

- Ал басқа елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау ісі қалай өтуде?

- Бәрі де салыстыру арқылы айқындалады. Мысалы, Ресейде 2009 жылғы 17 шілдедегі Федералдық заң құқық қолданушылар үшін сыбайлас жемқорлықты көрсету үшін жағдайларды болдырмау мақсатында барлық мемлекеттік органдарды нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге міндеттейді. Бұл рәсім прокуратура және әділет органдарына жүктеліп, өз жемісін әкеліп жатыр. 2015 жылы прокурорлар мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сыбайлас жемқорлық факторларынан тұратын 10 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілерін анықтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама барысында мемлекеттік органдар қызметінің түрлі салаларында көрініс табатын шенеуніктердің «сатылу» факторларынан қауіпсіздік шаралары қабылдануда.

Ресейдегі сыбайлас жемқорлық табиғатын зерттеу заң шығару процесіне қатысатын депутаттарға мүдделі топтар немесе тұлғалар тарапынан әртүрлі жағымсыз түрде жасалған қысым арқылы әсер етуі мүмкін деген фактіні жасырмайды. Мәселен, 2002 жылы РФ Федерациясы Кеңесінің 179 мүшелерінің 80-і біреудің мүддесін жақтағаны немесе өздері кәсіпкер болып табылғаны дәлелденді. Өзіне назар аударатын жәйт – көршілеріміздің нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ олардың жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау алдын алу бағыттылығымен сипатталады.

«Жаңару» РҚБ үшін азаматтық қоғам институттары мен азаматтарға нормативтік құқықтық актілер мен олардың жобаларына тәуелсіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге құқық беретін РФ Федералдық заңының 5-бабы белгілі бір қызығушылық тудырады деп ойлаймын.

Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тәжірибесіне келетін болсақ, олар халықаралық-құқықтық актілерде (БҰҰ-ның 2003 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы және басқа да құжаттарда) негізделетінін атап өту қажет. Алайда көптеген еуропалық елдерде, соның арасында Ұлыбритания, Германия, Франция, Скандинавия мемлекеттерінде БҰҰ 2003 жылғы нормативтік актілерді бағалау туралы Конвенциясының 5-бабы 3-бөлігінің ережесі әдеттегі құқықтық сараптаманы неғұрлым терең жүргізуге шақыру ретінде қабылданған. Сонымен қатар, нормативтік актілердің жобаларына оларда сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасауға ықпал ететін нормаларды анықтау мәніне сараптама ЕО-ға мүше әрбір мемлекетте іс жүзінде жүргізіледі. Қалай болғанда да, ол жалпы отырыстарда заң жобаларын талқылау алдында әдетте парламенттерде жүргізілетін Заң сараптамасы барысында жүзеге асырылады. Алайда, әртүрлі елдерде талдау мен сараптамалардың осындай түрін регламенттеу нысандары бірдей емес. Бұдан басқа, аталған елдерде өте білікті сарапшылар бар, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жобаларына өз үйлерінде емес, шетелде – Азия мен Африка елдерінде өздерінің қорытындыларын жиі береді.

- Заңдар мен басқа да құқықтық актілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі құралы ретінде бағалауға бола ма?

- Ешқандай жағдайда да болмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, негізінен, нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық жағына қолданылады. Ал түпкілікті мақсатқа қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жалпы әлеуметтік жүйесін құру маңызды: азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қол сұғатын адамдардың барлығының жауапкершілігінің нақты тетіктері түрінде; нәтижелі қоғамдық бақылау, сондай-ақ адам құқықтарын қорғаудың рәсімдік тетіктері үшін жағдайлар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің негізі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг болуы тиіс. Басқа елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлыққа мониторинг жүргізу өзінің практикалық ауқаттылығы мен қажеттілігін дәлелдеді. Тек осындай шаралардың көмегімен ғана әлеуметтік себептерді талдауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-тәжірибе үшін пәрменді ұсынымдар әзірлеуге болады.

Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан ЕҚЫҰ бағдарламасының Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов және басқа да қатысушылар «Жаңару» РҚБ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама рәсімін жаңғырту қажеттілігі туралы бастамасын қолдады.

- Тәжірибелі заңгер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың қажеттілігі туралы сіздің жеке пікіріңіз қандай?

- Қысқаша айтамын. Заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге және олардың жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптама жүргізу біздің елімізде әкімшілік реформаны табысты іске асырудың басты шарттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар ол қоғам мен азаматтардың біздің өміріміздегі теріс құбылыстарды мүмкіндігінше тезірек жою деген ниетіне сай келеді деп ойлаймын.

Комментарии