Сәрсенбі, 5 тамыз 2020 ЖЫЛЫ
4883 21-01-2020, 12:00

Қазақстан надандар мен ақымақтар еліне айналса, одан кімдер ұтады?

Білім беру саласындағы қарама-қайшы және тіпті абсурдтық жаңашылдықтар (кейбіреулер оны реформа деп атайды), PISA зерттеулерінің нәтижелері мен университеттердің әртүрлі рейтингтері куәландыратын қазақстандық оқушылар мен студенттердің білім деңгейін ұдайы төмендей түсуі, бәлкім, мұндай жағдай біреулер үшін пайдалы болар деген ойға жетелейді. Бірақ бұл бенефициарлар немесе, біздіңше айтқанда, пайда алушылар кімдер екен? 

Білім беру сегрегациясы

Ең алдымен, бұл мемлекеттік бюрократия, біздің көптеген шенеуніктер. Мүмкін, оның қатарында жеке сананың деңгейінде білімді ұлт көруді қалайтын адамдар көп болуы да мүмкін, бірақ ұйымдастырылған әлеуметтік қатпар (класс), яғни корпорацияның ерекше бір түрі ретінде ол бұған мүдделі емес. Өйткені, ақылды және өз бетінше ойлау дағдыларын алған адам әрбір нәрсені бірдең сеніммен қабылдауға бейім емес, ол күмәндану, сыни талдау жасау қабілетіне ие. Ал елде осындай адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым оларды басқару қиынға соғады. Жетелеушінің соңынан үнсіз еріп жүре беретіндер, оған сөзсіз сенетін және артық сұрақтар қоймайтындар – ең қолайлы болып табылады.   

Бірақ жетелеушілерді де қайталап шығарып отыру керек, өйткені ешкім де мәңгілік емес. Әлбетте, дәл осы мақсатта мектепте білім беру жүйесінен жиырма зияткерлік мектеп (НЗМ) бөліп алынып, «элиталық» университет құрылып, оларға елеулі артықшылықтар берілді. «Халық коммунистерінен» ұсынылған парламент депутаты Ирина Смирнова өткен көктемде келесі сандарды келтірді: НЗМ-де бір баланы оқытуына мемлекет айына 200 мың теңге жұмсайды, ал әдеттегі мектептерде – 17 мың теңге. 10 еседен де артық айырмашылық! Мұндай құбылысты бүгінде барған сайын жиірек білім беру сегрегациясы деп атап жатыр.  

Кейбіреулер: көп мақтайтын Батыстың өзінде де әдеттегі білім мен элитаға арналған білімге бөлу орын алуда – деп айтуы мүмкін. Бірақ онда соңғысы жеке капиталмен қаржыландырылады, ал бізде – мемлекет есебінен қаржыландырылады (әрине, біршама жеке мектептер де бар). Мұндай жағдайларда айталатындай, олардың арасында үлкен айырмашылық бар. Айтпақшы, басталған жылға жалпы алғанда 20 мыңнан кем бала оқитын (барлық қазақстандық оқушылардың 0,6 проценті ғана) НЗМ-дер үшін республикалық бюджетте 29,5 миллиард теңге немесе әрбір оқушыға шаққанда бір жарым миллион теңге салынған. 

«Назарбаев Университеті» одан да көп мөлшерде қаржыландырылады. Өткен жылы ол бюджеттен 37 миллиардтан астам теңге, немесе әр студентке шаққанда орташа 10 миллион теңгеден (қазіргі таңда оған 44,1 миллиард теңге бөлінеді) алған болатын. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сияқты «әдеттегі» ұлттық университетінде бір студентті мемлекеттік грант бойынша оқытуға жыл сайын бюджеттің есебінен 600-700 мың теңге жұмсалады, ал өңірлік жоғары оқу орындарында оқыту 500 мың теңгеден кем сомаға жүргізіледі. 

Есептеп көрейік. НЗМ-де 20 мыңға жуық бала оқиды, ал тек өте бай ата-аналарға ғана қол жетімді жеке меншік мектептерде 26 мың бала оқиды. Барлығын қоса алғанда 46 мың немесе барлық қазақстандық оқушылардың шамамен 1,5 проценті. Қалған үш миллион әдеттегі оқу орындарына барады. Ал онда еңбек ақысы төмен және көбінесе біліктілігі төмен педагогтар (бұл ескерту негізінен мектепке тәуелсіздік кезеңінде келгендерге, мамандықтың беделі күрт құлдыраған кезде және педагогикалық ЖОО-ға жастар барып, қалдық қағидат бойынша түскендерге қатысты айтылған нәрсе). Оған қоса күмәнді оқу бағдарламалары мен әдістемелер, әртүрлі оқулықтар, қажетті жағдайлардың болмауы – ең болмағанда көшедегі дәретханаларды еске алыңыздар... Балалар осындай мектептерден қандай интеллектуалдық жүкпен шығады? Жоғары білім беру жүйесіндегі жағдай да шамамен осындай. ҚР саяси элитасы үшін елдің жас өскіндерінің 1,5 процентінің тағдыры қалғандарының тағдырына қарағанда әлде қайда маңызды болып отырғаны ма? 

Қазірдің өзінде: осы 1,5 процент Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтіндер – деген сөздерді елестетіп отырмын. Осыған ұқсас нәрсені біз «Болашақ» бағдарламасы пайда болған кезде, яғни ширек ғасыр бұрын естігенбіз. Өткен 25 жыл ішінде біздің он мыңнан астам азаматтарымыз үздік шетелдік жоғары оқу орындарында оқудан өтті, мемлекет оған әр түрлі бағалаулар бойынша бір жарым миллиард долларға дейін жұмсады. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен бір жарым триллион теңге. Ал оның нәтижесі қандай? Бұл орасан зор қаражатты Қазақстандағы мектеп педагогтарын материалдық ынталандыруға бағыттаған дұрыс болмас па еді? 

Өте тар шеңберді қамтылған элитарлық білім емес, ал тұтастай алғанда ұлттың жоғары зияткерлік деңгейі елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алады, оның экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуетін көтере алады. Алайда, біздің шенеуніктеріміз ақылды және ойлау қабілеті бар халықты өзіне бағындыру қиын болады деп қорқады. Сондықтан қарапайым мектептердің мұғалімдеріне (елдегі жалпы білім деңгейі ең алдымен оларға тәуелді) полицияға қарағанда әлдеқайда аз еңбек ақы төлейді. Ал ең дамыған мемлекеттерде – АҚШ, Жапония, Германия, Швеция және т. б. – жағдай мүлдем керісінше. Және бұл қоғамдық тәртіп күзетінің (және көбінесе биліктегі адамдардың тыныштығын сақтаушылардың) саны бойынша 10 000 адамға шаққанда Қазақстан әлемдегі алғашқы орындардың бірін алады… 

Әркімнің өз мүддесі бар

Екінші ірі бенефициар – отандық бизнестің біршама бөлігі. Ғылымды қажетсінетін, жоғары технологиялық салалар, зияткерлік өнім шығару, сондай-ақ бізде жай ғана нақты өндіріс құрметке ие емес; іскерлік белсенділік негізінен сауда, делдалдық және қаржылық операциялар, әртүрлі қызмет көрсету айналасында шоғырланған. Ал мұнда сатып алушы немесе клиент неғұрлым аз білімді болса, соғұрлым жақсы. 

Есеп жүргізіп, санауға қабілеті бар білімді (математиканы жақсы меңгерген) және ықтимал болатын салдарды алдын ала есептеуге қабілетті адам, несие алмай тұрып немесе ломбардқа бағалы затты салар алдында мың рет ойланады. Логикалық ойлау мен талдаудың ең болмағанда бастапқы деңгейін меңгерген адам белгілі бір тауардың қадір-қасиетін көрсететін қатты дауысты жарнамаға сене бермейді. Ал білімі төмен адамдар ондайға тез сеніп қалады. Әртүрлі қаржы пирамидаларының құрбандарының, банктер мен МҚҰ алдындағы кредиттер бойынша борышкерлердің, сондай-ақ пайдасыз тауарларды сатып алушылардың көпшілігін дәл осындай адамдар құрайды. 

Жоғары білім беру саласындағы бизнес туралы ерекше айту жөн болады. Қазақстанда бұл нарықтағы жылдық айналым 150-200 миллиард теңгеге бағаланады – сөз университет кассаларына ақылы бөлімдерде оқитын студенттер енгізетін сома туралы болып отыр. Ерлан Сағадиев (оның өзі және оның жақындары кем дегенде екі ЖОО – МАБ және ХАТУ-ға тікелей қатысы бар) бейінді министрлікті басқарған кезде осы бөлімдерге түсуді барынша жеңілдететін қадамдар жасалды – ҰБТ-ны бірнеше рет қайталап тапсыру мүмкіндігі пайда болды, университеттерге оқуға түсу үшін өту оңайырақ болды…  

Басқаша айтқанда, жоғары оқу орындарын қолдаушылар «төлеушілер» санын барынша арттыру үшін барлығын жасады, яғни өз кірістерін де өсірді. Енді Қазақстанда мектеп бағдарламасын толық игермеген кез-келген бала студент бола алады – тек ақшаң болса жеткілікті (ал егер болмаса несие алуға болады). Ал шын мәнінде, бұл жоғары білім беру саласының сапасыздығына, оның нәтижесінде дипломдары бар, бірақ білімі жоқ адамдарды одан да көп шығаруға әкеліп соқтырады. Мұндай жағдай жоғары оқу орындарының «бизнесмендеріне» өте тиімді, олардың ішінде көптеген ықпалды адамдар бар. Сондықтан олар университеттер мен студенттердің санын оңтайландыру жөніндегі шараларға барынша қарсы тұратын болады, атап айтқанда, осыдан бастап Қазақстанға қалыпты жоғары мектепті қайтару жөніндегі жұмысты бастауға тура келеді. Егер, әрине, мұндай жұмыс бір кездері басталатын болса. 

Халықтың білім беру деңгейінің құлдырауынан соңғы уақытта тым көбейіп кеткен қоғамдық пікір көшбасшылары да өз пайдасын алады. Олардың әрқайсысына әлеуметтік желілерде жазылған ондаған және жүздеген мың адамдар, көбінесе демагогия мен жалған патриоттығы бар қарапайым постыларына мәз болатындар – бұл көбінесе сыни ойлауға, талдау жасауға, салыстыру қабілеттілігіне ие емес адамдар.  Олар популистік тәсілдерге оңайлықпен көнеді, олардың санасымен айла-шарғы жасауға болады. Әлеуметтік желілердің маңыздылығын түсініп, ал көбінесе тіпті асыра бағалай отырып, билік пен бизнес бұл «көшбасшыларды» өз қаржыландыруымен қамтамасыз етуге дайын. Сол арқылы билік пен бизнес өзінің танымалдығын және өзінің қоғамдық пікіріне «әсерін» монетизациялауға, сондай-ақ осы арқылы мансапқа жету мүмкіндігіне ие болады.  

Қазақстан аумағында көбейіп кеткен және билік құрылымдарына да белсенді түрде еніп жатқан клерикалдар да ұтады. Олар зайырлы білім беру жүйесі жоғалып, оның орнына «құдайға жағымды» білім келіп өскелең ұрпаққа дүние құрылымы туралы, адам өмірінің мәні туралы, не нәрсе дұрыс, не нәрсе бұрыс деген түсінік береді деп армандауда. Дарвиннің эволюция теориясы, астрономия және басқалары құрып кетсін!

Ұлттық интеллигенция, әсіресе оның шығармашылық деп аталатын бөлігі жөнінде ерекше әңгімелеу жөн болады. Мүмкін, бұл адамдар өз халқы үшін, туған тілі үшін шын жүректен уайымдайдын да шығар. Бірақ олар барлық мектептерді қазақ тілді етіп жасауға шақырған кезде, үш тілде оқытуға қарсылық білдіргенде (үш тілді оқытумен, әсіресе МОН ұсынған оны жеделдете енгізудің нұсқасымен шатастырмау қажет), оқушыларға ағылшын тілін ертерек және негізді тұрғыда оқытуға қарсы болған кезде, орыс тілінің жүруін шектеуді талап еткенд, онда олардың да өз мүдделері бар деген сезім пайда болады. Өйткені тек ана тілін еркін меңгерген қазақ әлемде басқа әдебиет бар екенін білмейді (оның аясында қазіргі қазақтың әдебиеті өте әлсіз болып көрінеді), батыс философиясы бар екенін білмейді (онымен танысу біздің «ойшылдар» еңбектерін оқудан алшақтатады). Және т. б. Әлемдік мәдени мұраның өте аз ғана бөлігі қазақ тіліне аударылған (бұл киношедеврлерге де қатысты). Оларға орыс тілі арқылы қол жеткізуге болады, бұл мағынада ол көп мүмкіндіктер береді, бірақ жоғарыда айтылғандай, ұлттық интеллигенцияның көптеген өкілдері (бәлкім, оқырмандарды, көрермендерді және қоғамдық санаға өзінің бұрынғы ықпалының қалдықтарын жоғалтудан қорқу салдарынан шығар) оған қарсы болды. 

Бір сөзбен айтқанда, елімізде білім алу жағдайы неғұрлым нашар болса, қазақстандықтардың ой-өрісі неғұрлым тар болса, дұрыс ойлау қабілеті неғұрлым төмен болса – соғұрлым жақсы деп есептейтіндердің саны жеткілікті. Соның ішінде «басты бағытты» қалыптастырушылар арасында да олар көп. Демек, оптимизмге ерекше негіздер де жоқ… 

Сурет: https://theoryandpractice.ru/

 

Комментарии