Сенбі, 24 қазан 2020 ЖЫЛЫ
7270 14-11-2019, 15:30

Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарына айналатындар көбінесе қазақ әйелдері

Қазақстандағы үйдегі зорлық-зомбылық статистикаға көнбейді, өйткені оның құрбандары құқық қорғау органдарына және дағдарыс орталықтарына, өте қауіпті жағдайларда болмаса, сирек жүгінеді. Бірақ тіркелген фактілердің саны бойынша да бұл мәселе өткір сипатқа ие болғанын және ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіріп отыр деген қорытынды жасауға болады.

2017 жылы, ресми деректер бойынша, елде орын алған барлық қылмыстардың 38% әйелдерге қатысты қылмыстарға тиесілі болып шықты. Әсіресе олар ауылдық жерлерде және еліміздің оңтүстік өңірлерінде кеңінен таралған, онда әрбір екінші әйел ұдайы қандай да бір нысанда зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл ретте олардың кем дегенде жартысы бұл фактілер туралы билікке ешқашан хабарлаған емес. Бұған күйеуі мен туысқандарына материалдық тәуелділік, сондай-ақ құрбандардың өздеріне қарсы бағытталған қоғам жағынан кінәлау себеп болып табылады.

- Сонымен қатар, ауылдық жерлерде әйелдер мен қыздарға жыныстық немесе басқа да зорлық-зомбылық жағдайларында аз көмек көрсетіледі. Құрбандар жиі қорғаусыз қалады, ал құқық бұзушылар сирек жазаланады. Яғни, қолданыстағы заңнама тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған үшін қылмыстық жазалауды көздемейді, құқық қорғау жүйесі әйелдердің арыз жазып, шағымданғанын қолдамайды, ал әлеуметтік нормалар зорлық-зомбылықты қолайлы етеді, – деп атап өтті AERC сарапшылары (Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы), олар жақында Қазақстанның ауыл әйелдеріне қатысты үйдегі зорлық-зомбылық туралы зерттеуді жария етті.

Олардың айтуынша, елде әйелдерге арналған 28 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 17-сінде уақытша баспаналары бар. Ал жүздеп, мыңдаған әйелдер жыл сайын зорлық-зомбылық құрбандарына айналатынын ескеретін болсақ, бұл өте аз. Бұл ретте аймақтағы жалғыз дағдарыс орталығы облыс орталығында немесе Республикалық маңызы бар қалада орналасқан, демек, ауыл тұрғындарының көпшілігіне ол орталық қолжетімді емес.

Одан да үлкен кедергі болып табылатын нәрсе – әйелдердің арыз беруін іс жүзінде мүмкін емес ететін ауылдық полиция бөлімшелері. AERC мамандары атап өткендей, жергілікті тәртіп сақшылары мұндай істерді қабылдамауға тырысады, сондықтан зардап шеккендерді өз арыздарын қайтарып алуға немесе татуласуға көндіруге барынша тырысады. Сондай-ақ, ауылдық полиция бөлімшелерінде әйелдер мен балаларға арналған бөлмелер жоқ, бұл жәйт процесті қиындатады, себебі жәбірленушілерге көп адамдардың қатысуымен жалпы үй-жайдағы зорлық-зомбылық және отбасылық проблемалар туралы айту қиынға түседі, өйткені олардың көпшілігі өздерінің таныстары болып табылады. Сауалнамалар мұндай жағдайларда тірі қалудың негізгі стратегиясы көршілер мен туысқандар тарапынан көмек (әдетте уақытша баспана түрінде) болып табылатынын көрсетті.

- Зорлық-зомбылық ерлеріне бақылаушы мінез-құлқының жоғары дәрежесі тән отбасыларында жиі кездеседі, ол әйелдер мен балалардың қорғансыздығы немесе осалдығы негізінде көрінеді. Бұл қоғам мен мемлекеттің араласуының қажеттілігін талап ететін жағдай жасайды. Гендерлік теңсіздікті жою (оның ішінде ауылдағы әйелдер үшін экономикалық мүмкіндіктерді жақсарту жолымен) үй шаруашылықтарының ішіндегі билік қатынастарын өзгертуге алып келеді деп есептеледі. Мысалы, әйел өзін және балаларды қамтамасыз ете алатынын біліп, маскүнем күйеуінен кете алады. Мұндай саясаттың нәтижесінде үйде зорлық-зомбылық деңгейі төмендейді, әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты артады, – деп есептейді сарапшылар.

Есепте айтылғаны бойынша, оң корреляция бар: өз бизнесі немесе сенімді табыс көзі бар, өзіне сенімді әйелдер бақытты отбасыларда тұрады және отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау қажеттілігі жөнінде айтады. Сонымен қатар күрделі қаржылық жағдайға тап болған үй шаруасындағы немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер жиі зорлық-зомбылыққа ұшырайды ал кейбір жағдайларда тіпті өздері оны ақтайды. Демек, білімнің төмен деңгейі, гендерлік стереотиптер мен экономикалық тәуелділік тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептері болып табылады. Мұндай отбасылардың балаларында, әдетте, жақсы білім алуға, экономикалық тұрғыдан табысты болуға мүмкіндіктері жоқ, сондықтан нәтижесінде олар өз ата-аналарының мінез-құлқының моделін қайталайды.

Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен, AERC өзінің зерттеуі аясында 1424 ауыл тұрғынына сауалнама жүргізді. Көптеген респонденттер үшін үйдегі зорлық-зомбылық мәселесі өте сезімге ауыр болатындығын бірден атап өткен жөн, бұл нақты көріністі анықтауды қиындатты. Бірақ, екінші жағынан, мұндай мінез-құлық бұл мәселе өте кең тарағаны жөнінде айтады.

Сонымен, сұрақ қойылған әйелдердің 64% олардың таныстарының арасында ерлі-зайыптылар дене күшін қолданатын отбасы жоқ екенін атап өтті. Қалған 36%-де немесе өзінде мұндай тәжірибесі бар, немесе ол туралы басқалардан естіген. Бұл ретте әйелдердің тек 3% ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандығын мойындады және 17% өздерінің таныстарының отбасыларындағы осындай фактілер туралы айтты. Респонденттердің 16%-ке жуығы «жауап бергім келмейді» немесе «жауап беруге қиналамын» деген нұсқаларды таңдап, осы сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты.

Бір қызығы, әйел күйеуінің қатыгез қарым-қатынасы жағдайында қандай мінез-құлық стратегиясын ұстанатыны туралы сұраққа жауап берген кезде зорлық-зомбылыққа жеке тап болған респонденттердің үлесі біршама жоғары болып, 6,9% құрады. Бұл ретте олардың басым бөлігі, әдетте, ешкімнен көмек сұрамайды. Үйдегі зорлық-зомбылыққа ұшыраған және бұл туралы хабарламаған әрбір бесінші сұралған әйел кейде әйелдің өзі де кінәлі деп есетейді.

Сұралғандардың тек 2% үйде зорлық-зомбылыққа ұшырап, көмекке жүгінгенін мәлімдеген. Көбінесе олар өздерінің туған-туыстарына, полицияға, күйеуінің туыстарына барған екен. Қоғамдық ұйымдарға, дағдарыс орталықтарына өз проблемасын шешуге тырысқан үй зорлық-зомбылық құрбандарының тек 1,8% ғана жүгінген.

Ауыл әйелдерінің 8% үйде зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келмегенін хабарлады, бірақ егер олармен осындай жағдай болса, онда көмекке жүгінуге дайын екендігін айтты. Алшақ жерлердегі сұхбаттың респонденттері жас әйелдер үйдегі зорлық-зомбылықпен татуласуға өте сирек жағдайда дайын екендігін және мұндай жағдайларда тиісті органдарға көмекке жүгінетіні әбден ықтимал екендігін атап өтеді.

Зерттеу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әлеуметтік-демографиялық сипаттамалардың өзара байланысы талданды: жасы, ұлты, білім деңгейі, отбасы мүшелері мен кәмелетке толмаған балалардың саны. Нәтижесінде, қазақ әйелдері арасында үй зорлық-зомбылығының таралуы басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екені (5,1%-ке) анықталды. Күйеуі ұрып-соққан әрбір үшінші орыс әйел көмекке жүгінеді, ал қазақ әйелдерінің арасында жүгінгендердің үлесі тек 25% құрайды. Сонымен қатар, әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыпқа қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты немесе ауырсынды.

Үйдегі зорлық-зомбылыққа ұшырауы ықтимал тобын анықтаудағы басқа маңызды әлеуметтік фактор отбасының материалдық әл-ауқаты болып табылады. Алынған деректер нашар қамтамасыз етілген отбасылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын және көмекке сирек жүгінетінін тағы да дәлелдеді. Тіпті тамақтануға да қаражат жетіспейтін отбасылардың әйелдері қаржылық қиындықтарға ұшырамаған әйелдермен салыстырғанда бұл сұраққа жауап беруден екі есе жиі бас тартты.

Сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың өмірге деген оптимистік көзқарастары аз екені анықталды. Мұндай әйелдердің тек 28,6% ғана өз өміріне қанағаттанғанын атап өтті, ал зорлық-зомбылыққа ұшырамаған әйелдердің ішінде өмір сапасына толық қанағаттанғандардың үлесі айтарлықтай жоғары болып, 42,2% құрайды.

Дисперстік тест нәтижелері бойынша регрессиялық үлгіге қызмет түрі, хоббидің болуы, отбасылық мәртебесі және ұлты сияқты факторлар енгізілді. Қалған факторлар статистикалық тұрғыдан маңызды емес болып шықты. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылық әйелдердің жасы мен білім деңгейіне, отбасының материалдық жағдайы мен табысының түріне байланысты емес. Жиіліктік кестелер тұрмыстық зорлық-зомбылық оңтүстік және батыс өңірлерде жиі кездесетінін көрсеткеніне қарамастан, бұл фактордың да маңыздылығы жеткіліксіз болып шықты.

Жүргізілген регрессиялық талдау нәтижесінде бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін әйелдер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және уақытша жұмыссыздар жиі зорлық-зомбылыққа ұшырағандары анықталды. Керісінше, студент қыздар, жеке салада жұмыс істеушілер, үй шаруасындағы әйелдер мен мүгедектік себебі бойынша жұмыс істемейтін әйелдер ондаймен сирек кездеседі.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың болуы әйелдің отбасы мәртебесіне байланысты екені анықталды. Мысалы, тұрмыс құрмаған әйелдер, жесірлермен салыстырғанда, зорлық-зомбылыққа 8%-ке аз ұшырайды, ал ажырасқандардың арасында бұл ықтималдық 11,4%-ке жоғары.

 

Фото Le Parisien

Комментарии