Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1298 29-01-2019, 10:01

Антифашистер Қазақстанда Интернационалдық партия құра ала ма?

Біздің елімізде жаңа саяси қозғалыстың құрылуы сирек құбылыс болып табылады, ал ол бастауын төменнен алған кезде, сондай-ақ оның тіпті партияға рәсімделуі жоспарланып отырғанда, бұл қатардан тыс шығатын оқиға. Сондықтан біз соңғы уақытта әлеуметтік желілерде белсенділік танытқан Қазақстан интернационалистерінің антифашистік қозғалысына ешбір назарсыз қала алмадық, оның үстіне жұртшылық тарапынан да оларға деген көптеген мәселелер мен наразылықтар да жеткілікті. Соның барлығына жауап беруді біз оның бейресми көшбасшысы Бақытжан Көпбаевтан өтіндік.

- Бұл әсерлі атау нені және кімдерді сипаттайды?

– Антифашистік қозғалыс дегеніміз – бұл еліміздің түрлі өңірлерінен бірнеше қоғамдық ұйымдардың бірігуі. Біздің жақтаушылардың саны қазіргі уақытта үш мың адамға жетті. Біз барлығымыз әртүрлі салаларда жұмыс істеп жатырмыз, әртүрлі саяси көзқарастарымыз бар, бірақ бізді интернационализм идеологиясы біріктірді. Біз шовинизмның ешқандай нысанын қабылдамаймыз, бірақ бұл зұлымдықпен жалғыздап күресу мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан біз радикалды ұлтшылдардың шабуылдарын ұжымдық және өркениетті түрде тойтару мүмкіндігіне ие болу үшін қозғалыс құруды шештік.

- Яғни, сіздің ойыңызша, Қазақстанда фашизм бар ма?

- Егер елімізде жасырынсыз, ашық түрде өздерін қазақ фашистері деп атайтын адамдар өмір сүрсе (бізде скриндар, өздерінің мойындаулары жазылған жазбалар бар), олар қазақ ұлттық оюларынан жасалған «свастика» көрсететін болса, демек, фашизм бар деген сөз. Мүмкін, ол әдеттегі бізге таныс қалпында болмаса да, бірақ одан оның қауіптері аз деуге болмайды. Агрессивті-ұлтшылдық көңіл-күй барған сайын белсенді және айқын көрініп тұр. Егер бүгін біз бірігіп, оларға қарсы шықпасақ, ертең әрқайсымыз жекелеп әртүрлі радикалды элементтердің қолындағы ойыншық болып қаламыз.

Айтпақшы, Қарағандыда болған қайғылы оқиғаларға дейін біз құқық қорғау органдарына ұлтаралық алауыздықты өршітуге, еліміздегі жағдайды ушықтыруға тырысатын 150 радикалды бағытталған адамдар көрсетілген (аты-жөні, мекен-жайы және басқа да мәліметтер) тізім бердік. Бірақ, күтуге болатындай, олар біздің әрекетімізді ешбір елеусіз қалдырды. Ал осы адамдардың кейбірі оларды Украина, АҚШ және басқа да елдер қаржыландыратыны туралы, тіпті гонорарларының сомасына дейін (бірнеше мың доллар) тікелей мәлімдейді…

- Сіз қалай ойлайсыз, бұл көңіл-күй тек әлеуметтік желілерде көрініс алуда ма әлде олардың шегінен шығып кетті ме?

- Біздің жақтаушыларымыздың үйіне келіп «люстрация» (құрбан шалу арқылы тазарту) жасаса, тіпті ұрып тастаса да, бұл фашистік идеологияның виртуалды әлемнен шынайы жазықтыққа көшкенін білдіргені емес пе?! Ең қорқыныштысы, біз оның алдында мүлдем қорғансыз болып қалдық. Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларында тұратын біздің жігіттер құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағымданған болатын, бірақ сол қалпы ешбір нәтижеге қол жеткізе алмады. Онда негізінен мүлдем шара қолданғылары келмейді, тек қылмыс құрамы жоқ деп қолдарын сілтейді. Бұл біздің бірігуіміз жөнінде шешім қабылдағанымыздың тағы бір себебі. Бұдан басқа жол жоқ. Егер біздің полиция бізді қорғауға қабілетті болмаса, біз өзімізді өзіміз қорғауымыз керек.

Алайда біз News Front арнасына сұхбат бергенімізде, арнайы қызметтер бірден бізге қызығушылық танытып, жүгіре бастады. Біздің басқа қалалардағы кейбір жақтаушыларымызды қорқытып, ал кейбіреулерді айғақ беру үшін шақыртқан. Шымкентте қазіргі кезде қазақтарға қарсы лозунгтар жариялады және сепаратистік агенттіктермен ынтымақтастықта болды деген сылтаумен мені тұтқынға алады деген қауесет орын алуда. Сол арқылы олар менің жақындарымды, туыстарымды, достарымды қорқытып, біздің қозғалысқа араздату әкелді. Бірақ мен өз құқығымды жақсы білемін. Мен ешқандай заңдарды бұзған емеспін. Өз әрекеттерім үшін құқықтық өрісте мен әрқашан жауап беруге дайынмын.

Жалпы алғанда, біздің қозғалысымыз қазіргі кезде елеулі қысым көріп отыр. Бізге сепаратистер белгісін жапсырып қоюға тырысады, ал біз, керісінше, сепаратизм мен шовинизмге қарсы насихат жүргіземіз – тек қазақтар арасында ғана емес, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің арасында да. Сонымен қатар, бүгінгі күні біз еліміздегі жалғыз нақты интернационалдық қозғалыстың өкілдеріміз...

- Сіздің пікірлестеріңіз антифашистік қозғалыс базасында саяси партияны құру ниетін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бұл мақсатқа қол жеткізу қаншалықты нақты болуы мүмкін? Сіздер не нәрсеге үміт артып отырсыздар?

- Теориялық тұрғыдан бізде физикалық жағынан да, идеологиялық жағынан да толыққанды партия құру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мен айтып кеткендей, қазір біздің үш мыңнан астам жақтастарымыз бар. Біздің филиалдарымыз еліміздің 2/3 аумағында орналасқан (тоғыз облыс және республикалық маңызы бар үш қала). Бірақ ең бастысы – біздің қозғалыс жалпы интернационалдық идеология негізінде құрылған және біздің ортақ мақсаттарымыз бар. Ал бұл біз үшін қымбатты нәрсе!  

Өкінішке орай, қазіргі таңда Қазақстандағы партиялар қандай себептермен құрылса да, бірақ идеологиялық себеппен құрылмағандары анық. Адамдар олардың қатарына идея үшін емес, тек қана мансап, ақша, билік үшін кіреді. Сондықтан біздегі барлық партиялар аморфты, яғни олардың нақты қалыптасқан құрылымы жоқ... Мен өзім «Әділет» партиясының мүшесі болғанмын, айтпақшы, оның «Руханиятпен» бірігуіне қарсы жалғыз дауыс бердім (есімде, дауыс беру Астанадағы «Думан» қонақ үйінің конференц-залында өтті). Менің субъективті көзқарасым бойынша, Нарықбаев мырза сол кезде үлкен қателік жасап, осы екі партияға «Бірліктің» құшағында қаза табуға мүмкіндік берді. Қазір сол «Бірлік» қайда? Одан қоғамға қандай да бір пайдасы бар ма? Әрине, жоқ, себебі бұл партия бастапқыда тіріжанды болып туылмады…

Біз сол барлық қателіктерді ескеріп, енді мықты позицияда тұрмыз. Қазіргі кезде біз массаларға шығуға дайынбыз.  Онда біз лайықты қолдау табамыз деп сенімдімін…

- Ал сіздердің қозғалыстың әлеуетті мүшелері кімдер болады?

- Біз кеңестік құндылықтар негізінде бірігуді қалайтын адамдармыз. Бірақ бізді бұл жөнінде қаншалықты жиі айыптаса да, бұл КСРО-ның жаңғыруын қалаймыз деген сөз емес. Біз тек одан қалған жақсы және лайықты нәрселерді сақтауға, оның ішінде ата-бабаларымыздың ерліктерін есте қалдыруға тырысамыз.

Мысалы, 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінің атауын өзгерту әрекеті бізді ашуландырады. Жақында мен тіпті Халықаралық Панфилов қозғалысына және РФ Мәдениет министрлігіне ресми хат жолдадым. Министр Мединскийге рахметімді айтамын, өйткені ол өте жедел түрде мұрағаттарды көтеріп, панфиловшылар мен олардың ерліктері миф емес, ол шындық деп дәлеледейтін барлық құжаттарды берді.

- Сіз өз жұмысыңызды қалай құруға бағытталып отырсыздар? Өз идеяларыңыз үшін қандай әдістермен күресесіздер?

- Әзірше біздің жалғыз тәсіліміз – Қазақстаннан тыс жерлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына шығу. Сіздер отандық БАҚ-тардағы жағдайды жақсы білесіздер – олар біз көтеріп отырған өткір тақырыптар мен мәселелерді жарияламайды…

- Ал көпшілік жиналыстары ше?

- Пайдасыз нәрсе. Біз митингілер өткізу жөнінде бірнеше рет өтінім бердік, бірақ әр жолы бізге тыйым салынды. Соңғы рет біз 9 желтоқсанда Шымкент қаласының Металлургтер саябағында жиналуға рұқсат сұрадық. Акимат дәл сол кезде үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы акция жоспарланып отыр деген сылтаумен бізге рұқсат беруден бас тартты. Мен сол күні аталған орынға бардым, бірақ ол жерде ешқандай акция болған жоқ. Бізді жай ғана алдай салды! Әрине, мен бұл «көріністі» бейнероликке түсіріп, «Фейсбукте» жарияладым.

- Сізде тиісті бағдарлама бар ма? Егер бар болса, оның басты жолдамасы қандай?

- Әрине, біз идеологиялық та, экономикалық та бағдарламаларды әзірледік. Жақын арада олар ашық түрде қолжетімді болады. Біздің оларға қойған басты міндеттеріміз – біріншіден, барлық азаматтар өз құқықтары бойынша тең болуы тиіс, екіншіден, барлық қазақстандықтар жұмыс орындарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Мүмкін, бүл біртүрлі болып естілетін болар, бірақ біз оны жүзеге асыруға қол жеткізетін механизм әзірледік. Жалғыз шарт – билік бізге жұмыс істеуге кедергі жасамасын. Біздің мақсатымыз – нақты әлеуметтік мемлекет құру.

- Партия құру туралы мәлімдеме – біздің еліміздегі айтарлықтай елеулі оқиға. Сіздің ойыңызша, билік бұған қалай қарайтын болады?

- Билік өкілдері бірнеше рет байланысқа шығып, біздің қандай ниетіміз, қандай ресурстарымыз және т. б. бар деп қызығушылық танытқан болатын. Қазір мен Астанада ұйымдастырушылық мәселелерін шешуге тырысып жүрмін. Бірақ біздің мемлекетіміздің бір ерекшелігіне, атап айтқанда жоғарыдан төмен түсірілетін міндеттер немесе бұрмаланып, немесе мүлдем орындалмайтынына қайта-қайта көз жеткізудемін. Бұл біздің барлық қайғыларымыздың себебі... Айтарым осы: жоғары деңгейде біздің идеямызды қолдайды, ал төменгі жағында бізге әлі де кедергілер жасауды жалғастырып отыр. Міне, осындай парадокс!

- Сізге партияны құруға мүмкіндік берілді дейік. Ол қалай аталатын болады?

- Әзірге айта алмаймын, бірақ оның атауында «интернациональная» деген сөз болатынын нақты білемін!

 

Комментарии