Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1192 27-05-2019, 13:40

ҚР президенттігіне кандидаттар әлеуметтік қорғау саласын елеусіз қалдырды…

Сайлау алдындағы күрес қызу жүріп жатыр. Оның қатысушыларының барлық күш-жігері қазір электоратпен жұмыс істеуге бағытталған. Әртүрлі уәделер беріліп жатыр, оның ішінде әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты түрлі уәделер бар. Бірақ көбінесе бұл сайлаушылардың өздері естігісі келетін нәрселер емес, немесе ол іс жүзінде жүзеге асырылмайтын популистік, ал кейде тіпті ешбір мағынасыз ұрандар. Сарапшылармен бірге біз әлеуметтік реформаларға қатысты шынайы идеялар мен табысты ұсыныстарды іздеуде кандидаттардың бағдарламаларын «шолып шығуды» шештік.

Замир Қаражанов, саясаттанушы: «Ақша мен уақыт босқа жұмсалып жатыр»

- Мұнда «сәтті» деген сөзді қолдану лайықсыз. Іс жүзінде ұсыныстар соншалықты көп емес, және олар көбінесе декларативті сипатқа ие болып отыр. Оларды реформаторлық ұсыныстар деп атау қиын. Мысалы, коммунистер кедейліктің себебі ретінде халықтың төмен табыстары туралы айтады. Мен, әрине, экономист емеспін, бірақ мұны нақтылап айту үшін көп дәлелдер (мысалы, табысты не нәрсе төмендететінін нақты айту) болуы керек деп есептеймін. Сондай-ақ олар аса жоғары табыс алатын халық тобына сілтеме жасайды. Бірақ әңгіме нақты кімдер жөнінде болып отыр? Егер бәсекелестік ортада жұмыс істейтін бизнес туралы болса, онда ол бізде аз. Және «бәрін тартып алып, үлестіріп беру!» деген лозунгты іске асыру барлығына да «Шариковтың әділдігі» бойынша жасалған әрекет сияқты аяқталады: бизнес жоғалады, ал табыстар өспейді. Оның үстіне қазіргі экономикалық жағдайда шағын және орта бизнес көп табыс таппайды. Ал егер сөз олигархтар жөнінде болса, онда олардың мегатабыстарының себептерін анықтауға кіріссін... Кез келген жағдайда коммунистердің ұсынысы әлеуметтік реформа болып табылмайды.  

«Ауыл» партиясында қалалықтармен салыстырғанда, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі төмен деп реніш білдіреді және олардың табысын ұлғайтуды ұсынады. Бірақ ол қалай жүзеге асырылады? Әкімшілік ресурс арқылы жалақыны көтеру мүмкін емес, өйткені аграрлық секторда совхоздар емес, жеке компаниялар жұмыс істейді. Сонымен қатар жалақы деңгейі экономикалық орындылыққа, еңбек өнімділігіне, субсидия мөлшеріне және т. б. байланысты.

Кәсіподақ көшбасшысы Амангелді Таспихов мынадай сан келтіреді: жыл сайын бізде өндірісте 200-ден астам адам, оның 70 проценті жұмыс берушінің кінәсінен, қаза тапты. Еңбек қауіпсіздігі деңгейін қала қызметтерінің қызметкерлері жанданған қозғалыс кезінде көшенің көлік жүретін бөлігін тазалап жүргендері арқылы анықтауға болады. Мені әрдайым қызықтыратын сұрақ: бұл үшін кім жауапты? Өйткені тәртіп бұзу барлығының көз алдында орын алуда және ол жан түршігерлік сипатқа ие. Бұл үшін кәсіпорын басшыларын жауапкершілікке тартуға тиісті полиция қызметкерлері оны, әрине, көреді.  

Қалған кандидаттардың ұсыныстары «лайықты өмір», «бақытты өмір сүру», «молшылық» және т.б. сөздермен шектеледі. Яғни, ол тек бос сөздер.

Әлеуметтік сала – бұл екі жақты нәрсе. Бір жағынан, біз КСРО-ны есте сақтаймыз, онда пәтерлер тегін берілетін (бірақ, шынын айтсақ, ұзақ уақыт бойы күту керек болатын), ал халықтың белгілі бір бөлігі осыны жиі сағынышпен еске алады. Бірақ, екінші жағынан, мұндай саясат айтарлықтай үлкен салықтарды талап етеді. Франциядан, дәлірек айтқанда, француз салықтарынан қашып кеткен Жерар Депардьені еске түсіріңіздер...

Иә, мемлекет бюджет есебінен, яғни сіз бен біздің қаражатымыз есебінен, мұқтаждарға көмектесуі тиіс, әйтпесе олар қалыпты өмір сүре алмайды. Бірақ бұл, біреулер ойлайтындай, қалағандарға арналған көмек емес. Белсенді және іскер азаматтарды қолдау, оларға өздерін іске асыру үшін жағдай жасау, әрине, керек. Бірақ қоғамдағы масылдық көңіл-күйді көтермелеуге болмайды. Егер барлық тілек білдірушілерге көмектессе, онда күрделі мәселелер туындайды. Мұндай саясат кедейлікті қысқартпайды және азаматтардың әл-ауқатын арттырмайды, керісінше, әлеуметтік жағдайды одан да қатты нашарлатады. Латын Америкадағы социалистік басқару өте айқын мысал болып табылады. Айныласында саяси тұрғыда қызу эмоциялар орын алып жатқан Венесуэлада бүгінгі күні мұқтаж болып отырған адамдар 1990-шы жылдары болғанымен салстырғанда әлдеқайда көп, ал бай азаматтар айтарлықтай аз. 2015 жылдан бастап елден 600 мыңнан астам адам кетті, және бұл ресми деректер бойынша ғана алынған көрсеткіш.

Үміткерлер не нәрсені елеусіз қалдырды? Менің ойымша, қызығушылық танытатын, бірақ сайлауалды бағдарламаларда көрініс таппаған бірнеше тақырыптар бар. Біріншіден, бұл әкімшілік реформа. Бірнеше жылдар бойы бізге ықшам және жылдам мемлекеттік аппаратты қалыптастыру қажеттілігі туралы айтылған болатын, бірақ әлі күнге дейін бізде шенеуніктердің шектен тыс үлкейіп кеткен штаты бар. Бұл жайт Қазақстан экономикасының жай-күйіне теріс әсер етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Айтпақшы, сыбайлас жемқорлық мәселесі бірнеше кандидаттардың бағдарламаларында қозғалған, бірақ оның мәнмәтінінде әкімшілік реформа ескерілмеген. Дегенмен, ол дұрыс іске асыру жағдаында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, соныман қатар мемлекеттік қызметке нақты нәтижеге негізделген білікті мамандардың келуін қамтамасыз етуге қабілетті.  

Тағы бір маңызды бағыт – құқық қорғау және сот жүйесін реформалау. Соңғы уақытта орын алған резонанстық қылмыстардан кейін сайлауалды марафонға қатысушылар қылмысқа қарсы күрес және азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне мүлдем назар аудармады. Алайда қауіпті үрдіс бар, өйткені қылмыстың жоғары деңгейі қоғамдық өмірдің түрлі салаларын криминализациялауға әкеп соқтырады. Бұл тек экономика немесе мемлекеттік қызмет ғана емес. Біз барлығымыз ерте жастағы балалардың, мектептердегі жасөспірімдердің жасаған қылмыстары, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы естіген болатынбыз. Немесе сот жүйесін алатын болсақ. Неліктен, мысалы, бізде екі бірдей іс бойынша әр түрлі шешімдер шығарылады? Неліктен ауыр қылмыс жасағаны үшін адамдар жеңіл жаза алады? Және т. б. Заң алдында барлығы тең емес пе?

Бүгін Қазақстанда бюджет қаражатының 50 проценті  әлеуметтік салаға бағытталады. Егер сандар бойынша айтатын болсақ, біз дерлік әлеуметтік мемлекетпіз. Алайда, шын мәнінде бізде елеулі проблемаларды бастан кешіріп отырған табысы төмен азаматтар көп. Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Астанада кішкентай балалардың өрт салдарынан қаза тапқанын еске түсіріңіздерші – қайғылы оқиға кезінде отбасын тамақтандыру үшін түнгі уақытта жұмыс істеуге мәжбүр болған ата-аналары үйінде болмай қалды...

Әлеуметтік саладағы жағдайды егжей-тегжейлі талдау қажет. Оған барлық бюджет қаражатының жартысы жұмсалуына қарамастан, проблемалар неліктен азаймайды? Демек, қабылданатын шаралар тиімсіз болып табылады, ал ақша мен уақыт босқа жұмсалып жатыр. Тиісінше, мұндай шаралардан бас тартып, адамдарға кедейліктен шығуға және адамға лайықты өмір сүруді бастауға көмектесетін басқа шешімдерді іздестіру қажет.

Толғанай Үмбетәлиева, саяси ғылымдарының кандидаты, Орталық Азия демократияны дамыту қорының директоры: «Әлеуметтік тақырыпты олар әлсіз пысықтаған»

- Әлеуметтік тақырып елдегі жоғары лауазымға үміткерлердің сайлауалды тұғырнамаларында әрқашан орын алатын. Расын айтқанда, бұрын оны маңызды емес деп есептеп, оған ерекше назар аудармайтын. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Қоғамдық жақтырмаушылық аясында тұңғыш президенттің өкілеттігін доғаруы және халықтың әртүрлі топтарының әлі де жалғасып келе жатқан наразылығы әлеуметтік мәселелерді үгіт кампанияларына басты тақырып ретінде көңіл бөлуге мәжбүр етеді.

Әлеуметтік блок қазіргі кейбір үміткерлердің бағдарламаларында бар. Мысалы, «Нұр Отан» ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұғырнамасында (шамасы, ол және оның штабы өз жағына наразылық электоратын тартуға ұмтылады), Төлеутай Рақымбековтың («Ауыл») тұғырнамасында орын алған. Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері Дания Еспаеваның («Ақ жол») бағдарламасында бар. Қызық болғанда, Әміржан Қосанов («Ұлт тағдыры») бұл тақырыпты айналып өтіп, саяси мәселелерге баса назар аударды...

Жалпы алғанда, үміткерлердің әділдік, тең құқылық, өмірді жақсарту және т.б. туралы ұрандары қаншалықты әдемі естіліп жатса да, әлеуметтік тақырыпты олар өте нашар ұсынды. Олардың бағдарламаларында ақылға қонымды мағынадан гөрі популизм көбірек болып шықты. Кандидаттардың бірі, мысалы, әлеуметтік проблемаларды төлемақыларды көтеру арқылы шешуді ұсынып отыр. Бұл ештеңе бермейтінін, әсіресе ол ешнәрсемен бекітілмеген болса, біз жақсы түсінеміз. Айталық, білім беру жүйесінде өз дағдыларын жетілдірмейтін, жаңа ештеңе ойлап таппайтын, дамымайтын мамандығы жетілдірілмеген көптеген адамдар бар. Бірақ жылдан жылға олардың жалақысы шын мәнінде кәсіби жұмыс істейтіндердің, елдегі білім сапасын жақсартуға тырысатын адамдардың жалақыларымен бірдей өсіп келеді. Қандай әділдік туралы әңгіме болуы мүмкін?

Егер де бюджет қызметкерлеріне жалақы көтерілетін болса, онда инфляциялық шығындарды ескеріп және ынталандырушы тетіктерді әзірлей отырып көтеру қажет. Яғни, ғылыми дәреженің болуын ғана негізге алуға болмайды, оның біліктілігі де маңызды. Мысалы, жас маманның біліктілігі «дәрежеленген» адамға қарағанда айтарлықтай жоғары болуы мүмкін, бірақ оның жалақысы екіншісінікінен әлдеқайда төмен. Немесе, айталық, тек пайда әкелмей ғана қоймай, сонымен қатар өз учаскелеріндегі жұмысты орындамайтын шенеуніктің мансаптық сатымен жылжығанын біз жиі байқаймыз. Бұл сонда қандай әділдік?

Мені тағы да таң қалдырғаны – үміткерлердің бірінің білім беру мекемелерінің техникалық базасын күшейту арқылы жұмыссыздықпен күресу қажеттілігі туралы айтылған бағдарлама тармағын түсіндіруі... Сонда бұл қалай? Бұл жерде қандай байланыс бар? Әлеуметтік объектілердің (мектептердің, ауруханалардың) инфрақұрылымын жетілдіру норма болуы тиіс және бұл әлеуметтік теңдік пен әділеттіліктің негізгі қағидаттарына мүлдем қатысы жоқ. Жұмыссыздыққа келетін болсақ, бұл мәселені келешекте, 10-20 жылдан кейін емес, дәл қазір шешу қажет.  

Әлеуметтік әділеттілік туралы айтқанда, жалақыны көтеру, сыбайлас жемқорлықпен және жұмыссыздықпен күресу сияқты популистік идеялар емес, ал барлық әлеуметтік жүйе негізінде жатқан негізгі қағидаттарды реформалауды талап ету қажет. Мысалы, кандидаттардың бірі тең мүмкіндіктер жасау қажеттілігі туралы мәлімдейді, бірақ бұл ретте ол нақты не жөнінде айтып отырғанын ашпайды. Ал тең мүмкіндіктер – бұл тек Назарбаев зияткерлік мектебіне ғана емес, барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары мен мектептерге тең құқықты қарым-қатынас пен жеткілікті көңіл бөліну қажеттілігі. Бұл кез-келген бала ата-анасының ақша төлеу мүмкіндігіне қарамастан, жақсы балабақшаға бара алатынын білдіреді. Бұл ауылдық балабақшалар астаналық балабақшалардан ешбір кем емес екендігін, сонымен қатар, ауыл тұрғындары қалалықтар сияқты барлық әлеуметтік игіліктерге – саябақтарға, кітапханаларға, ауыз суға – ірі қалаларда ғана емес, жергілікті жерлерде де жоғары сапалы қоғамдық көліктерге, қол жеткізе алатынын білдіреді.

Сондай-ақ, кандидаттар әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік сақтандыруға ерекше көңіл бөлулері керек еді. Бүгінгі күні халықтың әлеуметтік осал топтары кемсіту жағдайында тұр, өйткені олар мемлекеттен үнемі ақша сұрауға мәжбүр. Олар шынымен де қайырымдылыққа және көмекке мұқтаж екендігін дәлелдеу үшін үнемі көптеген құжаттарды жинауға мәжбүр болады. Осылайша мемлекет өз халқына сенім білдірмейтінін көрсетеді. Ал, егер елде өмір сүру қиын кезеңдерінде адамдарға қолдау көрсету мақсатында әлеуметтік қорғаудың түрлі нысандары әрекет етсе, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Тиісінше, әлеуметтік сақтандыруды дамыту қажет. Бүгінде бұл тек бизнес, ал адамдарды қорғау қағидаты жоқ. Сақтандыру философиясына негізделген осы екі маңызды қағидатты үйлестіру үшін акценттерді басқаша қою қажет.

Кандидаттар осы мәселелерге (жалақыны ойсыз көтеруге және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға емес) назар аударулары керек еді.

Димаш Әлжанов, саясаттанушы, сайлау жөніндегі сарапшы: «Қоғамдық назар өзге салаларға бағытталады»

- Менің ойымша, Қазақстанда азаматтық және саяси құқықтар өте шектеулі екенін, ал сайлау процесі оған тәуелсіз партиялар мен кандидаттардың қатысуын білдірмейтінін түсіну қажет.

Электоратқа ұсынылған бағдарламаларға келетін болсақ, олар нақты саяси бәсекелестік жоқ ортада дауыстарды тартуға емес, қоғамдық пікірмен айла-шарғы жасауға бағытталған болар. Сондықтан оларда нақты саяси өзгерістерге, ойынның түсінікті ережелерін белгілеуге байланысты қоғам үшін маңызды және елеулі мәселелер көрсетілмеген. Парламенттің рөлін күшейту және барлық партиялар үшін тең мүмкіндіктерге қатысты (Әміржан Қосанов), әкімдерді сайлауға қатысты (Садыбек Түгел) және президенттік жүйені сақтауға қатысты (Қасым-Жомарт Тоқаев) ортақ тармақтар ғана белгіленген.

Қоғамдық назардың негізгі бағыты тіл, игіліктерді қайта бөлу және әлеуметтік көмек, сыбайлас жемқорлық пен батыс құндылықтарына қарсы күрес сияқты өзге салаларға қайта бағдарланады. Ал кандидаттардың өздері наразылық көңіл-күйдің белгілі бір сегментін толтыру үшін таңдалып алынды.

Сонымен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары, атап айтқанда, саяси жазықтықта жатыр. Қоғам билікке өз өкілдерін жіберу мүмкіндігінен, сондай-ақ шешім қабылдау процесіне ықпал ету мүмкіндігінен айырылып қала берсе, жағдай өзгермейді. Қазіргі саяси жүйе азаматтардың мүмкіндіктерін, соның арқасында олардың әл-ауқатының өсуін ынталандырмайды. Ал оның жабық болуы элиталарға халықтың мүдделеріне нұқсан келтіріп, өз мүдделерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді, бұл табыстардағы алшақтықтың одан әрі ұлғаюына, әлеуметтік әділетсіздіктің күшеюіне алып келеді.  

Сондықтан, егер мен сайлау алдындағы бағдарламаны жазсам, онда саяси жүйені реформалау, парламенттік республикаға көшу, құқықтың үстемдігіне кепілдік беретін институттарды қалыптастыру, нақты орталықсыздандыру, жергілікті жерлердегі сайлау, пікір плюрализм мәселелеріне баса назар аударар едім. Біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың еркін іске асырылуын қамтамасыз ететін кеңістікті құра отырып, біз басқа да барлық проблемаларды барынша табысты шеше аламыз.

 

Комментарии