Сенбі, 31 қазан 2020 ЖЫЛЫ
5153 13-11-2019, 15:31

Қазақстан үшінші әлемнен бірінші элем қатарына қайта орала алады ма?

Адам капиталының жетіспеушілігі Қазақстанның дамуындағы басты кедергі болып табылады, ал ЖІӨ-нің өсуі мұнда енді көмектеспейді. Ел өзі ғалымдарды дайындап, жоғары технологиялар өнімдерін шығара бастамаса, ол индустриялық әлемнің соңында үшінші сұрыпты күн көруге мәжбүр болады. Оның үстіне кетіп бара жатқан поезге секіріп мінуге уақыт дерлік қалған жоқ. Ескі және тексерілген әдістерді қолдана отырып, жылдам әрекет ету керек. Кембридж университетінің философия докторы және Кембридж Орталық Азия форумының ғылыми қызметкері Чокан Лаумулинмен өтетін біздің дәстүрлі күзгі сұхбатымыз дәл осы мәселеге арналады.

Өзгерістер кезеңі

- Қазақстан өзі үшінші әлемге жатады, бірақ сонымен қатар ол әлі де екінші әлемнің элементтері (көбінесе қалаларда) сақталып отырған аз ғана мемлекеттердің бірі болып табылады. Екінші әлем елінің мәртебесін қалайша сақтап қалуға болады?

- Алдымен бірнеше нақтылау енгізгім келеді. Біріншіден, «екінші әлемніің» тұжырымдамасы онша дұрыс емес. Бастапқыда паритетті сақтап қалған алғашқы екі әлем болды, ал «үшінші әлем» ұғымын кейінірек екі жүйеге қосымша ретінде енгізді. Айтпақшы, КСРО-ның табысты дамуының арқасында үшінші әлем елдеріне қатысты батыс дискурста «жаңғырту» деген термин пайда болды (бұрын бұл процесс «вестернизация» деп аталатын). Жаңғырту дегеніміз – бұл бүгінгі таңда Қазақстанның қажеттігі деп айтуға болады және біздің бүгінгі әңгімеміз дәл осы жаңғырту жөнінде болмақ.

Екіншіден, қазір тек бірінші немесе тек қана үшінші әлемнің элементтері сақталып отырған «таза» ел жалпы алғанда жоқ. Мысалы, Лондонды кейбір зерттеушілер «үшінші әлем еліндегі бірінші орындағы қала» деп атайды. Ал егер сіз тарихтағы ең бай мемлекет – АҚШ-қа қарайтын болсаңыз, онда ондаған миллион американдықтар сақтандырудың жоқтығынан алғашқы медициналық көмек ала алмайтынын көресіз. Мен көптеген кедей адамдар жөнінде және мүліктік теңсіздік туралы тіпті айтпаймын.

Яғни, он жыл бұрын ғана (2008 жылғы дағдарысқа дейін) өте танымал болған «алтын миллиардты» құру тұжырымдамасы өзін толығымен жоққа шығарды. Ол түсінікті: биік дуалдармен қоршалған жұмақ салу идеясы мүлдем іске асырылмайтын нәрсе. Қанша дегенмен, жаһандандыру барлық тараптарға бағытталған қозғалысты болжайды. Аз дамыған елдерді мүлдем елемей отырып, сонымен қатар мәдени алмасуды, білім алмасуды жүзеге асыруға тырысуға болмайды.

Бүгінде әлем өзгерістер кезеңін бастан кешіруде және ол теңдесі жоқ сәт. Біріншіден, демографиялық тұрғыдан алғанда, өйткені адамзат бұрын ешқашан осыншама көп болған емес. Осыдан жарты ғасыр бұрын ғана жер бетіндегі адамдар 3,5 миллиард болған еді, ал бүгінде 7,7 миллиардқа жетті! Екіншіден, адамзат бұрын ешқашан қазіргі кездегідей жақсы өмір сүрген емес – күн көрудің базалық деңгей тіпті үшінші әлем елдерінде де керемет деңгейге көтерілді. Таза су, қалай да болмасын қолжетімді тамақ, алғашқы денсаулық сақтау қызметі және өмір сүру ұзақтығы олар үшін қалыпты нәрсеге айналды. Әрине, барлық жерде емес және әрдайым емес, бірақ шын мәнінде, жаһандық мәселе ретінде аштық жойылып жатыр.

Ең қызығы, бұл жаһандық өсу бұрын-соңды болмаған урбанизацияға әкеліп жеткізді. Қазір ол ауыл шаруашылығы өмір салтына, ал қазақтар жағдайында көшпенді өмір сүруге негізделген дәстүрлі мәдениетті қарқынды түрде өзгертіп келеді. Қазақстанда қала халқының саны алғаш рет ауыл халқының санынан асып кеткенін тіпті 1979 жылғы санақ көрсеткен болатын. Шындығына келсек, сол кезде бұл процесс барлық дамыған қалаларды қамтыған болатын, ал бүгінде адамдардың шоғырлануы бірнеше ірі мегаполистерде ғана орын алады. Бірақ кез келген жағдайда, қазақтар өзінің тарихында алғаш рет урбанизацияланған ұлтқа айналды, және бұл біздің дәстүрлерімізді, өмір салтымызды, мәдениетімізді және тіпті тілімізді өзгертпеуі мүмкін емес деп айтуға болады. Мысалы, кейбір қазақ әдет-ғұрыптары қазірдің өзінде өзгеріске ұшырады, өйткені оларды өздерінің алғашқы түрінде қала жағдайында қайта жаңғырту қиынға түседі. Және бұл бізде белсенді түрде жүріп жатқан тірі процесс, бірақ оған біз әзірге барабар баға бере алмай отырмыз.

Барлығы мамандарға байланысты

- Десе де, осы әлемдердің арасындағы принципті айырмашылық неде?

- Бірінші әлемдегі қоғамның құрылғылары мен үшінші әлемге кіретін елдер арасындағы маңызды айырмашылық (оларға бұрынғы Кеңес Одағының барлық ұлттары жатады), ең алдымен, ғылым мен білім жағдайына келіп тіреледі. Егер нақты Қазақстан туралы айтатын болсақ, онда ғылымның жағдайы да, білімнің жағдайы да (мен заттарды өз атауларымен атаймын) бүгінгі күні іс-жүзінде өте нашар. Ал бір кездері біз бірінші қатарда болған едік! Мысалы, 1970-жылдардың ортасынан бастап 1980-жылдардың ортасына дейін біздің республикада ғылыми қызметкерлер саны мен халық саны арасындағы арақатынас әлемдегі ең жоғары деңгейлердің бірі болды.

Кеңестік даму әрқашан ғылым мен білімге ерекше көңіл бөлетін еді. Әлемдегі әрбір төртінші ғылыми қызметкер кеңестік болған. КСРО инженерлерінің саны бойынша АҚШ-ты 1967 жылы қуып жетіп, содан кейін тіпті одан да асып түсті. Аты аңызға айналған НАСА инженері Лерой Спирманның айтуынша, КСРО 1982 жылы Америка Құрама Штаттарының 50 мың инженерлерімен салыстырғанда олардан алты есе көп, яғни 300 мың инженер шығарды. Мұндай сөзсіз үстемдік, әрине, АҚШ-тың саяси, экономикалық және ғылыми орталарында үлкен алаңдаушылық тудырды (интернет пен академиялық әдебиетте бұл туралы ЦРУ мен НАСА құпиясыздандырылған көптеген баяндамаларын табуға болады). Бүгінде Қытай (1979 жылы өз реформаларының басында дамымаған өнеркәсібі мен ғылыми білім мен білімнің фрагменттелген жүйесі болғанына қарамастан) үш саланың – мемлекеттің, өнеркәсіптің және академияның инновациялық дамуы мен өзара іс-қимылының кеңестік моделін өте табысты имплементациялайды. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулер қазіргі экономиканы дамытып, анықтайды, бірақ ешбір жағдайда керісінше емес (мен бұл туралы өткен сұхбаттарымда айтқан болатынмын).

Мен бүгін Қазақстанда қанша ғылыми қызметкерлер бар екендігін айта алмаймын, бірақ жағдайдың жай-күйі өте нашар екендігі айқын көрінеді. Және бұл жерде әңгіме қандай да бір маңызды жаңалықтар ашу жөнінде немесе Нобель сыйлықтары жөнінде емес. Ғылым дегеніміз – бұл, ең алдымен, барлық инновациялық тізбек негізделетін және ақырында экономика құрылатын жаңа білім құру жүйесі, сондай-ақ құзыретті басқару кадрларын даярлау жүйесі. Ғылыми кадрлар үлкен әлеуметтік-экономикалық әсер етеді. Өйткені олар тек ғылыммен ғана айналыспайды, олар басқаруға, бизнеске, басқа кадрларды даярлау жүйесіне және т.б. барады, ал бұл сараптаудың баға жетпес көзі болып табылады.

Айтпақшы, үлгі ретінде Қазақстанның қазіргі элитасында атақты РФМШ-ның түлектері айтарлықтай көзге түседі. Немесе, ресейлік «Яндекс» компаниясының негізін қалаушылардың бірі, марқұм Илья Сегалович те осы тамаша Алматы мамандандырылған физика-математика орта мектебінің түлегі екенін көп адамдар біле бермейді. Бүгінгі таңда цифрландыру және жасанды интеллект туралы көп айтылады, алайда осы бағытта табысты даму үшін Қазақстандағы математикалық мектептің қайта жаңғыруы туралы ойлану қажет. Бұл шетелде, соның ішінде Кембриджде біздің табысты студенттеріміз жиі көрсететін пән болып табылады.

- Сіз сараптаманың әлеуетті көзі ретінде ғылыми кадрлар туралы айттыңыз. Ал ғылыми кадрлардың болмауы қандай қатер тудыруы мүмкін? 

- Бүгін бізге ұсынылатын жаңа технологияны игеруге тырыса отырып, кеңес алу үшін кімге жүгінуге болатынын білмей қаламыз. Бізде жалпы сырттан алынған білімді бағалау жүйесі жоқ, ғылыми база жоқ, ғылыми сараптама жоқ. Нәтижесінде біз шетелдік консалтингтік компаниялардың бізге ұсынатынын мүлдем түсінбестен, олардың айтқанымен жүріп, іс-әрекет жасауға мәжбүрміз. Біздің тіпті жаман сарапшыны жақсысынан ажыратуға мүмкіндігіміз жоқ. Кез келген технологиялық трансферттің алтын ережесі бойынша сіздің импорт көзіңіз қаншалықты дамыған және қалай дайындалған болса, сіз де соншалықты дамып, дәл солай дайын болуыңыз керек (бұл кез келген салаға қатысты).

Мұндай жағдай тек жаңадан ғана дамуға ұмтыла бастаған үшінші әлем елдеріне үйлеседі, бірақ мұның бәріне кезінде ие болған және оны жасаған елдер үшін ол мүлдем лайық емес нәрсе. Сондықтан, әрине, ғылыми базаны жаңғырту Қазақстан үшін іргелі мәселе болып табылады. 

Белгілі экономист Джон Кеннет Гэлбрейттің (ол туралы мен бір кезде айтып кеткенім бар) әлемдік даму саяси тек жүйелермен немесе ойшылдармен ғана емес, ол қоғамның барлық кезеңіне енген ұзақ технологиялық тізбектер болып табылатын терең техноқұрылымдармен де қозғалатын теориясы болған. Оларды жылдар мен онжылдықтар бойы жұмсай отырып, политехникалық біліммен қатар, іргелі ойлаудың ерекше түрі мен тереңдігін қалыптастырған адамдар түсінеді және жасайды. Тіпті оның: «капитализм кезінде адам адамды пайдаланады, социализм кезінде бәрі керісінше болады» – деген әзілі де танымал.

Басқаша айтқанда, құзыретсіз ешқандай саяси және экономикалық реформалар өздері нәтиже бермейтінін түсіну маңызды. Оның үстіне онсыз біздің өмірімізді қазіргі кезде, жоғары технологиялар дәуірінде, тіпті елестетіп көру де мүмкін емес. Мен айтып өткендей, қоғамда осы технологиялардың қалай құрылғанын, оларды біздің жағдайымызға қалай бейімдеуге болатынын және әрі қарай қалай дамытуға болатынын түсінетін адамдардың белгілі бір қабаты болуы тиіс. Бұл білімнің терең иерархиялық және тік құрылымы, онда әрбір алдыңғы білім кейінгі білімге қол жалғап жеткізеді және осы қадамдық танымсыз басқа деңгейге өту мүмкін емес. Яғни, нөлден бірден басқа деңгейге секіріп өтіп кетуге болмайды.

Саяси және экономикалық үлгіге қарамастан, капитализм және социализм туралы жапсырмаларға қарамастан, бүкіл индустриялық немесе постиндустриялық базис тек ғылыми-технологиялық және мәдени дамумен ғана айқындалады (ол басқа ештеңемен, әсіресе класаралық күреспен, айқындалмайды). Бұл философия дамыған елдерде терең тамыр жайып, олардың әлемге көзқарасының негізін, олардың зияткерлік білімін құрайды. Ал қазақстандық социумында ол, өкініншке орай, белсенді түрде жойылып жатыр…

Аман қалу үшін қайта оралу қажет

- Егер сондай мүмкін болса, сіз «қайта жандандыруды» қандай пәндерден бастайтын едіңіз?

- Кеңес физикасы мектебінің атасы Абрам Иоффе «өнеркәсіптің барлық түрлері – үлкен көлемде қолданылатын және пайдаланылатын физика немесе химияның әртүрлі бөлімдерінен өзгеше еш нәрсе емес» деп жазған болатын. Дәл осыдан бастау керек. Дегенмен, менің қарапайым көзқарасым бойынша, геологиялық ғылымдар мектебінің жоғалуы біздің ең өкінішті «жетістігіміз» болып табылады. Көлемі бойынша әлемдегі тоғызыншы аумақ үшін жер туралы ғылымнан маңызды пәндер жоқ болар деп ойлаймын. Және бұл тау-кен металлургия және мұнай-газ базасы Қазақстанның ЖІӨ-нің көп бөлігін қалыптастырған кезде орын алып отырған нәрсе, өйткені тек оның арқасында ғана біз ТМД-дағы екінші экономикаға айналдық, тіпті КСРО ыдыраған кезде халқы біздікінен алде қайда көп болған Украинаны бір жарым есе басып оздық. Иә, біздің табиғи қазбаларымыз, олар қандай дәрежеде болса да, әлемде үлкен сұранысқа ие, бірақ біз не сатып жатқанымызды өзіміз де білмейміз, өйткені ғылым тұрғысынан жеткілікті түрде талдау жүргізбейміз. Мен өзім сол жерде саланы, тіпті оның ағымдағы жай-күйінің жағдайында да, капиталдандыруын ұлғайтатын орасан зор әлеует жатыр деп сенімдімін. Сондай-ақ, пайдалы қазбаларды өндіруді арттыру да іргелі және қолданбалы зерттеулердің тиісті деңгейінсіз мүмкін емес.

Жер туралы ғылымдар онымен, әрине, шектелмейді. Айталық, жер сілкіністері туралы ғылымның, сейсмологияны қоса алғанда, маңыздылығын ешкім жоққа шығармайды. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы үшін, атап айтқанда оңтүстік өңірлерде өмір сүретіндер үшін өзекті мәселе. Менің әріптесім, жақында Кембридж университетінде жер туралы ғылым департаментінің басшысы болған профессор Джеймс Джексонның айтуынша соғыс, аштық, індет, терроризм орын алмауы да мүмкін, ал ірі жер сілкіністері болып тұратыны сөзсіз. Ал бұл дегеніміз, біз барлық дамыған және кейбір басқа елдерде – мысалы, Түркияда немесе Чилиде жүзеге асырылғандай, өлім және жойқын тәуекелдерді азайту мүмкіндігіне ие болу үшін өмірге қауіпті нәрселерді мұқият зерделеуге міндеттіміз. Бір қызығы. жер сілкінісінің алғашқы қатері жоқ ел бола тұра, Ұлыбритания осы бағыттағы құзыреттіліктің, сараптама мен білімнің ең терең деңгейлерінің бірін жинақтаған.

Өкінішке орай, осындай қайғылы жағдай қандай да бір дәрежеде бізде іс-жүзінде кез келген пәндерде байқалады. Мұнда рецептер айтарлықтай әмбебап болып табылады. Біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, презентациялар, көрмелер мен конференциялар санымен ғана шектелмей, қалыпты нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп қою қажет. Өйткені қандай да болмасын іс-шаралар жемісті ғылыми жұмысты алмастыра алмайды.

- Өндіріс жөнінде не ұсынар едіңіз? Әлемдік нарықта қандай қазақстандық өнім бәсекеге қабілетті бола алар еді?

- Мен дәстүрлі экономикалық тәсілдер Қазақстанға қолданылмайтыны жөнінде бірнеше рет айтқан болатынмын. Біздің климатымыз және еңбек нарығын қалыптастыру ерекшеліктері кез келген тауарды қымбат етіп жібереді, ал географиялық жағдайды ескере отырып, оны тасымалдау кез келген әлеуетті пайданы жейді. Біз үшін жалғыз тиімді бағыт – бұл жоғары технологиялар өнімдері. Оларға көлік шығындарын жеңіл өтеуге мүмкіндік беретін өте жоғары маржа салынған. Қазіргі кезде біз әлемдік технологиялық тізбектің ең төменгі жағында тұрмыз.

Қалған отандық өндірістің барлығы, қайталап айтайын, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетсіз болады. Тек ауыл шаруашылығын қандай да бір дәрежеге дейін жеткізуге болады, бірақ оның дамуы жаңа әдістерді енгізуге, дақылдардың немесе мал шаруашылығы тұқымдарының жаңа және ескі сорттарын өсіруге және қолдауға, әлемдік нарықтарға және т. б. қол жеткізу үшін өнімді сертификаттауға мүмкіндік беретін дамыған ғылыми-зерттеу базасын талап етеді. Әзірге біз мұны істей алмадық, себебі бізде ешқандай дұрыс ғылыми зертхана қалған жоқ. Кез келген елдің егемендігі мәселесі –бірінші кезекте ғылым мен технологиялардың белгілі бір деңгейіне қол жеткізу болып табылады.

Алматы қаласындағы академиялық Красин көшесін (Қазіргі Уалиханов көшесі) еске алыңызшы – бұл өз кезінде ғылыми зерттеулердің ауқымды спектрімен айналысатын ондаған зертханалары бар шағын-Кембридж болған еді. Мұндай мәдениетті қалыптастыруда гуманитарлық бағыттағы көптеген институттар да үлкен рөл атқарды, оларсыз да кешенді ғылыми ойды дамыту мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі мұндай орталықтардың ерекшелігі – бұл ойды дамытуға және ақпарат алмасуға, сондай-ақ пәнаралық білімге ықпал ететін ерекше тыныштыққа бөлейтін атмосфера мен орта. Ең дұрысы, бізге осы ғылыми-зерттеу институттарын жаңғырту қажет.

- Біз ғылыми-технологиялық жүйелері бар ірі мемлекеттердің арасында тұрмыз. Бұл жағдайда қалай аман қалуға болады?

- Мен алдында айтып кеткендей, біз өз орынымызды іздеуіміз керек, ол жеткілікті дәрежеде жаңашылдық болуы керек. Оны іске асыру үшін біз қажетті ресурстар мен әлеуетті адами капиталға ие екеніміз сөзсіз. Мен біздің жүйенің бұлшық еттері мен жүйкелері бірінші әлемде болғанын әлі есінде сақтап қалды деп қайталап айта беруден жалықпаймын. Біз сонда қайта оралу үшін қолымыздан келгеннің барлығын істеуіміз керек. Айтпақшы, өткен жылдары Қазақстан серпінді, тіпті даулы болсада, экономикалық тәсілдерді - зейнетақы реформасы, банк саласы және т.б. көрсете білді. Бұл белгілі бір табыстарға қол жеткізуімізге болатынын дәлелдейді. Қазір еліміз жаңа, бірақ ғылыми дәлелденген идеяларға мұқтаж.

Әзірге біз қайда және не үшін қозғалып бара жатқанымызды түсінбейтін кезеңдеміз. Мұндай шала-жансар өмір сүруді тоқатып, бүкіл күш-жігерімізді салып осы барлық мәселелерге қатысты элиталар мен социумның қоғамдық-саяси консенсусын қалыптастыруымыз керек. Игілігімізге орай, ғылымды дамыту идеясы Қазақстандағы бірде-бір адамда, қоғамның қатардағы мүшесінен ең жоғарғы жағына дейін, қарсылық тудырмады. Ал бұл жағдай мәселені жартылай шешеді.

Ғылым Академиясын жою қателік болғанын батыл мойындау керек. Бірақ оны кеңес және посткеңестік уақытта болған нысанда қалпына келтіру міндетті емес. Ең бастысы – идеяны, философияны, тәсілдерді сақтау. Ол үшін барлық жүйені талқандап және өзгерте отырып, орасан зор эксперименттер жүргізудің қажеті жоқ. Бір немесе бірнеше учаскелерден бастап, түрлі пішіндерді сынау да жеткілікті. Мысалы, менің ойымша, бастапқыда «Назарбаев Университетін» іске қосу өте дұрыс болды. Бұл тәжірибені кеңейту – одан да дұрыс шешім болар еді.

Өкінішке орай, бүгінгі ҒЗТКЖ-ға ЖІӨ-нің 0,16%-ті (немесе тіпті одан да азы) мөлшеріндегі аударымдар тіпті күлкілі, ол ақшамен ешнәрсе жасау мүмкін емес. Ғылым мен білім беруді дамытуға бюджеттік қаржыны жаппай өсірусіз дамыған елдердің клубына көшу туралы тіпті айтудың өзі де мағынасыз. Осы тұрғыда маусым айында өткен сұхбатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен білім саласына арналған ІЖӨ-нің жыл сайынғы шығындарын 5%-ке дейін арттыру ниеті туралы мәлімдемесі – өте маңызды жариялым, оны орындау керек.

Ғалымдарға еркіндік берілсін!

- «Назарбаев Университетінің» тәжірибесін қалай кеңейтуді ұсынасыз?

- Мен айтқандай, тек ғылымды дамыту ғана отандық экономиканы жандандыра алады. Ғылым мен білім – жаңа технологиялар мен инжинирингтік орталықтар арқылы жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қалыптасатын өсу нүктесі. Оның қалай жұмыс істейтінін Кембриджде немесе аумағында ірі әлемдік корпорациялардың инжинирингтік орталықтары орналасқан кез келген басқа батыстың көшбасшы университетінде көруге болады. Осы корпорациялар іргелі ғылым ғана оларды жаңа біліммен, жаңа кадрлармен және сараптаумен қамтамасыз ете алатынын және бұл инновацияны дамытудың ең табиғи жолы екенін нақты түсінеді.

Бұл тәжірибені өзімізге көшіріп алуға біздің де мүмкіндігіміз бар, оның үстіне әлемдік ғылыми орталықтар бізбен ынтымақтасуға дайын. Белгілі бір жағдайларда және дұрыс тәсілдер қолданған жағдайда Қазақстан АҚШ пен Британиядан Ресей мен Қытайға дейінгі түрлі елдердің жетекші университеттерінің көмегімен құрылған орта көлемдегі ғылыми көп бейінді онға жуық зертханаларды жұтып алған болар еді. Бұл зертханалар әлемнің жетекші ғалымдарымен, мысалы, Кембридж университетінің Кавендиш зертханасын (физика департаменті) қоса алғанда, ғылымның алдыңғы шеті бойынша ғылыми-зерттеу (ең алдымен, эксперименттік) жұмыстарын жүзеге асырар еді; аспиранттарды оқыту мен даярлауды жүргізер еді және іске қосуға дайын жобалар бар инновациялық қызметті жүзеге асырар еді (мысалы, криогеникада). Орта мерзімді перспективада мұндай жобалар негізінен сертификаттау, оның ішінде халықаралық сертификаттау есебінен тіпті өзін-өзі өтеу деңгейіне шығуға қабілетті. Қазақстанда жұмыс істейтін батыстық корпорациялардың көпшілігі осындай жоғары технологиялық қызметтерге деген сұранысты бастан кешіруде және жылына оған ондаған миллион доллар жұмсайды. Мұндай жобаны іске қосу – мемлекеттің кемелденуі мен индустриялық саясатты жүзеге асырудың құзыреттілігі мәселесі. Әрине, «Назарбаев Университетінің» тәжірибесі көрсеткендей, егер біз дұрыс нәрсе алғымыз келетін болса, оны басқарудың жалпы бюрократиялық жүйесіне қоспауымыз керек. Мен толық бақылаусыздық туралы айтпаймын – әңгіме жеткілікті дәрежедегі автономдық жөнінде болып отыр.

- Ал биліктің ғылымға қатысты саясаты идеал бойынша қандай болуы керек?

- Кез келген елде билік оларға ғылыммен өзара әрекеттестіктен ыңғайсыздық сезінеді, өйткені оларға өздері түсінбейтін және дереу практикалық нәтижелер әкелмейтін нәрселерді қаржыландыруға тура келеді. Шын мәнінде, бұл ғалымдардың білім алуға деген құштарлығын мемлекеттік есебінен қанағаттандыру болып табылады. Бірақ егер дамыған елдерде қолданбалы шешімдерді алу үшін толық ғылыми база қажет екендігін түсінсе, ал қалған елдерде оны түсінбейді. Тіпті кейбір жаңалықтар жасаған ғалымдардың өздері де алдағы уақытта практикалық нәтижелер әкелетіні немесе әкелмейтіні жөнінде толығымен білмейді. Мысалы, 1930-шы жылдары ядролық физика ешқандай қолданбалы құрамдас бөлікке ие емес деп есептелетін. Бірақ бұл өте қымбат тұратын іс болғанына қарамастан, мұндай зерттеулер барлық ірі ойыншылар тарапынан қаржыландырылды. Нәтиже белгілі: бүгінде әлемді ядролық технологияларсыз елестету мүмкін емес, тіпті одан да артық – бүкіл әлемдік геосаясат ядролық теңгерімге негізделген. Көбінесе осы тепе-теңдіктің арқасында адамзат бүгінде жақсы өмір сүреді, өйткені ондаған және жүздеген миллион адамдар қаза табатын жаппай соғыстар жүргізбейді.

Бұл дегеніміз, бірінші кезекте ғалымдарымызды бюрократиялық қысымнан арылтуымыз керек. Бүгінгі күні бізде қалған аздаған ғылыми кадрлар ресми жұмыстармен, яғни шексіз есеп берулер, сұраныстар, интригалар, сондай-ақ тек дәйексөздер үшін жарайтын қажетсіз мақалалар жазумен айналысады. Оларда тіпті жай ғана ойлануға уақыт жоқ. Ал ой айтарлықтай уақыт шығындарын талап етеді. Сондықтан бізге дұрыс көзқарас рухы маңызды болатын ойластырылған және икемді саясат қажет. Бұл сонымен қатар кадрларды, ғылыми жарияланымдар мен дәрежелерді бағалау мен аттестаттаудың тиімді тоғыспалы жүйесі, өзінің академиялық басылымдарын құру, дамудың барлық міндеттерін шеше алатын жаңа адами капиталдың пайда болуы үшін инфрақұрылым дайындау мен құру.

Ғылым мен білім берудің қарқынды дамып келе жатқан жүйесі барлық қоғамға зор сауықтыру әсерін тигізеді. Сол ғалымдар мен инженерлер социумда өмір сүріп, өз білімі мен идеяларын бөлісе отырып, көп жағдайда белгілі бір мәдениет пен құндылықтарды қалыптастырады. Ғылым кез келген қоғамда моральдық бедел деп айтылуы да кездейсоқ емес. Бұрын дін орындаған функцияларды (қоғамдық мораль мен этика тұрғысынан) бүгінде дамыған елдерде ғылыми әлем өзіне алды.

Сонымен қатар ғылым маңызды дипломатиялық құрал болып табылатынын да ұмытуға болмайды. Ұлы кеңес және Кембридж физигі мен инженері Петр Капицаның айтуына сәйкес, тарих халықаралық елеулі әсер ететін елдерде, ең алдымен, дамыған ғылым бар екенін үнемі көрсетіп отырады. Дәл сол дамыған ғылым қоғам мен елді жақындастыруға көмектеседі. Тіпті ауыр қақтығыстар кезінде де ғылыми әлем әрдайым бірге – ғалымдар өзара коммуницияланып, күн тәртібін қалыптастыруды жалғастыруда. Олар бір алаңда өмір сүріп жүргендей болады және бір тілде сөйлейді. Ал бізге осы тілге, осы философияға, осы әдістемеге қайта оралып, қозғала бастау маңызды. Бұл өмірімізді сақтап қалу мәселесі. Және, бәлкім, қазір бұл әлі де жасауға болатын соңғы қолайлы сәттердің бірі болып табылар, өйткені қазіргі модельдің жарамсыз болып қалуы жаңа өзін-өзі ұйымдастыруға уақыт қалдырмай, бір сәтте орын алуы мүмкін.

Комментарии