Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
2497 21-09-2019, 13:16

Қазақ тілінің нағыз сұранысқа ие болуына не кедергі болып отыр?

Қазақ тілі ақыр соңында сапалы даму алып, анағұрлым сұранысқа ие болуы керек деген сөздерді біз үнемі естіп келеміз. Әрине, бұл нәрсе табиғи жолмен орын алатын кез қашан келер екен десіп, бейғам күтіп отыруға да болады, сондай-ақ қандай да бір іс-қимылдар жасауға да болады. Ал осы іс-қимыл әрекетерді қалайша іске асыру қажеттігі жөнінде біз тарихшы, философия ғылымдарының кандидаты Сейітқасым Әуелбековпен әңгімелесеміз. 

- Қазақ тілінің дамуына елдегі демографиялық өзгерістер (қазақ халқының үлесінің артуы) ықпал етеді деген пікір бар. Сіз онымен келісесіз бе?

- Менің көзқарасым бойынша, демографиялық фактор мұнда ешқандай да рөл атқармайды. Тілдің дамуы ол қолданылатын қоғамдағы зияткерлік ортаға, қоғамның ұйымдастырылуына және оның саяси жүйесіне байланысты. Мысал үшін, Нигерияда 190 миллион халық саны бар, ал сауатсыздық олардың 80 процентін құрайды. Бұл елдің тұрғындарының тіл мәртебесін үшін алаңдауға тіпті мұршалары да жоқ. Ал философиялық ой туындаған Афина қаласында тек 30 мың адам ғана өмір сүрген болатын. Халықтың саны бұл мәселеде қандай да бір маңызды рөл атқаратынын мойындамау үшін осы көрсеткіштер әбден жеткілікті. 

- Демек, қазақ тілінің өзі өзгеруі тиіс пе?

- «Өзгеру» сөзінің орнына мен «эволюция» терминін қолдануды қалар едім. Өзгеру деген – адам санының өсуін немесе төмендеуін көздейтін механикалық процесс. Біз осы параметр бойынша қазақ тілін дамыту мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып болдық. Сөздіктер, оқулықтар, журналдар және газеттер шығарылуда, бірақ даму үрдісі байқалмайды. Қазақ тілін қолдану аясы негізінен әкімшілік ету есебінен кеңеюде. 

- Проблемалардың мәні неде? Және оларды қалай шешуге болады?

- Мен мәселелердің екі тобын көріп отырмын. Олардың біріншісі тілдің құрылымында, екіншісі – біздің қоғамымыздың сипатында, оның мемлекеттік ұйымдастырылуында.

Тілдің құрылымы туралы айта отырып, қазақ тілінің лексикалық құрамын қалыптастыру ерекшеліктеріне баса назар аударғым келер еді. Осы ретте мен тек принципті сәтке ғана назар аударып отырмын. Мәселе қазақ тілінің сөздігіне енген абстрактілі ұғымдардың басым көпшілігі араб және парсы тілдерінен олардың бейімделуі бойынша лингвистердің тиісті жұмыстарынсыз алынғанында. Оның үстіне сөздерді көшіріп алу қарапайым имитация әдісімен жүзеге асырылды. Нәтижесінде біз көшіріп алынған сөздердің «аналық» мәдениетіндегі тарихын да, қазақ тілінің лексикалық корпусында бекітілген мағыналық анықтамаларын да білмейміз. Соның салдарынан, ғасыр өткеннен кейін біз механикалық түрде ыңғайландырылған сөздердің негізінде жасалған бірде-бір абстрактілі ұғымға ие болмадық. Демек, қазақ тілінің мағыналық байытылуы туралы айтуға болмайды. «Қазақтанушы»-мамандар менімен келіспеуі мүмкін, бірақ бұл саладағы нақты жағдай осындай болып отыр.

Осы мәселенің шешімін мен тиісті ұғымдарды (философиялық, саяси, заңдық және т.б.) тек қазақ тіл базасында ғана емес, сонымен қатар түркі тамыры бар басқа да тілдердің негізінде, сондай-ақ философиялық антропология, этнология және басқа да ғылымдар саласындағы заманауи білімдерге сүйене отырып, әзірлеуде көріп отырмын. Ал осы жұмыстың детализациясы – ол басқа мәселе.

Екіншіден, тілдің дамуы қоғамның өзі, шынын айтатын болсақ, белгілі жағдайларда, құратын «сұранысқа» байланысты. Ежелгі Грецияда, атап айтқанда Афинада, тілге деген аса қызығушылық (бұл жағдайда шешендік өнерге) демократиялық режимді орнату нәтижесінде оянды. Ол кезде «халық депутаты болу немесе болмау» мәселесі, біздің тілде айтатын болсақ, тиранның еркі бойынша емес, еркін тұрғындардың ерік білдіруі арқылы шешілетін. Осылайша, логика мен сөздерді шебер пайдалана отырып, «ақ» дегеніміз «қара» және керісінше дегенді дәлелдей алатын софистердің қызметтеріне сұраныс пайда болды.  

Бірақ, осы орайда атап өту маңызды нәрсе – ең алдымен ойланатын, шындық деген не, ал өтірік деген не дегенді түсінуге тырысқан адамның жеке өзіне қызығушылық пайда болды, өйткені оның саяси мансабының табысы бұдан былай оның отандастар-сайлаушылары өмір сүріп жүрген өмірдегі шындықты қаншалықты дәл бейнелейтініне тікелей байланысты. Егер біз бүгін тек қана «батырларға» (кинематографияда болсын, тарихта болсын, өнерде болсын, жалпы қоғамда болсын) қызығушылық танытатын болсақ, онда себеп бұрын батырлардың саны көп болғанында емес, ал біз әлі күнге дейін өзімізге адамның нағыз сипатын ашпағанымызда. 

Мен қазақ тілін дамытуға байланысты проблемалардың екі тобын тезисті түрде көрсету үшін, мұны газет форматының талаптарын ескере отырып жасауға тырыстым. Мәтінді мұқият оқитын кез келген оқырман өз тезистерін қоса алады немесе менің тезистеріме өз күмәнін білдіре алады. Және ол өте дұрыс болады, өйткені талқыланып жатқан тақырып күрделі. Мен өз пікірім бойымша мәселенің шешілуіне тұтастай байланысты болатын түбегейлі сәттерге ғана тоқталдым.

- Бұл үдерісті жеделдету үшін біздің интеллигенция не істей алады?

- Жоғарыда айтылған нәрселерден бұл мәселемен жалпы «интеллигенция» емес, әсіресе бізде бүгінде бар интеллигенция емес, кәсіби даярланған адамдар айналысуы тиіс екені айқын болады. Өйткені, әңгіме кедей туысының шатырын жөндеу туралы немесе «асар» әдісімен мәселені шешу жөнінде болып отырған жоқ. Мұнда философтар мен антропологтармен тығыз ынтымақтастыққа қабілетті болу үшін кәсіби білімнің жеткілікті мәдениетіне ие білікті түркітанушы мамандар қажет және керісінше, қазақ мәтіндерімен білікті жұмыс істей алатын философтар қажет. Дәл осы жерде біз мемлекеттің араласуын қажет етеміз.

- Бұл мемлекеттік араласу қандай түрде болуы керек?

- Мемлекет мен атап өткен мамандарды дайындаумен айналысуы керек. Батыс елдерінде, мысалы, болашақ философтар үшін ежелгі грек және латын тілдерін білу норма болып табылады. Олар Гомер, Софокл және басқалардың шығармаларын түпнұсқасында оқиды, себебі бұл олардың тамыры. Ал Махмұд Қашғариді түпнұсқада оқуға қабілетті қанша қазақ лингвистері мен философтары бар? Бұл сұрақ риторикалық деп айтуға болады. Сондықтан білікті тілтанушы, философтар мен антропологтарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы дайындау қажет. 

Мемлекет ешқандай шығынсыз шеше алатын аса маңызды міндеттер бар. Мысалы, ғылым саласындағы артқа шегіну және құлдырау процесін тоқтату. Менің ойымша, «қазақ философиясын», «қазақ халық педагогикасын» және басқа да жалған ғылыми курстарын оқытуды тоқтату керек. Ғасырлар бойы ақпарат ауызша берілген қоғамда философиялық ой құру мүмкін емес екенін мойындау уақыты келді. Өйткені, кез келген дәйекті ұтымды жұмыс алдын ала дайындық жұмыстарын, яғни ойды аңыздардан ажыратуды қажет етеді.

- Әңгіменің соңында қазақ тілі қашан сұранысқа ие болатынына өз болжамыңызды берсеңіз.

- Бәрі қаншалықты тез арада біз «шапан киген академиктердің» маршын тоқтата алатындығымызға және иллюзиялардан құтылып, ақыр соңында нақты іспен айналыса алатынымызға байланысты. 

 

 

Комментарии