Сенбі, 24 қазан 2020 ЖЫЛЫ
4737 23-09-2019, 11:51

Қазақстан азаматтары неліктен қазақ тілін үйренбейді?

Қазақ тілі біздің елімізде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс деп айтпаған адам жоқ деуге болады. Теориялық тұрғыдан, әрине, ерте ме, кеш пе, бұл құбылыс орын алуы мүмкін, бірақ іс жүзінде біз осы сәтті неғұрлым кейінірек ұақытқа шегіндіру үшін қолдан келгенің барлығын жасаудамыз. Олай болмаса, тіпті көптеген жылдар өтсе де орыс тілінде сөйлейтін ҚР азаматтары қазақ тілін үйренгісі келмегенін қалайша түсіндіруге болады? Ал бұл басты міндет болып табылған еді ғой – қазақ тілін сенімді түрде үйренетін қазақстандықтардың үлесін 2020 жылға қарай 95 процентке жеткізу жөніндегі шенеуніктердің батыл жоспарын еске түсіріңіздерші. Енді тиімсіз шаралардан бас тартып, мақсатқа қол жеткізудің басқа жолдарын іздеуге кірісетін кез келген шығар?

Қуаныш Тастанбекова, Цукуба университетінің (Жапония) халықаралық білім және салыстырмалы педагогика кафедрасының аға оқытушысы: «Адамды тілді үйренуге мәжбүрлеу мүмкін емес, оны тек қана қызықтыруға болады»

- Әлеуметтік лингвистикада тілдік саясат пен тілдік жоспарлау әдетте үш салаға бөлінеді: тіл мәртебесін жоспарлау, корпусты жоспарлау және тілді меңгеруді немесе оқытуды жоспарлау. Осылайша қазақ тілінің мәртебесін жоспарлау мәселесіне қатысты қиындықтар жоқ – Конституцияда және «Тілдер туралы» Заңда ол мемлекеттік тіл ретінде бекітілген, оның функциялары мен қолданылу аясы, сондай-ақ реттеуге жауапты органдар және т.б. анықталған. Ал корпусты жоспарлауға және тілді меңгеруді немесе оқытуды жоспарлауға келетін болсақ, мұнда ондай ешнәрсе жасалмаған, сондықтан бұл тұрғыда проблемалар бар, оның ұстіне олар айтарлықтай күрделі.

Корпусты жоспарлаудан, яғни грамматикалық, орфографиялық, лексикалық және семантикалық ережелерден бастайық. 1989 жылдан бастап, қазақ тілі алғаш рет мемлекеттік тіл ретінде заңды түрде бекітілген кезде, осы ережелер мен нормаларды жоспарлауды, оның ішінде терминологияны әзірлеуді әртүрлі органдар (оның үстіне өте бытыраңқы түрде) жүзеге асырған болатын. Бірыңғай теориялық тәсіл жасалмағандықтан, сарапшылар бір-бірімен келісілмеген жұмыстарды өткізген, ал бұл, әрине, қазақ тілін қолданудың жағдайын қиындатты. 

Бұл жағдайда терминология ең үлкен дәрежеде зардап шекті. Басқа тілдерден көшіріліп алынған сөздердің сөздігі жүйелендірусіз қалып қойды. Бұл себепті көптеген елдерде қабылданған халықаралық терминдердің ойсыз аудармалары әдеттегі өмірде сол қалпы қолданылмай қалды. Мысал үшін, «баланс» және «глобализация» сөздері тіпті Японияда да өзінің тұпнұсқалы дауыстауын сақтап қалса да, қазақ тіліне олар «тепе-теңдік» және «жаһандану» деп аударылған. Мен «қылтима» (балкон) немесе «күйсандық» (пианино) сияқты сөздер туралы тіпті айтпаймын...  Жалпы алғанда, мектеп оқулықтары қазақ тілінде мәтінді құрастырудың және аударудың бірыңғай тәсілі болмаған жағдайда жазылған.

Ал меңгеруді жоспарлауға, яғни қазақ тілін үйренуге және сол тілде оқытуға келетін болсақ, мұндағы қиындықтар корпусты жоспарлаудағы проблемаларға байланысты. Қазақ тілінің грамматикасын, лексикасын және орфографиясын дамытуға арналған бірынғай жол болмағандықтан, осы тіл оқу тұрғысынан күрделі деп қабылданады. Оның үстіне, мектепте де, үздіксіз білім беру жүйесінде де тілді оқытуды ұйымдастыруда өте үлкен проблемалар бар. Оқытудың тиімді әдістемесінің болмауы жағдайында орыс және басқа тілдерде оқытатын (өзбек, ұйғыр, тәжік) мектептер бағдарламасында қазақ тілі сағаттарын көбейту мағынасыз деп есептеймін. Бұл пайымдау мемлекеттік ұйымдардағы қазақ тілі курстарына да қатысты, өйткені олар қызметшілер үшін қолайсыз уақытта, оның үстіне көбінесе тек «орындалды» деп есеп беру үшін ғана өткізіледі. Бірақ ең бастысы – бұл курстарда іс жүзінде пайдалануға, мысалы, жұмысқа қажетті терминдерді қолдануға болатын лайықты білім берілмейді. Мотивация құралдары туралы мен тіпті айтпаймын, өйткені олар мүлдем жоқ.

Ақыр соңында, қазақ тілінің қоғамдағы төмен денгейдегі қызықтырушылығы байқалады. Тіпті Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаев сияқты танымал фильммейкерлер де, актерлер мен актрисаларының қазақ тілді болғанына қарамастан, өз киноларын орыс тілінде түсіреді. Неліктен фидьмдерді қазақ тілінде (орыс тілінде субтитрлерді қоса отырып) түсірмеске?

Демографиялық факторлардың ықпалына келетін болсақ... Иә, 2050 жылға қарай елдегі қазақтардың үлесі 80 проценттен, ал кейде тіпті 90 проценттен асатын болар, қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны табиғи түрде ұлғаюы мүмкін. Бірақ бұл жағдай корпусты жоспарлау және тілді меңгеру бойынша жұмыстың аса қажеттілігін алып тастамайды. Егер осы мәселе өздігімен шешілетініне үміттенетін болсақ, 2050 жылға қарай біз одан да қатты бөлінген қоғам алатын боламыз. Елімізде бір жағынан орыс тілді элитаның өте аз саны, ал екінші жағынан қазақ тілді маргиналды көпшілік болады. 

Сол кезде орыс тілі өзінің өзектілігін жоғалтады, өйткені қазақ және ағылшын тілінде сөйлейтін қазақстандықтардың ұрпағы өседі деген пікір бар. Бірақ, менің ойымша, мұндай сценарийді жүзеге асыру үшін түбегейлі қадамдар, яғни орыс тілінен толық бас тарту қажет, ал геосаяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстар тұрғысынан оны істеу өте қиын. Дегенмен, тіпті осындай радикалды және іске асырылуы екіталай сценарий де қазіргі кезде қазақ тілін меңгеру қажеттігін және корпусты жоспарлауды жетілдіру қажеттігін алып тастамайды.

Ал енді қазақ тілін дамытудағы интеллигенцияның рөлі туралы айтар болсақ, оның тағдырына жаны ашитын ғалымдар оны өзінің ғылыми еңбектерінде және күнделікті өмірде пайдалануды жалғастырады. Бірақ бұл әр адамның жеке таңдауы болуы керек. Ал жоғарыдан мәжбүрлеу, қоғам жағынан ол үшін көтермелеу немесе қорлау – мүлдем мағынасыз және қабылдауға жарамайтын нәрсе. Шынайы интеллигент ешқашан мәжбүрлемейді, ол қандай да нәрсенің қажеттілігін өзінің жеке мысалында дәлелдейді.

Мемлекеттің міндеті – тілді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Осы бағытта қандай нәрселер іске асырылғанын анықтап алмай тұрып, тілді жаңа терминдер мен ережелермен аса ауырлатуға болмайды. Адамды тілді үйренуге мәжбүрлеу мүмкін емес, оны тек қана қызықтыруға болады. Бұл саяси ерік-жігерді, ойластырылған және ашық қаржыландыруды, мониторинг пен бағалаудың тиімді шараларын, ал ең бастысы – сыбайлас жемқорлықтың болмауын талап етеді. 

Жұлдыз Смағұлова, ф.ғ.к., Ph.D., КИМЭП Университетінің білім және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы: «Жауларды сырттан іздеуді тоқтатып, ішкі мәселелерді шешуді бастау уақыты келді»

- Қаншалықты жақын арада қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі бола алады? Бұл үшін елде қандай демографиялық өзгерістер болуы тиіс?

- Бұл қашан және қалай болатынын айту қиын. Бір жағынан, ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп және оның таралуы қалай реттеледі деп не жөнінде айтылып отырғаны онша анық емес. Идея бойынша, бұл жеке қарым-қатынас саласындағы тіл тәжірибесіндегі өзгерістерді болжайды, бірақ мұнда Қазақстан азаматтары конституциялық нормалармен қорғалған – олар жеке өмірде кез келген тілде сөйлеуге құқылы. Егер сөз мемлекеттің бақылауындағы салаларда тілдік мінез-құлықты жоспарлау туралы болса (мемлекеттік органдарда, білім беру мекемелерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында және т. б. тілді пайдалану), онда бұл ресми тіл мәртебесіне қатысты сұрақ болып табылады... Яғни, алдымен сөз не жөнінде (жеке тұрмыстағы қарым-қатынас туралы ма әлде барлық салалардағы, регистрлердегі және жанрлардағы қарым-қатынас туралы ма) болып отырғанын анықтап алуымыз керек.

Екінші жағынан, тілдің таралу дәрежесіне көптеген факторлар әсер етеді, ал демография мүлдем олардың ең маңыздысы емес. Әлемдік тарихта демографиялық көпшілігі азшылықтың тілін қабылдағанына көптеген мысалдар бар. Француз тілінің немесе румын тілінің пайда болу тарихын еске түсіріңіздерші, олардың негізінде жергілікті тілдерді қолданудан ығыстырып тастаған латын тілі жатыр. Бұл ретте қазіргі Франция аумағында латын тілінің таралуы осы жерлер Рим империясының құрамына кіргенімен түсіндіруге болса, онда прото-румын тілі қай жерде пайда болғанын анықтау қиын. Қазіргі Румынияның аумағы ешқашан Рим империясының бір бөлігі болған емес, бірақ, оған қарамастан, жергілікті халық өз тілдерінен қазіргі румын тілінің негізі болған халықтық латын тіліне (латын тілінің сөйлеу формасына) көшті.

Егер тілдік байланыстың қазіргі заманғы жағдайларына қарайтын болсақ, Жаңа Гвинея Папуаның мысалы айтарлықтай қызықты, онда халықтың 1-2 проценті ағылшын тілінің тасымалдаушылары болып табылады, бірақ оның негізінде жергілікті креол тілі пайда болды, ол кезінде делдал-тіл (linguafranca) болып, ал қазіргі кезде елдің ресми тіліне айналды. Сондай-ақ орыс аристократтары француз тілінде сөйлегенін еске түсірулеріңізге болады. Немесе біздің Қазақстанға қараңызшы, бізде ағылшын тілін тасымалдаушылары іс-жүзінде жоқ болғанмен, бірақ сол тілде сөйлеушілер саны үнемі өсуде. Яғни, тілді оқып, пайдалану үшін осы тілді тасымалдаушыларының болуы тіпті шарт емес.  

Римнің құлауынан кейін латын тілі ұзақ уақыт бойы Европада шіркеудің, мемлекеттің және ғылымның тілі болып қала берді – мысалы, 1809 жылға дейін ол Ресейдегі Императорлық ғылым академиясының ресми тілі болды. Орта Азияда осыған ұқсас функцияны шағатай тілі атқарды – 20 ғасырдың басына дейін ол діни, философиялық-дидактикалық, ғылыми, эпистолярлық және басқа да әдебиеттің тілі болып қала берді.

Бұл мысалдардың барлығы тілдерді таратуда демографияның рөлін асыра көтермелеудің қажеті жоқ екендігін көрсетеді. 

- Кейбір тілдерде сөйлейтін адамдардың саны аз болса да, неліктен сол тілдер басым болады?

- Бұл көбінесе адамдардың өзін мақсатты тілдің тасымалдаушылармен немесе әлеуметтік ұтқырлықтың әлеуетті мүмкіндігімен сәйкестендіру ниетімен анықталады. Өздігінен барлық тілдер бейтарап болады, олар көптеген коммуникативтік функцияларды бірдей орындай алады. Алайда, белгілі бір тілдермен байланысты әлеуметтік топтардың барлықтары бірдей емес. Кейбіреулердің әлеуметтік мәртебесі (билік, білім деңгейі, әлеуметтік-экономикалық жағдай, мәдени капитал) әлдеқайда жоғары болып табылады, сондықтан олардың тілдері беделді болып, меңгеру үшін қалаулы объектілеріне айналады. Мәдени және лингвистикалық ассимиляция әлеуметтік-саяси теңсіздік жағдайында әрдайым пайда болады, сондықтан әлемде азшылықтың тілінен элита тіліне көшудің көптеген мысалдары бар.

Ал сонымен қатар қандай да бір тіл білдіретін мәдениет те өте маңызды болып табылады. Мысалы, грек тілі әліпбидің пайда болуымен, мәдениет пен өнердің дамуымен (мифология, философия, спорт, классикалық сәулет, мүсін, драматургия, поэзия және т.б.) және мемлекеттік басқарудағы инновациялармен (тікелей демократия, азаматтар, заңнама) тығыз байланысты. Бұл бай мәдени мұраның, әсіресе жазбаша мәтіндердің болуы көне заманда элита үшін міндетті тілге айналды. Мысалы, Александр Македонский үшін грек тілі ана тілі емес болатын... Немесе ағылшын тілінің қарқынды таралуына қараңызшы – бұл оның тасымалдаушылары әлемдік саясат пен экономикада маңызды рөл атқаруының нәтижесі ғана емес, сондай-ақ осы тілде үлкен мәдени және ғылыми материалдың болуының салдары да, бұл жағдай оны кейде басқа тілмен ауыстыруға мүмкін емес етеді.

- Қазақ тілін үйренуге қабілетсіз азаматтар осы тілде сөйлейтін адамдармен өзін өзі байланыстырғысы келмейтін болғаны ма? 

- Өкінішке орай, қазақ тілін әлі күнге дейін алшақ жерлерде орналасқан ауылдармен, яғни білімнің жетіспеушілігімен байланыстырады. Оның растауын біз күн сайын жұмыссыз жүрген немесе квалификацияны талап етпейдін жұмыспен айналысуға мәжбүр болған қазақ тілді ауыл жастарында көреміз. Ал соңғы уақытта оларды тіпті қылмыс пен зорлық-зомбылықпен байланыстырылатын болды. Мұндай ұқсастықпен қызықтыру қиын...

Біздің міндетіміз – адамдардың өзін сәйкестендіргісі келетін бірегейлікті жоспарлы түрде құрастыру, әрі ол қазақ тілімен тікелей байланысты болуы тиіс. Бізде әлі күнге дейін басты назар әлеуметтік және мәдени бірегейлікті жоспарлауға емес, тілдің дамуына аударылуда. 

Қалаулы, беделді сәйкестендіруден басқа, тіл экономикалық тартымды қызметпен немесе саламен байланысты болуы тиіс. Егер сіз миноритарлық тілдерді сақтаудың немесе қайта жаңғыртудың табысты мысалдарына қарасаңыз, онда іс жүзінде барлық жағдайларда олардың тасымалдаушыларында өздерінің экономикалық тауашасы – мысал үшін жергілікті туризм, тігін индустриясы немесе балық аулау ауылы болғанын көресіз. Яғни, осы тілдік қауымдастықтың өкілдері жұмыс істейтін жеке орта. Олардың табысы жақсы, тиісінше өзін-өзі бағалауы жоғары, сондықтан басқа адамдарда сол жерде жұмыс алу үшін солардың тілінде сөйлеуге ниет пайда болады. 

Тек тілді ғана реформалау арқылы (бірақ онымен тікелей байланысты жұмыс орындарын және беделді экономикалық тауашаларды жасамастан) адамдарда оны меңгеруге талпыныс тудыру өте қиын болатынын түсіну керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің елімізде «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар сапалы тауарлар пайда болмағанша, қазақ тілін үйренуге деген ынта да болмайды. Әрдайым: «Оның маған не қажеті бар?» деген сұрақ туындайды.

- Экономикалық пайдадан басқа тағы да қандай ұтымды нәрселер болуы керек?

- Қазақ тілі төңірегінде қалыптасқан жағдайда оны меңгергісі келмейтін немесе игере алмайтындарды айыптайды. Яғни, мәселені әрқашан ішкі емес, сыртқы мәселе ретінде көрсетеді. Бұл ретте оның қазіргі тасымалдаушылары үшін не жасалып жатқаны туралы (қазақ тіліндегі материалдардың сапасы жақсарылып жатыр ма, олардың білім, сауаттылық, дағдыларын дамыту деңгейін арттыру үшін жағдай жасалады ма және ресурстар жеткілікті көлемде бөлінеді ме) сирек айтылады. Ең алдымен, бұл жұмыссыз және білімсіз қалып қоятын ауыл балаларына қатысты. Иә, олар қазақ тілін меңгерген, бірақ олардың тілдік репертуары шектеулі, сондықтан күрделі публицистикалық немесе академиялық мәтіндерді түсініп, ғылыми немесе іскерлік стильмен жаза алатындары өте аз. 

Шын мәнінде, тұрмыстық тілді меңгеру қиын емес. Бірақ біз әдеби қазақ тілін таратуға тырысып отырмыз ғой. Жауларды сырттан іздеуді тоқтатып, ішкі мәселелерді шешуді бастау уақыты келді. Олардың ішіндегі ең басты мәселе – контенттің болмауы. Кез келген кітап дүкеніне барыңызшы – онда балалар мен жасөспірімдерге арналған сапалы қазақ әдебиетін табу екіталай. Егер ол бар болса, онда мүлдем аз мөлшерде. Өз балалары үшін қазақ тілінде білім беретін мектептерді таңдаған ата-аналар күнделікті анықтамалық және көркем әдебиеттің болмауы проблемасымен бетпе-бет келеді. Ал қазақ тілінде оқитын ештеңе жоқ болса, оны меңгерудің не қажеті бар? Көптеген адамдар дәл осылай ойлайды.

Тіл саясатының маңызды кемшіліктерінің бірі – сапалы контентті қалыптастыра алатын креативті топтың болмауы немесе аз болуы жағдайында аударма ісіне аз көңіл бөлінген және бөлінеді. Көркем әдебиетті аударумен көбінесе еріктілер мен іс қозғалушылар айналысады. Сіз Раиса Кадер құрған «Steppe&World» баспасы туралы естіген шығарсыз, біздің балаларымыз әдемі және өте қызықты кітаптарды оқу мүмкіндігіне ие болу үшін, олар өз күштерімен балалардың әлемдік бестселлерлерін қазақ тіліне аудара бастады. Бірақ мұндай адамдар өте аз.

- Мемлекеттің қолдауы қандай болуы қажет? 

- Егер күш, уақыт және ақша әйтеуір жұмсалатын болса, әрине, оларды жеке өзіндік, сапалы контент құруға жұмсау керек. Әрине, бұл бағытта кейбір нәрселер жасалып жатыр, бірақ ол жеткіліксіз. «100 оқулық» – тамаша жоба, бірақ бұл аз, және мерзімі де тым қысқа болды. Аударма дегеніміз – бұл нағыз өнер, ол кызу науқанды қаламайды, ол кәсіпқойлық пен уақытты талап етеді. Жоспарлы және жүйелі жұмыс қажет. Бізге кәсіби, мықты гуманитарийлерді тәрбиелеу керек: жазушы факультеттерін, креативті мәтіндер жазу бойынша, сценарлық шеберлік бойынша пен т.б. курстар ашу керек; жас жазушылар мен ақындарды, әншілерді, музыканттарды, режиссерлерді қолдау керек; балалар әдебиеті баспасын құру немесе жаңғырту керек; тек ағылшын және орыс тілдерінен ғана емес, басқа тілдерден де аудара алатын аудармашылар ұрпағын өсіру керек.

Сонымен қатар, аударма жасау мен жазу шығармашылығы – бұл ауыр еңбек екенін ұмытуға болмайды, сондықтан, яғни, егер біз процесті жеделдетіп, қазақ тілінде сапалы контент жасауды қалайтын болсақ, оған тиісті түрде ақша төленуі тиіс. Мемлекеттің қолдауы дәл осы жерде қажет. Инженерлерді, программистерді, дәрігерлерді, бухгалтерлерді шетелде де оқытуға болады, ал қазақ тілді жазушыларды, қазақтанушыларды, қазақ тіліндегі аудармашыларды ешкім дайындамайды. Мұны біз өзіміз жасауымыз керек.

Сонымен қатар, поп-мәдениет пен креативті топтың тілді дамыту мен таратудағы рөлін жете бағаламау дұрыс емес. Мемлекетке қарағанда, кейде біздің қазақ тілді әншілер бұл тұрғыда көбірек жұмыс атқаратын сияқты болып көрінеді.  

- Демек, біздің тілдік реформаларымыз дұрыс емес бағытта жүргізіліп жатыр ма?

- Көпшілігінде олар архаикаға негізделген – қарап көріңіздерші, эпостағы қазақ тілі қандай бай, бізге басқа тілдерден көшіріліп алынған сөздердің не қажеті бар, шынайы сөйлеуді қайтару керек дейді... Бірақ арнаны анықтау өте қиын. Қазақ тілінің қандай болуы қажет немесе қандай болуы мүмкін екенін ешкім білмейді. Тіл саясатының басқаруында тұратындар лингвист ретінде тілдік өзгерістерден қорықпау керектігін түсінуі тиіс. Сөйлеу әдісі өзгергенде, басқа тілден сөздер көшіріліп алғанда, жаңа грамматикалық конструкциялар пайда болғанда, вариативтілік бар кезде барлығы да орынды болып табылады. Бұл кез келген тірі тілде болатын құбылыс. Мүмкін, ең жарқын мысал – ағылшын тілі болар, онда сөздердің тек 30 проценті ағылшын-саксон тілінен шыққан, ал қалғандары басқа тілдерден көшіріліп алынған. Егер біз қазақ тілінің қазіргі заманға лайық болғанын қаласақ, онда ол өзгеретінін және қиялдағы каноннан алшақтайтынын дұрыс деп қабылдау керек.

- Ал сіз мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесін қалай бағалайсыз? Оның кемшіліктері қандай?

- Бізге ғылыми база жетіспейді. Салыстыру үшін ағылшын тілі оқулықтарын алыңыз. Олардың негізінде оны екінші тіл ретінде оқу туралы, әртүрлі жастағы білім алушыларға арналған оқыту әдістері туралы, меңгерудің әртүрлі деңгейлері үшін, және т. б. әр түрлі мақсаттарға арналған көптеген зерттеулер жатыр. Осы зерттеулерден біз, мысалы, -ing етістік аяқталуды меңгеру осы уақыттың 3-ші адамның -s аяқтауды меңгергенге дейін болуы тиіс екенін білеміз және бұл материал беруді анықтайды. Қазақ тіліне қатысты мұндай зерттеулер іс жүзінде жоқ. Оқытушыларға ол тәсіл өз нәтижесін беретінін немесе бермейтінін білместен, эмпирикалық жолмен әрекет етуге тура келеді... Осындай зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бізге тілдерді меңгеру теориясы, билингвизм, оқыту әдістемесі және т. б. саласында кәсіби лингвистер қажет.

Сонымен қатар бізде әлі күнге дейін «екінші тілді меңгеруші» деген ұғым өте нашар дамыған. Мысал келтіремін. Менің әріптесім орыс тілді қазақтар қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгеруі туралы мақала жазды. Бірақ рецензент мынадай ескерту жасады: қазақ тілі екінші тіл бола алмайды, себебі ол олар үшін ана тілі. Яғни, біз әлі күнге дейін «ана тілі», «бірінші тіл», «екінші тіл», «доминант тіл» тұжырымдамаларын шатастырамыз. Ана тілі – өзін-өзі сәйкестендіретін нәрсе, бірінші тіл – бірінші меңгерілген тіл, доминант тіл – адамның ең жақсы білетін тілі.

Ал егер «екінші тілді меңгеруші» деген қалыптасқан ұғым жоқ болса, адам қазақ тілінде еркін сөйлеуі тиіс немесе мүлдем сөйлемеу керек деп болжанады. Бізде қателіктерге өте төзімсіз қарайды. Нәтижесінде, көптеген білім алушыларда тіл мен мұғалімге жағымсыз қарым-қатынас туғызатын тұрақты аффектілік кедергі пайда болады. 

Сондай-ақ қазақ тілі оқулықтарындағы мәтіндердің күрделілігін атап өткім келеді. Бізде оларды жасы бойынша да, тілді меңгеру деңгейі бойынша да, оқу деңгейі бойынша да (мысалы, ағылшын тіліндегі abridged және graded reading жүйелері сияқты) бейімдемейді. Оның үстіне бұл көбінесе дәстүрлер туралы, отан және т.б. туралы қайталана беретін, мүлдем қызықты емес, пафосты мәтіндер. Егер біз шын мәнінде адамдар қазақ тілінде сөйлегенін қалайтын болсақ, ол мәтіндерді, әрине, заманауи етіп жасауымыз керек. Тілді меңгеріп жүрген адамдар үшін ол қызықты болуы тиіс, онда заманауи идеялар болғаны жөн, яғни киіз үйді немесе қандай да бір әдет-ғұрыптарды суреттеудің қызықсыз нұсқасы болудың орынына ол көңілді және пайдалы контентпен байланысты болуы керек.

Ақыр соңында, мұғалімнің өзіне де көптеген сұрақтар бар. Егер балаларға ол сүйкімді болса, онда оларда тіл жөнінде және оның тасымалдаушылары жөнінде оң пікір қалыптасады. Бірақ студенттермен, достарым мен туысқандарымның балаларымен әңгімелескенде көбінесе көпшілік үшін ең ұнамсыз пән – қазақ тілі және тиісінше ең ұнамсыз мұғалім – оны үйрететін адам екені анықталады. Бұл қайғылы жағдай. Өйткені, бізде проблемаларды әдеттегідей сырттан іздеп, балалар меңгергісі келмейді дейді. Мүмкін, енді өзімізге: «Ал менің шәкірттерім мені құрметтеулері үшін (қорқу үшін емес, құрметтеу үшін) және қазақ тілін жақсы көрулері үшін мен өзім не істедім?», «Білім алушылар осы тілде сөйлеуі үшін мен өз тәсілдерім мен әдістемелерімде не өзгертуім керек?» – деген сұрақтар қоятын уақыт келген шығар. Өйткені дәріс беруде өзін-өзі сынау тұрғысынан рефлективтік тәсілдері бар және білім алушыларға үлкен құрмет көрсетуге дайын мұғалім ғана жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерте алады. 

 

Комментарии