Бейсенбі, 13 тамыз 2020 ЖЫЛЫ
1967 23-09-2019, 11:49

Қазақстандықтар «демократияның өршуіне» дайын ба?

Қазақстан қоғамы саяси ырықтандыруға бағыт алғаны анық. Ағымдағы тренд осындай. Алдағы перспективада сайлау туралы, партиялар туралы, БАҚ туралы ең демократиялық заңдар қабылданатынын таза гипотетикалық түрде елестетіп көрейік… Біздің қоғам, әсіресе оның төмен құқықтық мәдениетін және архаикаға қайта оралуға бағытталған тенденциясы байқалып отырғанын ескеретін болсақ, демократияның осындай «өршуіне» дайын бола алады ма? Біз берілген бостандықтарға иелік ете отырып, оны тиімді пайдалана аламыз ба немесе, керісінше, қалыптасқан ұстанымдарды шайқап, елді хаосқа батырамыз ба? 

Қанат Нұров, «Аспандау» қорының президенті: «Бізге әлі де бұрынғыдай тежемелік пен тепе-теңдік сақтау жүйесі қажет» 

- Мен жалпы алғанда демократияның «өршуі» болады деп ойламаймын, өйткені ол шешім қабылдау процесінде өзінен-өзі ең жоғары тәртіпті білдіреді. Бұл, әрине, мұндай шешімдердің сапасы мен дұрыстығына кепілдік бермейді, бірақ олар көпшіліктің еркінің көрінісі болатындығы – даусыз факт. Классикалық (буржуазиялық) либерализм тұтастай алғанда теріске шығармайды, керісінше, ол мемлекетті қоса алғанда, ұжымдық тұлғалармен жеке тұлғаның қатаң тең құқылығы жағдайында адам құқықтарын ретке келтіріп жүзеге асыруды талап етеді.  

Сондықтан демократия мен либерализм тек өзіндігінен хаос тудырып, архаикаға қарай жетелеуі екіталай. Бірақ мен президенттік республиканы президенттік-парламенттік немесе парламенттік етіп қайта құру бізді саяси дағдарыстардың шоғырына (ол кезде премьер-министрді немесе атқарушы биліктің өзге басшысын тікелей халықтың өзі емес, депутаттар сайлайды) әкеле алатынымен келісемін. Орта топтың болмауы және құқықтық мәдениетінің төмен болған жағдайында бізге бұрынғысынша классикалық президенттік республикадағы билік тармақтарының тежемелік және тепе-теңдік сақтау жүйесі қажет. Біз тек суперпрезиденттік билікті ырықтандыруды, оны парламентке есеп беретін етіп жасауды, оны заң шығарушы органды тарату құқығынан айырып, импичмент мүмкіндігін көздеуіміз керек. Бұл ретте президенттің өзі тағайындайтын премьер-министр сияқты «жазалауға арналған бала» бола ма, жоқ па – әзірше маңызды емес. Ең бастысы – атқарушы билік басшысы өзінің жедел қызметінде өзгермелі парламенттік көпшілікке тәуелді болмауы тиіс. Әйтпесе бізде рейхстагта орын алған тәртіпсіздіктің салдарынан билікке бүкіл неміс халығынан мандаты болмаған және елдің демократиялық құрылымына қарсы ашық шыққан Гитлер келген кездегі Веймарлық Германиядағы жағдай болып қалуы ықтимал. 

Мұрат Телібеков, мұсылман қоғам қайраткері: «Демократияның бірыңғай, барлығына қолайлы үлгісін қалыптастыру мүмкін емес»

- Әлемде демократияның әмбебап моделі жоқ. Жақында мен Сауд Арабиясында болдым, сол жерде болған кезде әр түрлі мәдениеттер, діндер, этностар болған жағдайда демократияның бірыңғай, барлығына қолайлы үлгісін қалыптастыру мүмкін емес екендігіне көз жеткіздім. Қаншама ғажайып болып естілгенмен, көптеген парламенттік немесе президенттік республикаларға қарағанда, тіпті Саудиядағы классикалық шығыс монархияның жағдайында да адамгершілікке бағытталған мемлекет кұруға болады. Біріккен Араб Әмірліктері одан да жарқын мысал болып табылады.

Демократия көптеген адамдар үшін біртүрлі фетишке айналып кеткенін мойындау керек. Олар кез келген мәселелердің шешу жолын дәл осы демократиядан іздеуге тырысады. Бірақ тек еркіндік үшін қол жеткізілген еркіндік – бұл абсурд. Мүмкін, жеке адамдар үнемі айтатын «адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» дәл осы себепті пайдасыз құжатқа айналып қалған шығар.  

Мен мұны не үшін айтып отырмын дейсіз бе? Егер біз Қазақстанда демократиялық заңдарды қабылдағымыз келсе, онда ең алдымен оны қандай мақсатпен жасайтынымызды өзіміз түсінуіміз керек. Еуропалық сәнге қалай да болмасын сәйкес келуі үшін бе? Ұлттық мүдделерді қорғау үшін бе? Бірақ бұл ұғымдар жиі үйлесімсіз болады және бір-біріне қайшы келеді. 

Мен үшін Пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) шеңберінде демократияны «енгізуге» деген талпыныс үлгі болды. Билік адамдарға тұрғын үй кварталының шегінде еркіндік берген сияқты еді. Олар шағын «мемлекеттің» басшысын сайлауға және бюджетті бақылау мүмкіндігіне ие болды. Бірақ мұның барлығы қандай нәтижеге әкеліп соққанын біз білеміз. Ал басты себеп – тұрғындардың немқұрайлығы. Иә, иә, халықтың басым бөлігінің абсолюттік немқұрайлығы. Егер демократия шағын кооператив жағдайында ешбір жақсы нәтиже бермеген болса, онда бүкіл мемлекеттің ауқымында қандай да бір үміт күттіретін нәтижелерге сенуге болады ма? Яғни адамдардың өзін-өзі ұйымдастыруға және ақылға қонымды тәртіпті қалыптастыруға қабілеттілігі тек иллюзия. Біздің жағдайда мұндай әрекет гуманизм мен альтруизмнің орынына өзара бір-бірін өз мақсатында пайдалануға талпыныс тудырды. 

Қазіргі уақытта ҚР жаңа президентінің әкімшілігі қоғамды сауықтыру үшін және сонымен қатар тәртіпсіздікті болдырмау үшін халыққа қанша бостандық өлшеп беру керек деген дилеммаға жауап іздеуде. Бұл өте қиын мәселе. Шекаралар ашық болып қалды. Елдердің өзара енуі бұрын-соңды орын алмаған деңгейге жетті. Сырттан тек қарапайым адамдардың санасымен ғана емес, сонымен қатар саясаткерлердің, мемлекеттік қайраткерлердің, журналистер мен құқық қорғаушылардың мінез-құлқымен де айла-шарғы жасау үшін қолайлы жағдайлар туындады. Мәселені сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі күшейте түсті. Бір елдің үкіметін сатып алу және сатып жіберу, өкінішке орай, фантастикалық романға лайық сюжет емес, бұл қазіргі өмірдің шындығы. 

Сіз айтып өткендей, қоғамның белгілі бір бөлігінің архаикаға оралуға ұмтылысы өте қауіпті құбылыс. Мұндай үрдіс қазіргі кезде орын алып отыр. Төменгі сезімдерді пайдалана отырып, елді надандық пен қараңғылықтың терең шұңқырына батыру қаупі бар. Кейбіреулер адамдарды Ислам халифатына тартып, кейбіреулер ортағасырлық феодализмнің «алтын ғасырына» итермелейтін болады; басқа этностардың өкілдерін Қазақстаннан қуғынға ұшырататын «патриоттар» да табылады. Халықтың мәдени деңгейі жақсартуды талап ететіндігін және берілген еркіндік жағдайында адамдар дұрыс таңдау жасай алатынының ықтималдығы өте төмен екендігін мойындау қажет. 

Қалай да болмасын, қорқыныш пен қатерлерге қарамастан, біз баспасөз бостандығын кеңейтуге, сайлау жүйесін реформалауға, бейбіт митингілер мен жиналыстарды рұқсат етуге батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Өмір көрсеткендей, бостандықтың артықша болғанына қарағанда, оның жетіспеуі елге анағұрлым көбірек жаман әсер етеді. Мұнда көптеген мысалдар келтіруге болады. Билікте не болып жатқанын қараңыздаршы. Басқару аппаратына тек дилетанттар, яғни тиісті білімсіз және кәсіби дайындықсыз қандай да бір қызметпен айналысатын адамдар ғана емес, қылмыскерлер де кіреді. Ағайынды Рыскалиевтер осы сөздердің жарқын иллюстрациясы бола алады. Бүгінгі таңда түрме робасын киген ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев одан да жарқын прецедент болып табылады. 

Менің ойымша, мемлекетті басқару өнері ақылға қонымды шектерде өтірік пен шындықты, бостандық пен зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен мейірімділікті ұштастыру болып табылады. Әлем одан басқа тәсілді әлі ойлап тапқан жоқ. 

Павел Шумкин, кәсіподақ көшбасшысы: «Халық «артық бостандыққа» ие болып, өзін де, елді де құртатыны жөнінде қорқыныштар мүлдем қисынсыз» 

- Халық бостандыққа лайық па, әлде оларға оны беру әлі ерте ме деген сұрақ, – узурпаторлардың мәңгілік тақырыбы. Бұл бастапқыдан жалған, бүгінгі сөзбен айтқанда, фейкті тақырып. Өйткені олардың өздері (оның ішінде біздікілер де) биліктің «төбешігіне» дәл осы «халықтан келген», одан басқа қайдан келеді. Бұл қай кезде және қалай болғанын еске түсіру қиын емес. Бірақ мәселе биліктің дәмін татып, бұл адамдар осы ыңғайлы жерлерден кеткісі келмейтіні, бәлкім, тіпті саяси емес, медициналық проблема болып табылатын шығар. Онжылдықтар бойы «рульдың қасында» болуға әбден үйреніп, олар елде өздері әуел бастан шеше алмайтын, яғни көпшіліктің шексіз мәселелеріне бірліктердің математикалық жағынан өте төмен мөлшердегі әсер ету қабілетіне байланысты ұзаққа созылған және кейінге қалдырылған экономикалық, саяси, мәдени, экологиялық және ұлттық проблемалардың массасын құрды. 

Осыдан мүлдем айқын қорытынды шығаруға болады: Қазақстанда қоғам мен билікті жедел ырықтандыру қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілген. Бұл демократия мен еркіндік елге кезекті идеологиялық немесе моральдық эксперимент ретінде, немесе қарыны тоқ Еуропаға еліктеу үшін қажет болғандықтан емес. Олар елімізге «елден әлі кетпеген массалардың шығармашылық энергиясының» жалғыз сенімді көзі ретінде өте қажет. 

Халық «артық еркіндікті» иеленіп, өзін де, елді де құртатыны жөніндегі сөздер мүлдем қисынсыз және қасақана қондырылатын қорқыныштар. Олардың зияны туралы негізделген пайымдауларды жасау үшін нақты бостандықтар бізде әлі ешқашан болған емес. Бізде әлі де шын мәнінде митингілер өткізуге, ереуілге шығуға және дауыс беруге шартсыз құқықтар болмады. Біздің елімізде заң мен қоғамға мінсіз қызмет етуге қабілетті және құштар болатын прокурорлар, судьялар, полицейлер және басқа да шенеуніктер әлі дүниеге келмеді. Біздің адамдарымызға олардың табиғи нәзіктігі мен «төмен құқықтық мәдениеті» туралы айтатындай оларға нақты құқық берілген жоқ. Оларға әрдайым бұйрықтар, жарлықтар, жолдаулар, рұқсаттар, өкімдер, кестелер мен түсініктемелер түсіріліп отырды. Бірақ оларда түсіндірулер мен толықтыруларды талап етпейтін және бәрінің заң алдында теңдігіне кепілдік беретін постулат ретінде нақты құқығы ешқашан болған емес. 

Өзімнің едәуір тәжірибемде әр түрлі билік өкілдерімен қарым-қатынастар болған кезде (прокурордан бастап министрге дейін) керек десеңіз, ұлттық тәрбие мен заңды құрметтеу «қарапайым адамдар» (азаматтарымыздың бұрыннан қалыптасқан және қорлайтын атауы) біздің елімізде әрқашан өте жоғары болған, сонымен қатар ол өздерінің көптеген ойлап шығарған заңдарын орындамайтын кез келген «қарапайым емес» шенеуніктердің мінез-құлқынан әлде қайда жоғары екеніне менің көзім әбден жетіп отыр. 

Иоганн Зейме кезінде былай деп айтқан еді: «Жалғыз ғана адам құтқара алатын халық қамшымен сабалануға лайық». Мұндай халық болу ұят. Біз өзімізді өзіміз құтқарып, дамыта аламыз және құтқарып, дамытуға тиіспіз, сондықтан «демократия мен либерализм» бізге ауадай қажет. Осы ұлттық қасиеттерге қол жеткізу үшін біздің бүкіл қоғамымызға және әзірге алмастыруға болмайтын адамдардан енгізуді талап етіп және бақылай отырып, бірақ ортақ, ұлттық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуге үйрету керек. 

Ғалым Ағелеуов, Liberty қоғамдық қорының президенті: «Жүйе идеялардың, адамдардың және партиялардың бәсекелестігі нәтижесінде үнемі жаңартылуы тиіс» 

- Біз жүзгіміз келеді, ал билік тыйым салу белгілерін тізе деңгейінде орнатып қойды. Соның салдарынан біз жүзудің орынына еңбектеп жүрміз. Елімізде заңгерлер көп, бірақ құқықтар мен бостандықтарды іске асырудың азаматтық тәжірибесі әлі күнге дейін жоқ. Сайлау туралы заңды либерализациялау ең жақсыларды сайлауға және таңдап алуға мүмкіндік береді, бізді адамдарды дұрыс таңдауға, популизмді емес, жақсы істерді бағалауға үйретеді. Нәтижесінде бұл азаматтық қоғамға мықты болуға, елде болып жатқан барлық саяси процестерге қатысуға, бюджеттік ашықтықтан жергілікті өзін-өзі басқару мәдениетіне дейін көп нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Адамдар өздерінің азаматтық және саяси мүдделерін партиялар мен қозғалыстар шеңберінде іске асыру үшін біріге алады, олар өз кезегінде сайлаушылардың дауыстары үшін нақты таласып, жергілікті деңгейде жұмыс істейтін болады.  

Егер президент әкімшілігі, әкімдіктер билікті жергілікті қоғамдастықтарға берсе, ал соңғылары өз көшбасшыларын таңдаса, онда тәртіп қажетті рәсімдерді қатаң орындау арқылы сақталатын болады. Саяси мәдениет пайда болады, барлық деңгейлерде кемсітушілік жойылады, ашықтық нормаға айналады, бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің белсенділігіне әкеледі. Олигархиялық клан жүйелері оларды әлеуметтік тұрғыда сезімтал болуға, азаматтық бастамалар мен жобаларды қолдауға итермелейді. Әкімшілік ресурс пен авторитаризм ұжымдық шешімдер мен демократиялық рәсімдерге жол береді. Азаматтық бақылаудың арқасында айқын бюджет қазақстандықтардың мүддесіне жұмыс істей бастайды, оның аясында ЭКСПО сияқты жобалар емес, өзекті мәселелер шешілетін болады. Жүйе идеялардың, адамдар мен партиялардың бәсекелестігі нәтижесінде үнемі жаңаратын болады.  

Билік елдің қауіпсіздігі тыйымдар мен шектеулерде емес (олар бір жағынан тұрақсыздыққа алып келеді), ал адамдарға олардың саяси және басқа да құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беруде екенін түсінуі тиіс. 

Димаш Әлжанов, саясаттанушы, «Oyan, Qazakhstan» қозғалысының белсендісі: «Демократияның өршуі көптеген елдерді әлемдік көшбасшыларына айналдырды» 

- Қазақстан құқық үстемдігі қағидаты сақталмайтын мемлекет болып табылады. Құқықтық мәдениеттің төмендігі елдің саяси құрылымымен реттеледі, билік құқықтарды өзі шектейді, Конституция мен заңдардың нормаларын бұзады, өйткені ол шектеулі емес және қоғамға есеп бермейді. 

Құқықтық және демократиялық мемлекетте адамдар қақтығыстарды ұймдастыруға бейім емес, өйткені онда әрекет етуші тетіктер билікті сайлау арқылы бейбіт түрде өзгертуге, парламентте, жергілікті органдарда өкіл болуға және олардың шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндік береді. Мұндай елдердегі сот жүйесі барлық азаматтарға олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға кепілдік береді. Демек, қоғамның өзі қалыптасқан тәртіпті бұзуға мүдделі емес. Және дәл «демократияның өршуі» осы елдерді әлемдік көшбасшыларына айналдырды. 

Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары шектеулі, экономикалық мүмкіндіктер биліктегі адамдардың аздаған тобына ғана қол жетімді, қазіргі саяси құрылым азаматтарға өз мүдделерін іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сондықтан қоғам мұндай жүйені қайта қарауды барған сайын белсенді түрде қолдап отыр. Өз табиғатына орай авторитарлық режимдер жабық және икемденуге бейім емес, сондықтан дәл сол жерде радикалды және архаикалық көзқарастар пайда болады. Мұның барлығы олардың тұрақсыздығына әкеледі. 

«Біз берілген бостандықтарға иелік ете отырып, оны тиімді пайдалана аламыз ба немесе керісінше, қалыптасқан ұстанымдарды жойып, елді хаосқа батырамыз ба?» – деген сұрақ қойдыңыз. Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, қалыптасқан ұстанымдар деп не жөнінде айтылғанын анықтау керек. Авторитарлы дербестендірілген режим жөнінде ме? Егер солай болса, әдетте, мұндай режимдер эволюцияланбайды және олар өздігінен коллапсқа келіп жетеді. Қалыптасқан жаппай сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттің тиімсіздігін саяси жүйенің реформасы арқылы ғана жеңуге болады, соның нәтижесінде азаматтарға олардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетін болады. 

Махамбет Әбжан, «Шаңырақ» қоғамдық қозғалысының жетекшісі: «Халықты енді кері қайтару мүмкін емес» 

- Біріншіден, мен біздің қоғамымыз төмен құқықтық мәдениетпен және архаиканың қайта оралу үрдісімен сипатталады деген сөздермен мүлдем келіспеймін. Екіншіден, ол бұрыннан бері дайын және өмірдің барлық салаларын ырықтандыруға құштар болып отыр. Демократиялық заңдар қабылданған жағдайда қалыптасқан ұстанымдар сөзсіз жойылады, бірақ ел түзетілуге бағыт алатын болады. Ия, мүмкін, кейбір әсер ету топтары саналы түрде немесе білмегендіктен «артықша шектен шығады», бірақ бұл өсудің табиғи ауруы. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған заңдар болса, сіз айтқандай, елді хаосқа батырмай, тәртіпті қалпына келтіруге болады. 

Соңғы 1-1,5 айда елде күн сайын бейбіт жиналыстар өткізіліп тұрады. Адамдар транспаранттармен шеруді еркін ұйымдастырады. Олар дүкендерді қиратпайды, машиналарды төңкермейді, қоқыс жәшіктерін өртемейді. Барлығы мәдени, өркениетті өтеді. Ал жақында ғана мұндай жиналыстарды елестету қиын еді. Осыдан екі-үш жыл бұрын, Акорданың алдында шағын пикеттер ұйымдастырған кезде, мен осы іс-шаралар жөнінде әкімдікпен, прокуратурамен келіскен кезде көп еңбек жұмсағаным есімде. Бұл оң трендті қолдау маңызды. Келесі қадамдар – сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды ырықтандыру. 

Мен түрмеде отырған кездегі екі жыл ішінде халық оянды. Көптеген адамдар еркіндіктің дәмін сезінді. Енді оларды кері қайтару мүмкін емес. 

Ерлан Нұрпейісов, бизнесмен, азаматтық активист: «Адамдар үшін олардың құқықтары мызғымас екендігін сезіну маңызды» 

- Мен заң шығарудағы сарапшы емеспін, саясаткер емеспін, сондықтан тек өзім мен жақындарымның атынан сөйлей аламын. Егер екі-үш жыл ішінде саяси реформалар орын алса және неғұрлым демократиялық және либералдық заңдар қабылданатын болса, онда біз, азаматтар, оларда жазылатын құқықтарды пайдалануға дайынбыз. Бұл хаос пен тұрақсыздандыруға әкелмей сол митингілерге ұқсас болады. Еркін бейбіт жиналыстар қажеттілігі туралы көп айтылғанын еске алыңызшы, ал олар шындыққа айналған кезде, онша көп адамдар жиналмайтыны анықталды. Алматыда рұқсат етілген бірінші митингіге 250-300 адам келді. Азаматтарға олардың құқықтары мызғымас екендігі мен билік оны мойындайтынын сезіну және кез келген уақытта құқығын жүзеге асыра алатынына сенімді болу маңызды. Егер «БАҚ туралы Заң» елеулі өзгерістерге ұшыраса, онда адамдар билікке, оның атынан өкілдік ететін шенеуніктерге жала жабуы екіталай. Керісінше, мұндай қадам оған деген сенімді нығайтуға өз әсерін тигізіп, қоғам өміріне тыныштық әкеледі. 

Болашаққа көз жүгіртіп айтарым, егер осындай кезең басталса, біз Қазақстанның ренессансының куәсі боларына сенімдімін, өйткені либералды реформалар мемлекет өмірінің барлық салаларына оң әсер етеді. Кем дегенде, мен осыған сенемін. 

Сүйіндік Алдабергенов, азаматтық активист: «Ауқымды эксцесстер мен қан төгіс орын алмайды» 

- Демократиялық заңдардың пайда болуы ел өміріне оң әсер ететініне сенімдімін. Мысалы, егер «БАҚ туралы» либералдық заң қабылданса, егер баспасөз, радио, теледидар бостандыққа ие болса, онда қоғамның да, 

мемлекеттің де дамуының көптеген проблемалық мәселелері жасырылмайды, адамдар шын мәнінде оларды толғандыратыны туралы айта бастайды, әртүрлі пікірлер, соның ішінде баламалы, оппозициялық пікірлер естілетін болады. Ал бұл билік өкілдерін қандай да бір көтерілген проблеманы шешу бойынша шаралар қабылдауға мәжбүр етеді.  

Елді хаосқа батыру мүмкіндігіне келер болсақ... Қарапайым қазақстандықтар, біздің азаматтық қоғам, соның ішінде билікке оппозициялық көңіл-күйдің бір бөлігі зорлық-зомбылық жақтаушысы немесе қандай да бір бақыланбайтын теріс процестерді іске қосушы болып табылмайды. Әрине, идеологиялық қарсыластар арасында біз бүгін байқағанымыздан да өткір қақтығыстардың пайда болу ықтималдығын жоққа шығаруға болмағанмен, ауқымды эксцесстер мен қан төгіс орын алмайды. Қанша дегенмен, біз өркениетті қоғамда өмір сүреміз ғой. 

 

Комментарии