Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
3270 22-07-2019, 12:16

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі: билік пен қоғамның диалогы не жөнінде болмақ?

Сонымен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) құрамы бекітілді – оған еліміздің барлық негізгі қоғамдық-саяси топтарының өкілдері кірді. Бір айдан кейін олар Нұр-Сұлтанда өтетін бірінші отырысына жиналады. Сенім кеңесінің жұмыс форматы мен күн тәртібі әлі анықталмаған болса да, ҰҚСК мүшелерінің осы мәселе жөнінде өз пайымдаулары бар. Біздің бүгінгі блиц-сауалдамамыз олардың ең алдымен қандай сұрақтар мен мәселелерді көтергісі келетіні жөнінде.

Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері:

- Ең алдымен «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Митингілер мен жиналыстар туралы» Заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, мен саяси тұтқындарға, соттардың тәуелсіздігіне, мемлекеттік шығыстарды және квазимемлекеттік сектор субъектілерін қысқартуға, сондай-ақ Кеден Одағынан шығуға қатысты мәселелерді көтергім келеді. Бұл мен және менің әріптестерім көп жылдар бойы айтып, жазып жүрген мәселелер. Менің ұстанымым мүлдем өзгерген жоқ, оны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қорғау ниетім бар.

Бұл ретте, әрине, мен реалистпін және оны ертең таңғы 9-да істеу мүмкін емес екендігіне өзіме есеп беремін. Бұл көп уақыт пен күш-жігерді талап етеді, бірақ біз біртіндеп басты мақсатқа, яғни Қазақстанды қазіргі заманғы, демократиялық, идеологиялық Ұлттық, нақты нарықтық (монополиясыз), зайырлы мемлекетке айналдыруға үздіксіз қадамдар жасауымыз керек. Мінеки, кеңес осындай  бағытта жұмыс істеуі тиіс.

Берік Әбдіғалиев, ҚР Ұлттық мұрағаттың «Мұрағат-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі:

- Әрине, саяси трансформацияға байланысты мәселелер ең өзекті және маңызды болып табылады. Орталықтағы да, жергілікті жерлердегі де бүгінгі көптеген проблемалар өкілді органдар жұмысының тиімділігінің төмендігінен, атқарушы билік органдарының қызметіне қоғамдық бақылаудың жоқтығынан туындап отыр. Тек заңдарды өзгерту ғана емес, сонымен қатар парламент пен мәслихаттарға адал сайлау өткізуге қол жеткізу қажет. Сондай-ақ, әкімдерді сайлауға көшу керек деп ойлаймын. Сонымен қатар мені руханилықты дамыту, қазақ тілінің жағдайы, жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері алаңдатады. 

Марат Шибутов, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

Менің ойымша, саяси саланы реттейтін келесі он негізгі заңның өзгертілуіне қатысты мәселелерді көтеру керек:

  1. Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы;
  2. Саяси партиялар туралы;
  3. Қоғамдық бірлестіктер туралы;
  4. Кәсіптік одақтар туралы;
  5. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы;
  6. Коммерциялық емес ұйымдар туралы;
  7. Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы;
  8. Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы;
  9. Сайлау туралы;
  10. Қоғамдық кеңестер туралы.

Әрине, менде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күн тәртібі де бар (біз бұрыннан бері бірқатар маңызды іс-шараларды ұсынып келеміз). Менің ойымша, сол құқық қорғау органдары үшін бірқатар әкімшілік рәсімдерді өзгерту қажет. Ал экономикаға келетін болсақ, – ол шындыққа жақын болуы үшін мен мемлекеттік жоспарлау жүйесін өзгерткім келер еді.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

- Ең алдымен, мен саяси үдерісті орталықсыздандыру туралы мәселені көтерер едім. Қазір ол өте орталықтандырылғандықтан саяси жүйе құбылыстарға сезімтал. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық облыстарында осыған ұқсас ҰҚСК кеңестер құруды ұсынар едім. Мұндай қадам биліктің қоғамдық географияның барлық периметрі бойынша диалогқа деген еркіндігін көрсетеді, сондай-ақ жергілікті истеблишменттің саяси мәдениетін арттырады. Бүгінгі таңда облыстағы саяси процестер тоқтатылып қалды.

Саяси үдерістің нағыз қозғаушы күші болуы үшін жастармен жұмыс істеуге ерекше назар аудару қажет. Біз үшін саяси өзгерістердің айқындаушы мақсаты – қоғам мен мемлекетті басқарудың неғұрлым тиімді жүйесін қамтамасыз ете алатын, биліктің қазіргі заманғы демократиялық формасына шоғырландырылған демократияға ұмтылу. 

Тұтастай алғанда, ұлттық кеңес жұмысының басты практикалық қорытындысы біздің ерекшелігіміз бен саяси дәстүрлерімізді ескеретін демократиялық реформалардың нақты бағыттары мен тетіктерін қалыптастыру болуы тиіс деп есептеймін.

Қанат Нұров, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті:

- Мен сайлау және партиялық заңнаманы ырықтандыру, Қазақстанда құқықтық мемлекет пен ақпараттық қоғам салу бөлігінде мемлекеттік басқарудың идеологиялық парадигмасын түбегейлі өзгерту мәселелеріне назар аударғым келеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік аппараттың қоғамдық функцияларын азаматтық қоғамға жан-жақты беруге, экономиканы монополиясыздандыруға, квазимемлекеттік секторды жоюға және мемлекеттің жеке кәсіпкерлік салаларынан кетуіне қатысты.

Андрей Чеботарев, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры: 

- Көп нәрсе ел президенті қойған нақты күн тәртібіне байланысты болады. Мен партиялық құрылыс, сайлау жүйесін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару, бірлестіктер еркіндігі саласындағы заңнама, бейбіт жиналыстар мәселелері бойынша шешімдерді талқылауға және ұсынуға дайынмын.

Комментарии