Бейсенбі, 13 тамыз 2020 ЖЫЛЫ
827 29-06-2019, 15:57

Қоғамдық келісім кеңестерінің құрылуы қалайша жүзеге асырылғаны жөнінде

Осыдан алты жыл бұрын бүкіл ел бойынша Қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істей бастады. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) аясында өңірлік әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдар ретінде құрылған болатын. Олардың басты мақсаты –қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті нығайту ісінде азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және өзге де бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру, сондай-ақ қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру және дамыту.

 

ҚХА-ның түсіндіруінше, азаматтық қоғам институттары мен биліктің өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, бүгінде кеңестер мемлекеттік органдардың жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі іс-шараларды іске асыруына қоғамдық бақылау жасайды, сондай-ақ халық проблемаларына мониторинг жүргізеді. Олардың негізгі міндеттері – ортақ мүдделерді іздеуде сындарлы пікірталасқа арналған алаңды қамтамасыз ету; қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру процесіне түрлі әлеуметтік топтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени бірлестіктерді тарту; пікірталастарға қатысушылардың ұстанымын шоғырландыру; әлеуметтік шиеленістің алдын алу. Сонымен қатар, Қоғамдық келісім кеңестері келіспеушіліктер мен дауларды реттеу жөнінде практикалық іс-шаралар қабылдайды; қайырымдылық, медиация және жергілікті жерлерде қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға жәрдемдеседі.

 

Біз ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаевтан бұл жұмыс механизмінің іс жүзінде қалай көрініс табатыны туралы және ол қандай нәтижелер әкелетіні жөнінде айтып беруін өтіндік:

 

- ҚХА жергілікті деңгейде барлық өзекті мәселелерді нақты шешуді қамтамасыз ету мақсатында ел азаматтарының мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қоғамдық бақылау жүйесін дамытады. Қоғамдық келісім кеңестері ҚХА-ның халық пен қоғамның билік органдарымен өзара іс-қимылы бойынша басым механизмі болып табылады.

 

Оларды құру бастамасы 2013 жылы Батыс Қазақстан облысында пайда болған. Этномәдени бірлестіктер қызметінің тәжірибесін жинақтап, сондай-ақ еңбек ұжымдарының жұмысын қарап, барлық күш-жігер мен мүмкіндіктерді бірыңғай құрылымға біріктіру шешілді. Осылайша, Қоғамдық келісім кеңестері пайда болып, олар билік пен қоғамның өзара іс-қимылының құралына айналды.  

 

2013 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген атаумен өткен XХ сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев халықтың барлық жіктерінің Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін қалыптастыру тапсырылды. Ал 2016 жылы ҚХА XXIV сессиясында мемлекет басшысы өңірлердің әкімдеріне – өңірлік ассамблеялардың төрағаларына ҚХА кеңестерінің жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Жалпы алғанда, Қоғамдық келісім кеңестері – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымындағы маңызды буын. Олар жергілікті жерлерде халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысады, кез келген қақтығыстың алдын алу саласында жұмыс істейді. 

 

Қоғамдық кеңестердің құқықтық мәртебесі, олардың қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы айқындайды (03.04.2019 ж. кезеңдегі жағдайы бойынша өзгерістер мен толықтырулармен). Кеңесті құрылтай жиналысында басқа мүшелер сайлайтын төраға басқарады. Кеңес мүшесі болып табылмайтын хатшы іс жүргізумен, логистикамен және басқа да ұйымдастыру мәселелерімен айналысады. Ережелі түрде, бұл ҚХА ҚКК қызметін үйлестіретін өңірдегі «Қоғамдық келісім» КММ жауапты қызметкері. Ал облыстық, аудандық маңызы бар қалалар, аудандар, ауылдық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің ішкі саясат бөлімдерінің жауапты қызметкерлері белгіленген. Кәсіпорындарда хатшы болып кәсіподақ ұйымдарының өкілдері (хатшылары) тағайындалады.

 

Кеңестің жұмыс органы ҚКК шешімдері мен ұсынымдарының орындалуын қадағалайды, сондай-ақ ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді. Өңірлік деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ өңірлердің «Қоғамдық келісім» КММ жұмыс органдары болып табылады. Аудандарда, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдық округтердегідей, ҚХА ҚКК жұмыс органдары болып қала/аудан әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімдері белгіленді. Кәсіпорындарда бұл түрлі бөлімшелер, негізінен әкімшілік басқармалар, сондай-ақ қоғамдық келісім және медиация кабинеттері. Ал жекелеген мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс комиссиялары мен топтар құрылады. Оларға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, журналистер мен сарапшылар кіре алады.

 

ҚХА жыл сайын төраға орынбасарының басшылығымен кеңестер форумын өткізеді. Оған мәжіліс депутаттары қатысады. Кеңестердегі мүшелік барлық өкілдер үшін ашық және ерікті:

 

- азаматтық және кәсіподақ ұйымдары, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар қоғамдары, экологиялық қозғалыстар, жастар бірлестіктері;

- этномәдени бірлестіктер; 

- Саяси партиялар;

- аналар, ақсақалдар, ардагерлер кеңестері, жастар ісі жөніндегі кеңестер;

- шығармашылық одақтар (суретшілер, жазушылар және т. б.);

- мемлекеттік мекемелер (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және т. б.);

- кәсіпкерлер;

- мәслихат депутаттары;

- кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, сондай-ақ аймақ ҚХА құрылымдары.

 

Үміткерді қарау кезінде ол адамның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлесі назарға алынады.

 

Қорытындыларға келер болсақ, 2018 жылғы жағдай бойынша барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымдарында 3014 Қоғамдық келісім кеңестері құрылды. 

 

Олар мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, елдегі тұрақтылық пен бірліктің сенімді факторы бола отырып, қоғамдық өзін-өзі басқару дәстүрлерін қалыптастыра отырып, азаматтық белсенділікті ынталандырады. Қоғамдық келісім кеңестері жергілікті жерлерде, соның ішінде қақтығыстардың алдын алу саласында халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысады. 

Комментарии