Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1717 17-06-2019, 11:41

Қазақ халқының басты кемшілігі – өзгелерге ұнағысы келетіні

Біз бүгінгі күнмен өмір сүреміз, жаман нәрсені тез үйренеміз және тұрақсыздыққа бейімбіз. Осылайша өткен аптада сарапшылар біздің сұрақтарымызға жауап бере отырып, қазақтарға өркениетті және бәсекеге қабілетті ұлт болуға кедергі келтіретін жағымсыз қасиеттерді сипаттаған болатын. Осы тақырыптың жалғасы ретінде біз социо-антрополог, педагогика ғылымдарының кандидаты Евфрат Имамбекті әңгімеге шақырып, бізге арылу қажет деген жағымсыз кемшіліктеріміздің тізімін толықтыруды өтіндік.

- Евфрат Бағдатұлы, сіздің ойыңызша, қазақтардың қандай жаман қасеттері біздің дамуымызды тежейді?

- Біз, қазақтар, – өте күрделі ұлтпыз, өйткені бізде әр түрлі этникалық компоненттер көп және барлығын бір ранжирге келтіру дұрыс емес. Мінез-құлқы және тіпті менталдығы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін батыс, солтүстік, оңтүстік және шығыс қазақтары деп бөлініс бекер емес.

Бірақ, ұлт өкілдерінің көпшілігіне тән бірнеше белгілер бар, олардың ішіндегі ең бастысы, менің ойымша, өзгелерге ұнағысы келетіні. Басқаша айтқанда, қазақтар өздерін басқалар жақсы көргенін өте жақсы көреді! Айтпақшы, осы қасиетімізбен біз латыштардан, эстондықтардан, литвалықардан, швейцарлықтардан және біздің бауырлас-түркілерден (негізінен кавказдық түркілерден) ерекшеленеміз, бірақ американдықтар мен орыстарға ұқсаймыз. Мен тіпті дәл осы арқылы біздің орыс өркениетіне жақындығымыз көрінетінін және жалпы мәдени-тарихи тамырларымыз көрінетінін айтар едім.  

- Ұнау ниетінде не жамандық бар?

- Бұл біздің мәдениетімізді, ерекшелігімізді жояды. Өйткені, адамдар ұнағысы келсе, олар басқаларға еліктей бастайды және сонымен қатар өздерін ұмытады. Мысалы, балтика жағалауының тұрғындары өзіндік қасиеттерін, өз бірегейлігін барынша сақтауға тырысады, өйткені планетаның басқа тұрғындарынан дәл осы айырмашылықтары бар екенін түсінеді.

Әрине, ұнағысы келетіндігі – арылу керек деп есептелетін қазақ сипатындағы жалғыз ғана ерекшелік емес. Бірақ, менің ойымша, ол негізгі кемшілік. Одан босаған соң, біз қалған кемшіліктерімізді де жоятын боламыз.

- Бәлкім, ол ұлттық сипаттағы басқа да тартымсыз белгілерді тудырады…

- Иә, әрине. Одан да артығын айтайын: барлығына ұнау ниетімізбен біз тіпті өзіміздің ең жақсы қасиеттерімізді де бұрмалаймыз. Мысалы, қонақжайлылық пен мейірбандық жағымпаздыққа айналып, ал шыдамдылық – аса төзімділік пен немқұрайлылыққа айналып кетеді. Біз тіпті өз ана тілімізде сөйлеуден қорқуға дейін жеттік, себебі біздің тілді білмейтін адаммен өз ана тілімізде сөйлеп, оларды ренжітіп алғымыз келмейді. Бұл төзімділіктің ең шеткі түрі.

Жалпы, қазақтың дәстүрлі мәдениетінде адамға табыну өте күшті. Біз адамгершілікті бағалаймыз, «ол да адамның баласы» деген сөзді жиі қолданамыз, адамдарға мейірімділік, қамқорлық, ашықтық танытамыз. Бірақ жиі оны өз абыройымызға және ар-ожданымызға зиян келтіре отыра жасаймыз. Мысалы, басшылықпен сөйлескен кезде жақсы ниет білдіре отырып, оған ұнауға тырысып, жағымпазданып, жарымсақтанып, ар-намысты да ұмытамыз. Ал абырой жоқ болса – жеке тұлға жоқ, жеке тұлға жоқ болса – ұлт жоқ!

Біз тіпті жомарттық сияқты керемет қасиетімізді де өз кемшілігімізге айналдырып алдық. Қазақтар әрқашанда басқа халықтардың арасында қолында барының барлығымен бөлісуге дайын екендігімен танымал болатын. Бірақ соңғы уақытта «жомарттық» ұғымы бізде ысырапшылдықпен және мақтаншақтықпен байланысты болып кеткенін және бюджеттері мүмкіндік бермесе де қазақтар мол дастархан жайғанды өте жақсы көретінін өздеріңіз білесіздер! Өйткені, мол дастархан біз үшін терең киелі мәнге ие – осындай мол дастарханда отырған кезде Тәңірдің өзі бізге игілік жібереді деп есептеледі.

Дегенмен, дастархан неғұрлым мол болса, қазақтың көңіл-күйі де соғұрлым жақсы болады, себебі ол бәріне ұнады деуге болады. Біз тіпті адамды жерлегеннен кейін құран оқуға арналған астың өзін керемет банкеттерге айналдырып жібереміз, ал бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, біз өз жақындарымызды о дүниеге лайықты шығарып салғымыз келгені бір мәселе, ал дәстүрлерді ұмытып, тек басқалардан артық болуға тырысқанымыз – мүлдем басқа. Мұндай нәрсе жасау дұрыс емес. Мысалы, біздің ұйғыр-бауырластарымыздың жерлеу рәсімінде сән-салтанатқа мүлдем жол берілмейді. Молдалар мен ақсақалдар адамның бай немесе кедей өмір сүруіне қарамастан, барлық ыдыстардың бірдей болуын қатаң қадағалайды.

- Қазақ мәдениетінде өте күшті рулық-тайпалық байланыстар туралы не айтасыз? Бұл біздің артықшылығымыз ба әлде кемшілігіміз бе?

- Туысқандарымызды қолдау біздің қанымызға сіңген қасиет. Бұл бізге ұлт ретінде өмір сүруге, ең күрделі тарихи қиындықтардан аман-есен шығуға көмектескен. Бірақ қазіргі заман жағдайында ол кейде абсурдқа дейін жетіп, соққыға айналады, өйткені соның ішінде сыбайлас жемқорлықты өркендетуге тірек болады. Бұны мойындау қиын болғанмен, бірақ дәл осы «туыстық байланыстар» көп жағдайда біздің елімізді әлемдегі ең жемқор елдердің біріне айналдырды.

Сонымен қатар, мен бір қызықты жағдайды байқадым: егер біздің тіпті ең алыс туысымыз қандай да бір табысқа жеткен болса, біз барлығына ол қандай тектен шыққанын айтып, оны бірден мақтан тұтамыз, ал егер керісінше, ол ұрлық жасаған болса, онда, әрине, ұяламыз және оның бізге тұыстығы бар екенін мүлдем еске алмауға тырысамыз. Aл бұл дұрыс емес. Осындай қылмыскерді кімдер тәрбиелегенін жариялау керек деп санаймын. Бұл тек бір ғана адамның емес, бүкіл тайпаның ұятқа қалуы болсын. Сол кезде барлық ақсақалдар, туысқандар және тіпті балалар да өздерінің ата-бабаларының абыройын төкпеуге тырысатын болады. Мүмкін, бұл әдеттен тыс және тіпті абсурдты естіледі, бірақ егер ойлап қарасақ, онда бұл қазіргі қазақ қоғамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өте қуатты құралы. Дегенмен, жеке абырой – бүкіл тайпаның абыройы. «Тұқымың құрсың!» деген сөз жақында ғана өте қорқынышты қарғыс болатын…

Сонымен қатар, қазақтардың көпшілігі өздерінің генеалогиялық шежіресін білетінін атап айту қажет. Бұл құбылысты бізге көп уақыт «өткеннің кемшіліктері» ретінде көрсететін, бірақ шын мәнінде біздің күшіміз және қазақ ұлты дәл осының негізінде құрылды. Бұл өте құнды қасиет, оны белсенді түрде мемлекеттік деңгейде дамыту керек. Сол Еуропада аристократтар деп өз ата-бабаларын есте сақтағандарды есептейтін...

- Бізге толық дамуға қандай ерекшеліктер кедергі келтіреді?

- Көбінесе біз екі түрлі адамгершілікті ұстанамыз, бізде «қазақпыз ғой» деген код бар. Бірақ оны әдетте біреуден бір нәрсе алғысы келгенде немесе жауапкершіліктен қашқысы келгенде қолданады: телефоныңызды ұрлауға ниеттенген бұзақыны немесе көшедегі ұрыны ұстасаң, ол (халқымыз бір кездері ұрыларды кешіргендей!): «ағай, жіберіңізші, біз қазақпыз ғой» – дейді. Ал өздерін барлығынан да ілгеріміз деп санайтын «европеизацияланған қазақтар» да кейбір сәттерде, бірақ осындай тым үйреншікті емес жағдайларда, осы қадамды пайдаланады. Айтып отырғаным, біздің қоғамымыздың белгілі бір қабатының өкілдері әдетте өздерінің «қазақшылығынан» ұялады, бірақ кейде (өздеріне тиімді болған кезде) қазақ екендігін естеріне алады.

Айтпақшы, біздің тағы бір теріс ұлттық қасиетіміз бар. Мысалы, бізді дүкенде алдаса, базарда тауарды дұрыс емес өлшесе, шаштаразда немесе емханада қызмет сапасыз көрсетілсе, біз: «мейлі, осы да жарайды» – дей саламыз. Яғни, жомарт емес адам болып көрінуден қорқамыз, бірақ өзіміз содан зардап шегеміз. Менің өзбек достарым әрқашан: «қазақтың мейлі, осы да жарайды дегенінің арқасында өзбек байыды» – деп күледі…

Оның үстіне қазақтар өз табиғаты бойынша перфекционисттер емес. Мүмкін, біз бұрын осындай болған да шығармыз, бірақ уақыт өте келе бұл қасиетімізді жоғалттық. Мысалы, бәрін өте ұқыпты жасауға тырысатын жапондықтар, кәрістер, немістер сияқты кемелдікке ұмтылу бізде жоқ. Тек киізбен, терімен, керамикамен жұмыс істейтін адамдар, зергерлер және т.б. өнерпаздар ғана сондай. Бірақ бұл мамандықтар қазір сұранысқа ие болмағандықтан, ондай адамдар азайып бара жатыр. Ал қалғандары үшін ең бастысы – жұмысты тез және уақытында атқару (тәртіпке бағыну факторы), ал басқасына назар аударылмайды. Бір адам үшін бұл өте қауіпті емес, бірақ мемлекет ауқымында қазақ мінезіндегі мұндай сипат – нағыз апат болып табылады. Өйткені біз өздеріміз жазған мемлекеттік бағдарламаларды орындамайтынымыз, жұмыс істемейтін зауыттарды іске қосатынымыз, үйлерді нашар салатынымыз – біздің дәл осы мінез-құлқымыздың салдары.  

Айтпақшы, орыстар да соңғы екі сипаттан зардап шегеді, олар ХХ ғасырда шаруашылық жүргізудің социалистік принциптері арқылы қалыптасқан болатын.

- Адамға тіпті өз мінезін де өзгерту қиын. Бұны тұтас ұлтқа қатысты қалай істеуге болады?

- Мінезді темпераментпен шатастырмаңыз. Соңғысы – біз алмастыра алмайтын ата-аналарымыз немесе аспан сияқты. Ал мінезді тәрбиелеу керек және бұл, ең алдымен, отбасыда, жақын қоршаған ортада қалыптасады. Сондай-ақ ұлттық сипат дәстүрлі мәдени құндылықтар негізінде қалыптасады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлттық апатқа ұшыраған жапондықтарды еске түсіріңіздерші. Біріншіден, олар император институтын сақтауға тырысты, өйткені бұл олардың ұлт құраушы өзегі. Ал олар қабылдаған бірінші заң мәдени дәстүрлерді қорғау туралы болды. Жапония өз руханилығына сүйене отырып, тізеден көтерілді және 15 жылдан кейін өз дамуында Американы болмаса да, Еуропаны басып озды. Менің ойымша, біз осы мінезді өзімізге алуымыз керек – құлап қалсақ, жата бермей, құлауымызыдың немқұрайды куәгерлерінің алдында жағымпазданбай, екі аяққа тік тұруды үйренуіміз керек.

Әлуетті түрде бұл қасиет бізде бар, тек оны ашу керек, ал күшті мәдени код  жоқ болса, мұны істеу мүмкін емес.

- Сіздің ойыңызша, мәдени код деген не? Және біз оны қалай жоғалтып алдық?

- Мәдени код – ұлттың барлық өкілдері түсінетін және бөлісетін символдар мен белгілердің жиынтығы. Дәл осы код арқылы олар өздерінің ұлттық құндылықтары жүйесін таниды. Бірақ бізде бұл мәдени код жоқ, сондықтан бізде тұрақтылық жоқ. Біз «шаңырағың биік болсын» деген игі тілегімізді айтқан кезде, шаңырақты көтеретін бақан да ұрпақтан ұрпаққа берілетіні жөнінде мүлдем ойланбаймыз. Осылайша, мәдени код дегеніміз – бұл рухани бақан, тірек, біздің болмысымызды Аспанға көтеріп, біздің осы Жерде өмір сүруге адами мағына беретін тірек.

Оның жоғалуы – ХХ ғасырдың ортасынан мақсатты түрде жүргізілген белгілі бір мәдени саясаттың нәтижесі және оның салдары 1990 жылдары менің құрдастарымда көрінген және әрбір жаңа ұрпақ келген сайын айқындау көрінді. Шын мәнінде, бізге 50-60-70 жыл бұрын егілген нәрсе көп уақыттан кейін жарылатын баяу әрекет миналары. Қуатты мәдени коды болмаса, оның жарылуын тоқтату оңай болмайды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын есіңізге түсіріңіздерші, сол кезде біз үркіген құстар сияқты, қайда барарымызды білмей, басымызды жан жаққа бұра бергенбіз. 28 жыл өтті, бірақ бұл инерция бізде әлі күнге дейін орын алуда. Елбасы ұлттың рухани жаңғыру бағдарламасын қолға алғаны да тегін емес. Бірақ бұл жұмысты 1990 жылдары бастау керек еді, ол кезде қазақстандықтардың барлығында тәуелсіздік алғаннан кейін құлшыныс болған. Қазір бұны жасау әлдеқайда қиын. Сонымен қатар, кез келген мәдени саясат, мен айтқандай, кейінге қалдырылған әсерге бағытталған.

- Кемшіліксіз ұлт болуы екіталай, бірақ біреулер сәтті дами алды, ал біреулер артта қалды. Дегенмен өркендеу кепілі неде?

- Егер біз өз даралығымызды бағалай бастасақ, жан жаққа жалтақтамай, басқалардың тәжірибесін көшірмей, өзіміздің қалауымызға құлақ түрсек, ұлттық сипаттағы кез келген қасиет біздің дамуымызға оң әсерін тигізуі мүмкін. Әлемге қазақтардың еуропалық немесе басқа стандарттарға еріп, өзгергендері емес, оларға қазақтардың өздері қызықты болып көрінеді.

Өз мәдениетін, тілін, өзіндік ерекшелігін сақтай алған қырғыздар, өзбектер, армяндар, тәжіктер, молдавандарды қараңыздаршы. Сондықтан BBC, Discovery, National Geographic үнемі осы халықтар туралы деректі фильмдерді түсіреді. Осы телеарналардан қазақ туралы фильмдер табуға тырысып көріңіздерші... Олар өте аз. Бұл түсінікті, өйткені біз шетелдіктерді қызықтырмаймыз, себебі барлығына ұқсайтын болып кеттік! Мен мұны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра жөніндегі сарапшысы ретінде айтамын. Тіпті «Мир» телеарнасындағы посткеңестік елдердің қазіргі өмірі туралы бағдарламаны аралап шыққан кезде қазақтар тек көрші елдің тілін білуімен жарқырайтыны белгілі болады, ал қалған халықтар тек қана ана тілінде сөйлейді…

Әралуандық пен өзіндік ерекшелігі – бұл бүкіл әлем мен жеке ұлттың өркендеуінің кепілі. Егер біз әлемдік мәдени қазынаға өз үлесімізді қосқымыз келсе, өзіндігімізді сақтап, шынайы қазақ болып қалуға тырысуымыз керек.

 

Комментарии