Егер қазақстандықтардан президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы тұғырнамаларымен олар қаншалықты жақсы таныс екенін сұраса, респонденттердің көпшілігі оларды тіпті оқымадық деп жауап беруі әбден ықтимал. Бұл қаншалықты ішкі қарама-қайшылықты қамтитын құбылыс болса да, шын мәнінде, сайлау науқанының ең басты құраушысы біздің елде сайлаушылар үшін де, осы бағдарламаларды жазатын адамдар үшін де жай формальдылыққа айналды...
Алайда, экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, «сайлау алдындағы бағдарламалар электораттан гөрі шешім қабылдайтын олигархиялық топтар мен қызығушылық танытатын орталықтары үшін жазылады». Ал бұл жайт кандидаттар мен олардың артында тұрған саяси ұйымдар өздерін солар арқылы сататынын білдіреді. Сайлау алдындағы уәделердің әрдайым абайлық сақтап, тіпті шындықтан алыстайтындығы көбінесе дәл осы жағдаймен түсіндіріледі.
Бұл жақында «Алматы Менеджмент Университеті» мемлекеттік және қоғамдық саясат және құқық мектебі мен «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының бірлескен күш-жігерімен өткізілген «Президенттік сайлау-2019: бағдарламалық палитра» деп аталатын сараптамалық талқылаудың қорытындыларының бірі. Расын айтқанда, сөз сөйлегендердің бірі – журналист Сергей Козловтың пікірінше, «палитра» деген сөз бұл жағдайда орынды емес: «мұнда тезистер жиынтығы түріндегі жекелеген бояулар туралы айту керек, жалпы алғанда, оларды сайлауалды бағдарламалары деп айту қиын». Мысалы, оның пікірінше, «бояулардың» бірі деп кейбір кандидаттар Алаш-Орда идеяларын еске түсіруді санауға болады, ал олар ұсынған экономикалық реформаларда ашық бояулар мүлдем жоқ – бәрі сұр және анық емес. Сондай-ақ, соңғы тұжырыммен және бағдарламада өткір әлеуметтік проблемаларды шешу жолдары жоқ екенімен басқа сарапшылар бірауыздан келісті. Халықтың кейбір бөлігі өте ауыр қабылдайтын ұлтшылдық және тілдік факторларға келер болсақ, кандидаттардың көпшілігі оларға (шамасы, сыпайлық сақтағандықтан болар) көңіл бөлмеді.
Рұқсат етілген шеңбер аясында
Сайлауалды тұғырнамалардың тақырыбын неғұрлым толығырақ етіп саясаттанушы Марат Шибутов баяндады. Оның айтуынша, көптеген жағдайларда олар қиылысады. Мысалы, Алаш Орда туралы үш кандидат сөз қозғаған, бірақ олардың ешқайсысы бұл тақырыпты толық ашпады. Дәстүрлі құндылықтар қажеттілігі мен ауылды көтеру жөнінде төрт кандидат айтқан, ал әлеуметтік экономика мен сыбайлас жемқорлық жөнінде бірден бесеуі айтты. Сыртқы саясат мәселелерді, бірақ әр түрлі мағынада, үш кандидат көтерді: егер Қасым-Жомарт Тоқаев («Нұр Отан») осы курсты жалғастыруға уәде берсе, ал Жамбыл Ахметбеков (Коммунистік Халық партиясы) – көршілермен ықпалдастықты қолдауға ниет білдірсе, Әміржан Қосанов («Ұлт тағдыры») жалпы оқшаулау позициясын алуды ұсынды.
Тақырыптардың ұқсастықтарына қарамастан, әрбір кандидаттың анық белгіленген аудиториясы бар (үміткерлер одан тыс шықпауға тырысады). Және бұл, талдаушының пікірінше, қазіргі сайлау алдындағы науқанның ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Осылайша, Амангелді Таспиховтың (Қазақстан кәсіподақтар Федерациясы) аудиториясы – жалдамалы қызметкерлер, Төлеутай Рақымбековтың («Ауыл») аудиториясы – ауыл тұрғындары, Дания Еспаеваның («Ақ жол») аудиториясы – шағын және орта бизнес, Садыбек Түгелдің («Ұлы Дала қырандары») және Әміржан Қосановтың аудиториялары – наразылық электораты. Тек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жамбыл Ахметбеков халықтың барлық топтарына жүгінеді.
Саяси ұстанымға келетін болсақ, мәліметтеушінің айтуынша, тек Токаевта ол орталықшыл. Еспаева, Қосанов және Рақымбеков оң жақты позицияны ұстанған, Ахметбеков, Таспихов және Түгел – сол жақтылықты ұстанған. Дегенмен, соңғысы өзінің «бағдарына» қатысты айтарлықтай күмәнданған көрінеді, өйткені сайлау алдындағы жарыстың басында оның бағдарламасы (ұлттық бірегейлікке сүйене отырып) көбінесе оң жақты болды, ал бір аптадан кейін ол оны басқасына ауыстырып, сол жақты күн тәртібін (әлеуметтік әділеттілік, теңдік, кедейлікпен күрес және т.б.) жариялады.
Қысқаша, бірақ түсінікті
Ал Марат Шибутовтың ең қызықты бақылауы сайлауалды тұғырнамалардың форматына қатысты. Оның айтуынша, өткен науқанмен салыстырғанда, бағдарламалардың көпшілігі тезистерден құрылып, өте аз көлемді болып жазылған – машинкамен басылған екі-үш бет. Амангелді Таспиховтың бағдарламасы Қазақстандық сайлау тарихындағы ең қысқа бағдарлама – 221 сөз, 1600 белгі, машинкамен басылған 3/4 бет – болып шықты.
«Бүгінгі күнде бағдарламалар онша маңызды емес, – дейді сарапшы. – Адамдарға қысқаша тезистер жеткілікті. Бес мыңнан астам белгіден тұратын мәтіндерді ешкім оқымайды және кандидаттардың ұсыныстарын ешкім нақты талдамайды. Сайлаушылардың қарайтындары «Instagram», «Фейсбук», телесюжеттер, бейнесұхбаттар. Айта кетерлігі, Қосановтың бағдарламасында жазылғаны ешкімге қызықты емес, бірақ оның жол жиегінде сөйлегені немесе штабта сұхбат бергені, оның кездесу барысында жасайтын үндеулері қызықты болып табылады. Шын мәнінде, бұл аудиторияның барлық назарын медиалық құралдар өздеріне аударып алған алғашқы сайлау».
Электоралды коммуникация сапасы техникалық себептерге байланысты да айтарлықтай өзгерістерге ұшырады, деп санайды саясаттанушы Эдуард Полетаев. Азаматтарды сайлау алдындағы бағдарламалармен таныстыруға көп уақыт бөлінбегендіктен, кандидаттар ұзын мәтіндерден гөрі өте жарқын және есте қаларлық «бояулардың» пайдасына қарай ұмтылуға тырысады. Бұл түсінікті: оларда өзі туралы мәлімдеуге және электораттың есінде қалу үшін жақсы әрі тегін мүмкіндік пайда болды.
- Кандидаттардың танымалдылығымен байланысты жағдай өте нашар болып отыр, – дейді сарапшы. – Кейбір жолдастар тіпті Тоқаев туралы да жақында ғана білгенін ұялмай мәлімдейді... Қазір дәл осы мәселеге қатысты жұмыс жүргізу керек. Акцент бағдарламаларға емес, іс-әрекеттерге жасалуы тиіс. Садыбек Түгел өз бағдарламасын қанша рет өзгертсе де болады, бірақ егер ол түнгі клубқа келіп, арақтың орнына қымыз ішетін болса, онда бұл оның танымалдылығына әлдеқайда тиімді әсер етеді... Дегенмен, президенттікке кандидат мәртебесі бұл адамдарға келешекте белгілі бір дивидендтер алуға мүмкіндік береді. Сондықтан олар дұрыс прагматизмді ұстана отырып, белгілі бір шеңберден тыс жүрмейді және өзін өзі жағдайға сәйкес көрсетеді.
Жалпы алғанда, Эдуард Полетаевтың бағалауы бойынша, сайлаушылар тарапынан скепсиске және кандидаттардың үгіт кампанияға деген біршама формальды қарым-қатынасына қарамастан, қазіргі сайлауды өткінші деп атауға болмайды. Қалай да болмағанда, қазір өтіп жатқан электоралды цикл саяси транзиттің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Елімізде бірінші рет сабақтастық туралы сөз қозғалып, бұл факт көптеген шетелдік бақылаушыларды тартты. Орталық сайлау комитеттің (ОСК) мәліметі бойынша, бұл жолы, өткен сайлаумен салыстырғанда, олардың саны кем дегенде бір жарым есе артық болмақ.
Бір сайлаудан келесі сайлауға дейін
Дегенмен, кез келген сайлау алдындағы платформада ең бастысы – онда жазылған идеялардың өміршеңдігі. Егер осы ракурстан қарайтын болсақ, Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бұрихан Нұрмұхамедовтың пікірінше, ең шынайы бағдарламаларды Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дания Еспаева ұсынды. Егер бұл кандидаттар сайлауда тіпті жеңіліске ұшыраса да, онда олардың артында тұрған саяси институттар олардың уәделерін іс жүзінде жүзеге асыруға қол жеткізе алатынына сенімді.
- Бүгін ең бастысы – президенттік науқанға қатысу екенін біз түсінеміз, бірақ сонымен бірге парламенттік сайлауға қатысу үшін де жақсы тұғырнама дайындау міндеті тұр. Сондықтан біздің кандидаттың бағдарламасына «Ақ жол» партиясының платформасындағы ең маңыздысы кірген. Иә, онда популизм элементтері бар, бірақ бұл кез келген табысты саясаттың негізінде жатуы қажет және қандай да бір балама ретінде қарастырылуы тиіс сау популизм. Трамп, Макрон, Зеленскийді естеріңізге түсіріңіздерші... Популизмсіз үгіт кампаниясына және жалпы сайлауға қызығушылық жоқ. Әзірге біз, оны жандандыруға барлық талпыныстарға қарамастан, тек қызықсыз спектакльді байқап отырмыз, – деп айғақтады сарапшы.
Ал саясаттанушы Айгүл Омарованың пікірінше, Тоқаевтың платформасымен қатар Төлеутай Рақымбековтың бағдарламасы біршама толыққанды болып көрінеді. Қосановтың шешендігі, оның үстіне екі тілде де сөйлеуі, оған сайлаушылардың, соның ішінде жастардың арасында, ешқандай бағдарламасыз да қызығушылық туындатады. Бұл ретте сарапшы жалғыз әйел-кандидат Дания Еспаеваның, ол электоратпен белсенді жұмыс жасаған жағдайда, әсіресе аналардың проблемаларына баса назар аудара отырып іс-әрекет бастайтын болса, екінші орынға деген мүмкіндігін жоққа шығармайды.
- Қазір үміткерлердің айтып отырған сөздері – бұл парламенттік сайлауға да проекция, – деп есептейді Айгүл Омарова. – Олардың көпшілігі болашаққа саяси дивидендтер табуға тырысады, өз партияларына ұпай әкеледі. Және мен осы сайлауда интрига жоқ деген пікірмен келіспеймін. Уақыт өте келе, сарапшылар бұл сайлау тарихи болды деп айтады. Біріншіден, осы сайлау Елбасынсыз өтетіндіктен. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президентке берген сабақтастыққа қатысты уәделердің аясында қалай әрекет ететінін біз әлі білмейміз. Бірақ жалпы алғанда сайлау қорытындысы мүлдем болжамды емес. Тоқаевқа қарсы қазір түрлі әдістерді пайдалану күрес жүріп жатқанын көрмейсіздер ме?! Иә, ол, әрине, әкімшілік ресурстардың арқасында жеңеді, бірақ ол оңай болмайды.
А. Омаровамен Сергей Козлов келіседі, ол бүгінгі сайлауалды спектакльдегі екі негізгі ойыншы – бұл Тоқаев пен Қосанов деп есептейді. Бірақ кез келген жағдайда (сайлау адал болса да, болмаса да) сайлаушылар дәл қазіргі президентке қолдау көрсетеді деп есептейді. «Әрине, кімді сайлап алса да, сайлау ешкімді қанағаттандырмайды. Ал осы сайлау мына билікті басқаратын біздің олигархтарды қанағаттандыра ма екен? Ол енді сайлау аяқталғаннан кейін көрінеді», – деп түйіндеді журналист.
Фото: Петр Троценко/Азаттық радиосы