Сайлау – кез келген елдің өміріндегі ең ғажайып кезеңі болып табылады. Бұл тек комиктер кәсіби саясаткерлерге ғана емес, сондай-ақ, керісінше, кәсіби саясаткерлер комиктерге айналатын уақыт. Екіншісі, әрине, жиірек кездесіп тұрады, бірақ сәттің барлық кереметі дәл осында шоғырланған. Ал биылғы президенттік жарыс кезінде халық коммунистері бізге оны толық көлемде сезінуге мүмкіндік беріп отыр.
Идеологиялық батпақта
Марксизм-ленинизм идеяларын жақтаушылары өздерінің сайлау марафондарына қатысу кезінде алғаш рет өз ұстанымдарынан бас тартты. Бұл нонсенс, бірақ ҚКХП ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков өзінің сайлауалды бағдарламасында партия үшін үйреншікті риторикадан қашып отыр. Ол одан тіпті ұялатын сияқты болып сезінеді. Не Марксті, не Энгельсті, не олардың өсиеттерін ол аузына да алмайды, сондықтан коммунистердің биылғы электоралды циклге қатысуы олардың бұрынғы билікке кіруіне талаптарына мүлдем ұқсамайды.
ҚКХП Тұрғын Сыздықовты ұсынған 2015 жылғы өткен президенттік жарыс барысында олар «адам қоғамының жаңа коммунистік формациясына көшуі» туралы мәлімдеген. Сыздықов жолдас: «Марксизмнің күші мен өміршеңдігі, одан тартынудың қауптілігі тарихи дамудың барысымен расталды» деп ашық айтқан. Ал Жамбыл Ахметбеков соңғы жылдары коммунистерді жасалған қылмыстар үшін ашық түрде өкініп, өзін-өзі саяси тұрғыда жоюды талап еткен қоғамдық пікірге аса бейім болып шықты. Бірақ ҚКХП өкілдері өздерінің «тамырларына» неғұрлым жиі жүгінетін болса, оларды соғұрлым тереңдеу сіңіріп жатқан идеологиялық батпақ анық көріне түседі. Шын мәнінде, олар өздерінің негізгі қағидаттарынан бас тартып, ешқандай бірегейлік ұстанымдар топтамасы жоқ формасыз саяси массаға айналып барады.
Осыдан төрт жыл бұрын партия марксистік-лениндік идеяларды қазіргі заманғы өмір салтына бейімдеу міндетін алға қойған еді: «Бүгінгі таңда коммунистер өзінің идеялық-теориялық мұрасын сақтауы тиіс. Бірақ мұрағатшылар ескі қағазды сақтайтын түрде сақтау емес. Мұраны сақтау – ескі тұжырымдарды жаңа жағдайларда қайталау қажет дегенді білдірмейді. Мұраны шынайы сақтау – коммунистер алдында тұрған міндеттерді шешу үшін оның үздіксіз өсуінен және шебер пайдалануынан тұрады. Біз кешегі күннің өз мәнін жоғалтқан түсініктерге жабысуды тоқтатып, өмір тіршілігін, қазіргі өмір шындығының нақты фактілерін әрдайым ескеруіміз керек». Алайда, осы жылдары олар, шамасы, өздері үшін басты міндетті орындай алмаған болар, сондықтан басқа дұрыс нәрсе таппағандықтан бұл туралы «тіл қатпауды» шешіп, өздерінің саяси бағдарын тіпті еске түсірмеуге тырысады. Бірақ олар тек ағыспен ғана, рульсіз және желсіз жүзе ала ма? Ол да әбден ықтимал. Ал жағалауда қалған адамдарға бұны бақылап отыру қаншалықты қызықты болатыны мүлдем белгісіз.
Егер соншалықты қайғылы болмаса, күлкілі болар еді…
Қалған нәрселерде коммунистер айтарлықтай дәйекті. Бірақ, расын айтқанда, бұл жерде де барлығы бірмәнді емес. Өзіңіз ойлап көріңіз.
ҚКХП бұрынғысынша батыстың «құлдыратушы әсерімен» ымырасыз күресуші рөлінде көрінуде. Өткен жолы сияқты, ол батыстың (және, өздерінің сөздерімен айта отырып) «псевдомәдениетті» құндылықтарын қабылдамау туралы мәлімдейді. Мінеки, Ахметбековтың сайлауалды бағдарламасындағы дәйексөз: «Батыс дәстүрі, оның ақшаға табынуымен, қалай да болмаса пайда табуға ұмтылысымен және әдепсіздігімен біздің Отанымыз үшін жойқын». Дәл осыны төрт жыл бұрын Тұрғын Сыздықов та айтқан еді: «Батыс қоғамы әділетсіз болып табылады. Тек қана тең халықтардың, адамның және табиғаттың мүдделерін үйлестіруге ықпал ететін дамушы коммунистік идея негізінде ғана адамзатты құтқаруға мүмкін болады».
Мәлімдемелердегі бірізділік айқын көрінеді, бірақ, сапасына қатысты олардың арасында үлкен айырмашылық бар. Бұдан бұрын ҚКХП өзінің сайлауалды тұғырнамаларын әзірлеуге мұқият қарағаны анық, ал егер де мақсатқа жетудің бірмәнді емес және тіпті абсурдтық (мысалы, гамбургерлер мен хот-догтармен күресу) әдістерін ұсынса, оларды тым болмағанда марксистік ілімнің ұстанымынан негіздеуге тырысқан. Енді оның бағдарламасы ерекше жеңілдік пен оңайлық танытып отыр: не талдау жоқ, не дәлелдер де жоқ…
Мүмкін, батыс құндылықтарын біздің болмысымызға қарама-қарсы қою сияқты онша жағымды емес әрекетке электораттың бір бөлігі назар аударуы да мүмкін еді, бірақ сайлауалды тұғырнаманың авторлары оны болдырмау үшін өз қолдарынан келген барлық жағдайды жасады. Сыздықовтың бағдарламасындағы «эгоцентрлік индивидуализм жаңа батыс дәстүрлері ізбасарларының мінез-құлқына неғурлым тән белгі болып табылады» деген сөз тіркесіне ілігіп, оны іс жүзінде өздеріне көшіріп алып, нағыз конспирология ұйымдастырды (алайда «түпнұсқада» бұл тек «тұрмыстық мәдениетте», мысалы, фаст-фудқа зиянды құмарлық қатері болған – дәл осы идеяда Сыздыков өз уақытында президенттікке өтуге тырысқан болатын). Осы сөздерді Ахметбековтың ауызына салып, бағдарлама авторлары «көп ұлтты Қазақстан халқының бірегей мәдениетіне, біздің менталитетімізге, біздің моральдық шкалаға» қауіп төндірген «зұлымдықтың бетін ашты».
Дегенмен, олар осымен шектелмеді. Олардың пікірінше, «Желіде пайда болған деструктивті материалдар ұлтаралық және конфессия аралық араздықты қоздыруға ықпал етеді, қоғамда жанжал мен шиеленіс ошақтарының пайда болуы үшін жанғыш материал болып табылады». Алайда, ҚКХП өкілдерінің қазақстандықтарға осындай қауіп-қатерлердің мысалдарын көрсету үшін интернетті шарлап шығуға уақыттары жетпеген болар. Немесе ерінген де шығар. Нәтижесінде олар атышулы «Синий кит» жөнінде (бұл ойынның ұлтаралық қақтығыстарға қандай қатысы бар?) коммунистерге тән пафоспен: «Бізге, қазақстандықтарға, біздің мәдениетіміз бен өркениетіміздің негіздеріне, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасына қауіп төндіретін осындай сын-қатерлер қажет емес!» – деп мәлімдеді.
Егер бұл қайғылы болмаса, күлкілі болар еді дегендей. Жағдайды өзінің Telegram-арнасында талдай отырып, осындай бағдарламамен сайлауға бара жатқан Жамбыл Ахметбековке «саяси сайқымазақтың» рөлін болжаған саясаттанушы Оразғали Селтеев дұрыс айтқан сияқты.
Ұмытылған ескі нәрселер және ыңғайсыз жаңашылдықтар
Өкінішке орай, президенттікке кандидат өзіне тағылған бейнеге қарсы емес сияқты. Егер басқаша болса, онда ол, кем дегенде, өзінің бұрынғы сайлау алдындағы платформасының шаңын сілкіп тастап (естеріңізге сала кетейік, Ахметбеков 2011 жылы президенттік лауазымға бармақшы болған), оған салынған тезистерді негізге алатын еді. Олар, әрине, барынша популизмге толы, бірақ ақылды ойлардан айырылмаған еді және бүгінгі «винегретке» қарағанда, кандидаттың өзі айтқандай, «жаңа әлеуметтік бағыттың» ойластырылған және құрылымдалған тұжырымдама болып табылады. Ал ең бастысы – олар әлі де өзекті болыр отыр.
Сол кезде Ахметбеков «үш халықтық бастамаға» сүйенген болатын. Біріншіден, ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта есептеу. «Бұл шартты және іс жүзінде мазмұнсыз көрсеткіш халықтың үміттеріне де, нақты өмір деңгейіне де сәйкес келмейді, – деп айтқан болатын Жамбыл Аужанұлы. – көлемі бойынша ол ең кем дегенде оңтайлы тұтыну қоржынынан үш есе төмен». Әрине, соңғы жылдары билік осы көрсеткішті қалыптастыру жолдарын қайта қараған болатын, бірақ коммунистер онымен қанағаттанулары керек пе? Сонымен қатар, Ахметбеков мәжіліс депутаты ретінде елімізде әлеуметтік теңсіздіктің қаншалықты өткір екенін өте жақсы біледі. Өзінің жаңа бағдарламасында ол, әрине, оны шешуді ұсынады, алайда, мүлдем дөрекі тәсілмен, атап айтқанда есептеу әдістемелері мен мемлекеттік тетіктерді жетілдіру есебінен емес, 1917-ші жылдағыдай – байлардан тартып алып, кедейлерге үлестіріп беру. «Орташа класты қозғамай, үстеме табыс алушыларға табыс салығының жоғары ставкасын адрестеу қажет», – дейді ол.
Оның 2011 жылғы бағдарламасының екінші тармағы жақсы бастама болды – жоғары оқу орындарының түлектері үшін алғашқы жұмысқа орналасуға мемлекеттік кепілдікті енгізу. «Қазақстанда жұмыс орындарын құруға мемлекеттік бақылау толық жоғалды, мемлекеттік жоспарлау және өндірістік күштерді орналастыру саясаты жоқ, – деді ол кезде коммунистер. – Бұл проблема «Болашақ» бағдарламасы сияқты жергілікті шаралармен шешілмейді, оны іске асыру оған бастамашы болған адамдарды да, оның қатысушысы болған адамдарды да қанағаттандырмайды... Артықша білім беру, кәсіппен алшақтық, дипломы бар жұмыссыздар, мамансыздандыру, жұмыссыздықты білікті кадрлардың қосарлас тапшылығымен ұштастыру – бұл бүгінгі күннің проблемалары. Ал заңгердің дипломы бар күзетшілер – біздің шындық. Бірінші жұмыс орнының кепілдігі – жас маманның бірінші жұмысқа орналасу кезінде мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуын талап ететін тұйық шеңберден шығу тәсілі».
Бұл мәселе өзектілігін әлі де жоғалтпады, оның үстіне ол одан да үлкен болып өсуде. Алайда Ахметбеков бұл жағдайда да өткенді еске түсірудің орнына тек қана бүгінгі күнде (партия бойынша «көмекшілерінің» арқасында ол қаншалықты ғажайып формаға ие болуына қарамастан) өмір сүруді қалайды. Мұнда барлық қашқын олигархтарды сотқа беру де, интеграциялық бірлестіктерде «тауарлар, қызметтер, жұмыс күші мен капитал нарықтарының дұрыс кооперациясы» да, кедейлікпен күрес жөніндегі бағдарламаны отандық тауарларға, атап айтқанда АӨК өнімдеріне деген тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен қоса қабылдау да... (соңғы тармақ немесе қосымша түсіндірүді, немесе алдын ала жүз грамм «ішіп алуды» қажет етеді).
Президенттікке үміткер үшінші бастамасын да есіне алған жоқ. Алайда оны еске түсірген жөн болар еді. Сондай-ақ тек еске түсіру ғана емес, осы идея арқылы қосымша жақтаушыларды тарту түрінде саяси бонустарды алуына болар еді. Сегіз жыл бұрын Ахметбеков «азаматтардың пәтерлік төлемдерге және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарының барынша жол берілетін үлесі отбасының жиынтық табысының 10 процентінен аспауы тиіс деп мемлекеттік деңгейде заңды түрде бекітуді ұсынды»... Ал енді ешқандай цифрлар, ешқандай нақтылық жоқ.
Қорытынды айқын. Алдыңғы сайлау қарсаңындағы науқан кезінде коммунистер қоғамға ұсынған нәрсе айтарлықтай ыңғайлы өнім болған еді. Ал жақында «электоралды нарықа» шығарылған «жаңашылдықтар» сәтті болмай шықты. Ол өте асығыс, мүлдем ойланбастан жасалды деген сезім қалыптасады, сондықтан да ол сайлаушыларды тартуға қабілетсіз. Партия үшін (шын мәнінде, қазіргі жарысқа қатысатын басқа да саяси күштер үшін) ең бастысы – парламенттік сайлау болады. Бірақ бұрынғы кездерде ҚКХП өзінің «беделін жоғалтудан» барынша сақтанатын. Ал енді, әдеттегідей оның назарының қақ ортасында қарапайым адам тұрғанын айта отырып («еңбек адамы, оның өмірі, интеллекті, мәдениеті физикалық денсаулықпен, ел мен қоғамға қызмет етуге ұмтылу»), ол шын мәнінде электоратқа өз бетінше ойлай алмайтын және кез келген үшінші сортты нәрсені «жұтып алуға» келісетін ақыл-ой кемістігі бар халықтың рөлін беру арқылы, өз сөздерін өздері жоққа шығарып отыр.
Сурет: Informburo.kz