Жастар жылында мемлекет жастарға өзінің шынайы қарым-қатынасын көрсетті. Қолдау орнына қамауға алу, практикалық жәрдем орнына тек бос уәде беру, нақты әлеуметтендірудің орнына тек сыртқы әсерге арналған іс-шаралар. Бәлкім, қазақстандық жастар саясатының мәні өскелең ұрпақты қоғамдық белсенділіктен алшақтату болар? Бірақ барлығы керісінше болып шықты. Соңғы оқиғалар мен оларға қатысты реакция көрсеткендей, бізде өздерінің азаматтық ұстанымдарын қорғаудан қорықпайтын пассионарлық жастар бар. Ал осы жаңа энергияны басуға тырысудың орнына оны дұрыс арнаға бағыттау керек. Әйтпесе, салдары өте ауыр болуы мүмкін, деп сенім білдіреді сарапшылар.
Қазбек Бейсебаев, блогер, Kazbei.org интернет-сайтының редакторы: «Балалар өсті, сондықтан оларды «кәмпитпен» алдау мұмкін емес»
- Қазақстандағы жастар саясаты тиімді бола алмайды, өйткені ол бізде мүлдем жоқ. Ал дәлірек айтсақ, бұрын да, қазір де тек имитация ғана орын алуда, яғни қандай да бір бағдарламалар іске қосылып, оларға ақша бөлінеді. Бірақ шындығында олардың ешқайсысы да жұмыс істеген емес. Көрнекі мысал – жастар өздеріне лайықты жұмыс табуды талап ететін Жаңаөзендегі жағдай. Өз кезінде (2011 жылы орын алған белгілі оқиғаларынан кейін) бұл проблеманы елеусіз қалдырды, ал енді жаңа ұрпақ оны шешуді талап етіп отыр.
Жастарды жұмысқа орналастыру проблемасы бүкіл Қазақстанға тән. Оның өткірлігін төмендету үшін елеулі өндіріс құру қажет, ал бізде оны іске асыруға қатысты жағдай нашар болып отыр. Иә, егер ресми хабарламаларға сенсек, елімізде жыл сайын ондаған кәсіпорындар пайда болады, бірақ бұл негізінен жұмыссыздық деңгейіне әсер ете алмайтын шағын ғана компаниялар.
Әртүрлі жағдайларға байланысты біздің жастарымыз, еліміздің ересек халқы сияқты, көпшілігінде саясатқа немқұрайлы екенін мойындау керек. Бұған билік саясаты ықпал еткен болатын, ол егер басып тастамаса да, кез келген жағдайда азаматтық белсенділікті мақұлдаған емес. Сонымен қатар, жастар ортасында, біздің қоғамымыздың басым бөлігінде сияқты, осы жылдар ішінде патерналистік көңіл-күй қалыптасты. Бір жағынан, бұл жасанды түрдегі жастар саясатының нәтижесі, оның аясында билік нақты жұмыстың орнына негізінен өзін-өзі қолдау іс-шараларын өткізетін.
Сонымен қатар, тұңғыш президент өз орнынан кеткеннен кейін қалыптасқан жаңа шындық барлығын өздерінің азаматтық құқықтары туралы ойлануға мәжбүр етті. Әсіресе бұл Астананы Нұр-Сұлтан деп қайта атаудан кейін пайда болды. Қазақстандықтар, оның ішінде жастар кенеттен: «Ал біздің пікірімізді неге сұрамады?» – деген сұрақ қоя бастады. Шын мәнінде, билік өзі, өз қолымен жастарды өзіне қарсы қойып, оны белсенді әрекеттерге итермеледі. Егер бұрын наразылық акцияларын оппозициядағы адамдар ұйымдастырған болса, онда бұл жолы авангардта кеше ғана билікке адал деп саналған қарапайым жігіттер мен қыздар болды.
Алматыда өткен марафон кезінде билборд іліп қойған белсенділерді тұтқындау билік онымен келісілмей жасалған іс-әрекеттерге өте қатаң жауап бере алатынын көрсетті. Бірақ олар кез келген құпия бір кезде сыртқа шығады деген шындықты ұмытады. Жанжал қазірдің өзінде елімізден тыс жерлерге шықты. Қазір жас қазақстандықтар бүкіл әлем бойынша тұтқындалған белсенділерді қолдау үшін флешмобтар ұйымдастырып жатыр. Енді олар одан да белсенді болуы ықтимал.
Нақты тәрбиенің орнына мемлекет ұзақ уақыт бойы жастарды «кәмпитпен» алдаған болатын, бірақ ол балалар өсіп кеткенін байқамай қалды…
Василина Атоянц, Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметінің атқарушы директоры: «Жастардың көзі ашылған сияқты»
- Жалпы, билікте және кейбір қоғамдық ортада әлі күнге дейін біздің жастарымыз саясатқа немқұрайлы екендігініне және өмірге деген толық ризалығына сенім орнады. Бірақ енді бұл мүлдем олай емес екені анықталды. Алматыдағы ұсталынғандар қазақстандық қоғамда өз құқықтарын қорғауға және біріктіруге дайын жастар пайда болғанының жарқын көрсеткіші. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты күресті талап етеді, олар әлеуметтік теңсіздіктен шаршады, оларды болашақтың көрінісінің жоқтығы мен мемлекеттің болашағы алаңдатты. Олар бос уәделерден әбден шаршады, олар неғурлым сапалы білім мен медицинаны қалайды, олар ашық және адал сайлауды қолдайды. Ал мемлекет бұрынғысынша оларға өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік бермейді, шешімдер қабылдау процесіне қатысудың нақты тетіктерін бермейді. Және осының бәрі жарияланған Жастар жылының аясында орын алуда...
Бүгін біз билік тарапынан жауап ретінде жасалатын жалғыз ғана қадам – тұтқындау екенін көріп отырмыз. Билік бұрынғысынша ыңғайсыз және өзіне жағымсыз сұрақтарға жауап бергісі келмейді. Бірақ мұндай қарым-қатынас наразылық көңіл-күйді тек күшейтеді. Әлеуметтік желілердегі Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі беттерінде соңғы аптада белсенділіктің күрт өсуі жастардың елдегі жағдайды өзгертуге деген сұранысы бар екенін көрсетеді, қазір жастардың көзі ашылған сияқты. Енді жастарға сыни ойлайтын және оларды жетектей алатын көшбасшылар қажет.
Бүгінгі күні мемлекет жасап жатқан істердің барлығы (соның ішінде Жастар жылы аясында) ешқандай жастар саясаты емес екені анық. Ол жігіттер мен қыздар шын мәнінде нені қалайтынын олардың өздерінен сұрамайды, олардың қажеттіліктерін зерттемейді. Мемлекеттің күш-жігері мен бөлінген бюджет қаражаты негізінен қымбат тұратын мәдени-бұқаралық іс-шараларға студенттер мен оқушылардың қатысуын қамтамасыз етуге жұмсалады. Жастар жылының ашылуына бюджеттен 223 миллион (!) теңге жұмсалғанын еске алсақ та жеткілікті.
Сонымен қатар, әлеуметтанушылар жастар арасындағы эмиграциялық көңіл-күйдің өсуін байқап отыр, ал бұл алаңдатпауы мүмкін емес, өйткені Қазақстаннан ең талантты жастар кетіп жатыр. Олар Отанын сүймейтіндіктен емес, мұнда болашақты көрмейтіндіктен, өз дамуы үшін жағдай көрмейтіндіктен осындай қадам жасауға шешім қабылдайды.
Жастар саясатын тек өзіміз, өз күшімізбен ғана қалпына келтіре аламыз. Біз үшін біреу мұны жасағанын күтпеу керек, пассивті бақылаушы болуды тоқтататын уақыт келді. Бүгінде Интернет пен басқа да көптеген құралдар бар, олардың көмегімен елдегі өмірді жақсыға қарай (мысалы, қоғамдық ұйымдарға, саяси партияларға, сайлау науқандарына белсенді қатысу арқылы) өзгертуге болады. Атап айтқанда, әркім алдағы сайлауда тәуелсіз бақылаушы бола алады.
Егер жастар саясатына қатысты айтар болсақ, талқылау, қалыптастыру, мониторинг және оның шеңберінде іске асырылып жатқан барлық бағдарламаларды бағалау үдерісіне жастардың өзін қосса тамаша болар еді…
Алексей Жансейітов, құқық қорғаушы (Орал): «Осындай билікті кім қолдайды?»
- Мүмкін, Қазақстандағы жастар саясаты қандай да бір құжаттарда жазылған шығар, бірақ іс жүзінде біз оның нақты жастарға қарсы жасалып отырғанын көріп отырмыз. Жігіттер мен қыздарды түрлі іс-шараларда әдепсіздік көрсетуге, журналистер мен азаматтық белсенділерге қарсы арандатушылық акциялар ұйымдастыруға жібереді. Оларды полицейлермен бірге пәтерлер аралап жүруге және күмәнді ақпаратты қандай да бір түсініксіз мақсатта жинауға мәжбүрлейді, сенбіліктерге қатысуға жұмсайды, пафосты жиналыстар мен кездесулерге жұмсайды, биліктің іс-қимылдарын мақұлдауды білдіру үшін массовка ретінде пайдаланады. Ал оларға бұл қажет пе? Олардың өз проблемалары да жеткілікті: тұрғын үй мен жұмыстың болмауы, оқу орындарында ақша жинау мен мүліктік сипаттағы нәрселерді талап ету, өте төмен шәкіртақысы, үнемі алдау мен қорқытулар.
Менің ойымша, біздің еліміздегі жастар саясатының шынайы мәнін айқын бейнелейтін өз тәжірибемнен екі оқиға туралы айтып беремін. Олардың бірі жақында болды. Балалар үйінің екі түлегі баспанасыз қалды. Біреуі кезекте тұрған, екіншісі кезекте жоқ. Қыздар әкімге қабылдауға жазылып, бір ай күтіп, осы уақыт бойы кез келген жерде өмір сүріп жүрді. Нәтижесінде оларды тіпті әкімнің өзі емес, оның орынбасары қабылдап: «Кезекте тұрмаған қыздың тұрғын үй алуға құқығы жоқ, ал екіншісі күтсін» – деп жауап берді. Осы қыздарға сондай жауап беру үшін санша уақыт күткізу керек пе еді? Ал заң бойынша қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық жетімдер коммуналдық тұрғын үйді кезектен тыс алуға құқылы. Қыздар тағы бір рет әкімнің қабылдауына жазылуды шешіп, бірақ бір айдан кейін де ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Ол қыздардың біреуі пайда болған имунитет тапшылығы синдромымен ауырады. Кезінде ол Ресейге кетіп, құрылыста жұмыс істеуге мәжбүр болды, бірақ денсаулық жағдайына байланысты туған Оралға оралды. Қазір достары мен таныстарының үйлерінде тұрып жүр. Қалған өмірін қалыпты адами жағдайында өткізгені жөн болар еді, бірақ шенеуніктер тек ертең-ертең деп әлі де уақыт созып жүр. Егер жетімдердің соншалықты ауыр жағдайына ешқандай реакция болмаса, бұл қандай жастар саясаты болғаны?
Ал енді екінші оқиға. Екі кәмелетке толмаған баласы бар балалар үйінің түлегі жатақханадағы авариялық бөлменің орнына коммуналдық (жайлы емес) тұрғын үй алды. Бірақ белгісіз себеппен жалдау шарты тек қана бір жылға ресімделген. Дегенмен, ең қорқыныштысы бұл емес. Осы уақыт бойы оның көршісі әкімдікпен бірігіп алып, ол тұрғын үйді босатып (заңсыз иеленіп отыр деген сылтаумен), екі бөлмелі пәтерге қоныстауды талап еткен. Иә, жас әйел шын мәнінде тұрмысқа жайлы тұрғын үй алу үшін №358 болып кезекте тұр. Бірақ, ол өз кезегін күтпей сол үйге кіре алмайды, өйткені осылайша заң бұзса, кез келген уақытта оны сол үйден шығарып тастауы мүмкін. Алайда, бұл дәлелдер Орал қалалық әкімдігінде қабылданбады, нәтижесінде оның тұрғын үй-коммуналдық бөлімі оны мәжбүрлеп көшіруге талап етіп сотқа арыз берді. Екі баласымен көшеде қалу қатері төнген сәттерде жас ананың не сезінентіні елестетіп көріңіздерші (олар мемлекеттік жәрдемақы алады). Бақытына орай, ол сотта тұрғын үйін қорғап алды, бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Әкімдік мұндай шешімге келіспеді және екінші рет талап арыз беріп, жетім қызға бұл ретте оған бұрын-соңды болмаған моральдық қысым көрсетуді жалғастыра берді. Олардың мүдделерін жақтап жүрген біздің балалар үйі тәрбиеленушілерінің Одағы әкімдікке, оның тұрғын үй-коммуналдық бөліміне және көршісіне сот шешімін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мен келтірілген моральдық зиян үшін 19 миллион теңге өндіріп алу талабы бойынша қарсы талап арыз бергеннен кейін ғана олар жас ананы мазалауды қойды.
Біздің елімізде ешқандай мемлекеттік жастар саясатының жоқтығының (жалпы, ол қажет емес) дәлелі – «Шындықтан қашып құтыла алмайсың!» деген жазуды іліп қойған жігіттерді қамап, шетсіздік жасаған полиция, прокуратура және сот. Ол жігіттер бұзақылық жасады ма, жанжал шығарды ма? Жоқ, олар Конституцияда кепілдік берілген құқықтарды пайдалана отырып, жай ғана өз көзқарастары мен нанымдарын білдірді. Осыдан кейін билік атынан әрекет ете отырып, жастардың қоғамдық белсенділігін «жойып» жүргендерге қалай қарауға болады? Мұндай билікті кім қолдайды?
Ғалым Ағелеуов, қоғам қайраткері: «Біздің жастарымыздың дербестігін, тәуелсіздігін көтермелеу қажет»
- Мемлекеттік жастар саясатын қалай оңалтуға болады? Біріншіден, жоғары оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқаруды енгізу. Оны арнайы қызметтер кураторларының бақылауынан қорғау және нақты құқықтар беру маңызды. Мысалы, ректоратпен бірге оқу үдерісінің сапасына ықпал ету құқығын беру.
Екіншіден – жас қазақстандықтардың кәсіби және тұлғалық дамуын ынталандыру, мысалы, жарыспалылық, ғылыми қоғамдастық, олимпиадалар, студенттік лекториялар, қызықты тәжірибелер және т. б..
Үшіншіден, жастарды әлеуметтік тұрғыда қолдауды күшейту арқылы. Ең алдымен, жұмысқа орналасуға және тұрғын үй алуға жәрдемдесу, бала тууды ынталандыру үшін толыққанды ана капиталын енгізу және жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жағдай жасау.
Төртіншіден, азаматтық белсенділікті көтермелеу. Жастарға әлеуметтік және саяси жобаларға қатысуға, еркін партиялардың құрылысына қатысуға, олардың бағдарламалары мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге, тәуелсіз жастар форумдарын ұйымдастыруға мүмкіндік беру қажет. Мемлекет бәсекелестік және айқын негізде тиісті жобаларға гранттық қолдау көрсетуге тиіс.
Еркін орта құру жастардың саясатқа жаппай келуіне, олардың барлық деңгейдегі депутаттық корпусқа кіруіне, әртүрлі қоғамдық мамандықтағы жас реформаторлардың пайда болуына, жаппай жаңашылдыққа алып келеді. Азаматтық құқықтар мен бостандықтарды беру сайлау процесінен бастап, сапалы менеджерлердің билікке келуіне дейін жастардың саяси мәдениетін арттырады. Басты мақсат – жастардың дербестігін, тәуелсіздігін көтермелеу.
Фото: Азаттық Радиосы