Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
6274 28-01-2020, 11:03

Қазақстан жаппай популизм еліне айналып бара жатыр ма?

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жақындағы мақаласында популизмді «кез келген елдің дамуын және ұлттың өзіндік ерекшелігін бұзатын қауіпті процесс» деп атай отырып, қатты сынға алды. Президент осы құбылыс індет ауқымына ие болған Қазақстан жөнінде айтып отырғаны түсінікті. Популизмді билік, оппозиция, саяси партиялар, ұлтшыл-патриоттар, қоғам қайраткерлері, блогерлер жиі қолданады. Халық осындай үндеулердің, ұрандар мен уәделердің шынайы бағасын баяғыда түсінуі керек сияқты еді, бірақ көпшілігі оларға сенуді жалғастыруда. Бұл немен байланысты? Популизмнің ұлттық ерекшеліктері қандай? Ол бізді қайда апаруы мімкін? Және онымен күресу шын мәнінде мүмкін бе? Бұл туралы біз сарапшылармен әңгімелескен едік. 

Данил Бектұрғанов, саясаттанушы: «Популизм адамдардың жаппай ақымақтануына ықпал етеді»

- Алдымен популизм деген не екенін анықтап алайық. Шын мәнінде, бұл «кең халық массалары» деп аталатындар үшін әлеуметтік мәселелерді тез және оңай шешуге есептелген саясат. Популизм технологиясы өте қарапайым. Жақсы емес биліктің қысымына үшырап отырған халық бар. Халықтың өзі кінәсіз, аңқау болып келеді, оны барлығы алдайды; ал билік - элиталар - жемқоршылар, жүрексіздер және т.б.. Популистер қысымға ұшыраған халық массаларын қорғау идеяларын жамылады. Шын мәнінде, олардың жалғыз мақсаты – билікке кіру болып табылады, ал оның ең үстіне кіру тіпті жақсы. 

Популизм неліктен соншалықты кең тарағаны, менің ойымша, түсінікті. Популистердің үндеулерін түсініп, оларды қабылдау үшін ойлаудың қажеті жоқ, білім алудың қажеті жоқ, барлығы бір-екі ұранға сияды. Бұл ретте қандай идеологиялар қолданылатыны (оң жағы ма әлде сол жағы ма) маңызды емес. Әлемдегі ең танымал оң жақты популист – Гитлер. Ең танымал сол жақты популисті атап айту қиын – Лениннен Тундберг Гретаға дейін біртұтас спектр бар. Бірақ көзқарастардың ортақтығы айқын: популистер күрделі мәселелерді оңай тәсілмен шешуге болатынын, кез келген аспазшы әйел мемлекетті басқара алады деген түсінікті барынша пайдаланады. Сондықтан «университеттерді аяқтамаған кең халық массаларында» саясатта (әсіресе сыртқы), экономикада, әлеуметтік салада өздерінің жақсы түсінігі бар деген елес қалыптасады. Популизмнің тартымды болуының себебі – барлық проблемалардың оңай шешімдері бар дей отырып, ешнәрсе жөнінде өз бетінше ойланбауға мүмкіндік беретіні. Ал, өздеріңіз білетіндей, заманауи адам үшін дербес ойланбау мүмкіндігінен артық ешнәрсе жоқ.  

Қазақстандық ерекшеліктің мәні – популизм ұлттық менталитеттің кейбір сипаттамаларына тамаша икемделетінінде. Біздің қаншама рет мазаққа қалдырған понттарымыз да популизм болып табылады. Біздің халяваға, яғни тегін нәрсеге қызығушылығымыз да популисттер өте жиі пайдаланатын әсер ету тетігі. Ең болмағанда былтыр орын алған ТКШ тарифтерін төмендетуге қатысты биліктің тікелей нұсқауларын естеріңізге түсіріңіздерші. Бұл сонда не болғаны? Өз рейтингін арттыруға бағытталған нағыз популистік шешім. Қазір бұл төлем қағаздарындағы бағаны карап, салыстырырып отырған әрбір ойланатын азамат үшін мүлдем анық.  

Тек соңғы бес жылда орын алған («петрокризистен» соң және «петроелдердің» ұлттық валюталарының құлауынан кейін) осындай мысалдардың көптеген санын келтіруге болады. Айталық, теңге екі есе құнсыздандырылған кезде бағаларды «қатырып тастау» жөнінде шешім қабылданды. Қарапайым шешім емес пе! Оның үстіне халық мүддесі үшін! Ол не нәрсеге әкеліп соққанын сеніммен айтылған әңгімеде кез келген өндіруші немесе бұрын өндірумен айналысқан адам айтып бере алады. Немесе тіпті өте қайғылы мысал. Ақша көп болған жылдары демографияны көтеруге көп шақырулар болған еді, оның нәтижесінде бэби-бум орын алды… Ал енді көп балалы байғұс аналар он бес жыл бұрын оларға популистер беруге уәделенген нәрсені талап етуге мәжбүр болып жүр.     

Оппозицияға келетін болсақ, ол Қазақстанда, өкінішке орай, популизмнен өзге ешқандай басқа саясатты пайдаланған емес. Ең «дәмді» мысал – Ұлттық қордың ақшасын бөліп-жарып бәріне таратып беруге шақыру. Шариков қол шапалақтайды. Барлығын бөліп-жарып, таратып беру! Өйткені «кең халық массалары» сол Ұлттық қордың не үшін қажет екенін білмейді. Ал оны білу үшін интернеттен мәлімет іздеп тауып, оқып, анықтау қажет... Бір-екі күн өткен соң ойланатын адамдарда Ұлттық қордың қаражатын таратпай, оларды дұрыс басқару керек деген түсінік пайда болады. Ойлы адам әрқашан идеяның өзін оның жүзеге асыруынан ажырата алады. Бірақ, бір жаманы, мұндай адамдар «кең халық массалары» арасында өте аз немесе мүлдем жоқ. Қарапайым шешімдерді ұсынатын популистер бұл туралы жақсы біледі, сондықтан олар шындықтың ашылғанынан корықпайды. «Кең халық массалары» мұндай шындықты қабылдамайды, өйткені адамдарға өздерінің ой-пікірлеріне және өздерінің дүниетанымына сәйкес келетін нәрсені есту әлдеқайда жағымды. 

Менің көзқарасым бойынша, популизмнің ең негізгі қаупі – бұл адамдардың жаппай ақымақтануына ықпал ететінінде. Барлығы елу жыл бұрын ағайынды Стругацкийлердің «Хищные вещи века» (Ғасырдың жыртқыш заттары) деп аталатын кітабында сияқты: «Сен неткен даңқтысың, ақымақ! Сен неткен сергексің, денсаулығың қандай мықты, ақымақ! Сен неткен оптимистісің, ақымақ және сен,ақымақ, неткен ақылдысың, сенің қандай әзілшіл сезімің бар және кроссвордтарды қалай шешесің, ақымақ!.. Сен, ең бастысы, тек уайымдама, ақымақ, бәрі де жақсы, бәрі де тамаша, ешнәрсе туралы ойлаудың қажеті жоқ... Ал қайдағы бір зиянды әсер ететін бұзақылар мен скептиктерді біз, сенімен бірге, ақымақ, жойып тастаймыз (сенімен бірге оларды жойып тастамауымыз мүмкін емес!)». Сондықтан болашақта популизмнің салдарын, өкінішке орай, популистік пікірлерге сенбеген адамдарға, яғни сол «зиянды әсер ететін бұзақылар мен скептиктерге» түзетуге тұра келеді. 

Популизммен күресуге бола ма? Әрине, онымен күресуге болады, және күресу қажет. Бұл идеология емес қой. Бұл жай ғана саясат, яғни шешім қабылдау қағидаттарының жүйесі. Егер популистік тәсілдерден аулақ болса, онда мемлекеттік басқаруды, қоғамдық өмірді, бизнесті тиімді құруға болады. Бірақ бұл өте күрделі міндет. Өйткені популизм дегеніміз – демократияның кері, яғни көлеңкелі жағы. Егер елде жалпыға бірдей сайлау арқылы мемлекеттік билікті қалыптастырудың демократиялық тәсілі қолданылатын болса, онда популист-саясаткерлер (өз идеологиясы бойынша сол жақты ма әлде оң жақты ма тағы да маңызды емес) электоратты тартудың популистік әдістеріне жүгінетін болады. Өйткені популизм (жоғарыда қараңыз) қарапайым, арзан және өте тартымды. Ол тек демократиялық режимдерге ғана тән емес. «Хрущевтің волюнтаризмі» немесе қытайлық «мәдени революциясы» да популизмнің мысалдары, бірақ тоталитарлық қоғамдарда. 

Популист-манипуляторлар әрдайым болған, бар және болады. Олардың ықпалына түспеу, олардың берген ұрандарын дұрыс бағалай білу, оларға ыңғайсыз сұрақтар қою – бұл, бәлкім, көпшілік алаңдағы популистерге қарсы тұрудың жалғыз жолы. Алайда, дұрыс дәлелдер естілеме екен деген сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр.

Максим Казначеев, саясаттанушы: «Қоғамның және осы қоғамның элитасының дұрыс еместігінің индикаторы»

- Популизм заманауи саясаттың негізгі ағыны болды. Бұл үрдісті біз әлемнің барлық елдерінде көре аламыз. Барлық жерде саясаткерлер әртүрлі қарапайым және түсінікті бастамалар арқылы электоратты өз жағына тартуға тырысады. Көбінесе саясаткердің имиджінің өзі саяси популизмде құрылады. Ең «жаңа» мысал – комик Владимир Зеленскийдің украиндық президенттік сайлаудағы жеңісі. Жас бастаушы саясаткер қандай да бір ақылға қонымды сайлауалды бағдарламасыз жеңіп алды.

Қазақстан бұл мағынада ерекшеленбейді. Біздегі саяси популизм тартымдылығының өсу себептері басқа елдердегі сияқты:

  • халықтың білім беру сапасының апатты құлдырауы;
  • саясаттың «депрофессионализациясы»;
  • халықтың негізгі массасының және элитаның саяси мүдделері арасындағы алшақтық;
  • халықтың маргиналдық страталар санының өсуі және сонымен бірге орта топтың деградациясы. 

Бұл процесс тек қазіргі заманғы саясаттың сипаттамасы ғана емес – демократияның охлократияға айлануы антикалық дәуірде сипатталған. «Плебс нан мен ойын-сауықты қалайды» деген Ежелгі Рим кезінде айтылған сөздер барлығымызға таныс... Таяу тарихи перспективада жағдай тек нашарлай түседі – саясаткерлер популистік риториканы одан әрі пайдаланатын болады.

Қазақстандық популизмнің ерекшелігіне келетін болсақ, мен олардың арасындағы «кең халық массаларына» таратылатын саяси элитаның өзіндік маңыздылығының гипертрофияланған қауіпті иллюзиясына назар аударар едім. Бұл тәуелсіздіктің барлық 28 жылы ішінде біз шын мәнінде шеткері шикізат капитализмі мен офшорлық, компрадорлық элитаның елі болғанына қарамастан айтылып отырған нәрсе. «Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі экономикалық реформалаудың көшбасшысы», «мұнай алыбы», «жетекші банк жүйесі», «Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы», «жеделдетілген индустриалды-инновациялық даму елі», «ең озық зейнетақы жүйесі» және т. б. осы жылдар бойы пайдаланылған көптеген мифологемаларды еске түсіру жеткілікті. 

Алайда, ағымдағы экономикалық дағдарыс барлығын да орын-орнына қойды және бұрынғы мақтаншақтықтың ізі де қалған жоқ. Шындыққа оралу ауыр болды. Елдің жаңа саяси басшылығы әзірге мәлімдемелер жасаудың қарапайым тәсілдерін қолдануды жөн көреді. 

Саяси популизм – қоғамның және осы қоғамның элитасының дұрыс еместігінің индикаторы. Саясаткерлер бізге шындықты дұрыс емес етіп қабылдауға мәжбүрлегенде, әлемнің осы бұрмаланған бейнесі біртіндеп норма ретінде қабылдана бастайды деген қауіп бар. Бірақ біз мифологиялық кеңістікте өмір сүре бастаған кезде, шындық сезімін жоғалтқан кезде, өз дамуымыздың дұрыс моделін құруға қабілетіміз жоқ.

Сіз популизмнің оң жақтары бар ма деп сұрайсыз ба? Шындықты дұрыс емес етіп қабылдауда қандай да бір оң нәрсе табуға болатынына сенімді емеспін. 

Менің ойымша, популизммен күресу мүмкін емес, себебі осындай күрестің субъектісі жоқ. Кім күресетін болады? Популизм саясаткерлерге қолайлы, себебі электоралды мақсаттарға оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. Популизм қарапайым адамдарға қолайлы, себебі иллюзияларда қала беруге мүмкіндік береді. Сондықтан саяси популизмнің қауптілігі туралы ескертетін ой-санасы дұрыс адамдар азшылықта қалуға мәжбүр. 

Бақытымызға орай, саяси популизмнен әлдеқайда тиімді дәрі бар, ол – осындай барлық қоғамдар сөзсіз тап болатын ауқымды жүйелі дағдарыс. Мұндай дағдарыс қалай өтетінін біз Ежелгі Рим тарихынан да, қазіргі заманғы мысалдардан да – әлемнің дамыған елдерінде кезең-кезеңімен орын алатын әртүрлі «түсті революциялардан», мемлекеттік төңкерістерден, экономикалық дағдарыстардан білеміз.

Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы, бұрынғы дипломат: «Популизм бізде мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды»

- Тілге шешендік бізде әрдайым құрметке бөленетін нәрсе. Ал популизм – бұл кейбір дәрежеде шешендік тәрізді, сондықтан бұл құбылыс Қазақстанда өте танымал болуда. Сонымен қатар, популизмнің өсуіне әлеуметтік желілердің пайда болуы ықпал етті. Ал ол жерде аудиторияның назарын өзіне қарай аудару үшін бірдеңені дауыстап айту ғана жеткілікті.

Біздегі популизмнің ерекшелігі, менің ойымша, қандай да бір жарысуда көрінетін сияқты: кім ең үлкен патриот, кім өз елін көбірек жақсы көреді, кім халықтың қажеттілігі жөнінде шын мәнінде алаңдайды, кім дәстүрлерді сақтау (қайта өркендету) үшін, руханилық үшін, біздің қазақ тіліміз үшін белсендірек күреседі және т.б. мұндай мысалдар көп – бұл «кұресушілер» әлеуметтік желілерде нені және қалай жазатынын, БАҚ-та не нәрселерге шақыратынын көру де жеткілікті. Олардың көбі Крыловтың баснясындағы кейіннен басқа иттер: «Пілге үргеніне қарағанда, Моська, шамасы өте күшті шығар» деп айту үшін ғана пілге үрген Моська тәрізді.

Сонымен қатар біздегі популизмнің ерекшелігі – оның мемлекеттік деңгейге еніп отырғанында. Бүкіл әлемдегі бейбітшілік үшін деген бастамалардың барлығы, әлемдік аренада ерекше рөл атқаруға ұмтылу, ешкім есеп бермейтін мемлекеттік бағдарламалар, дауыстап жарияланған бірақ іске асырылмаған жобалар, әртүрлі ГПФИИРлер және тек ауызша ғана еңгізілген нысандар мен көптеген басқа нәрселер – популизмнен өзге еш нәрсе емес. Бізде популизм тіпті мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды деп айтуға болады. 

Ал популизм сондай-ақ бүкіл ел зардап шегетін алдау болғандықтан өте қауіпті, өйткені популизм кейбір қалталарға түсіп кеткен және ешқашан халыққа қайтарылмайтын орасан зор мемлекеттік қаражатты ұрлау үшін қолданылады. 

Популизмге тосқауыл қою үшін, үлкен лауазымдарда отырып әдемі сөздер айтатын адамдардың үстінен бақылау жасау қажет. Ал ол үшін басқару жүйесін өзгерту қажет, яғни реформалар жүргізу керек. Бізде ол туралы айта бастады, бірақ әзірге нақты істер көрінбейді. Егер барлығы сөз деңгейінде қалатын болса, онда бұл кезекті популизм болғаны.

 

Комментарии