Елімізде қазақ тіліндегі сапалы әдебиеттің жоқтығына наразылық білдіруді және оған кінәлілерді іздестіруді әлі де ұзақ уақыт бойы жалғастыра беруге болады, ал немесе бүгіннен бастап әрекет ете бастауға болады. Біздің отандасымыз Раиса Кадер дәл осылай істеді. Моңғолияда тұрған кезінде ол балаларға арналған әлемдік бестселлерлерді қазақ тіліне айдарумен айналысты. Жақында ол отанына оралып, біздің сұрақтарымызға жауап беруге келісті.
- Балаларға арналған кітаптарды шығару идеясы қалай пайда болды?
- Бұл менің бұрынғы арманым еді, бірақ мен оны тек үш жыл бұрын ғана жүзеге асыра алдым. Есімде қалған бір нәрсе – Алматы қаласында отбасыммен кезекті рет қонақта болған кезімде балаларыма қазақ тіліндегі кітаптар сатып алғым келген еді. Біз бірнеше дүкендерді аралап шығып, қызықты ештеңе таба алмағанымыз менің көңіліме өте жаман әсер етті. Әрине, сөрелерде қандай да бір кітаптар жатқан еді, бірақ олар аз болды және маған мүлдем ұнамады – сапасы жаман, тілі өте күрделі, безендіруі де нашар.
Үйімізде ескі кітаптар сақталып қалды, олардың ішіндегі «Қазақша ертегілерді» бала кезімде ата-анам сатып алған болатын, бірақ өкінішке орай, олардың сыртқы келбеті онша әдемі емес, суреттері жоқ. Ал қазіргі балалардың талғамдары қандай екенін өздеріңіз білесіздер ғой – олар жарқын, көрнекті, ерекше нәрселерді жақсы көреді. Сондықтан мен өзім балалар әдебиетін шығарып көруге талпыныс жасадым. Оны мемлекет немесе басқа біреу іске асырғанын күтетін уақыт болмады, өйткені балаларымыз тез есейіп бара жатты, ал мен олардың қазақ тілінде кітап оқу мүмкіндігі болғанын қалаған едім. Осылайша, біздің «Steppe&World» баспасы пайда болды.
- Ал біздің елімізде қазақ тілінде сапалы әдебиеттің болмағанына кім кінәлі деп ойлайсыз?
- Бұл нақты бір адамдардың кінәсі емес, ол көптеген жағдайлардың нәтижесі. Тарихтың әмірі осындай болды. Мен саяси тұрғыда әдепсіз сияқты болып көрінгім келмейді, бірақ шындыққа назар аударғанымыз жөн деп есептеймін. Ұзақ жылдар бойы қазақ халқы, оның мәдениеті мен тілі стигматизацияға ұшырады. Қазақ тілінде сөйлейтін адамдар білімсіз, надан, сауатсыз деп, бір сөзбен айтқанда ауылбай деп есептелетін. 1990 жылдардың басында менің Қазақстанға келгенім бар, сондықтан ол жағдай менің есімде сақталды. Бақытымызға орай, мұның бәрі өтіп кеткен нәрсе. Соңғы жылдары жағдай түбегейлі өзгерді – қазақ халқы басын көтеріп, өз тамырларына ұмтылып, ұлттық сана-сезімді нығайтуда. Бұл әр түрлі себептермен шетелде тұратын азаматтарымызға да қатысты. Мен олардың көпшілігімен қарым-қатынас жасаймын, сондықтан олар үшін қазақ тілін, тарихын, мәдениетін білу қаншалықты маңызды екенін көріп отырмын.
Мұндай жағдайда қазақ әдебиеті мен қазақ тілінде кітап оқу трендте болмауы тіпті мүмкін емес. Бәлкім, баспа индустриясы аяққа нық тұрғанға дейін уақыт қажет болар. Бірақ қазірдің өзінде басталуы бар. Қозғалыс бар. Жастар бүгінде қазақ тілінде түрлі жобаларды қалай ілгерілетіп жатқандарын қараңызшы. Шын мәнінде, бұл контент (мазмұн) құру, ал оның қажеттілігі туралы көп айтылып жатыр.
- Қазақ тілінде әдебиеттің болмау себебі адамдар оны оқуды қойғанында шығар? Сұраныс болмаса ұсыныс та жоқ…
- Мен адамдар кітап оқуды қойды деген пікірмен келіспеймін. Біздің кітаптарымыз жақсы сатылатыны бұған тікелей дәлел болып табылады. Мәселе басқада – қазір оқылатын ештеңе жоқ. Мен айтқандай, қазақ тілінде жақсы кітаптарды Алматы сияқты үлкен қалада да табу қиын. Ал сонда ауылдарда тұратын адамдарға не істеу керек? Бұл негізінен орыс тілінде де дұрыстап оқи алмайтын қазақ тілді азаматтар ғой. Яғни, олардың қазақ әдебиетіне де, әлемдік әдебиетке де, басқа әдебиетке де қол жеткізу мүмкіндігі мүлде жоқ... Мұндай жағдайда қалайша ұлттың бәсекеге қабілеттілігі туралы сөз айтуға болады?
– Сондай-ақ, кітаптар, газеттер сияқты, өткенге кетіп бара жатыр деген пікір бар…
- Мен осы пікірмен де келіспеймін. Иә, қазір әлеуметтік желілер, блогерлер, электронды кітапханалар және т.б. танымалдылыққа ие болып жатыр – оларсыз да енді болмас. Бірақ олар баспа кітаптарын жоймайды, керісінше, оларды толықтырады. Адамдар әрқашан кітаптардың физикалық түріне мұқтаж болады. Анасы баласына әдемі иллюстрациялары бар қызықты кітапты оқыған кездегі атмосфераны өзіңіз елестетіп көріңізші... Ал енді мұны планшет немесе компьютер арқылы жасап көруге тырысыңызшы. Техникалық тұрғыда, әрине, бұл мүмкін, бірақ әсері соншалықты жақсы болмайтынмен келісетін боларсыз. Менің ойымша, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті ата-аналар өз балаларына балалық шағынан бастап сіңіруі тиіс, өйткені бұл олардың дамуы мен өмірлік құндылықтарын қалыптастыру үшін өте маңызды. Кітаптар әрқашан сұраныста болатынына мен сенімдімін.
- Қазақстандағы баспа индустриясының дамуын қалай жеделдетуге болады? Бұл үшін мемлекет не істеу керек? Әлбетте, қазіргі қарқынмен біз алысқа кете алмаймыз…
- Баспа индустриясы – мемлекеттің белсенді қатысуы немесе бақылауы қажет сала емес, әрине егер бұл мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орындары мен кітапханаларға арналған басылымдарға және т. б. қатысты болмаса. Бұл жерде, керінісінше, мемлекеттін араласпағаны қажет. Өйткені кітапты жасап-шығару – бұл, ең алдымен, шығармашылық, ал оны қатты шеңберге қысып тастауға болмайды. Тендерді кез-келген адамдар ұтып алуы мүмкін, ал сапалы кітап жазу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін нәрсе...
Егер мемлекет қандай да бір көмек көрсете алатын болса, онда жазушылар үшін, баспашылар үшін, аудармашылар үшін қажетті жағдайлар, сондай-ақ ынталандырулар мен преференциялар жасаса болар еді. Мысалы, бүгінде көптеген елдерде, атап айтсақ, Үндістанда, кітаптарға ҚҚС алынып тасталған, бұл оларды арзан сатуға, тиісінше оқырмандардың көбірек санын қызықтыруға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл кітап шығаратын баспаға елеулі қолдау көрсету болады, ал біздің жағдайымызда ол өте орынды нәрсе.
Мен жеке өзім және менің пікірлестерім мемлекеттен көмек күтпейміз, ештеңе талап етіп отырғанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз – кітап нарығын дамыту және қазақ тілін көпшілікке тарату. Ең бастысы – бізге кедергі жасамау. Ал егер қандай да бір жәрдем болып жатса, онда біз әрқашан қуаныштымыз…
- Сіз сияқты шетелдік әдебиетті қазақ тіліне аударумен айналысқысы келетін адамдар елімізде аз емес болар деп ойлаймын. Сіз оларға қандай кеңес берер едіңіз?
- Баспа ісімен айналысқысы келетіндерге бірінші кезекте авторлық құқықты сақтауды қамтамасыз етуге, яғни кітаптарды аудару мен жариялауға рұқсат алуға кеңес берер едім, әйтпесе олардың қызметі заңсыз болып саналады. Баспа индустриясына қатысты заңдарды мұқият оқып, зерделеу қажет. Екіншіден, аударма өте сапалы болуы тиіс. Калька азырақ болғаны жөн. Мұнда тілдің өзі маңызды – ол бай, лирикалық, бірақ сонымен қатар қарапайым және жеңіл болуы керек. Ал, үшіншіден, дизайнды мұқият ойластыру қажет – адамдар сіздің кітабыңызды қолына ұстағанда эстетикалық рахатқа бөлену керек.
- Аударма үшін дұрыс әдебиетті таңдап алу өте маңызды іс болар. Сіз іріктеуді қалай жасайсыз?
- Біз негізінен бестселлерлерді, яғни бүкіл әлемде оқырмандар арасында танымал кітаптарды таңдаймыз. Олар қызықты, мейірімді, пайдалы болып, балаларды білім алу жолына бағыттауы тиіс, оларды әділ және сезімтал болуға, қандай да бір өмірлік жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретуі тиіс.
- Сіз қандай кітаптарды басып шығардыңыздар? Алдағы болашаққа арналған жоспарларыңыз қандай?
- Біз ағылшын жазушысы Джулия Дональдсонның «Гроффало» және «Ақын Қоян» атты кітаптарын, сондай-ақ американдық автор Эрик Карлдың «Қомағай Жұлдызқұрт» атты кітабын шығардық. Оларға жақсы пікірлер алдық деп айта кету керек. Сонымен қатар, біз алғаш рет қазақ тілінде «Анна Франктің күнделігі» атты әңгімесін (Нидерландының нацистік оккупациясы кезеңіндегі еврей қызының жазбаларын) шығардық. Қазір Джоан Роулингтін Гарри Поттер туралы романын, Роальд Дальдің бірнеше кітаптарын және Harvard Business Review басылымдарының сериясын басып шығаруға дайындап жатырмыз.