Бейсенбі, 13 тамыз 2020 ЖЫЛЫ
2582 26-07-2019, 16:46

Қашанғы Тамара Дүйсенованың қателіктерін қайталай беруге болады?

9700

Бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнетақы реформасының мәнін халыққа жеткізе алмағанымен танымал. Нәтижесінде ол қоғамда жақтырмаушылық тудырғаны үшін «демалуға» жіберілген болатын. Сол кезден бастап оның есімі жиі аталатын болды - ол енді жеке позициясын ғана емес, сонымен қатар мемлекет жүзеге асыратын бастамалардың мәнін де түсіндіруге қабілетсіз шенеуніктердің тұтас санатын бейнелейді. Бұл санат жыл сайын жаңа «құрбандармен» толтырылып келеді, басқа адамдардың қателіктері оларды ешнәрсеге үйретпейді, сондықтан олар қайта-қайта сол бір қателіктерге ұрынады да отырады.

Біз Тамара Босымбековнаны және оның жасаған қателігін еске түсіргеніміз кездейсоқ емес. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен көптен күткен жауап алғаннан кейін осы аналогия туылды. Бірақ мәселенің мәніне көшпес бұрын, оның алдында болған әңгімені естеріңізге саламыз.

Бір айдан астам уақыт бойы біз жоқ нәрсені, атап айтқанда, жыл басында біздің қоғамымызды дүрліктірген бірінші басшыларына олардың қарамағындағы адамдардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапкершілігін бекітетін, яғни бұл іс жүзінде шенеуніктер үшін ең қорқынышты жазаны – отставканы білдіреді деген заңнамалық түзетуді іздеп табуға тырысып жүрміз. Ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында пайда болуы тиіс еді.

Шенеуніктер де, депутаттар да бір жыл бойы бізге ең биік трибуналардан ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып жүрді. Бірақ, шеңберінде осы «ертегілер» айтылған заң жобасының мәтініне ол сол қалпы кірмей қалған (осы тарихтың егжей-тегжейлерімен «Берілген уәдені орындамау ережелері: шенеуніктер мен депутаттар бір жыл бойы жоқ нәрсені мақтап келгені ме?» және «Алик Шпекбаевтың командасы неліктен профанация мен көз бояушылықпен айналысады?» деп аталатын мақалалар арқылы біздің сайтта танысуға болады). Біз депутаттарға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі екі агенттіктің басшыларына осындай жағдай қалай орын алғаны туралы сауал қойдық.

Осы тарихтың басты әрекет етуші тұлғасы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Алик Шпекбаевтен біз сол қалпы жауап алған жоқпыз (дегенмен оның командасының мүшелері бізбен байланысқа шыққан болатын), және енді аламыз ба екен дейтін сұрақ әлі де қалып отыр. Ал мәжілісмендер мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бізге жауап берді. Расын айтсақ, олардың берген түсініктемелері жағдайды одан әрі шатастырып тастады. Бәлкім, олар алдында аталған Дүйсенова ханымның үлгілері бойынша жазылғандықтан болар? Сенбейсіздерме? Оныңыз бекер-ақ. Мінеки, бізге жақында келген жауапта мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің төрағасы Жазықбаев Дархан мынаны мәлімдеді (дұрыс емес түсінулерді болдырмау үшін, хаттың мәтінін толық жариялаймыз):

«Сіздің мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қол астындағылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өтінішіңізді қарастырып, келесіні хабарлаймыз.

Мәжіліс мақұлдаған мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заң жобасы депутаттық бастама ретінде әзірленді. Яғни, әзірлеуші ретінде Парламент депутаттары болып табылады.

Бұл ретте, «Құқықтық актілер туралы» заңда депутаттық бастама тәртібімен әзірленген заң жобаларын ошық НҚА порталында жариялау жөніндегі талаптар көзделмеген.

Сіздердің интернетте танысқан заң жобасы – бұл мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2019 жылға арналған үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірлеген жоба.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (МҚІСҚА) қайта құрылуына байланысты қазір осы Заң жобасы бойынша жауапты мемлекеттік орган анықталып жатыр.

Депутаттық заң жобасында басшылық лауазымындағы мемлекеттік қызметшілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тікелей бағынышты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы нормалар көзделген.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың басшылары немесе әкімдер болып табылатын саяси мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тікелей бағынышты адамдарды тартқан жағдайда орнынан түсу жөніндегі тәсілдерді заңнамалық тұрғыдан бекіту мәселесі пысықталуда.

Орнынан түсуді қабылдау/қабылдамау туралы мәселені оларды тағайындауға құқығы бар адамдар шешеді».

Бұл хатты оқыған кезде біреулер бізді жоқ жерден шу шығарып отыр деп ойлайтын болар. Дау жоқ, мүмкін, солай да шығар. Бірақ біз өзіміздің қателіктеріміздің негізделген дәлелдерін алғымыз келеді. Бұл нәрсе орын алған соң, біз жұмыспен айналысып жатқан адамдардың маңызды істерін бөлгеніміз үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Әзірге бұл істің қисыны келмей жатыр, керісінше, неліктен қоғам өкілдерінің ешқайсысы қол астындағылардың ұрлық және парақорлық жасағаны үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы қағазда тіркелген нормаларды көрмегені туралы жаңа фантастикалық нұсқалар туындап жатыр.

Егер біз әріптерден сөздерді дұрыс құрастыратын болсақ, Агенттік төрағасының орынбасары берген ақпаратқа қарағанда, бірдей аталатын екі заң жобасы бар және екеуі де мемлекеттік қызметке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты түзетулерді қарастырады. Бірі – мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген үкіметтік нұсқа, екіншісі – депутаттық бастама. Бұл прецедент пе әлде әдеттегі тәжірибе ме, біздің оны білуіміз екіталай. Дегенмен, одан да қызығы – сенатқа екі нұсқаның қайсысы кеткен екен. Әлде жоғарғы палата депутаттары екеуін де қатарынан қарайтын болады ма? Әлде, мүмкін, бір заң жобасының мәтіні басқасының мәтініне еңіп кетті ме? Ал ең бастысы – неліктен депутаттар да, агенттік те бір мезгілде бір мәселе бойынша заң жобаларын әзірлеуге тырыса бастады?

Бәлкім, егер Дархан Жазықбаев бірден екі заң жобасының әрқайсысына қатысты түсініктеме берген болса, бұл мәселелер туындамас еді. Немесе егер бізге алдында жауап берген депутат Михаил Чирков өз әріптестерінің жасаған заң жобасы туралы сөз қозғаған болса. Бірақ ол былай деді: «бұл норма ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау барысында енгізілуіне байланысты еркін қолжетімділікке орналастырылмаған».

Кейбір айқындықты жақында мәжіліс сайтында жарияланған мәжілістің VI шақырылымының жұмысын қорытындылайтын құжат енгізді. Онда сенатқа өткен жылдың маусым айында пайда болған депутаттық нұсқа кетті деп анық жазылған. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты былай деп хабарланады»:

«Заң жобасының бастамашылары: Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Г. И. Исимбаева, Е. У. Бектұрғанов, Н. М. Әбдіров, И. П. Аронова, С. Ф. Бычкова, Ж. А. Жарасов, С. Н. Громов, А. Бейсенбаев, Г. В. Ким жұмыс тобының жетекшісі: М. В. Чирков жұмыс тобының мүшелері: Б. Жылқышиев, Н. В. Жұмаділдаева, С. Ф. Бычкова, О. Н. Өксікбаев, Д. К. Мыңбай, Ш. У. Нурумов. Жұмыс тобының 10 отырысы өткізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңды іске асыру жөніндегі «дөңгелек үстел» барысында анықталған проблемалық мәселелерді, коллизияларды және осы заң бойынша партиялық тыңдауларды шешу, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының Мемлекеттік қызметшілерді өңіраралық ротациялауды енгізу және ротациялауға жататын лауазымдар тізбесін кеңейту жөніндегі ұсыныстарын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы аясында конкурстық рәсімдер оңтайландырылады, мемлекеттік қызметшілердің сынақ мерзімінен өту тәртібі жеңілдетіледі, «Мемлекеттік қызметке жаңадан түскен» ұғымы нақтыланады, «А» және «Б» корпустары лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау кезінде талаптар күшейтіледі.2019 жылы 19 маусымда заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды және Парламент Сенатына жіберілді».

Шамасы, депутаттар өздерінің табиғи қарапайымдылықтарынан осы заң жобасын қабылдауға мүмкіндік беретін барлық оң өзгерістерді сүреттеп отырып, олардың  күш-жігерінің арқасында министрлер мен әкімдер келешекте өздерінің қол астындағылардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жауапты болатыны жөнінде үн қатпаған. Алайда, бұл екінші дәрежелі іс болса да, ең бастысы – неліктен тіпті мәжілістің сайтында бізді қызықтыратын түзетулермен танысуға болмайтындығы туралы түсініктеме берілді.

Бірақ, сұрақ соңына дейін анықталды деп есептеуге болады ма? Қанша дегенмен, көрініс алған сценарийде көп нәрсе, атап айтқанда, Алик Шпекбаевтың (сол кезде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы) орынбасарлары атқарған рөлдері мен айтқан мәтіндері әлі де үйлеспейді.

Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеген болатын: «Қол астындағылары сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылған жағдайда, басшыларына дербес жауапкершілікті белгілеу туралы түзетулерімен біз парламентке кірдік. Егер бұл саяси мемлекеттік қызметшілерге қатысты болса, әңгіме саяси жауапкершілік – отставкаға беру міндеті туралы болып отыр. Ал егер әкімшілік қызметшілер туралы сөз болса, сыбайлас жемқорлық жасаған қызметкер тікелей қарамағында болса, бұл басшы атқаратын қызметінен босатылады. Менің ойымша, біз депутаттық корпустың қолдауын табамыз. Жақын арада мұндай нормалар қабылданатын болады».

Бұл әңгіме не туралы болып отыр? Агенттік өздерінің депутаттық заң жобасына енгізілген түзетулерімен «кіргені» жөнінде ме? Алайда, егер екі көзден осындай жауапкершілікті бекіту әрекеті – агенттік қызметкерлерінің емес, ол тек депутаттық бастама екені белгілі болса, мұндай жағдай қалай болуы мүмкін? Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзінің заң жобасын осы жылдың басында ғана таныстырғанын да есептен шығарып тастауға болмайды. Біз білмейтін тағы бір заң жобасы бар болып шықты ма? Әлде агенттік қызметкерлері өз бастамасымен басқа бір елдің парламентіне шықты ма? Шынымды айтсам, біз енді ешнәрсеге таң қалмаймыз.

Ал егер шындап айтсақ, әзірге мынадай сезім қадыптасады: немесе депутаттар шенеуніктер үшін министрлер мен әкімдерді жазалау идеясын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен ұрлап алды, немесе Агенттіктің қызметкерлері мәжілістегі депутаттық заң жобасын талқылауды пайдалана отырып, өздеріне өте тамаша пиар-кампанияны ұйымдастырды. Алайда, бұл жағдайды Алик Шпекбаевсыз түсіну мүмкін емес. Ол ақыр соңында көлеңкеден шығып, барлығын анықтап береді деп сенгіміз келеді. 

 

Суреттер: cluber.com.ua

 

Комментарии