Медиация сот талқылауларына балама ретінде елде кеңінен танымал болып бара жатыр. Әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) этносаралық жанжалдарды жұмсақ түрде реттеу қажеттілігі туралы сөз болғанда, ол оны өз қызметінде белсенді қолданады. Біз ҚР КФҚ жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіповаға жүгініп, неліктен бұл әдіс басқалардан әлдеқайда тиімді екендігі жөнінде айтып беруін өтіндік.
- Өткен президенттік сайлау Қазақстанның дамудың жаңа сатысына өткенін білдіреді. Сарапшылар бұл кезеңде объективті сипаттағы ішкі факторларға, сондай-ақ сыртқы әсерлерге байланысты ішкі саяси ахуалдың тұрақсыздану тәуекелдерінің өсуін жоққа шығармайды. Мысалы, экономикадағы ішкі проблемаларды онша тиімді емес басқару бағалардың өсуіне, нақты табыстарға, Қазақстан азаматтарының әлеуметтік сезінуіне теріс әсерін тигізуі мүмкін. Бұл жағдайда этносаралық қақтығыстарға ұласатын этносаралық қайшылықтар болуы мүмкін. Бұл объективті нәрсе – мұндай қайшылықтар барлық көпэтносты мемлекеттерде, әсіресе өтпелі немесе дағдарыстық жағдайларда, орын алады.
Қазақстанға келетін болсақ, ол үшін этносаралық бейбітшілікті сақтау – әлеуметтік, экономикалық, саяси даму туралы айтпағанда, қарапайым азаматтардың қалыпты өзара іс-қимылының басымдығы, базалық негізі. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі өзекті болып отыр, оның басты бағыттарының бірі (орталықта да, жергілікті жерлерде де) медиация болып табылады...
- Ол іс жүзінде қалай жүзеге асырылады?
- Қазақстанда 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңда осы ұғымның мынадай мазмұны бекітілген: «бұл тараптардың ерікті келісімі бойынша іске асырылатын өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (жанжалды) реттеу рәсімі». Басқаша айтқанда, бұл делдалдардың қатысуымен дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу тәсілі. Белгілі болғандай, ҚХА аясында медиаторлар ретінде облыстарда, өңірлерде түрлі этно-мәдени орталықтардың қызметкерлері жиі қатысады, ал бұл, әдетте, этносаралық қайшылықтарды шешу кезінде маңызды мәнге ие жағдайды жақсы білетін (сонымен қатар өз қоғамдастықтарының ішінде) беделді адамдар.
- Неліктен этносаралық шиеленіс жағдайларын сотқа дейінгі тәртіпте, делдалдық жағдайда шешкен дұрыс?
- Этносаралық қайшылықтар мен шиеленіскен жағдайлар – нәзік материя, көбінесе олар жұртшылық тарапынан өте эмоционалды түрде қабылданады. Егер оларды жария талқылауға шығаратын болса, олар кең резонанс тұдыруы мүмкін және бір мәнді емес бағалануы ықтимал.
Соттан тыс реттеудің прагматикалық жағы – жанжалға қатысушылар тараптарының моральдық, материалдық, сондай-ақ уақыт шығындарын барынша азайтатын, көптеген бюрократиялық артықшылықтар қысқартылатын, процестің өзіне және оның қатысушыларына барынша құпиялылыққа қол жеткізілетінінде, өйткені дау жариялы емес түрде қаралады.
Тағы бір маңызды нәрсе – медиация рәсімі жанжалды достастырып реттеуге, оның барлық тараптарының шешім қабылдауға тартылуына бағытталған, ал сотта ол тараптардың бірін қанағаттандырмауы мүмкін. Яғни, мұнда жеңілгендер мен жеңімпаздар жоқ, өйткені жағдайдың шешілуі өзара тиімді болып табылады.
Медиация практикасы – қоғамның кемелдену белгісі, азаматтық сана-сезімнің белгілі бір деңгейі. Осылайша, Еуроодақ елдерінде қақтығыстарды сотқа дейін реттеу үлесі 70 проценттен асады. АҚШ-та медиация әдістерін әзірлейтін пікірталастарды шешудің ұлттық институты құрылды, сондай-ақ жеке және мемлекеттік медиация қызметтері кеңінен таралған. Бейтарап делдалдың қатысуымен татуласу рәсімі Ұлыбританияда өте кең тараған, онда арнайы қызмет – шұғыл желі бар, яғни азаматтар елдің кез келген шетінен қоңырау шалып, қақтығысты сипаттай алады, медиаторға қатысты өз таңдауларын белгілейді, оған талаптарға сай келетін мамандардың толық тізімі ұсынылады.
- Қазақстанда қақтығыстарды шешудің медиативтік тәсілдерін ресми түрде қашан пайдалана бастады?
- Жалпы алғанда, медиация институтының өте ұзақ тарихы бар. Кейбір зерттеушілер тіпті ол қақтығыстар пайда болғаннан бастап бар деп айтады. Мәселен, ежелгі Қытай мен Жапонияда медиация дауларды үйлестірудің басты құралы болды. Қазір заманауи ҚХР-да арнайы медиативтік органдар – татуласу жөніндегі Халық комитеттері бар. Делдалдық тәжірибесі Ежелгі Грецияда болды, оны Юстиниан кодексінен (530-533 б.з.) бастап Рим құқығы да мойындаған. Отандық зерттеушілер атап өткендей, қазақтар да «жілік устату» деп аталатын екі жақты бейбіт татуласу рәсімін қолданған, оның мәні бұрынғы өшпенділікті жойып, тараптар жақын туыстар мәртебесінде қарым-қатынас жасау болып табылады.
Медиацияның қазіргі кезде қолданылатын түрі 1960 жылдан бастап АҚШ-та әзірленген болатын. Бұл ретте 1964 жылы құрылған американдық Әділет министрлігінің «Community Relation «Service» ерекше рөл атқарды. Бұл мекемелер келіссөздер арқылы нәсілшіл, этникалық және ұлттық сипаттағы қақтығыстарды шешуге көмектесті, сол жылдардың көптеген ірі қақтығыстарын жеңілдетуге үлес қосты.
Медиацияны халықаралық (ресми) тану кезі деп 1999 жылдың соңы саналады, ол кезде Венада медиация жөніндегі халықаралық конференция өткен болатын. Ал 2000 жылдан бастап ол халықаралық құқық пен халықаралық қатынастар фактісіне айналды және мәдениетаралық, ұлтаралық, этникалық, экономикалық және басқа да жанжалдарды реттеу үшін белсенді қолданылады.
- ҚХА медиация арқылы қанша дауларды шешуге қол жеткізгені жөнінде мәліметтер бар ма?
- Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысында медиацияның басым бағыты бар, өйткені этносаралық келісімді қамтамасыз ету ұйым қызметінің негізінде жатыр және медиативтік міндеттермен тікелей байланысты.
Бүгінде ҚХА-ның жалпы республикалық медиация желісін 13 медиация кеңесі және облыстардағы достық үйлері жанындағы 829 медиация кабинеті құрайды. Олардың барлығы тиісті техникалық құралдармен жабдықталған. Бұл ретте Ассамблеяның медиация кеңестері өңірлерде медиация стратегиясын үйлестіріп, әзірлейді және әлеуетті медиаторлардың базасын үнемі кеңейтеді. ҚХА қызметкерлерінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда жергілікті жерлерде этносаралық қақтығыстарды реттеп, үйлестіру үшін медиация институттарын пайдаланудың бірқатар табысты мысалдары бар.
Әрине, этносаралық қайшылықтарды, жанжалдарды реттеу тұрғысынан медиацияның үлкен болашағы бар. Өзінің табиғаты бойынша ол жария емес, көзге түсе бермейді, көбінесе құпия сипатқа ие, сондықтан кең жұртшылыққа беймәлім. Бірақ оның рөлі өте маңызды және уақыт өте келе үнемі өсетін болады.