Сейсенбі, 27 қазан 2020 ЖЫЛЫ
1408 12-06-2019, 11:39

Сайлаудан кейінгі Қазақстан: жаңа президент неден бастау керек?

Сонымен, сайлау жарысы артта қалды. Ол бәрі болжағандай болып аяқталды, яғни үлкен артықшылықпен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді. Дегенмен, соңғы үш ай бойы қазақстандықтарды сайлау нәтижелерінен гөрі, сайлаудан кейін не болатыны көбірек алаңдатқан болатын. Бізге бүгін қонаққа келген саясаттанушы Данияр Әшімбаевты Қазақстандағы саяси жағдайды дамытудың ықтимал сценарийлерін ашуды өтіндік.

- Данияр Рахманұлы, сіз елдегі жағдайды жалпы алғанда қалай бағалайсыз?

- Өткен сайлау екі мақсатты көздеген болатын. Біріншіден, жаңа мемлекет басшысының саяси легитимділігін мүмкіндігінше тезірек қамтамасыз ету қажет болды, өйткені бүкілхалықтық сайланған президент өзіне өкілеттікті қабылдаған президентке қарағанда анағұрлым тұрақты конструкция болып табылады. Екіншіден, биліктің Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілуін аяғына дейін жеткізу керек болатын, өйткені соңғы уақыт аралығында ол тек уақытша президент, бір-екі айдан соң жаңа, үшінші президент пайда болады деген әңгіме жалғаса берген. Дегенмен, кейбір құқықтық және саяси нюанстарға билік ауысуын жүзеге асыру кезінде көзқарастар ақырына дейін ойластырылмағандығын атап кету қажет. Қалай да болмаса, билікті берудің бірінші кезеңі ресми түрде электоралды циклмен аяқталды.

Жағдайдың өзі де бірегей болып қалыптасты. Шын мәнінде, енді бізде екі президент бар. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «бірінші» деген мәртебесін үнемі көрсетіп отырғандығы әбден түсінікті, өйткені  ол үшін оның Қауіпсіздік кеңесі бойынша да, Қазақстан халқы Ассамблеясы бойынша да, «Нұр Отан» партиясы бойынша да, «Самұрық-Қазына» қоры бойынша да белгілі бір өкілеттіктері бар. Ол жақында өзі де отставкаға дейінгімен салыстырғанда неғұрлым медиалық фигура болғаны жөнінде қалжыңдаған болатын... Басқа мәселе бұл өкілеттіктердің онша есепке берілмейтіндігінде. Мысалы, Қауіпсіздік кеңесі бойынша тарихи тұрғыда салмақ тұрақты мәртебемен емес, оның хатшысының тұлғасымен анықталатын. Бұл тұрақты және ықпалды институт деп айту қиын.

Мәселе мынада: Назарбаев мемлекетті басқаруға одан әрі белсенді қатысқысы келе ме? Теориялық тұрғыдан оның мұндай мүмкіндіктері бар, бірақ практикалық құрамдас бөлігі пысықталмаған. Ол отставкаға дейін және отставкадан кейін бірден мұндай саяси белсенділік танытады деп ойлаған адамдар аз. Процесс ерекшелігімен таныс емес адамдар әлі күнге дейін транзиттің мәні неде екенін түсінбей отыр.

Екінші жағынан, назарды өзіне қарай аудару тактикасы, Назарбаев мұны саналы түрде жасайды ма әлде жоқ па, Тоқаевқа оның электоралды позициясына зиян келтірсе де, бірақ лауазымға барынша орнығып кіріп алуға мүмкіндік береді. Оның (шын мәнінде, біздің барлығымыда сияқты) елді басқару тәжірибесі жоқ болғандықтан, ол тек алғашқы қадамдарын жасап отыр, президенттің жаңа үлгісі қандай болатыны ешкімге белгісіз. Дегенмен, кадр мәселесі бойынша Тоқаевта нақты ұсыныстар бар деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде жұмыс істеу тұрғыдан оның ынтасын тудырмайтын адамдардың толық тізімі қалыптасқан болар...

Сонымен қатар, тұңғыш президент факторы кейбір тұрақтылыққа кепілдік берсе де, бірақ ол бір мезгілде екінші президент тездетуді қалайтын мәселелердің шешілімін тежейді. Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы реформаларға нақты белгілі көзқарастары бар, бірақ барлық іс-қимылдар жөнінде бірінші президентпен (оның мәртебесіне байланысты) келісу қажеттігі елдегі жағдайды дамытудың ымыралы сипатын айқындайтын болады.

Мысалы, оның сайлауалды тұғырнамасының үш принципін алайық – сабақтастық, әділдік және прогресс. Сабақтастықпен барлығы түсінікті, ал басқа екі бағытқа келетін болсақ, онда өте маңызды проблемалар бар. Әрине, олар Тоқаевке белгілі (олар үкіметтегі, сенаттағы жұмыс тәжірибесі бойынша, бірнеше рет талқыланған), және ол осы салаларда тәртіп орнатқысы келер еді, бірақ оны іске асыру үшін оған, бірінші кезекте, жаңа билік тігін құру керек...

- Иә, кез келген жаңа президент бірінші кезекте кадрлық тазалау жүргізеді. Бұл біздің жағдайда қандай көрініс алатын болады?

- Бүгінгі таңда министрлердің, әкімдердің, күш құрылымдары мен т.б. басшыларының көпшілігі өз қызметтерін Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлықтары мен өкімдеріне сәйкес атқарады, тиісінше тікелей оған бағынады. Президент әкімшілігінің (ПӘ) ішінде, президент істерінің басқармасында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде(ҰҚК), қаржы полициясы ішінде Тоқаев әзірше тек бірнеше адамды ғана ауыстырды, сондай-ақ орынбасарлары мен жауапты хатшылар арасында ротация жүргізді. Алайда сайлаудан кейін маңызды тағайындаулар басталады. Ірі фигуралардың көпшілігі отставкаға шығып қалуы мүмкін, олардың ішінде Кәрім Мәсімов (ҰҚК басшысы), Алик Шпекбаев (сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның төрағасы), Бақытжан Сағынтаев (ПӘ басшысы) және барлық он жеті әкім.

- Тіпті отставкаға кетеді ме?

- Олар жаңадан сайланған президент алдында өз өкілеттігін доғарады. Тиісті заңға сәйкес кандидатуралар Қауіпсіздік кеңесінде талқылануы тиіс. Бірақ бір маңызды заңдылық нюанс бар: талқылау – келісу деген сөзді білдірмейді. Яғни, Тоқаев теориялық тұрғыда оларды алмастыра алады... Мысалы, Назарбаев 1989 жылы билікке келген кезде, ол аппаратты өзіне ауыстыру үшін алғашқы айларда көп адамдарды ауыстыруға тырысты (біреулер Колбин кезінде тағайындалған, біреулер Қонаев кезінде тағайындалған). Осындай көпшілік тағайындаулар енді барлық шешімдерді ол қабылдайды дегенді білдірген болатын. Тоқаевқа да осылай жасау қажет – басқаша айтқанда, оған «аумақты белгілеу» маңызды. Бірақ оның жағдайында әңгіме қайта тағайындау туралы болады. Яғни, сол бұрынғы, бірақ ол өзі тағайындаған тұлғалар қалады және оның өзіне бағынышта болады.

Сонымен қатар, Тоқаев өз командасын құруы керек болады. Бір қиындығы, оның жақын ортасындағы барлық адамдар сыртқы саяси профильге ие болғандығында. Тіпті президент кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов та осы лауазымға тағайындалғанға дейін Сыртқы істер министрлігінде (СІМ) жұмыс істеген, онда ол мемлекет басшысының сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі болған. Жаңа президенттің дайын премьеры, министрлері, әкімдері және т.б. жоқ. Өз командасын шын мәнінде оған жаңадан құруға тура келеді. Бұл дегеніміз, қазір ол аппаратта өзі кеңестесе алатын және негізгі мәселелердің шешілуін тапсыра алатын адамдарды белсенді түрде іздейтін болады. Және бұл өте табиғи нәрсе. Естеріңізге түсіріңіздерші: Назарбаевтың да ең басында өз адамдары онша көп емес болатын, ал кейіннен оның барлық көмекшілері толыққанды саяси фигуралар болып өсті.

Жалпы, кадр саясаты – айтарлықтай өткір және жауапты тақырып. Сондықтан жаппай ротация болуы, кем дегенде жақын айларда, екіталай. Бұл ПӘ басшысы лауазымына Тоқаев бұрынғы премьер-министр Сағынтаевты, яғни бұрынғы президенттің айналасындағы фигураны (бізде басқа еш жерде аса көп тәжірибелілер жоқ) таңдағанынан да көрініп тұр. Яғни, бірінші кезеңде ол Назарбаевтың кадрларын қайта тағайындайды және олардың ішінен өз командасын қалыптастырады. Ал жеке құрамына, рөлдерді бөлу мен сенім деңгейіне барлық басқа нәрселер байланысты болады.

- Сайлаудан кейін үкімет қалай өзгеруі мүмкін? Қандай да бір құрылымдық реформа болуы мүмкін бе?

- Жаппай ротациялар қазір Тоқаевтың өзіне де керек емес. Адамдармен бірлесіп жұмыс істеу бір нәрсе, ал оларды басқару, экономиканың, әскери, сыртқы, ішкі саясаттың негізгі мәселелерін сеніп тапсыру дегеніміз – мүлдем өзгеше. Сондықтан бірқатар фигуралар бойынша оған статус-кво сақтау оңайырақ болады, бұл әсіресе үкіметке қатысты. Оның үстіне, Асқар Маминнің кабинеті жақында ғана құрылып, жұмысқа айтарлықтай белсенді кіріскенін атап өткім келеді. Осы жағынан алсақ қазіргі үкімет басшысы Тоқаевтың тыл мәселелерін толығымен шешіп отыр деп айтуға болады.

Экономика мен әлеуметтік салада жедел шешуді талап ететін көптеген проблемалар болғандықтан, күрделі жағдай қалыптасқаны жөнінде өздеріңіз білесіздер. Ал қазір үкіметті өзгерту дегенміз оның жұмысын кем дегенде бірнеше айға қозғалусыз қалдыруды білдіреді. Сондықтан министрлер кабинетінің қазіргі құрамын барынша сақтап қалу жаңа президенттің мүддесі үшін қажет. Сонымен қатар, үкімет отставкаға кетуге міндетті емес, өйткені жақында Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ол өз өкілеттілігін тек мәжіліс алдында ғана доғара алады.

- Идеологиялық салада қандай да бір өзгерістер белгіленуде ме?

- Жақын арада мен оларды ерекше күтпес едім. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша Тоқаевтың өзі де әлі ойланбаған болар, сондықтан да дайын алгоритмдер жоқ. Қазір одан да маңызды міндет тұр – мен айтқандай, билік орталықтарын қалыптастыру және өзінің президенттік кезінде олар қалай жұмыс атқаратынын анықтау. Мұның барлығы, әрине, фанатизмсіз және тек объективті қажеттілік негізінде жасалатын болады.

- Сарапшылар мерзімінен бұрын парламенттік сайлау туралы айтып жүр. Оның ықтималдығы қандай?

- Мерзімінен бұрын сайлау туралы мәселе талқыланғандай болғанмен, бірақ ол әлі де өзекті болып тұрған жоқ. Президент сайлауы енді ғана аяқталды, саяси алаңда фигуралар әлі орналастырылған жоқ. Ал тұлғаларсыз болмайды, өйткені жаңа президент жанынан сайланған парламент дәл сол саяси алаңға бағытталатын болады. Яғни, әңгіме тағы да «аумақты белгілеу» туралы болып отыр. Жалпы президенттік науқан барысында анықталған «ашуды» шығару үшін мәжілісті «жаңарту» артық болмайды.

- Сол уақытқа дейін елде жаңа саяси күштер пайда бола ала ма? Мысалы, ұлттық-патриоттық қозғалыстың заңдастырылуы ықтимал деген қауесет бар. Бұл қаншалықты мүмін?

- Ұлтшыл-патриоттық қозғалыс елде бұрыннан бар. Тіпті 1980-ші жылдардың соңында ұлтшыл-демократтар сияқты ұғым болды – «Азат» қозғалысын, «Алаш» партиясын және т.б. еске алыңызшы... Расын айтқанда, осы ұйымдардың ешқайысы өңірлік филиалдарымен және бір немесе бірнеше көшбасшыларды таңдау арқылы рөлдерді нақты бөле отырып, толыққанды құрылым бола алмады. Ішкі қарама-қайшылықтар бастала салысымен, барлық жүйе бұзылатын, өйткені барлығы «басты патриоттар» болғысы келіп, басқа ешнәрсеге келіспейтін. Тек қана амбициялар.

Ұлтшыл-патриоттардан қатысқан Әміржан Қосановты алсақ та болады. Бір жыл бұрын өзі туралы мәлімдеген «Жаңа Қазақстан» қозғалысы оның жалған баламасыз кандидат ретінде ұсынылуын рәсімдеу ғана болды. Бірақ бір қызығы сайлау алдындағы науқан барысында дәл сол «серіктестері» оны барлық күшпен батыруға тырысқан. Тіпті Косанов сияқты келісімге дайын фигура да көптеген әріптестерінде қатты аллергия тудыратын болып шықты.

Сондықтан ұлтшыл-патриоттық қозғалыс жүйелендіріліп, толыққанды партияға дейін өсіп-жетіледі деп күтуге болмайды. Мұндай жоба үшін елде дербес әлеует жоқ, ал кім де кім әкімшілік ресурстарсыз жаңа құрылым құруға тәуекел етуі екіталай. Әрине, әрекеттер болады, бірақ ең жақсы жағдайда олар жасанды конструкцияға айналады. Қысқаша айтқанда, ұлтшыл-патриоттық қозғалыстың саяси күш ретінде легитимизациясына дейін әлі де алыс.

- Демек, бәрі бұрыңғыдай болып қалады ма?

- Қазіргі серіктестері-сателлиттер ретінде солжақты және оңжақты партиялармен пропрезиденттік орталығы бар үш партиялы жүйе орнықтылықты көрсетеді және ешкімді – оңжақтыларды да, солжақтыларды да – ерекше қысымға алмайды. Сондықтан елімізде қандай да бір маңызды партиялық жобалар күтілмейді. Осылай аталатын Қосановтың «электораты» көбінесе белгілі бір жағдайда қалыптасқан көрініс, ал сайлау жарысының күміс жүлдегерінің оған ерекше қатысы жоқ.

- Әңгімемізді қысқаша қорытындылайық. Дегенмен, жаңа билік құрылымы қандай болады? Және жаңа президентке бірінші кезекте қандай мәселерді шешуге кеңес берер едіңіз?

- Билік конфигурациясын бірден өзгерту онша ыңғайлы емес. Мен айтқандай, кадр құрамындағы белгілі бір ротацияны және өкілеттікті қайта бөлісуді ғана, бірақ күрт қозғалыссыз, күтуге болады. Қандай да бір түбегейлі өзгерістер үшін уақыт пен мұқият есептеу қажет. Оның үстіне Қауіпсіздік кеңесі мен Президент әкімшілігі арасында рөлдерді бөлу сияқты «құбылмалы» мәселе бар. Негізінде, ол бойынша шешім болжамды, бірақ қандай да бір бірыңғай тұжырымдама әзірше әзірленбеген. Тоқаев көп жылдар бойы бір президенттік жолдаудан келесісіне көшіп жүрген мәселелердің барлығын, яғни өз шешімін таппаған немесе қалағандай шешілмеген сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік сатып алу мәселелерін, экономикалық мәселелерді көтеруді жалғастыруда.

Елімізде ақша, ми, әлеует, көптеген мәселелер мен лайықты мемлекеттік бағдарламаларды түсіну бар, бірақ мұның бәрі жүйе ретінде жұмыс істемейді. Неліктен? Өйткені, мемлекеттік аппараттың жалпы инерциясынан басқа қолдарында қаржы ағындары да, әкімшілік тетіктер де шоғырланған ерекше асыл адамдар қабаты бар. Бұл қабат жылдар бойы елдің дамуын тежей бастаған мөлшерге дейін өсіп кетті. Тежегішті алып тастау үшін осы қабаттың өкілеттілігінің шетінен аздап болса да «жұлып алуды» бастап, оларды бәсекелестік ортаға аудару керек немесе элита ішіндегі өкілеттілікті елеулі түрде қайта бөлісу керек. Бұл міндетті түрде мемлекеттік басқару жүйесіне, министрліктердің құрылымына, квазисектордың құрамына қатысты емес – әңгіме рөлдерді бөліс у жөнінде, яғни тағы да кадрлық мәселе туралы болып отыр.

Егер қарапайым тілмен айтсақ, біреуге қосымша мүмкіндіктер беру үшін (мысалы, қазір дамуы туралы көп айтылатын шағын және орта бизнеске) бұл мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланбағандардан немесе қате қолданғандардан тартып алу керек. Ал бұл билікті қайта бөлісіп алуға ұқсайды. Яғни, іс жүзінде мәселе ресурстарды бақылайтын ерекше асыл адамдардың кастасын қысқарту туралы болып отыр.

Міне, осы принціпті мәселені қазір жаңа президент шешу керек. Бірақ ол мұндай қадамдарға баруға дайын ба? Бұл күрделі сұрақ. Менің ойымша, оның өзінде және оның серіктестерінде бұл бағытта қозғалыс қажеттілігін түсіну бар, тіпті оны іске асыру тілегі бар. Алайда, осындай науқанды бастау оңай болғанмен, бірақ онда жеңу, әсіресе оны сәтті аяқтау қиын екенін олардың барлығы жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен осы жобаның табыстылығына немесе сәтсіздігіне қатысты бірмағыналы болжамдар жасамас едім. Әзірше жұмыстардың белгілі бір фронты ғана бар және оларды орындау процесінде барлығы болдырмауды қалайтын даулы және өте ауыр сәттерге тап болуға тұра келеді.

 

Комментарии