Жаңа президенттік сайлау өткізілетіні туралы белгілі бола салысымен, мен олар қалай ұйымдастырылуы тиіс деген бірнеше ойларымды білдірген едім. Басқа да ұсынытарыммен қатар елдегі жоғары лауазымға кандидаттар арасында көпшілік пікірталастар өткізілуі қажет екендігін айтқанмын.
Осы мәселе бойынша кең көлемді дәйексөз келтірейін: «...барлық кандидаттардың арасында көпшіліктің алдында пікірталастар өткізілу керек. Бұдан қорықпаудың себебі қарапайым: ел де, қоғам да қазіргі кезде жиналып қалған проблемалар туралы адал және ашық сөйлесуді қажет етеді. Ешкімді айыптамай, ешкімге наразылық көрсетпей, жақын болашақта қайда және қалай қозғалатынымызды нақты етіп айту қажет. Мұндай әңгіме өткізілетін болмаса, қалған нәрселердің барлығы мән-мағынасын жоғалтады, ал билік ниетінің адалдығы тағы да күмән тудыратын болады.
Тағы да қайталайын: бұдан қорқудың қажеті жоқ. Азаматтар бәрін де дұрыс түсінеді, және дәл осындай тәсіл соңғы уақытта анық көрініс алған барлық ішкі шиеленісті айтарлықтай дәрежеде жоюға мүмкіндік береді. Бұл жәйт оңайлықпен түсіндіріледі: ел халқының басым бөлігін алаңдататын нақты проблемалармен айқын диссонанста болып отырған біздің жалған табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы аса шаттылықпен айтылатын сөздерден адамдар әбден шаршады.
Ашық әңгіме, келісімді етіп таңдалған интонациялар, дұрыс қойылған екпін – мінеки дәл осылар сайлаушылардың жүрегінің кілті бола алады. Сондай-ақ бұл тек қатардағы азаматтар үшін ғана емес, биліктің өзі үшін де маңызды. Өйткені соңғы жылдары, шындығын айтсақ, қойылған мәселелер аясында оған деген сенімділік те іс жүзінде таусылған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев, қоғамдағы көңіл-күйді түсінетін нағыз саяси гроссмейстер ретінде, 19 наурыздағы өзінің мәлімдемесімен барлығымызға Қазақстан тарихы мен дамуындағы түбегейлі жаңа кезең басталады деген нақты месседж жіберді.
Нақтылап айтамын: дебаттар тек өздігінен ғана маңызды емес, олар ұлтқа бағытталған тікелей емес үндеу ретінде маңызды. Бір ғана адамның монологы емес, атап айтқанда мемлекеттегі жоғары саяси қызметке үміткер болып отырған отандық истеблишмент өкілдерінің қатысуымен өткізілген пікірталас қажет. Бұл алдағы сайлауға өркениетті формат береді, өйткені саясаткерлердің жария пікірталастары демократиялық қоғамдардың өмір сүруінің міндетті элементі, нормасы болды. Сонымен қатар, бұл қоғамдық пікірді оятады (жақсы мағынада) және азаматтардың бүкіл сайлау науқанына деген қызығушылығын арттыратын болады».
Әрине, мен дебаттарды өзімінің месседжіммен байланыстыру ойынан аулақпын, бірақ, қалай болғанда да, ашық пікірталастар өтті. Ал енді «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған трансляция барысында көріп-естігеніміз жөнінде өзімнің ойыммен бөліскім келеді.
Бірден маған мүлдем ұнамағаны туралы айтамын. Біріншіден, сайлау алдындағы жарыс фавориты – Қасым-Жомарт Тоқаевтың ол жерде болмауы. Бұл туралы түсініктеме берілген болатын, бірақ сонда да теріс әсер қалды. Әлбетте, жағдайды біршама реттеу үшін болар, дебатқа қатыспаған екі үміткердің атынан олардың сенім білдірген адамдары сөз сөйледі. Олардың бірі – менің көзқарасым бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі Қазақстан саясаткерлерінің медиалық тұрғыда ең харизматикалық саясаткер Азат Перуашев болды. Қанша дегенмен, ол өзі кандидат ретінде әлдеқайда қисынды көрінетін еді. Ал сенімді тұлға ретінде ол біраз оғаштау болып көрінді (мен тіпті біртүрлі логикаға сәйкес емес дер едім). Дегенмен, егер Азат Тұрлыбекұлы «Алаш» қайраткерлерінің дәйексөздерін аса көп қолданғанына назар аудармайтын болсақ (арасында бұл мемлекет басшысы лауазымына үміткерлер арасындағы ашық пікірталас емес, өзі басқаратын партияның ішкі іс-шарасы сияқты болып көрінді), онда ол өзін-өзі әбден лайықты ұстады.
Ал Еспаева ханымның өзі жөнінде (Перуашевке ол үшін жауап беруге тура келді) айтатын болсақ, Дания Мәдиевнаның дебаттарға қатыспауы оның жалғыз әйел-кандидат ретінде артықшылығын іс жүзінде жоққа шығарды. Өйткені, қанша дегенмен, бұл бізге әлі күнге дейін ғажайып нәрсе болып табылады, сондықтан тек осы жағдайға ғана байланысты ол өзіне қосымша ұпай жинай алатын еді. Өкінішке орай, кейбір бізге түсініксіз ойлар (консервативті түрдегі болар) жеңгендіктен, біз Еспаеваны экранда көрмедік. Бір жағынан, осы пікір-сайыстарға қатысып, «Ақ жол» көшбасшысы келесі электоралды кезеңге, нақты айтқанда – айқын белгіленген парламенттік сайлауға бағытталғанын болжауға болады. Бұл да әбден түсінікті және қисынды.
Назар аудармауға болмайтын тағы бір жағдай – бұл пікірталасқа қатысушылар уақыттың көп бөлігін қазақ тілінде сөйлегені. Өте ерекше құбылыс. Сонымен қатар ол бүгінгі таңда Қазақстан халқының этникалық құрамын көрсетеді. Яғни, біздің еліміздегі саяси фон бұрынғыдан да көбірек қазақшаланып барады. Бұл объективті және сөзсіз орын алатын процесс. Басқа мәселе – мұны орыс тілді электорат қалай қабылдағанында.
Әлеуметтік желілердегі алғашқы пікірлерге қарағанда, көпшілігінің көріп, естігендеріне көңілдері толмай қалды. Оларға: «Қызбаланудың қажеті жоқ» – деп айтқымыз келеді. Ең бастысы – дебаттар өтті. Ал соңғы рет билік пен оппозициядан үміткерлер арасында осындай көпшілік пікірталас болғанын бүгін еске түсіретіндер аз. Ол 2007 жылдың тамыз айында өтіп, «Қазақстан» телеарнасының астаналық студиясында жазба жасалынған, ал кейіннен «31-ші арнада» көрсетілген. Сол дебаттар мәжіліс депутаттарын сайлау науқаны аясында өткен болатын, оған оппозициядан – Болат Әбілов пен Ораз Жандосов, билік партиясынан – Ермұхамет Ертісбаев пен Қайрат Келімбетов қатысқан.
«Хабар» студиясында болғанмен салыстырғанда, олардың арасындағы полемика әлдеқайда қызықты болды. Бірақ сол кезде жағдай да біршама басқаша болған. Ал сол уақыттан бері 12 жыл өткен, оның үстіне біздің жылдам ағатын уақытымыздың жағдайында – бұл тіпті бір дәуір деуге де болады. Кейбіреулері енді жоқ, ал басқалары алыста дегендей…
Иә, қазіргі пікірталасқа кейде динамизм жетіспеді, оның қатысушылары біртүрлі ынғайсызданған сияқты болып көрінді. Тіпті вербалды эквилибристиканың шебері деген атағы бар Әміржан Қосанов та өзі-өзіне сенімді емес болып көрінді. Алайда, Мәулен Әшімбаев туралы да солай айтуға болады. Дегенмен, саяси қызметтерде мол жұмыс тәжірибесі бар және кез келген жағдайда оны өкілдікке жіберген кандидат президенттік жарыстың фавориті болып табылатындығын түсінетін адам ретінде, аса қатты әрекеттенбеуге шешім қабылдаған болар.
Ашық пікір-сайыс – өркениетті қоғамдардың саяси өмірінің міндетті атрибуты. Бірақ, тіпті оларда да дебаттар өткізу кезінде қатысушылар көпшілік алдында қарсыластарына шабуыл жасай отырып, шеңберден шығып кеткен эксцесстер орын алады. Бұл ұтымды тәсіл. Ал біздегі дебатқа қатысушалыр іс жүзінде мұны қолданбады. Алайда Қосанов бір сәтте «халық коммунистеріне» шабуыл жасауға талпынған еді, бірақ олардың кандидаты Ахметбеков оппонентке оның әйгілі комсомолдық өткенін еске түсіріп, жедел түрде жауап қайтарды. Мүмкін, бұл дебаттардың аса көңілсіз атмосферасын жандандыратын бірден-бір эмоциялық серпіліс болды.
Сыртқы келбетінен ең экзотикалық болып көрінген Түгел: оның қолындағы қамшы елдегі сыбайлас жемқорлықты жоюға дайындалып жүргенін бейнеледі. Ал студияда, шамасы, сыбайлас жемқоршылар болмаған көрінеді, сондықтан оның қамшысы мақсаты бойынша пайдаланылмай қалды. Өкінішті-ақ, өйткені көрініс өте тамаша болуы мүмкін еді. Бірақ біз өзіміздің «Жириновскийге» сол қалпы қол жеткізе алмайтын шығармыз…
Тағы не есте қалды? Барлығының әжептәуір тырысулары. Әсіресе, әрбір раундта қатысушылар уақыт лимит шеңберінен бірде-бір рет шықпағаны таң қалдырды. Тек Қосанов пен Перуашевқа ғана бір-екі секунд жетпей қалды.
Қазақстандықтардың өмірін жақсарту бойынша ұсыныстар көп айтылды, бірақ менің жеке өзіме тек біреу ғана ұнады. Бұл Перуашев ҰБТ-дан бас тартуды ұсынғаны. Егер ол өзі жарысқа шыққан болса, барлық педагогикалық ұжым оған дауыс беретініне сенімдімін. Мүмкін болашақ президентке Перуашевті білім министрлеріне тағайындау туралы ұсыныспен шығу керек шығар? Қосанов та отандық мұғалімдер тарапына қарай бірнеше рет реверанс жасағанын ескерсек, таңдау оңай болмайды. Бірақ кез келген жағдайда Сағадиев кезіндегіден нашар болуы мүмкін емес…
Пікірталастар өтті, Қазақстандықтардың пікірлері өте қарама-қайшы болды. Бірақ ең маңыздысы – өркениетті саяси дәстүрді қалыптастыру процесінің іргетасына алғашқы тас қаланды. Қалай болғанда да, оған үміттенгіміз келеді. Ерте ме, кеш пе, Қазақстандағы саяси өмір билік кабинеттерінің жабық есіктерінің артында өтіп жатқан құпия нәрсе болмауы тиіс. Оған біздің қоғамымыздың неғұрлым кең сегменттері қосылуы қажет. Сондай-ақ толыққанды кері байланыс, саяси партиялар мен нақты саясаткерлер нақты әлеуметтік базаға сүйенулері тиіс. Тек осы жағдайда ғана олардың бағдарламалары мен мақсатты қондырғылары нақты толықтыруды алып, қоғам мен азаматтар (сайлаушылар) оны абстрактілі немесе эфемерлік нәрсе ретінде қабылдамайтын болады. Сол кезде саяси жаңғырту деп аталатын нәрсе басталады.
Бірінші қадам жасалды. Ол өте әсерлі болмаса да, әйтеуір жасалды. Осыдан кейін келесі қадамдар бола ма? Оны да көре жатармыз.
Енді азғана уақыт қалды…