Сәрсенбі, 5 тамыз 2020 ЖЫЛЫ
3288 1-04-2020, 12:18

Ой көзімен қараса

Қазақтың жер бетінде ешкімге ұқсамайтын халық екенін әуелі Абай айтып кеткен. Біреуге бекер жамандық ойлай бермейтін игі жаратылысымыз, сонымен қатар салғырттау, бейқам  мінезіміз бар екені рас. Қазіргі жаһандану заманы адамзаттың тағдыры ортақ екенін жиі-жиі сездіріп жатыр. Коронавирус қаупі үйреншікті тіршілікті өзгертіп жіберді. Ел басшылары халыққа үндеу жолдап, үкімет жарты әлемге төніп келген тілсіз қатерден сақтандырудың барша амалын жасап жатыр.

Бұл эпидемиядан қорғанудың жолдары баршасына белгілі, бірақ оның жүзеге асуы асқан тәртіпке негізделетінін ұғар кез жетті. Қазір ел жаппай үйінде отыруға мәжбүр. «Құдай сақтасын!» деп жүре беруге уақыт көнбей тұр. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытуға болмайтын сын кезең туды.

Абайдың «Осы қымыз қазаққа» деп басталатын өлеңінде: «Ой көзімен қарасаң» деген бір жол бар.  Өз үйіне сыймайтын,  жұртпен араласпаса отыра алмайтын көпшіл адамдарға қиын тиеді. Бірақ бір ай тыныш, өзді-өзі өмір сүрудің несі қиын?! Бір жамандықтың бір жақсылығы болары анық. Ой көзімен қарап, терісті оңға айналдырудың бір күшті тәсілі бар. Кітап оқыңыз! Дүниеде классик жазушылар жазған, ғасырлардан ғасырға кете беретін керемет кітаптар бар! Бір ай уақытты сол үшін берілді деп қабылдаңыз. Немерелеріңізге оқып беріңіз, өсер ұрпақты кітапқа баулыңыз. Ақыл-ойдың кеніші кітапта. Кітапты қастер тұтқан мемлекет атаулы озды. Кітаптың құдіреті оның жанға қорек боларында. Рухани мұқтажын дер кезінде алмаған адам Абай айтқан кеселге ұрынбай қалмайды. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды», (4-ші сөз).

 Үйге үйіп-төгіп азық-түлік те алмадық. Бұйырса, бәрі қалпына келеді деп сенемін. Бірақ елдің аузынан үнемі зар шыға берсе, әлеуметтік желілерде қара аспанды құстай төндіре берсе, оның үлкен ауыртпалығы болады.  Ниетті түзеп, қиындыққа тап келген адамдарға жақсылық тілейік. Еліміз аман болсын. Осы тығырықтан рухани тазарып, жүректі ағартып, Аллаға құлшылық жасап барып өтуге болар.

Айгүл Кемелбаева, жазушы

 

Комментарии