Жұма, 22 қаңтар 2021 ЖЫЛЫ
8971 24-09-2019, 11:41

Қытай мен Орталық Азия: неден қорқу керек және оған қалай қарсы тұруға болады?

ҚР тұңғыш президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) алаңында Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің жетекші сарапшылары өңірдің Қытаймен ынтымақтастығының мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Осыншама жылдам қарқынмен күш жинап жатқан алыппен көршілес бола тұрып, онымен ынтымақтаспау кем дегенде ұтымсыз нәрсе болар еді. Ал басқа мәселе – осындай ынтымақтастық Орталық Азия елдеріне, әсіресе салмақ санаттарының айырмашылығын ескеретін болсақ, қандай пайда немесе, керісінше, шығындар әкелуі мүмкін? Бұл ешқандай риторикалық сұрақ емес, бұл қосымша саяси, идеологиялық және экономикалық мәні бар, әсіресе егер саясат экономиканың шоғырланған көрінісі болып табылатыны жөнінде айтылған атақты сентенцияны еске алатын болсақ, маңызды мәселе болып табылады. 

Бұл тұрғыда қытайлық қаржы институттарының алдындағы өсіп бара жатқан қарыздарымыз ерекше алаңдаушылық тудырады. Алайда бұл жерде бір қарағанда барлығы бірмәнді болып көрінуі мүмкін болса да, іс жүзінде олай емес болып табылады: кейбір жағдайларда, білетін адамдардың пайымдауынша, қытайлық ақша бізге ҚХР-дың атынан әрекет етпейтін компаниялардың инвестициялары түрінде келеді. Десе де, бұл әлсіз жұбаныш.

Қалай да болмасын, Қытай өңірге белсенді қаржылық және экономикалық экспансияны жүзеге асыруда. Шындығын айтсақ, Орталық Азияның түрлі елдерінде мұндай енудің ауқымы әр түрлі. Және талқылау кезінде келтірілген деректерге қарайтын болсақ, мысалы, Қазақстанның қарыз шұңқыры туралы көптеген қорқынышты сөздер біршама асырылып айтылған екені анықталады. Кез келген жағдайда, ҚР-ның 2013-2018 жылдардағы Қытай алдындағы сыртқы қарызының динамикасы көрсеткендей, ол 16 миллиард доллардан 12 миллиард долларға дейін төмендеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл ақылға қонымды сандар, ал қарызды қысқарту үрдісі өте жағымды деп саналуға лайық. Мамандардың пікіріне дауа жоқ дегендей…

Сонымен қатар, Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық пікір сараптамалық қауымдастықтың көзқарасымен әрдайым сәйкес бола бермеуі де мүмкін, оны кей кезде жанданып отыратын синофобия толқыны жанама түрде көрсете алады. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтіп кеткен жоқ, біздің еліміздің кейбір өңірлерінде жақында болған елеулі резонанс тудырған өте белсенді антиқытайлық пікір білдірулер осыған дәлел бола алады.

Айтпақшы, талқылау барысында өте қызықты баяндама айтылды, онда қазақ қоғамының қорқыныштары да біршама көрініс тапты. Оның авторының пікірінше, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты ауқымды жобасының мақсаты Ресейді, Орталық Азия елдерін, Оңтүстік Азияны, Таяу Шығысты, Шығыс Еуропаны және ЕО-ны қамтитын жердегі көлік дәлізінің бойында Қытайдың экономикалық (тиісінше саяси да) әсерін тарату болып табылады. Бұл ретте Қытайда әрбір елді жеке-жеке емес, жалпы Орталық Азияны тұтастай зерттеп жатыр. Алайда, аймақ мемлекеттерімен қарым-қатынас тек қана екі жақты негізде құрылып отыр. «Бөліп-жарып, билік ет…» – деген ежелгі саяси рецепт ойға бірден келеді.

«Белдіктер мен Жолдар» атты Қытай доктринасында келесідей өзіндік ерекшеліктері де бар:

- бастаманы толтыру бойынша Қытай тарапынан нақтылықтың болмауы, осыған байланысты тиімділікті және түпкілікті нәтижелерді есептеп болжау қиын болып табылады;

- доктринаның негізінде «інжу тізбегі» тұжырымдамасы жатыр, яғни мемлекеттің стратегиялық шекарасын оның географиялық шегінен тыс Қытай кәсіпорындарын басқа елдердің аумағына шығару арқылы кеңейту;

- екіжақты ынтымақтастыққа қарай ұмтылу. Бұл ретте Қытай ҚХР-мен өзара қарым-қатынаста олардың мүдделерін қорғау үшін қандай да бір елдердің одақтары мен альянстарына жол бермеуге ұмтылады деген тұрақты сезім бар;

- ҚХР кейіннен оларды өтей алмайтын елдерге (Қырғызстан, Тәжікстан...) өте жағымды несиелер ұсынады. Бұл «борыштық тұзақтар» дипломатиясына өте ұқсайды. Кейбір жағдайларда сарапшылар тіпті «инвестициялық колониализм» деген сөз тіркесін қолданады;

- Қытайдың өңір елдеріне жаңа буындағы өндірісті ұсынуға ұмтылғаны байқалған жоқ. Және бұл ең озық технологияларды кеңінен енгізуге ұмтылу – жалпы әлемдік үрдіс болған кезде орын алып отырған жәйт.

Бұл жерде, әсіресе Қытай Орталық Азияға артатын рөлге қарайтын болсақ, ойлануды қажет ететін нәрселер бар.

Баяндамашының пікірі бойынша, біріншіден, біздің өңіріміз – бұл өзіндік «стратегиялық тыл», ал сонымен қатар Қытайдың сыртқы саясатының «майданы» теңізге қарай бағытталған. Екіншіден, Орталық Азия елдері Қытай экономикасы үшін ресурстар көзі ретінде қарастырылады. Бұл негізінен көмірсутек шикізаты, уран және түсті металлургия өнімдеріне қатысты. Үшіншіден, ҚХР-ның жылдам өсіп келе жатқан экономикасы үшін өнім өткізу нарықтары өмірлік дәрежеде қажет. Төртіншіден, 2011 жылдан бастап Қытай экономикалық өсудің баяулауына және соның салдарынан өндірістік мүмкіндіктерінің шамадан тыс артуына, жергілікті жұмыс күшінің қымбаттауына, қарыз ауыртпалығының өсуіне және өзінің бірқатар өндірістерін біздің өңірге шығару есебінен ішінара шеше алатын басқа да проблемаларға тап болып отыр.

Сондықтан, ал бұл бесіншіден, Қытайға шетелде инвестициялық белсенділікті күшейту және жыл сайын өсіп келе жатқан өз проблемаларын (жұмыссыздық және т.б.) шешу үшін өндірістік қуаттарды елден тыс жерлерде пайдалану өмірлік дәрежеде маңызды.

Қытайлықтар барлығын алдын ала мұқият есептеп алмай, ештеңе жасамайды. Мәселен, «Чжуксинь Чжэнцюань» инвестициялық компаниясының бағалауы бойынша, «Жібек жолының экономикалық белдеудің» бойында орналасқан елдермен ынтымақтастық әлеуеті:

- өсімдік шаруашылығында – 500 миллиард юань (1 юань = 54,6 теңге);

- мал шаруашылығында – 200 миллиард юань;

- тұқым шаруашылығында – 50 миллиард юань құрауы мүмкін.

Келісіңіздерші, бұл айтарлықтай әсерлі сандар ғой. 

Басқа түрдегі, бірақ дәл сондай әсерлі деуге лайық статистика да бар. ҚХР АШМ ВЭС орталығының деректері бойынша, 2010-2014 жылдары Қытай кәсіпорындары шет елдердегі 18 500 000 000 АҚШ долларынан астам сомаға аграрлық секторға қосылу және жұтып алу жұмыстарын жүргізді. Яғни Қытайдың аграрлық секторының әлеуеті іс жүзінде өлшеуге келмейді.

Енді «Белдеу және Жол» тұжырымдамасының мақсаты туралы айтатын болсақ, Қытайдың Орталық Азия елдерінде экономикалық қатысуы барған сайын жүйелі және кешенді сипатқа ие болуда. Егер 1990-ші және «нөлдік» жылдары Қытай салымдары отын-энергетикалық секторға қатысты болса, енді олар экономиканың басқа да салаларын, атап айтқанда инфрақұрылым, құрылыс, құрастыру өндірістерін және ең маңыздысы, ауыл шаруашылығын кеңінен қамтиды.

Ал осы мәселеге енді екінші жағынан қарап, Орталық Азия үшін Қытайдың мәнін бағалауға тырысып көрейік. Бүгінгі таңда ол Орталық Азияның бес елінің арасындағы үшеуінде: Қырғызстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда бас импортшы болды. Осылайша, 2015 жылы Қырғызстанға жалпы импорттың 56%-ті  ҚХР-дан келіп түсті. Импорттың жалпы көлеміндегі Қытайдың үлесі 41%-ке жеткен Тәжікстандағы жағдайдың өзгешелігі шамалы. Өзбекстанда бұл көрсеткіш шамамен 20% құрайды. Тек екі елде ғана – Қазақстан мен Түркіменстанда – ҚХР біріншілікті басқа елдерге, атап айтқанда Ресей мен Түркияға беріп отыр.

Баяндамашының пікірінше, Қытайдың Орталық Азия республикаларының экономикасында осыншама белсенділігінің салдары зиянсыз болмауы әбден мүмкін. Ең алдымен, ҚХР-дан арзан тауарлар құйылып отырылғаны аймақ елдеріне жеке қайта өңдеу өнеркәсібі мен дайын өнімдер өндірісін дамытуға мүмкіндік бермейді. Ал Қытай кәсіпорындарын Орталық Азияға көшіру оларға кедендік пошлина төлеместен, тауарларды тұтыну орындарында шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жәйт, әрине, Қытай өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі күшейте түседі.

Қазақстанда ҚХР инвестицияларының үлесі шамамен 9-10 процентті құрайды. Мұндай сан аса алаңдатпауы тиіс сияқты болып көрінгенмен, бірақ бұл қаражат ел экономикасының стратегиялық салаларына – мұнай-газ саласына, тау-кен саласына, ауыл шаруашылығына, телекоммуникацияға және көлік инфрақұрылымына салынады. Ал бұл, айталық, мүлдем басқа мәселе.

Баяндама авторының пікірінше, қалыптасқан жағдайды талдау онша оптимистік емес тұжырымдарға әкеп соқтырады. Сондықтан да, біздің басқа стратегиялық әріптесіміз – Ресей – «бірыңғай майдан» болуға шақыра отырып, Қытаймен экономикалық өзара іс-қимылға қатысты ЕАЭО елдерінің үйлестірілген позициясын әзірлеуді жақтайды. Шындығын айтсақ, Пекин бүгін Орталық Азия мемлекеттерімен екіжақты ынтымақтастық орнатуға баса назар аудара отырып, осы «бірыңғай майданды» айтарлықтай нәтижелі шайқап отыр.

Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері үшін аймақта конструктивті өзара әрекеттесетін және бір мезгілде бірнеше ірі ойыншыларды теңестіретін сценарий ең қолайлы болып табылады. Мұндай сценарий қаншалықты іске асырылуы мүмкін екендігін әзірге айту қиын, бірақ қазіргі жағдайда қарайтын болсақ, бізде одан басқа жол жоқ. Тағы бір нұсқа – нақты Орта-Азиялық интеграция. 71 миллионнан астам адам тұратын біздің өңірімізде бұл үшін барлық объективті алғышарттар бар. Бірақ бізде саяси ерік жеткілікті ме екен? Ал мұнда барлығы да өзімізге байланысты. 

Осы мақаланың авторы жақында қазақстандық экономиканың әртүрлі сегменттерінде жұмыс істейтін отандық бизнесмендер тобымен әңгімелескен болатын. Олардың барлығында дерлік Қытаймен қандай да бір дәрежеде қарым-қатынастары бар. Мен олардан Қазақстан-Қытай өзара іс-қимылының болашағы қандай болатыны жөнінде сұрадым. Жауап келесідей болды: ҚХР-мен ынтымақтасуға болады және ол қарым-қатынастар қажет, бірақ экономикалық және саяси тәуекелдерді алдын-ала мұқият есептеп алу керек. Бұл ретте менің әңгімелесушілерім бір айтарлықтай парадоксалды ой білдірді. Олардың айтуынша, аймаққа қытайлық енуді күшейту біздің елдеріміздің қоғамдық пікірінің Орталық Азия интеграциясының пайдасына бағыттайтын катализаторы болады. Олар оның басы (Ресей мен Беларусь Одағының аналогы ретінде) Қазақстан мен Өзбекстан одағы бола алады деп ойлайды.  

Бұл өте байсалды, ал ең бастысы, әлі де жеткілікті дәрежеде жас (35-тен 44 жасқа дейін) адамдар. Мұндай адамдар одан да көп болады деп үміттенгім келер еді. Және, қайдан білеміз, біздің елдеріміздің интеграциясы туралы сөздер нақты бір нәрсеге айналатын күн де алыс емес болар.

Әзірге тарих сағатының жүрісі біздің пайдамыздан тыс болып отыр…

Сурет: https://www.vestifinance.ru

 

Комментарии