Жексенбі, 25 тамыз 2019 ЖЫЛЫ
296 26-06-2019, 12:42

Халық денсаулығы – үкіметтің басым міндеттерінің бірі


Соңғы уақытта ҚР үкіметі елдегі денсаулық сақтау жағдайын жақсартуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және олардың халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы саладағы объектілер желісін кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды қадамдарды қабылдады.

Атап айтқанда, 18 маусымда өткен ҚР үкіметінің отырысында тегін медициналық көмектің кепілдік түрде берілетін көлемінің тізбесіне өзгерістер енгізуге және алдағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) көшуге байланысты мәселелер қаралды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов және кейбір өңірлердің басшылары осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Талқылауды қорытындылай келе, ҚР премьер-министрі Асқар Мамин МӘМС жүйесіне көшудің басты мақсаты – қазақстандықтар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі және олардың сапасы ел азаматтарын барынша толық қанағаттандыруы болып табылатынын атап өтті. Үкімет басшысы хабарлағандай, биылғы жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысында осы жүйені енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыруды бастау жоспарланып отыр, бұл ретте өңірдің барлық медициналық ұйымдары қамтылатын болады. Бұл қажетті іс-қимыл алгоритмін пысықтай отырып, алынған тәжірибе негізінде келесі жылы барлық жерде МӘМС-ке өтуге кірісуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі республикада денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатыр. Ол 2025 жылға дейінгі кезеңге есептелетін болады және онда осы салада болып жатқан түбегейлі өзгерістер көрініс табады. 

Үкімет басшысы өңірлер жетекшілеріне медициналық мекемелерді компьютерлермен, ақпараттық жүйелермен, қажетті ұйымдастыру техникасымен, сондай-ақ интернетке сенімді және тез қол жеткізумен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді. Асқар Маминнің айтуынша, мұнда Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарынан үлгі алу керек, өйткені сол облыстарда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде. Премьер-министр халық арасында, әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Адамдар МӘМС арқылы қандай қызметтерге қол жеткізе алатыны туралы және ол өздері үшін қаншалықты маңызды екені жөнінде хабардар болуы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана қазақстандықтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен барынша қамтуға қол жеткізуге болады. 

Ал бірнеше күн бұрын ҚР үкіметі басшысының қатысуымен Қазақстанның оңтүстік және солтүстік облыстарында ірі денсаулық сақтау нысандарын салу туралы келісімдерге қол қою рәсімі өтті. Олар мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік (МЖӘ) тетігін пайдалана отырып салынатын болады. Екеуінде де YDA Holding түрік компаниясы жеке инвестор ретінде әрекет етеді, ал олардың бірінде отандық BI-Holding консорциумы да қатысатын болады. 

Сонымен, осыдан бір жыл бұрын облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістанда бүкіл облыс бойынша емделушілер ем ала алатын көп бейінді медициналық орталық салынады. Бұл ауруханада түрлі бөлімшелер, оның ішінде босандыру, кардиологиялық, онкологиялық, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем станциясын ашу көзделуде. Нысанды 2022 жылы тапсыру жоспарланып отыр. 

Петропавлда да заманауи кеңес беру-диагностикалық орталық ашылатын көп бейінді облыстық аурухана салынатын болады. Оған ескі, тозуға ұшыраған және қазіргі кезде әртүрлі ғимараттарда орналасқан медициналық мекемелер көшірілетін болады.

 

Комментарии