Жексенбі, 25 тамыз 2019 ЖЫЛЫ
562 2-07-2019, 12:27

Неліктен әкімдер митингілерден қорқады және жағдайды қалай өзгертуге болады?


Рұқсат ету немесе тыйым салу. Маусым айындағы митингілер толқынынан кейін билік осы сөйлемнің бірінші бөлігін таңдау жөнінде шындап ойланған сияқты. Еліміздің жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткендей, Қазақстанда бейбіт демонстрацияларды өткізу тәртібін реттейтін арнайы заң әзірленетін болды. Ол ескі нұсқадан немен өзгешеленетіні әлі белгісіз. Анық болғаны, азаматтар тек тиісті инстанцияларға жүгінгеннен кейін ғана және арнайы бөлінген орындарға жиналып, өз пікірлерін білдіре алатын болады. 

Барлығымыз білетіндей, әкімдіктерде митингілер өткізуге болатын орындардың тізімі бар, бірақ бұл негізінен адамдар аз болатын және қала орталықтарынан алыс аумақтар. Ал кез келген осындай көпшілік акциясының мақсаты – билік тарапынан байқалып, оған өз талаптарын жеткізу. Әдетте мұндай жиналыстарды сондай алшақ жерлерде өткізу – су қайнатқанмен бірдей, өйткені әсері шамалы. Дегенмен, митинг болуы немесе болмауы туралы шешімді әкімдіктер қабылдаған кезде, тіпті шеттегі аумақтар да керемет нәрсе болып көрінеді. Соңғы жылдары жергілікті билік тыйым салумен әуестеніп кеткені соншалық, олар тіпті азаматтардың жария наразылық білдіру құқығын мүлдем жоққа шағарды. Дегенмен, олар қоғамдық наразылықтың ашуын күштік әдістермен ұстап қалу қаншалықты қауіпті екенін білуі тиіс... 

Сонымен, азаматтар митингілер өткізуге өздерінің конституциялық құқығын іске асыру үшін және жазалауға тап болмау үшін отандық заңнамада не өзгерту керек? Бұл сұрақтармен біз сарапшыларымызға жүгіндік. 

Максим Казначеев, саясаттанушы: «Наразылық білдірушілер биліктің логикасына сай әрекет жасамайды»

- Менің ойымша, митингілерді қандай жерде болса да өткізуге рұқсат алу қажеттілігінің өзі абсурд болып табылады. Әскери объектілер, маңызды инфрақұрылымдық құрылыстар (мысалы, электр станциялары және т. б.), көлік тораптары сияқты табиғи шектеулер бар. Бірақ азаматтардың бейбіт наразылық іс-әрекеттеріне қалған құқығына ешқандай нұқсан келтірілмеуі тиіс және ол ешкімнің рұқсатына мұқтаж болмайды.

Өркениетті қоғамдарда құқық қорғау органдары жаппай акцияларды өткізудің қауіпсіздігін ғана бақылайды, бірақ оларды мақұлдау немесе мақұлдамау жөнінде шешім қабылдамайды. Күш тек басқа азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде, тонаушылық жағдайында, сондай-ақ күш құрылымдарының қызметкерлеріне қатысты арандатушылық кезінде ғана қолданылады.

Сондықтан ешқандай митингілерді келісімдеу процедурасы жалпы бола алмайды. «Санкцияланбаған наразылық акциясы» деген ұғымының өзі жоғалуы тиіс. Құқықтық тәртіп органдары осындай бұқаралық акцияларды өткізу кезінде тек қана халықтың қауіпсіздігі мақсатында қатысуға міндетті. Митингілерді ұйымдастырушылар рұқсат сұрауға міндетті емес, олар тек жергілікті билікті олардың өткізілетіні туралы хабардар етуі тиіс. 

Жергілікті биліктің митингілерге қатысты қатаң саясатына келсек, менің ойымша, бұл орталық алдындағы әдеттегі қорқыныш. Әкімдіктер ведомствоға қарасты аумақты саяси бақылауға бейресми жауап береді. Және барлық наразылық акциялары, тіпті санкцияланған да, әкімнің жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимылды жолға қою қабілеті немесе қабілетсіздігі арқылы, сондай-ақ жалпы өз міндеттерін орындау арқылы қарастырылады. 

Екінші жағынан, қазақстандық билік вертикаль жағдайында әкімдіктерді осы функцияларды орындауда ауыстыруға қабілетті құрылымдар жоқ: орталық билік алыс, ал құқық қорғау органдарының өкілдерінде бұқаралық акцияларды «пайдалы» және «зиянды» деп анықтау үшін құзыреттер жоқ. Сондықтан бұл жағдайда жалғыз ғана шешім – оларды жүргізудің рұқсат беру тетігінен принципті түрде бас тарту.

«Рұқсат етілген» және «рұқсат етілмеген» орындарға келетін болсақ, ол наразылықтың «батырлық» сипатына қосымша серпін береді. Қазіргі кезде қаланың «рұқсат етілмеген» бөлігінде демонстрациялық түрде ұсталу жастардың арасында жоғары дәрежелі ерлік болып саналады. Яғни, жария наразылықтың логикасы белсенділерді ақпараттық резонансқа қол жеткізу үшін дәл осындай жерлерге баруға мәжбүрлейді. 

Сондықтан қала аумағын «мына жерде рұқсат, ал мына жерде тыйым салынады» деп бөлуге ұмтылу биліктің өзі үшін тұзаққа айналып отыр. Наразылық білдірушілер ешқашан олардың логикасына сай әрекет жасамайды – себебі керісінше жағдайда олар халықты оянуға шақыратын наразылық білдіруші болуын тоқтатады. Жаппай акцияларды өткізу орындары мәселесінде ымыраға келу мүмкінсіздігі – наразылық білдірушілер митингілер туралы заңнаманы білмейтіндіктен емес, ол дәл осы себептерге байланысты болып отыр. Акцияның демонстрациялық сипаты наразылық білдіруге арналған орынында емес, оның фактісінің өзінде. Және құқық қорғау органдарының өкілдерінің жауап беру әрекеттері неғұрлым қатаң болса, соғұрлым наразылық білдірушілер өз мақсаттарына қол жеткізуге жақындай түседі. 

Шыңғыс Лепсипбаев, Qorgau Азаматтардың құқықтарын қорғау жобасының жетекшісі: «Азаматтық акциялар – кез келген демократиялық мемлекет үшін норма»

- Соңғы уақытта Қазақстанда митингілер тақырыбы шынымен өзекті болып отыр. Бұл наразылық көңіл-күйдің өсуіне реакция деуге болады. Енді бұл мәселе ақырында шешіледі деп үміттенемін.

Бейбіт жиналыстар бостандығының кепілдіктері ҚР Конституциясының 32-бабымен және «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңмен, сондай-ақ біздің ел ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактімен бекітілген. Алайда, іс жүзінде мұның бәрі немесе жұмыс істемейді немесе митингке шыққандардың өздеріне қарсы жұмыс істейді. Жиналыстар өткізу орындарын белгілеуге қатысты Заң нормалары жөнінде айтатын болсақ, ол халықаралық стандарттарға бірқатар өлшемдер бойынша сәйкес келмейтіндігі анық көрінеді.... Ал егер либералды заңнама құру мақсаты қойылған болса, мұндай заттарды міндетті түрде ескеру керек.

Жалпы алғанда, мен жария акцияларды өткізудің рұқсат беру сипатын хабардар ету сипатына өзгерту қажет деп санаймын. Олар тиісті атқарушы органдардан санкция алуды қажет етпейтін, толық заңды болуы тиіс. Қоғамдық тәртіп пен жиналыстың қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті де мұқият пысықтау керек. Отандық заңнамаға сәйкес, әзірге ол жиналысты ұйымдастырушыларға жүктеледі, бұл ҚР Конституциясына және халықаралық стандарттарға қайшы келеді. 

Заңнаманы ішінара ырықтандыру – бұл, әрине, жақсы, бірақ әлі де жеткіліксіз. Реформаларды бастамас бұрын жергілікті ішкі саясаткерлердің, әсіресе, бүгінгі таңда бейбіт наразылық тұрғысынан азаматтардың мүмкіндіктерін барынша шектеуге тырысатын полицияның құзыреттерін түсіну қажет деп санаймын. Былайша айтқанда, бұл мәселе де толық әкімдіктер мен ішкі істер органдарының мүддеріне лайықтап құрылған, тәжірибе көрсеткендей, олар оны қатаң түрде реттеуді қалайды, бірақ көп жағдайда толық дәрменсіздік танытуда. Қазіргі ақпараттық шындыққа сәйкес неғұрлым нәзік ойнайтын уақыт келді. 

Енді «арнайы бөлінген орындарға» келер болсақ. Егер бұл шараны толық тыйым салуларға балама ретінде қарастырсақ, оны тек қана құптауға болады. Меніңше, егер митинг, акция немесе перформанс шын мәнінде қызықты және өзекті тақырыптарға ие болған жағдайда олар қайда өткізілсе де онда азаматтар мен БАҚ міндетті түрде келеді... 

Ал енді қоғамды да, билікті де азаматтық акциялар кез келген демократиялық мемлекет үшін норма екенін үйрету қажет.

Асхат Асылбеков, қоғам қайраткері: «Заңдарды емес, шенеуніктердің санасындағы қондырғыларды өзгерту керек»

- Демонстрациялар туралы жаңа заңмен байланысты жағдай көптеген адамдарды таң қалдырды, өйткені қолданыстағы заңнама ел азаматтарына бейбіт митингілер мен шерулерге өз құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Жергілікті жерлердегі әкімдіктер оны барынша бұзып, қоғамда билікке наразылық тудырып, ол халыққа қарсы деген пікір туындатады. 

Әкімдіктер ойдан шығарып алған себептер бойынша митинг өткізуден бас тартатыны түсінікті. Елдегі саяси климаттың өзгеруіне байланысты олар бұрынғыдан да көп сақтандырылады. Мысалы, бұрын алматылық билік «Сары-Арқа» кинотеатрының артында жиналуға мүмкіндік беретін, ал қазір одан да бас тартады... Дегенмен, рұқсат етілмеген бейбіт митингілерді күшпен басу нұсқаларын таңдап, олар жағдайды одан әрі ушықтырады.

Белгілі қоғамдық жастар қозғалысының белсендісі Альнур Ильяшевты еске алыңыздар, ол бейбіт митинг жүргізуге 30-дан астам рет өтініш берген, бірақ нәтижесіз. Оның тарихы қалың жұртшылыққа белгілі болғаннан кейін ғана оған 30 маусымда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілді. Бұл мысал өте көрнекі – ең алдымен, ол өзін әлеуметтік желілерде көрсететін халықтың белсенді бөлігін, бүкіл халықтың мүдделерін шынайы білдіруші деп санамайтын биліктік «политехнологтардың» бастарындағы жалған қондырғыларды куәландырады. Олар үшін бұл тек салық төлеуші және байыту көзі болып табылады. 

Сондықтан заңдарды емес, шенеуніктердің санасындағы қондырғыларды өзгерту қажет. Қазір елді іс жүзінде өз билігін сақтауға олигархтардан кем емес мүдделі және ойын ережелерін өзгертуге ниеті жоқ бюрократиялық аппарат басқарады. Тоқаевқа, ондай қарсылыққа қарамастан, реформалар жүргізуге тура келеді. Бұл көптеген заңдарға өзгерістер енгізуге де қатысты. Атап айтқанда, жергілікті жерлерде әкімдердің сайлануы туралы норманы енгізетін кез келді. Тек халық сайлаған әкім өз сайлаушыларымен пікір алмасуға қабілетті болады. Тек осылай ғана біз Конституцияда жазылғандай, билікті халыққа қайтара аламыз.

Егер билік халықтың сеніміне ие болғысы келсе, алдымен олар өздері оған сенуді үйренуі керек. Бейбіт митингіден қорқудың қажеті жоқ – барлық басқа елдерде олар ауырсыну нүктелерін табуға, проблемаларды жалпы күш-жігермен шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді… 

Фото: Мария Гордеева

Авторы: Сәуле Исабаева

 

Комментарии