Бейсенбі, 24 қазан 2019 ЖЫЛЫ
964 24-05-2019, 12:40

Әміржан Қосанов өзін өзі жазалайын деп жүрген жоқ па?


ҚР президенттігіне кандидаттардың бірі Әміржан Қосанов өзінің сайлауалды тұғырнамасына «Қоғамдық сананы толықтай декоммунистендіру және десоветтендіру» деген тармақты енгізді. Бұл қазақ ұлтшылдарына да, либералды көзқарастары бар адамдарға да айтарлықтай танымал және өте өзекті ұран болып табылады. Яғни, бұл ұран саясаткерге қазақстандық электораттың осы екі сегментінің де өкілдерінің дауыстарын әкелуге қабілетті.

Біздің елімізде декоммунистендіру мен десоветтендіру процесі баяу болса да, жүргізіліп жатыр. Оның үстіне ол баяғыда, тіпті тәуелсіздік алғаннан бері басталған. Сол дәуірдің көптеген ескерткіштері бұзылып, орнынан алынып тасталды, КСРО-мен, социалистік құрылыспен және Коммунистік партиямен байланысты атаулары болған көшелер, мектептер мен елді мекендердің атаулары өзгертілді. Мәселен, енді Алматыда Коммунистический, «Правда» және Октябрьдың 50-жылдығы атындағы даңғылдар, Советская, Комсомольская, Пролетарская деп аталатын көшелер жоқ. Дәл сол сияқты процестер барлық облыс орталықтарында және кіші-гірім қалаларда да орын алуда. Алайда, жергілікті билік мұндай қадамдарға барғанда, жиі екі жақты стандарттар саясатына жүгініп отыр: мысалы, бір большевиктердің аты-жөні жоғалып жатыр, ал басқаларының аты сақталып қалды (кейбір жерлерде КСРО кейінгі кезеңіндегі партия және кеңес қайраткерлерінің құрметіне атаулар тіпті қосылып та жатыр). Әдетте бұл жерде этникалық фактор шешуші болып табылады. Бірақ мұны ұлттық сана-сезімнің өсуімен байланысты ауытқуларға жатқызуға болады.

Декоммунистендіру үдерісі білім беру жүйесіне де белсенді түрде еңгізілді. Осылайша, қазіргі заманғы тарих оқулықтарында КСРО-мен байланысты барлық нәрсе енді қарама-қарсы ракурстан көрсетіліп отыр және тәуелсіздік алғаннан кейін мектептке барған қазақстандықтардың жаңа ұрпақтары қайтып оралмасқа кеткен елді өте зұлым және қорқынышты мемлекет деп есептейді. «Фейсбуктің» бір тапқыр пайдаланушысы осы мәселе жөнінде мынадай пікір білдірді: «Кеңес Одағында өмір сүрмеген жас жігіт неліктен маған, яғни КСРО-да өскен адамға, сол елде мен қаншалықты жаман өмір сүргенім жөнінде айтатынын кім маған түсіндіреді?». Түбегейлі өзгерістерге басқа оқулықтар, оның үстіне тек гуманитарлық пәндер (әдебиет, қоғамтану) бойынша ғана емес, сондай-ақ табиғи-ғылыми пәндер бойынша оқулықтары да ұшырады. Алайда осы жағдайда кеңестік оқулықтардың сапалы және онжылдықтар бойы тексерілген негізін сақтап, оларды қазіргі жағдайларға бейімдеуге болар еді.

Әр түрлі дәрежеде декоммунистендіру процесі өнер саласына да (көркем және деректі кино, театр, мүсін композициялары және т.б.), сондай-ақ мемлекеттік теледидарға да қатысты жүргізілді. Өткен ғасырдың танымал қазақстандық қайраткерлері туралы баяндайтын фильмдерде олардың кейіпкерлері жеке тұлғаны басып тастап, ешқандай өзгеше ойлар білдіруге жол бермей, сондай-ақ, саяси, шығармашылық және басқа да еркіндіктерді тұншықтыратын қорқынышты кеңес режиміне қарсы тұрады.

Бірақ Әміржан Қосанов тіпті қатты кетті – ол енді «толықтай декоммунистендіру және десоветтендіру» жүргізу қажеттілігі жөнінде айтып отыр. Ал бұл толымдылықты тек люстрация (билік ауысқаннан кейін бұрынғы режимге жұмыс істегендерге, яғни оның саясаты мен шешімдерін белсенді жүзеге асырған адамдар үшін заңнамалық шектеулерді енгізу) ғана қамтамасыз ете алады. Әңгіме негізінен атқарушы билік органдары мен құқық қорғау жүйесінде лауазымдарға орналасуға қатысты шектеулер жөнінде болып отыр.

Мысалы, соңғы жылдары біздің елімізде көптеген адамдар либералдық реформалардың үлгісі ретінде сілтеме жасайтын Грузияны алсақ, Михаил Саакашвилидің президенттік кезеңінде осы Республиканың Парламенті «Еркіндік Хартиясы» Заңын қабылдады. Оның 9-шы бабында жауапты мемлекеттік қызметке тағайындала алмайтын адамдардың тізімі бар. Олардың ішінде бұрынғы КСРО арнайы қызметтерінің қызметкерлері; КОКП және Грузия КСР КП Орталық комитеттерінің мүшелері, аудандық және қалалық партия комитеттерінің хатшылары; БЛКЖО Орталық комитеттерінің және грузин комсомолының мүшелері (1921 жылдан 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін).

Ал енді біз осының барлығын біздің жағдайымызға көшіріп көрейік. ҚР президенттігіне жеті үміткердің үшеуі, Жамбыл Ахметбеков, Садыбек Түгел және Әміржан Қосановтың өзі жас кездерінде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары болған, ал алғашқы екеуі аудандық партия комитеттерінде де жұмыс істеп үлгерген болатын (қалған төрт үміткер КОКП және БЛКЖО құрылымдарында көрінген жоқ). Десе де мансаптық тұрғыдан алғанда Қосанов ең табыстысы болып шықты. Ол 20 жасында КОКП қатарына кіріп, бес жылдан кейін ҚазМУ журналистік факультетін бітіріп, біраз уақыт «Социалистік Қазақстан» деп аталатын республиканың бас партиялық газетінде жұмыс істеді, содан кейін Алматы қаласы Фрунзе аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, одан кейін бірнеше қадамнан аттап өтіп, Қазақ КСР ЛКЖО ОК саясат бөлімін басқарды. Дәл осы өте жоғары комсомол иерархиясында қызмет атқарып жүрген кезінде Кеңес Одағы ыдырауға ұшыраған болатын. Яғни, ол ең соңына дейін коммунистік партияға және оның неғұрлым жақын (ең алдымен, кадрлық) комсомол тұлғасындағы резервіне өз адалдығын сақтап келді. Мен мұны айыптау үшін емес, жай ғана фактіні анықтау ретінде айтып отырмын. 

Таза теориялық тұрғыдан Қосановты мемлекет басшысы етіп сайлайды делік – оның сайлауға барғанын ескерсек, ол өзіне осындай мақсат қоюға міндетті. Ант бергеннен кейін ол өзінің сайлауалды тұғырнамасын, оның ішінде «толықтай декоммунистендіруге» қатысты тармақты іске асыруға кірісіп, люстрация процесіне бастамашылық жасауы тиіс. Ал сол кезде Әміржан Сағидрахманұлы мұны қалай іске асырмақшы және өзіне қатысты не істемекші екен?

Тағы бір айтарлық нәрсе. Шынымен де егер осы күнге дейін декоммунистендеру дәйекті түрде, белсенді және барынша толық іске асырылған болса, ол өзі де ҚР президентіне үміткер ретінде тіркелмес еді деген ой оның миына келмеді ме?

Басқаша айтқанда, Қосановтың бұл шақыруы – өз әрекеттерінен өзі зардап шегу қатері бар жағдай. Немесе Гогольдың «Ревизорындағы» унтер-офицердің жесірі өзін өзі жазалағанына ұқсас нәрсе.

Әлде кандидат тұғырнамасындағы бұл тармақ тек қызықтыру үшін  ғана жазылды ма?

 

Сурет: vlast.kz

Комментарии