Бейсенбі, 24 қазан 2019 ЖЫЛЫ
743 20-05-2019, 11:55

Қазақстан полициясы: министр ауысқаннан кейін не өзгерді?


Ішкі істер министрі қызметіне Қалмұханбет Қасымовтың орнына Ерлан Тұрғымбаев келгеніне жақында жүз күн болады. Министрді аустыру дұрыс болды ма деген сұрақ қою үшін бұл уақыт әбден жеткілікті. Барлығы Қасымовты ауыстыруды талап еткен. Ауыстырды. Ал өзгерістер бұрынғысынша жоқ. ІІМ-нің кезекті реформасы жарияланған сияқты еді, бірақ оның бейнесі әлі де айқын емес. Тұрғынбаевтың өзі әзірге ешқандай нақты іс-әрекеттер көрсетпеді. Қасымовтың отставкасын талап еткен қоғам осындай нәрсеге үміттенген бе еді? Ал егер «ескі» кадрлар қандай да бір өзгерістер жасауға қабілетсіз болса, онда, бәлкім, ведомствоны басқаруды неғұрлым икемді және саяси тұрғыда сауатты азаматтық министрге беретін уақыт келген болар? Сөз сарапшыларға беріледі.

Мұрат Телібеков, мұсылман қоғам қайраткері: «Ішкі істер министрлігінің басшылығының ауысу фактісінің өзі де жақсы құбылыс»

- Полиция мен прокуратура жұмысының ерекшелігі – басшылықтың бір мезгіл өте келе ауысып тұруы өмірлік қажеттілік болып табылатынында. Полиция қызметкерлері қылмыстық әлеммен жақын қарым-қатынаста болғандықтан, олармен өте тығыз байланысқа кіріп, біртұтас болып кеткен парадоксалдық жағдайларға біз жиі көз жеткізген болатынбыз. Нәтижесінде қоғам қылмыскерлер мен құқық қорғау органдарының симбиозына тап болады. Ондай мысалдар көп, оның үстіне ол тек Қазақстанда ғана орын алатын нәрсе емес. Бәлкім, бұрынғы президент осы ведомстволардың басшыларына бұл қызметте ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бермегені дәл осы фактімен түсіндірілетін болар. Ол күш министрлерінің осы лаузымда «ұзақ өмір сүруі» қандай қауіп төндіретінін жақсы түсінетін. Тек Қасымов қана ерекшелік болды. Менің ойымша, бұл құқық қорғау органдарының жағдайын нашарлатқан себептердің бірі болып табылады. Қазіргі жағдайға тек қоғам ғана емес, полицейлердің көпшілігі де наразы. Қылмыстылықтың өсуі, жұмысты ұйымдастыру деңгейінің төмендігі, іске залал келтірген қызметтік қамқорлықпен жемқорлық, жалақының төмендігі – мұның бәрі ІІМ-н ең жағымсыз, тіпті өзіне деген теріс көзқарас тудыратын ведомстволардың біріне айналды.

Мүмкін, жаңа министр Қасымовтан мүлдем артық емес те болар. Дегенмен, басшылықтың ауысу фактісінің өзі жақсы құбылыс болып табылады. Айтпақшы, менің Тұрғымбаевпен кездескенім бар. Бір қарағанда, ол ашық және биліктің әсерімен бұзыла қоймаған адам сияқты болып көрінеді.

Сонымен қатар, ІІМ-нің жаңа басшысының келуімен осы ведомствода түбегейлі өзгерістер болады деп күту де дұрыс емес. Жүйе бір адамның еркіне аз мөлшерде байланысты етіп құрылған болатын. Полицияны тек мемлекет басшысының күшімен түбегейлі реформалауға болады, оның үстіне ол өте күшті және ерікті тұлға болған жағдайда ғана іске асырылуы мүмкін. Бұған мысал ретінде Саакашвили құқық қорғау органдарына жаңа тыныс берген Грузияны алсақ болады. Яғни, полиция қызметін жетілдіру мәселесі бүгінде министр Тұрғымбаевқа қарағанда, көбінесе президент Тоқаевқа қатысты.

Дегенмен, бүгін біз белгілі бір өзгерістерді көріп отырмыз. Полиция ашықтық пен айқындыққа ұмтылуда. Облыстық ІІД-нің көптеген басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, халықпен тікелей байланыс орнатуда. Бюрократиялық аппараты қысқартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге ниет бар. Менің ойымша, құқық қорғау жүйесін белгілі бір ізгілендіру жүріп жатыр. Әрине, жағдай мүлдем мінсіз емес, бәрі жақсы деп айту менің ойымда жоқ. Полиция қоғамдық бақылау үшін әлі де жабық, ал көптеген қызметкерлердің білім және мәдени деңгейі өте төмен. Мүмкін, бұл сенімсіз болып естілетін шығар, бірақ Лондонның, Париждің немесе Нью-Йорктің кез келген полицейлерімен (олардың бос кезінде) соңғы театр қойылымы жөнінде, классикалық музыка немесе заманауи суретшінің туындылары туралы еркін сөйлесуге болады... Ал бізде бүгінде полицияға тек басқа жұмыс таба алмаған адамдар ғана барады. Сондықтан сауатты жазу жаза алмайтын, қоғамда өзін лайықты ұстай алмайтын қызметкерлерді жиі кездестіруге болады. Менің ойымша, полициядағы қызмет елдегі ең беделді жұмыс болуы тиіс және онда тек физикалық сау адамдар ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен білімнің жоғары деңгейі бар адамдар қызмет етуі тиіс.

ІІМ-нің басшылығындағы азаматтық адамға келетін болсақ, қалыптасқан жағдайда бұл барлық мәселелердің шешіміне айналуы мүмкін деп ойламаймын. Біз министрлік рөлінде тұрған азаматтық тұлғалар өздеріне сеніп тапсырылған салада толық қирауға және сыбайлас жемқорлыққа жол берген көптеген мысалдарды білеміз. Мәселе әлеуметтік мәртебеде емес. Полицейлердің арасында лайықты, жоғары білікті адамдар аз емес. Өкінішке орай, біздің елімізде кадрларды ұсыну іскерлік және адами қасиеттерге емес, өзге параметрлерге байланысты жиі орын алады. Бірақ бұл бөлек тақырып.

Ғазиз Әбішев, саяси шолушы: «Жүйені бөлшектегеннен кейін, оны қайтадан жинай алмай қалу да ықтимал»

- Шынында да, ерекше прогресс байқалмайды, және оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу үшін, былайша айтқанда, барлық жүйені бөлшектеп, содан кейін оны қайтадан жинау қажет. Өз кезінде Грузияда Михаил Саакашвили солай жасаған болатын. Алайда, қазақстандық билік осындай радикалды қадамға барса, жүйені бөлшектеп, оны қайтадан жинай алмай қалу да ықтимал деп қауіптенеді. Ал елдегі жағдай оның салдарынан бақылаудан шығып кетуі мүмкін.

Екіншіден, тәртіп сақшыларының жүзеге асырылып жатқан көптеген жағымсыз шешімдері полиция бастықтарының деңгейінде қабылданбайды, олар саяси деңгейде қабылданады.

Үшіншіден, мансаптық полицейлерде ақылды және креативті қоғамдық коммуникацияларға қажетті дағдылар дамымаған, оларда кез келген жағдайда көрсететін жедел интеллектуалдық реакция жетіспейді. Сондықтан көптеген жанжалдар туындайды. Бірақ сауатты тәсілдеу арқылы олардан алдын ала бас тартуға болар еді. Ал жаңа министр – мансаптық полицей.

2003-2011 жылдар аралығында ІІМ-де полициялық емес адамдар басшылық еткен. Негізінде, тиісті жұмыс тәжірибесі бар азаматтық адам жүйені жаңартып, қол астындағыларды әр түрлі жағдайларға икемді әрекет етуге үйретуге тырысуы мүмкін. Бәлкім, полицияның қатысуымен қақтығыстарды шешудің қандай да бір қызықты нұсқаларын ұсына алатын тәжірибелі пиар-мамандарды тарту керек болар. Сонымен қатар, «полицейлік мундирдің абыройымен» қысылмаған жағдайда «жүйеден тыс» адамға қатаң кадрлық шешім қабылдау оңайырақ болады.

Екінші жағынан, азаматтық министрдің айналасында тек генерал-мырзалар болады, ал оның астында – он мыңдаған офицер-мырзалар болады. Бұл айтарлықтай қатаң жүйе, сондықтан ІІМ басшысы ҚР президенті әкімшілігінде, қауіпсіздік аппаратында, сот жүйесінде, премьер-министр кеңсесінде, дипломатиялық салада тиісті жұмыс тәжірибесі болуы тиіс.

Мирас Нұрмұханбетов, «Жаңа Қазақстан» қозғалысының белсендісі: «Жоғарыдан түсірілген бұйрықпен ғана полицияны өзгерту мүмкін емес»

- Қасымовты ІІМ басшысы қызметінен «қоғамдық қысумен» алып тастады деп ойлаудың қажеті жоқ. Оның бұл қызметте болған барлық уақыт ішінде кем дегенде тек министрдің ғана емес, сонымен қатар ІІМ-нің барлық басшылығының отставкасына әкелелетін ондаған себептер атап беруге болады. Сонымен қатар, бас полицейдің ауысуы бұрынырақ, яғни өткен жылғы жаздың соңында немесе күздің басында (президент басқа да ауыстыруларды жүзеге асырған кезде), іске асырылуы тиіс еді деп ойлаймын. Егер Қасымовты отставкаға жіберу туралы талап еткізген белгілі қайғылы оқиға болмаса, ол Қауіпсіздік кеңесіндегі өзінің қазіргі креслосын сол кезде алар еді. Ал адамдар билік әлсіздік көрсетіп, қоғамдық пікірдің ықпалына көнді деп ойламауы үшін, ІІМ басшысын орнынан қозғамады.

Басқа мәселе –кейбір қаржы-өнеркәсіп топтар мен «билікті элиталар» («Қасымов, кет!» деген тақырып олардың көмегінсіз қозғалған нәрсе емес) «Дядя Коляның» ығысуына мүдделі болғандығында. Олар үшін пайда полицияға бөлінетін орасан зор қаражатты бақылаумен ғана емес, сондай-ақ транзиттік кезеңде ІІМ-нің рөлімен де байланысты. Ол туралы сүреттеп айту міндетті емес болар. Ал қоғамның өзі ерекше ешнәрсеге үміттенген жоқ. Отставкаға кету талаптарының негізгі себебі – кәсібисіздігі үшін жазалау. Бірақ ондай жазалау іске асырылмалды, керісінше, енді бұрынғы министр іс жүзінде одан да жоғары мансапқа кетті.

Егер оны ауыстырушы келгеннен кейін жасалған қандай да бір өзгерістер болса да, көбінесе бұл теріс сипаттағы өзгерістер. Ал егер жалпы айтатын болсақ, бастықтың кабинетіндегі жиһазды немесе қабылдау бөлмесіндегі перделерді ғана тез ауыстыруға болатынын түсіну керек. ІІМ сияқты үлкен құрылым үшін жүз күн өте аз.

Бірақ бағалаудың басты өлшемі – қоғамның полицияға және, керісінше, полицияның қоғамға деген қарым-қатынасы. Соңғы екі-үш аптадағы оқиғалар тәртіп сақтаушылардың бейнесін жаңарту немесе өзгерту іске асырылмайтынын көрсетті. Ең көп дегенде, Атыраудың полиция басшысы ат үстінде салтанаттын формамен суретке түскені үшін ұрсады немесе бірнеше өңірлік бастықтарды ауыстырады.

ІІМ басшысының азаматтық адамды тағайындауына келер болсақ, қазіргі жағдайда ол да шамалы нәрсені ғана өзгерте алады. Оның үстіне біздің полиция билік жүйесіне өте жақсы енгізілген, тіпті мемлекеттің өзін сипаттайды – оны жиі «полицейлік» деп атайды. Қысқаша айтқанда, егер министр азаматтық қоғамның саяси тұрғыда сауатты және адал өкілін тағайындайтын болса, онда тек оның өзі ғана ештеңе бермейді. Түбегейлі реформалар қажет, кадр құрамын жартылай немесе одан да көп санын батыл түрде жаңарту және т. б. Жалпы алғанда, жоғарыдан түсірілген бұйрықпен ғана полицияны өзгерту мүмкін емес.

Ерлан Асқарбеков, PR-кеңесші: «Полиция қызметін азаматтық алдын ала бақылауды күшейту керек»

- Шынымды айтсам, қандай да бір өзгерістер орын алды ма, жоқ па – мен білмеймін. Жұртшылық ІІМ-нің реформасы бойынша ұсыныстардың үлкен пакетін дайындап, олардың тек жиырма-отыз проценті ғана қарауға қабылданды дегенді жыл басында оқыдым. Осылайша қоғамға реформа жүргізіледі деген түсінік берілді. Бірақ сол уақыттан бері елде алдымен үкіметтің отставкасы болды, содан кейін 19 наурыз, ал соңынан президенттік сайлау жарияланды. Ақпараттық күн тәртібі толығымен өзгерді, сол жақ жағалаудағы ресми емес әңгімелерге қарағанда, сайлауға дейін мемлекеттік органдарда ешқандай елеулі қозғалыстар болмайды.

Ал әлемдік тәжірибеге жүгінсек, полиция реформасы ешбір жерде тез жүргізілген жоқ, егер тарихтағы ең түбегейлі (онда персоналдың жүз проценті жұмыстан шығарылған) грузиялық реформаны қоспасақ. Бұл бірегей тәжірибе, оны ешқандай жағдайда автоматты түрде таратуға болмайды. Оны шындап зерттеу керек, бірақ бізге көшіріп әкелудің қажеті жоқ. Грузия – төрт азаматтық соғысты бастан кешкен, бастапқы экономикалық жағдайы өте ауыр (өйткені пайдалы қазбалары жоқ) моноұлттық, діни ел. Ең маңыздысы – грузиндер өз тарихының ең қиын кезеңдерінде бірігуге қабілетті ұйымшыл халық екенін Грузиядағы «раушан төңкерісі» қансыз өткені және бұрынғы президент Эдуард Шеварднадзенің осы жылдар бойы Тбилиси орталығында тыныш өмір сүргені дәлелдейді. Біздегі жағдай мүлдем басқа. Олардікінен жақсы да емес, нашар да емес, жай ғана өзгеше – басқа қоғам, басқа мақсат, басқа ел. Сондықтан бізде бірден реформа жүргізу мүмкін емес.

Ал ІІМ-нің оған мұқтаж екендігі – бұл сөзсіз. Азаматтар, соның ішінде адвокатураның өкілдері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері ең болмағанда министрліктің ішінде өте маңызды талқылауға лайықты тамаша ұсыныстар дайындады және бұл жабық жұмыс топтарының шеңберінде қазірдің өзінде болып жатырдеп үміттенемін. Кем дегенде, мұндай тәжірибе кең тараған болды. Көктемнен бастап әртүрлі министрліктер жабық тренингтер, сараптамалық тыңдаулар өткізіп жатыр. Дегенмен (қайталаймын), бәлкім, реформа бойынша жұмысты сайлау кезеңінен кейінгі уақытқа қалдыру туралы шешім қабылданған болар.

Азаматтық министр ІІМ басшысы лауазымына келсек, менің ойымша, бұл өте маңызды емес. Министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін нақты азаматтық қадағалауды қайта қамтамасыз ету одан гөрі маңызды іс. Қоғамдық кеңестер олардың қазіргіт үрінде осы тапсырманы орындауға қабілетсіз. Ресми түрде олардың елеулі өкілеттіктері бар, ал іс жүзінде нақты әкім немесе министр үшін «ыңғайлы» адамдардан құралады. Сондықтан алдын ала азаматтық бақылауды, азаматтық сараптаманы қалай күшейтуді ойластыру керек екені анық.

Мен басқа аспектіге назар аударғым келеді. Шын мәнінде, құқық қорғау органдарымен байланысты проблемалардың барлығын теориялық түрде барлық судьяларды, соның ішінде Жоғарғы сот мүшелерін (олар, менің ойымша, республикалық судьялар съезінде сайлануға тиіс) тікелей сайлау арқылы шешуге болады. Егер жыл сайын елімізде әрбір судьяны халық тікелей сайлайтын болса, онда бұл сыбайлас жемқорлықты, жалғандықты айтарлықтай дәрежеде мәнсіздендіреді. Ең ауыр мәселелер өз-өзінен алынып тасталады, өйткені істер соттарда ыдырайтын болады, себебі судья «келісілімсіз» болады. Ал егер Ақорда биліктің сот тармағын толық демократияландыруға шешсе, онда бұл керемет болар еді.

Ербол Еділов, GR ConsultingGroup Стратегия және талдау жөніндегі басқарушы директоры: «Барлығы бұрынғысынша, нақты өзгерістер әлі де жоқ»

- Министрді алты жылдан астам уақыт бойы онымен қатар жұмыс істеп келген орынбасарына ауыстыру жалпы алғанда қандай да бір өзгерістерге алып келуі мүмкін емес еді. Дәл соны біз, шын мәнінде, көріп отырмыз. Егер қандай да бір реформалар жүргізілген болса да, онда олар тек қағазға жазылып қана қойылған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы да сол қалпында қалды.

Біз қазіргі заманғы шындық жағдайында жұмыс істеуге кедергі келтіретін кеңес кезіндегі менталитеті бар кадрлар ұрпағынан құтылғанға дейін бір орыннан жылжымай қала беретін боламыз. Нақты реформалар мен түбегейлі өзгерістерге тек жас, сауатты, заманауи, өткенге қарай жалтақтамай, алға сеніммен қарайтын министр келгеннен кейінғана үміттенуге болады.

Әрине, бұл туралы бізге тек қана армандауға тура келеді, бірақ жүйенің өзі перспективалы кадрлардан айырылмаған. Жас, креативті және жақсы нәтижелер көрсететін мамандар бар. Басқа нұсқа – ІІМ басшысы лауазымына үлкен саяси салмағы бар азаматтық тұлға ие болуы тиіс. Сыртан келген, менеджерлік қасиеті бар адам (жүйенің бүкіл жағымсыз әсерлерінің ерекшеліктерін түсінуге көмектесетін күшті орынбасарлары болған жағдайда) сапалы реформа жүргізуге әбден қабілетті.

Менің түсінігімде сапалы реформа дегеніміз нені білдіреді? Бұл біз полицейлерден қорыққанды қойып, оларға сене бастағанымыз, ал олар өз қызметінен пайда іздеуді тоқтатып, Голливуд блокбастерлеріндегі тамаша полисмендерге ұқсай бастағаны. Ал Тұрғымбаевты министр деңгейіне дейін көтеру еш мағынасыз ауыстыруға тән. Оның тарапынан астананың орталық көшелерімен жүру сияқты пиар-акциялардың кейбір сәтсіз әрекеттері болды, бірақ барлығы бұрынғысынша, нақты өзгерістер әлі де жоқ.

Исатай Өтепов, «Абырой» ҚБ (Орал): «Полиция жұмысының әдістері мен құралдары бұрынғы қалпында қалды»

- ІІМ басшысының ауысуы қоғамның қысымымен өтті деп ойламаймын.  Оның үстіне, бұл жағдайда Қасымов министр қызметінен Қауіпсіздік кеңесіне ауысып, көтерілді.

Жаңа министрдің келгені қандай нәтиже берді, өзінің осы қызметке келгеннен бері алғашқы жүз күнін ішінде ол өзін қалай көрсете білді? Соңғы оқиғаларға қарағанда (митингілерді қуып жіберу, белсенділерді ұстап алу), әдістер мен құралдар, егер олар бұрынғыдан да қатаң сипатқа ие болып кетті деп айтпасақ, бұрынғы күйінде қалды. Күш құрылымдары жағынан, ІІМ-ді қоса алғанда, қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас жүйесінде, өкінішке орай, қоғамның белсенді бөлігіне қысым жасау басымдыққа ие болды.

Бұл жаңа министрдің кінәсі де емес, «жетістігі» де емес екенін ерекше атап өту маңызды. Ол да, оның ведомствосы да жүйенің бір бөлігі, оның үстіне оны қорғауға арналған. Министр тек Конституцияға сүйеніп қана дербес әрекет ете алмайды. Біздің шынайы өмірімізде Негізгі заңмен жарияланған билік тармақтарын бөлу қағидаттары жұмыс істемейді. Сондықтан қолда бар саяси жүйе шеңберінде реформалар тек ресмилікті сақтау үшін ғана жүргізіледі. Өзініз ойлаңызшы: ІІМ реформасы аясында жарияланған полиция қызметкерінің жаңа формасы, егер оның мазмұны өзгермесе, заңға бағынушы азаматтарға не бере алады?

Ал ІІМ басшысы лауазымына азаматтық тұлға келу жөнінде айтсақ, неліктен олай болмасқа? Грузияда Саакашвили кезінде ІІМ тау-кен инженерінің мамандығы бар мүлдем азаматтық адам басқарғанын мысал ретінде келтіруге болады. Алайда Грузияда іске асырылған полиция реформасы бүкіл әлемге әйгілі болды. Бірақ бұл жерде ол биліктің барлық эшелондарын түбегейлі реформалау жағдайында ғана мүмкін екендігін атап өту керек.

 

Комментарии