Жексенбі, 18 тамыз 2019 ЖЫЛЫ
900 22-04-2019, 11:50

Қазақ тілі біз үшін өз кезіндегі орыс тіліндей болар ма екен?


Бірнеше ай бұрын танымал блогер-филолог мынадай ой-пікір білдірді: қазақ емес ұлт өкілдері мен орыс тілді қазақтар тиісті курстардың, бағдарламалардың, оқулықтардың жоқтығы жөніндегі сөздері арқылы өздерінің мемлекеттік тілді үйренгісі келмейтінін жасырып, көп жылдар бойы тек уақыт созып жүрді. Бәлкім, бұл сөздерде шындықтың дәні бар шығар. Ал жақында біздің басылымының «Фейсбуктегі» бетінде қазақ тілін үйренуді «қаламаушылардың» бірі: «Кім де болмасын, маған түсінікті етіп жауап беріңіздерші, не үшін мен қазақ тілін үйренуге міндеттімін?» – деген сұрақ қойды.  

Пафосты азайтып, прагматизмге көбірек жүгінген жөн…

Шын мәнінде, біз бұл жағдайда адамдарды қалайша және қандай нәрселермен ынталандыру керектігі жөнінде сирек ойланамыз. Қазақ тілін білу – патриоттық борыш болып табылады, сол арқылы адам қазақ халқына, қазақ жеріне және т. б. деген өз құрметін көрсетеді деген ұран-үндеулер әдемі болып естілгенмен, бірақ олар баяғыдан бері өзектілігін жоғалтқан болатын. Мысалы, Францияда немесе Германияда өмір сүргісі келетін адамдар француз немесе неміс тілін патриоттық сезімдерінен немесе осы халықтарға деген құрметтің арқасында оқып-үйренуі екіталай.  

Бұл мемлекеттік тілді білу қазақ халқының бай мәдениетіне баулуға мүмкіндік береді деген жиі айтылатын сөздерге де қатысты. Бүгінде кітаптарды, әсіресе әдебиетті немесе ұлттық эпосты оқитын адамдар көп пе? Қазақ тілінде біздің режиссерлеріміз қандай киношедеврлерді түсіріп жатыр? Бүгінгі таңда Қазақстанда өнер деп аталатын нәрсе – бұл көбінесе көркем өнерпаздар деңгейіндегі попса, сахнадағы өрескел жасалған әзіл, талғамы төмен аудиторияға арналған кинокомедиялар мен мелодрамалар. Олар тілді үйренуге ынталандырмайтыны анық.

Адамды қозғайтын прагматизм. Ол оны өз тағдырын құруға, өмірлік табысқа жетуге мүмкіндік беретін білім алуға, тілдерді меңгеруге бағыттайды. Неліктен кеңес жылдарында, әсіресе 1960-80 жылдары қазақтардың көп бөлігі өз балаларын орыс мектептеріне бергенін еске түсіріңіз. Оларды ынталандырған КСРО-ға деген патриоттық емес, сондай-ақ метрополияға деген сүйіспеншілік емес, оларды тек қана практикалық ойлар қозғаған: «ұлы және күшті» орыс тілін еркін иелену неғұрлым қызықты мансаптық және басқа да перспективаларды ашатын. Немесе, қазіргі заманауи тілде айтатын болсақ, әлеуметтік лифт есігін ашқан болатын.  

Сол жылдары қазақ мектебінің түлегі қайда бара алатын? Ол тек педагог және гуманитарий бола алатын, өйткені қазақ бөлімдері пединституттарда тарих, филология, журналистика факультеттерінде ғана болған... Техникалық мамандықтарға да түсетін, бірақ оқу тілі орыс тілінде (ал оның мектеп партасында алған білімі жиі жеткіліксіз) болғандықтан, алдымен, бірінші курста, қиын болды, сол себептен біреулер тіпті оқуды тастап кетті. Бірақ көбі оған да шыдай алды, соңынан олардың ішінен жақсы мамандар шықты. Мысалы, Қызылорда облысында Жамбыл гидромелиоративтік институтының филиалы ашылғанда дәл осындай қазақ балаларынан өскен мамандар кейіннен ұзақ жылдар бойы өңірдің су шаруашылығын сақтап, Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жөніндегі ауқымды жобаны іске асыруға маңызды үлес қосқан.

Қанша дегенмен, қазақ сыныптарының түлектері үшін кейіннен орыс тілінде оқыту қосымша қиындықтармен ұштасқан еді. Ал студенттер контингентін қабылдау, техникум оқушыларын қабылдау сияқты, негізінен техника мамандары есебінен ұлғайғандықтан, жоғары және орта арнаулы білім алу оңайырақ болу үшін балаларды бірден орыс мектептеріне беру дұрыс екендігін ата-аналар тез түсінді.

Сонымен қатар, әбден түсінікті тарихи себептерге байланысты қазақ тіліндегі техникалық, ғылыми, анықтамалық әдебиеттер өте аз болды. Оған қоса, ұлттық мәдениет аясымен шектеліп қалмай, әлемдік мәдениетке де баулу арқылы өзін зияткерлік тұрғыда байытуға қол жеткізу үшін, сол жағдайларда (КСРО-ның жабықтығы, бүгінгі күнге үйреншікті болып қалған ақпарат тарату құралдарының болмауы) орыс тілін жақсы меңгеру қажет болды, өйткені орыс тіліне бәрі түгелдей болмаса да, көп нәрселер аударылған. Мұның барлығы, бірге алынғанда, қазақтардың метрополия тілін білуге ынталандырды.

Русификацияның көрнекті бөлігі мен көрінбейтін жағы

Әрине, русификация саясаты да болды, бірақ оның зорлықпен жасалғандығы бүгінде артықша ұлғайтылып отыр. Айталық, қазақ халқы басым аймақтарда орыс мектептеріне қарағанда ұлттық мектептердің саны әлдеқайда көп болған. Мысал келтіремін. Арал қаласында 1960 жылдың ортасынан 1980 жылдың басына дейінгі кезеңде жеті орта (толық) мектеп болды, олардың біреуінде ғана, №14, оқыту орыс тілінде жүргізілді. Ата-аналар өз балаларын 14-ші мектепке бірінші сыныпқа беріп, кейін оларды әкімшіліктің талабы бойынша қазақ мектептеріне ауыстырған жағдайлар да кезедесетін, себебі орыс тілін нашар білу оларға оқу бағдарламасын жеткілікті меңгеруге мүмкіндік бермеді. Қызылорда облысының барлық аумағында аудандық газеттер тек қана қазақ тілінде шығатын. Өңірдегі жалғыз театр да қазақ театры болды. Және т. б. Ал бұл фактілер зорлықпен жасалған русификация тезисімен біртүрлі түйіспейді.  

Иә, республиканың солтүстігінде, Алматыда, Қарағандыда қазақ мектептері аз болды және бұл жағдай бүгінде байырғы этнос тіліне қатысты кемсітушіліктің дәлелі ретінде белсенді қолданылады. Бірақ мұндай жағдай көбінесе сол өңірлердің ұлттық құрамына және орыс тілінде білім алу үшін өз таңдауын жасаған ата-аналар тарапынан қалыптасқан «сұранысқа» байланысты болды деп ойлаймын. Кез келген жағдайда, қандай да бір мектептерді ашу немесе жабу мәселесі мүлдем Мәскеуде емес, ол билік органдары тұрғындардың пікірін ескеруі тиіс жергілікті жерлерде шешілетін.

Алматыны алайық. 1960 жылдың басында, санақ нәтижесіне сәйкес, қазақтар қала халқының 8,6 процентін ғана құраған. 1980 жылдың ортасына қарай олардың үлесі 17-18 процентке дейін өсті. Негізінен бұл ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, партиялық номенклатура, шенеуніктер (сол кездегі Қазақ КСР астанасында ҚКП ОК, министрліктер мен ведомстволар, іс жүзінде барлық ҒЗИ, баспалар мен т.б. қоса алғанда, республикалық билік органдары орналасқан), яғни ұлттық элитаның өкілдері болды. Олардың көпшілігі өз балаларының болашағы тек Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында ғана емес, сондай-ақ Мәскеудегі ең беделділерінде – Мәскеу мемлекеттік университеті, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институты сияқты жоғары оқу орындарында болғанын қалаған. Ал оларға оқуға түсу тек орыс мектептері арқылы ғана қолжетімді болатын. Сондықтан да қалада ана тілінде оқытатын оқу орындарының аз болғандығы бұл адамдарды ерекше алаңдатқан жоқ. Яғни, Мәскеуге емес, дәл осыларға наразылық білдіру керек.

Басқаша айтқанда, 1938 жылдан басталған русификация саясаты (дәл сол кезде ВКП ОК (б) және КСРО Совнаркомының «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қаулысы шықты) салыстырмалы түрде жұмсақ болды. Ол мәжбүрлеу сипатынан гөрі ынталандырушы сипатқа ие болды. Әрине, ол таза идеологиялық мақсаттарды да көздеді. Олардың ішінде ең бастысы – «адамдардың жаңа қауымдастығының» – кеңес халқының қалыптасуы болды. Сонымен қатар ел үшін өте маңызды болып табылатын мәселелер де шешілген болатын.

Біріншіден, экономикалық. Бүкіл елге ортақ бір тіл негізінде КСРО-ның бірыңғай халықтық-шаруашылық кешенін басқару және барлық нормативтік актілерді, өндірістік және техникалық құжаттамаларды да сол тілде шығару оңайырақ болды. Басқару, жоспарлау және бөлістіру жүйесін ең жоғары дәрежеде орталықтандыру жағдайында мұндай тәсілді билік неғұрлым қолайлы деп есептеген болатын.  

Екіншіден, кадрлар мәселесі. Яғни, халық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін олардың қажетті санын барынша аз уақыт пен қаржылық шығындармен өсіру үшін мамандар даярлауды бірізді етіп жасау. Мысалы, қазақ немесе өзбек тілі негізінде болашақ инженерлерді оқыту жүйесін ұйымдастыру, егер осы мақсатта орыс тілін пайдаланумен салыстырса, айтарлықтай көп уақыт талап етеді (алдымен техникалық пәндердің білікті оқытушыларының қажетті санын дайындауға және оқу әдебиетінің үлкен массивін аударып, оларды басып шығаруға тура келетін еді). Сонымен қатар, Ресейде тіпті революцияға дейінгі уақыттың өзінде инженерлер мен басқа да техника мамандарын сәтті дайындайтын.

Үшіншіден, қорғаныс қабілетіне байланысты мәселе. КСРО жалпы әскери міндеттілігі бар шамадан тыс милитаризацияланған ел болатын: іс жүзінде барлық жасөспірімдер Қарулы Күштер қатарында екі жылдық (флотта үш жылдық) қызметтен өтетін. Ал бірыңғай армия бірыңғай тілді қолдануды көздейді. Айтпақшы, қазақтар көп жағдайда Одақтың басқа да славян емес республикаларының өкілдеріне қарағанда, орыс тілін әлдеқайда жақсырақ білетін, осының арқасында қызметтің ауыртпалығынан жеңілірек өтіп, кеңес армиясында әдеттегідей болып кеткен кемсітушілікке сиректеу ұшырайтын.

Дау жоқ, русификация саясаты КСРО «шеткі» халықтарының тіл тағдырына кері әсерін тигізді. Кейбір республикаларда ұлттық элиталар бұл әсерді барынша азайта алды. Қазақ ұлттық элитасында оған еркі мен батылдығы жетіспеді. Және ерекше ниеттері де болмаған көрінеді. Оның үстіне, бұл құбылыстарда оң құрамдары да бар – қазақтарды тарихи қысқа мерзім ішінде өте білімді ұлтқа айналдыру, ұлттық техникалық интеллигенция қатарының жылдам өсуі және т.б. Сонымен қатар жоғарыда айтылып кеткен кеңестік құрылыстың ерекшеліктерін ескеру қажет.

Мәжбүрлеу керек пе, әлде ынталандыру қажет пе?

Бүгін біз мүлдем басқа елде, ашық шекара жағдайында, мүлдем өзге әлеуметтік-экономикалық болмыста өмір сүріп жүрміз, қазір бізге ақпарат пен түрлі білім алудың бұрын белгісіз болған тәсілдері қолжетімді, біздің өмірлік құндылықтарымыз бен ұстанымымыз түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Осы жағдайда «біз КСРО-да Ресей отары бола отырып, бүкіл халқымызбен тұтастай орыс тілін үйреніп алуға қол жеткіздік, ал сіздер бүгін қазақ тілін үйренгілеріңіз келмейді» деген жазғыру тек қана кешіктіріліп айтылған реніш сөздері сияқты болып көрінеді. Ал орыс тілін «қазақтандырумен» алмастыруға ұмтылу (сөз жекелеген қайраткерлердің орыс мектептерін жабу, даяшылар мен шаштараздарды қоса алғанда, түрлі кәсіптердің өкілдері үшін қазақ тілін міндетті ету туралы үндеулері жөнінде болып отыр) – ал енді біз, қазақтар, көпшілікті құрып отырмыз, сондықтан қалғандарын өз еркімізге көндіре аламыз деп, тарихи реванш алуға тырысқанмен бірдей.

Мұндай жолдың перспективасы жоқ екендігі айқын. Ол тек қана қоғамның түпкілікті бөлінуіне әкеліп соғуы мүмкін және тек қана басқа ұлт өкілдерінің ішінде ғана емес, сонымен қатар титулдық этностың орыс тілді өкілдерінің арасында көші-қон көңіл-күйінің күшеюіне алып келуі ықтимал. Дегенмен, мұндай нәтиже біреулерге өте тиімді болатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ егер біз ешкімдернің құқықтарын шектемей, мәселені өркениетті түрде шешуге ұмтылатын болсақ, егер осы мәселені біздің еліміздегі бейбітшілікке қауіп төндірмей шешкіміз келсе, онда жақында ғана қазақтар үшін орыс тілін білу қажеттілігі қаншалықты маңызды болса, қазіргі кезде қазақ тілін білуді де соншалықты маңызды етіп жасау мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде ойлануымыз қажет. Яғни, ҚР барлық азаматтарын қазақ тілін үйренуге мәжбүрлемей, оларды қалайша ынталандыруға болады?

Мінеки, дәл осы мәселенің шешу жолдарын іздеумен ұлттық интеллигенция да, өздерін патриотпыз, қазақ тілінің жанкүйерлеріміз деп атайтын қоғамдық белсенділер де айланысулары тиіс. Егер ол пайдалы ақпарат, қажетті білім мен дағды алу, қажетті мамандықтарды игеру, жеке қасиеттерді дамыту мүмкіндіктері тұрғысынан орыс тілімен қанша да болмасын бәсекелесе бастаған жағдайда, халықтың орыс тілді бөлігі де оны меңгеруге ниет білдіретіні түсінікті емес пе. Ал осы бағытта қозғалысты бастау үшін тілді рухани құндылық ретінде қарастырғаннан гөрі, бізді қоршаған әлемді тану құралы ретінде қарастыру керек. Яғни, оны материалдық пайда алуға бағытталған прагматикалық тұрғыда қолдану жөн болады.

Біріншіден, ол үйрену үшін барынша қолжетімді болуы тиіс дегенді, яғни әлемдік тілдермен синтезделгені керек дегенді білдіреді. Ал біз, керісінше, жалпыға ортақ халықаралық сөздер мен терминдердің қазақ тіліндегі көптеген аудармаларымен «байытып», оны одан әрі күрделендіріп жібердік. Тіл тазалығы, бірегейлігі мен сұлулығы – лингвистер, әдебиетшілер, фольклор зерттеушілері және аздаған ғана интеллектуалдар тобы үшін қажет нәрсе. Қалғандардың барлығына әдеттегі қазақ тілі жеткілікті. Ол заманауи (сөздің жақсы мағынасында) болуы тиіс, және онда оны әлемдік тілдік кеңістікке интеграциялайтын, оны неғұрлым функционалдық ететін, оны зерделеуді жеңілдететін әр-түрлі тілдердегі сөздердің қосылғаны да жөн.  

Ал, екіншіден, және бұл ең бастысы, қазақ тілінде әр түрлі, сапалы және практикалық пайдасы бар контентті (ең алдымен аударма, содан кейін түпнұсқалық): оқу, ғылыми, балаларға арналған, көркем әдебиеттік...   Әлемнің 100 үздік оқулықтарын қазақ тілінде шығару – тамаша бастама, бірақ бұл өте аз. Және тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз. Алайда, бұл тақырыпқа біздің газет осыдан төрт ай бұрын «Қазақ тілі: жанжалды одан әрі жалғастыра береміз бе әлде іспен айналысуға кірісеміз бе?» деп аталатын мақала арнаған болатын, сондықтан қайталаудың мағынасы жоқ. Иә, мұндай жұмыс ұзақ уақытты, шыдамдылықты, елеулі зияткерлік күш-жігерді, тіпті рухани әрекетті талап етеді. Бірақ басқа өркениетті жол бар ма?

 

Комментарии