Жексенбі, 23 ақпан 2020 ЖЫЛЫ
907 4-04-2019, 16:56

Қазақстанда кадрлық дағдарысты болдырмау мүмкін бе?


Қазақстанда кадрлар даярлауды жоспарлаумен ешкім айналыспайды деген сезім қалыптасып отыр. Жоғары оқу орындары да, бейінді ведомстволар да отандық экономиканың мамандарға деген нақты қажеттілігі қандай екенін білмейді. Мұндай жағдайды талдаушылар бірден көрінбейтін, баяулаған әлеуетті қауіптер деп атайды, өйткені ол ерте ме, кеш пе терең кадрлық дағдарысқа және соның салдарынан елдің экономикалық әлеуетінің бұзылуына алып келеді (егер қазірдің өзінде әкелген болмаса). Бүгін біз сарапшылармен бірге осы қиын жағдайды түсініп және одан шығатын оңтайлы жол табуға тырыстық.     

Қанат Нұров, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті: «Студенттер өз мамандандыруларын соңғы курстарда анықтаулары тиіс»  

- Біздің елімізде мамандар қажеттілігін болжаумен кім және қаншалықты тиімді айналысады?  

- Еңбек министрлігінің сұраныстары мен Білім министрлігі түсіретін мемлекеттік гранттардың мөлшері бір біріне сай келеді деп айту қиын, себебі біздің түлектердің жартысына жуығы мамандығы бойынша жұмыс істемейді немесе мүлдем жұмысқа орналаспаған. Еңбек министрлігі Экономика министрлігінен алынған деректерді дұрыс қолданатыны факт емес, оның үстіне олар сенімсіз болулары да мүмкін.

Мәселе жоғары оқу орындарының бүгінгі күні еңбек нарығына қарағанда ғылым нарығының қажеттілігін қамтамасыз ететіндігімен де күрделене түсуде. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Академиялық дәрежелер мен ғылыми жетістіктерді кәсіби біліктіліктермен және практикалық қызметпен шатастыруға болмайды. Олар өзара байланысты болуы керек, бірақ бірыңғай болуы мүмкін емес. Ал бізде барлықтары қателесіп, жоғары білімді кәсіптік білім деп есептейді, нәтижесінде колледждер, кәсіби техникалық училищелер және басқа да практикалық білім беру мекемелері ақша табу мүмкіндігінен айырылып отыр.

- Егер сізде мүмкіндік болса, гранттарды бөлу бойынша жұмысты сіз қалай ұйымдастырар едіңіз?  

- Жалпы студенттер, магистранттар, докторанттар үшін орын санын соншалықты ерікті түрде таратуды тоқтату керек. Оның салдарынан талапкерлер қандай да бір мамандыққа ішкі тартулары, бейімділігі бойынша емес, гранттар көп және конкурс аз болатын жерге оқуға түседі. Нәтижесінде бізде сұранысқа ие болмайтын көптеген түлектер пайда болады... Білім беру процесін студенттер ҰБТ бойынша бакалавриатқа түсер кезде емес, соңғы курстарда негізгі мамандандырумен анықталатындай етіп құру керек. Тек базалық (шын мәнінде, толық емес) жоғары білім алғаннан кейін ғана адам қандай да бір мамандықтың қаншалықты талап етілетіндігін және нақты оның өзіне қаншалықты сәйкес келетінін шын мәнінде түсінуі мүмкін.   

Сондай-ақ қосымша білім беруді енгізу қажет деп санаймын, оның міндеті  – еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай әрекет жасау. Әңгіме жалпы академиялық білім берудің үздіксіз процесімен қатар ұйымдастырылуы ықтимал кәсіби іс жүзінде-бағытталған оқыту туралы болып отыр. Идея бойынша ЖОО-лар практикалық емес, ғылыми-педагогикалық қызметтің қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Ал практикалық қызметтің қажеттілігі үшін орта арнаулы, сондай-ақ басқа да кәсіби және техникалық білім беру жүйесі жұмыс істеуі тиіс, оған бізде жоғарыдан әлдеқайда аз көңіл бөлінеді.

Ауыл жастары мен кедей отбасынан шыққан балаларға бөлек тоқталғым келеді. Мемлекеттік гранттар санының айтарлықтай ұлғаюына қарамастан (бір жыл бұрын болған 31.702 грантпен салыстырғанда, 2018 жылы 53.594 грант), білім беру жүйесі осындай ұлдар мен қыздарды еліміздің үздік жоғары оқу орындарында оқуға тартуға ықпал етпейді. Оның себебі айқын – қала мен ауыл арасындағы мектеп білімінің сапасы бойынша алшақтық сақталуда. Табыс деңгейі әлдеқайда жоғары Алматы мен Астанада тұратын құрдастарына қарағанда ауыл талапкерлері дәстүрлі түрде ҰБТ-да төмен нәтижелер көрсетіп отыр. Тіпті ауыл жастары үшін бөлінген гранттарға 30 проценттік квота да мәселені шешпейді...

Кейбір деректер бойынша, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттердің 2/3 бүгінде қандай да бір қаржылай қолдаусыз білім алуда. Сондықтан мемлекеттік гранттарға арналған дербес ваучерлерді бөлу кезінде отбасының әрбір мүшесіне есептелгенде күнкөріс деңгейінен төмен кірістері бар халықтың топтары үшін оларды мақсатты түрде тағайындауды енгізу қажет деп санаймын.  

Әрине, егер талапкерлер өздерінің тұратын жерлерінде оқып, жұмыс істеп, туған өлкелернің дамуына лайықты үлес қосса, тамаша болар еді. Өйткені жанұя бюджеті балаларды ірі қалаларға оқуға жіберуге мүмкіндік бермейтін отбасылар саны көбеюде. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырысты өңірлік жоғары оқу орындарына орналастыру кезінде жергілікті қажеттіліктерді ескере отырып, «жергілікті» гранттар бөле алады деп ойлаймын.  

Басқа мәселе – мұндай жоғары оқу орындарының сапасы көбінесе жұмыс берушілердің сұраныстарына сай болмайды, сонымен қатар кейде талапкерлердің өздері де тұрғылықты жері бойынша оқып, жұмысқа орналасқысы келмейді. Мұндай жағдайларда Қазақстанның үздік университеттеріне ауыл жастарына арналған гранттарды өзінің тұрғылықты аймағында міндетті түрде жұмыс істеу шартымен орналастыру ақылға қонымды және орынды болар еді.

- Ал сіз жалпы алғанда, түлектер гранттарды өтеуге тиіс болғандығына қалай қарайсыз?

- Жоғары білім ақылы болып табылатын дамыған елдерде студенттерге болашақта өздерінің жоғары оқу орындарынан кейінгі кірістерінен, сонымен қатар процентсіз схема бойынша және жеңілдікті шарттармен өтейтін мемлекеттік білім беру заемын ұсынады. Бұл схеманың негізінде жоғары оқу орындары түлектерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін «жұмыс жоқ – өтеу жоқ» қарапайым принципі жатыр. Ал бізде грант иегерлері мемлекет алдында қарыздар болып қалмау үшін, нақты мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды талап етеді, алайда не мемлекеттің өзі, не басқа біреулер оларды жұмыс орнымен қамтамасыз етуге кепілдік бермейді. Әрине, бұл тиімсіз тәсіл. Жұмысқа мамандығына сәйкессіз орналасқандардан да, жұмысқа орналаспағандардан да, егер оларға сұраныс бергендер мамандығы бойынша нақты жұмыс орнын ұсынбаған болса, онда мемлекеттік гранттар үшін борыштарды өндіріп алуға болмайды.

Білім беру жүйесі, қоғамдық HR-қызметі ретінде, елдің барлық жеке әлеуетін анықтау, жинақтау және бағыттау (бөлу) қажет. Сондықтан білім алудың ақылы немесе тегін болғаны – білім алуға қол жеткізу теңдігіне қатысты емес, ол көбінесе әлеуметтік қамтамасыз ету саясатына қатысты. Сондықтан егер білім беруді тегін етіп жасайтын болса, онда тек мемлекеттік мекемелерде ғана және халықтың аз қамтылған топтары үшін жасау керек – олардың аз да болса дарынды өкілдері үшін және ҰБТ қорытындысы бойынша төмен балл алуына қарамастан.

Мәселе гранттардың дербес ваучерлер арқылы таратылмай, толығымен ашық емес (бәлкім БҒМ шенеуніктеріндегі «мүдделер қақтығысы» себебімен) жоғары оқу орындары арасында тікелей рұқсат қағаздарға бөлінетінінде. Бұл ынталандырмайды, керісінше, олардың арасында білім беру бағдарламалары бойынша бәсекелестікке кедергі келтіреді...

- ҰБТ-дан бас тарту туралы ұсыныс жиі естіледі. Сіз оны қолдайсызба?

- Менің ойымша, қазіргі Қазақстан қоғамындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары кезінде, бұл ықтимал болатын барлық зұлымдықтардың ең кішісі. Ал басқа мәселе – жоғары оқу орындарына ҰБТ мен ТКТ-дан басқа, өзінің студенттік контингентін іріктеу критерийлерін пайдалану құқығын беру, сондай-ақ оларды өз талаптарымен (мысалы, эссе жазу бойынша) және талапкерлердің жоғары білім деңгейіне дайындығын тексерудің өзге де түрлерімен толықтыру мүмкіндігін беру керек.

Сондай-ақ, білім беру мекемелерін студенттер саны, ғимараттар мен басқа да сандық көрсеткіштер бойынша бағалауға болмайды деп санаймын. Жоғары оқу орындарын лицензиялау және аккредиттеу кезінде олар екінші роль атқаруы тиіс. Ең бастысы білім сапасы (оның мазмұны мен игерілуі тұрғысынан). Жоғары оқу орындары үшін нарық – ең алдымен талапкерлер және олардың қандай да бір ғылымдарды дамытуға ұмтылуы екендігін ұмытуға болмайды. Содан кейін жоғары оқу орындары емес, ал түлектердің өздері, олардың жеке әлеуеті мемлекеттің, өңірлер мен кәсіпорындардың қажеттіліктерін қанағаттандырады.  

- Бүгінде кеңес заманында болған кадрларды даярлауды жоспарлау жүйесін қайта жаңғыртуға болама?  

- Кеңес жүйесі нарықтық қағидаттарда жұмыс істеген жоқ. Бізге өзгеше нәрсе қажет. Біріншіден, мен айтып кеткендей, үздіксіз академиялық білім берудің соңғы сатысы ретінде жоғары білімді практикалықтан (кәсіптік және техникалықтан) ажыратып алу қажет. Екіншіден, бакалавриатты, магистратураны және докторантураны зерттеу нарығына, ал кәсіптік және қосымша білімді еңбек нарығына қайта бағдарлау қажет. Үшіншіден, кәсіби біліктілік стандарттарын әзірлеу керек, оларды тексеруді автоматтандыру жөн және қажет болған жағдайда олардың академиялық дәрежелерге көшу рәсімдерін айқындау керек. Экономиканың құрылымдырылған қажеттіліктерін болжау және қанағаттандыру оңайырақ болады.

Жаныбек Айғазин, қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры: «Бізге терең және ауқымды зерттеулер қажет»

- Нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығындағы сұранысты болжау айтарлықтай қиын. Елімізге қанша және қандай кадрлар қажет екендігін дәл анықтайтын қандай да бір идеалды тетік жоқ. Әсіресе қазір, әлем жаһанданып, цифрланып жатқан кезде. Біздің студенттеріміз, соның ішінде мемлекеттік гранттармен де, бес жылдан кейін талап етілмей қалуы ықтимал мамандықтар бойынша білім алуда. Оған қоса, қол еңбегі өте тез автоматтандырылып жатыр, ал мамандарға жаңа талаптар қойылады – олар бірнеше мамандықтарды, соның ішінде жұмысшы мамандықтарды меңгеруі, өз құзыретін үнемі арттыруы (life-long learning), бәсекеге қабілетті және экономикалық ұтқыр болуы тиіс.

Өкінішке орай, біздегі жұмыс күшін экономикалық тұрғыдан ұтқыр деп айту қиын. Қазақстандықтардың арасында бірнеше дағдыларды, мамандықтарды, тілдерді меңгергенін мақтан тұта алатындары өте аз. Әдетте, адамдар өмір бойы бір мамандыққа байланысты болып қала береді және өзгеше бағыттарда дамуға ұмтылмайды. Сонымен қатар, еңбек нарығында, оның қалыптасуы кезінде, нарықтық экономика үшін мамандардың (экономистер, қаржыгерлер, бухгалтерлер, заңгерлер, инвестиционшылар, банкирлер) артықшылығы қалыптасқан және керісінше, нақты өндірісте жұмыс істей алатын техникалық кадрлардың тапшылығы қалыптасқан. Осыдан жоғары жұмыссыздық пайда болды. Ресми деректер бойынша ол жұмыс күшінің 5 процентін құрайды, ал шын мәнінде, одан да жоғары болуы ықтимал.

Осы жылдар ішінде білім беру жүйесі өзі де девальвацияланды. Өзінің қазіргі жағдайында ол нарықтық экономиканың сұраныстарына лайықты жауап беруге қабілетсіз және оны сапалы еңбек ресурстарымен қамтамасыз ете алмайды. Білім беру жүйесін еңбек нарығымен байланыстыратын көпір әбден тозды – ЖОО-дар бүгінгі күні мамандарға деген нақты қажеттілік қаншалықты екенін білмейді. Алайда, менің ойымша, үкіметте де мұндай деректерді білуімен мақтана алмайды. Бірақ бұл саяси шешімдер қабылдайтын адамдардың кінәсі емес, кадрларға деген нақты қажеттілікті анықтау міндетінің күрделілігінен туындаған объективті мәселе. Мұнда барлық кәсіпорындарда (ірі, орта, шағын) кең көлемді зерттеулер жүргізу қажет, бұл тіпті экономикалық дамыған ел үшін де айтарлықтай шығынды іс болып табылады.

Жақында біздің орталық отандық еңбек нарығы қандай мамандарға мұқтаж екенін зерттеумен айналысты. Біз негізге enbek.kz деректер базасын алып, 27 мыңға жуық резюмелерді және жұмыс берушілердің ұсыныстарын талдадық. Нәтижесінде анықталғаны, бүгінгі күні ең үлкен сұраныс педагогтарға – 12%, техникалық қызметкерлерге (механиктер, электриктер, слесарлар, монтажшылар және т.б.) – 11%, клинингтік персоналға – 8%, кеңсе қызметкерлеріне – 7% және талдаушыларға – 7%. Қалғандары – жүргізушілер, күзетшілер және басқалары. Талдау сондай-ақ, жұмыс берушілер жоғары білім деңгейін болжайтын мамандықтар өкілдеріне – инженерлерге, сәулетшілерге, дәрігерлерге, басшыларға, талдаушыларға, техникалық мамандарға, өнеркәсіп қызметкерлеріне және т. б. көбірек ақша төлеуге дайын екенін көрсетті. Ал ең төмен жалақы дипломсыз мамандарға, мысалы, көмекші жұмысшыларға, тағайындалады.

Бірақ, мінеки, қандай парадокс: елімізде педагогтердің тапшылығы сезіліп отырғанына қарамастан, ал олардың идея бойынша жоғары білімі болуы тиіс, оларға ұсынылатын жалақысы әрқашан орташа нарықтық жалақыдан төмен болады. Бұл біздің еліміздегі орта білім беру Конституциямен кепілдік түрде беруімен түсіндіріледі, тиісінше мектептер негізінен бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер. Яғни, ЖОО-дар педагогтардың санын жеткілікті дайындайды, бірақ олар жалақысы төмен болғандықтан, базалық мамандығы бойынша жұмыс істеуге бармайды... Мұндай нюанстар көп және оларды кадрлар даярлауды жоспарлау кезінде ескеру қажет.

Еңбек нарығын білмей және оның сұраныстарын ескермей, мамандарға экономиканың сұранысын сапалы және тиімді айқындау мүмкін емес. Ол үшін, мен алдында айтқандай, терең және ауқымды зерттеулер жүргізу қажет. Және олар тұрақты негізде болуы қажет.

Айман Жүсіпова, Тұңғыш президент қоры жанындағы ИМЭП сарапшысы: «Жұмысқа орналастыру бағдарламалары соңына дейін пысықталған жоқ»

- Қазақстандық жастар арасындағы жұмыссыздықтың жоғары деңгейінің көп себептерін атап шығуға болады, бірақ мен олардың біріне – кәсіпорындар мен білім беру мекемелері арасындағы өзара іс-қимылдың төмен деңгейіне тоқталғым келеді. Менің ойымша, ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуді дәл осы жерден бастау керек. Және дамыған елдердің тәжірибесі бізге үлгі болуы тиіс.

Осылайша, Батыс Еуропа мен АҚШ-та «Виртуалды кәсіпорындар» деп аталатын жоба барған сайын танымалдылыққа ие болып жатыр. Оның мәні  – жастар тәлімгерлердің көмегімен үш ай бойы нақты кәсіпорында тәжірибеден өтуінде. Тағылымдама аяқталғаннан кейін білім алушының жұмыс тиімділігі бағаланады, және егер ол өзін жақсы қызметкер ретінде көрсеткен болса, онда бұл еңбек тәжірибесі оның түйіндемесіне, яғни резюмесіне, нақты тәжірибе ретінде жазылады. Мұндай тәжірибе жастарға жұмыс берушілер жұмысқа орналасу кезінде талап ететін өндірістік тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Кәсіптік бағдар беруден, тәлімгерліктен және оқытудан басқа, Ұлыбритания мен Германияда кешенді бағдарлама шеңберінде жұмыс іздеу кезінде ЖОО түлектеріне қолдау көрсетіледі. Егер олар бір жыл ішінде жұмысқа орналаса алмаған болса, онда басқа нұсқалар қарастырылады: субсидияланған жұмыспен қамту және жұмыс орнында оқыту; волонтерлік жұмыс немесе экологиялық жобаларға қатысу; тиісті жәрдемақылар төлей отырып, жұмыссыз ретінде тіркеу.

Ал бізде бұл мәселені шешу үшін не жасалып жатыр? Мұнда мен елімізде қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан бірнеше жобалар туралы айтқым келеді. Атап айтқанда, әңгіме жастар ортасында кәсіпкерлікті дамыту туралы болып отыр, оған Жастар жылы аясында қомақты қаражат салынды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы (ҰКП) қосылды, ол бизнеспен айналысуды шешкен жас азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Расын айтқанда, оның тиімділігін бағалау әлі ерте, өйткені ол жақында ғана басталды.  

Бұған дейін «Барлығына арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» деп аталатын бес жылдық бағдарламасы іске қосылған болатын, оның аясында 670 мың жас қазақстандықтарды жұмысшы мамандықтарға оқыту жоспарлануда. Менің ойымша, оның бір кемшілігі – бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселесі ашық күйінде қалатындығында.

«Серпін» бағдарламасы ерекше назар аударуға лайықты, оның мақсаты – еңбек күші мол өңірлердегі жастарды еңбек күшімен аз қамтылған өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Яғни мемлекеттік қолдау шаралары жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, сондай-ақ оларды кейіннен оқыту өңірлерінде бекітуге бағытталған. Осы мақсатта дуальды білім беру тәжірибесін кеңейту жоспарлануда, бұл ретте 1/3 уақыт базалық білім алуға, ал 2/3 – өндірістік жағдайда қолдануға бөлінеді. Айтпақшы, дуальды білім беру бүгінде Германияда өте кең таралған.  

Бұл бағдарламардың барлығы ойластырылу жағынан айтарлықтай қызықты, бірақ олардың кемшілігі – соңына дейін пысықталмағанында. Мысалы, «Серпін» бағдарламасына келсек, бітірушілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ашық күйінде қалып отыр – бұл оларды оқуды аяқтағаннан кейін туған өлкесіне оралуға мәжбүр етеді. Басқа бағдарламалар ЖОО-ның бизнеспен, кәсіпорындармен, яғни жұмыс берушілермен тығыз қарым қатынас тетігіне ие емес. Ал бұл, мен айтып өткендей, үлкен проблема – жастар еңбек нарығында жұмыс тәжірибесінің жоқтығынан осал болып қала береді.

 

Комментарии